Ол – феномен! Жазу-сызудың жиһангерінен гөрі шығармашылық ұжымды басқару мен руханиятқа қолдау жасаудың риясыз өкілі. Мүйізі қарағайдай қаламгерлерді шыңдаған шығармашылық мектептің маңызы Әбеновтің әлемімен көп байланысты. Осындайда әл Фарабидің «басшы – басқаға үйретіп, жол көрсетуге құдіретті адам» дегені еске түссе, журналистика жолын жаңғыртқан жұмыстары өшпес өнегесімен өзекті.
Ол жайдары жүзді, қарамағындағыларды қанатының астына алып, қамқорлық жасайтын қасиетімен де қадірлі, әріптестері әкесіндей көрді. Қоғам қайраткері ретінде аймақ өміріне өзіндік қолтаңбасын қосты.
Жалпы, Қалқабай Әбеновтің журналистік жолы ұзақ әрі қызық. Ұзағы – жылдардың жемісі көп, журналистиканың дәуірлеу кезеңі басталды. Сыр бойының сөз саптауы cергек саңлақ ұл-қызын бір ордаға біріктіріп, елімізге руханияттың риясыз үрдісін үкілей білді. Ол Шиелі аудандық «Коммунизм жолы» газетін үш жыл басқарып, Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетіне (қазіргі «Сыр бойы» газеті) 1968-1985 жылдар аралығында редакторлық етті. Газетті сол кездегі ең ұзақ уақыт басқарған кісі болды.
Қалқабай Әбенов 1922 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Айдарлы совхозында дүниеге келді.
Аштық жайлаған ауыр кезеңде отбасы Өзбекстанға көшті, сол Қауыншы ауылынан 1942 жылдың көктемінде майданға аттанды. Құдай қарасып, Германия жерінде Жеңісті қарсы алды. «Отан соғысы» орденін, «Әскери қызмет еткені үшін», «Германиядағы жеңісі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарын кеудесіне тақты. Елге келген соң Оразкүл анамызбен шаңырақ көтеріп, Сырдария ауданының «Бірлестік», «1 Май» мектептерінде мұғалімдіктен бастап, кейін оқу ісін басқарды. Анамыз алты құрсақ көтерген, ұлағатты ұстаз болған өте сыйлы кісі еді. Байыпты, салмақты сөзі оның тұла бойынан тағылым алатындай бір тұғыр болатын.
1951 жылы Гоголь атындағы пединститутты аяқтаған соң Қызылорда облыстық партия комитетінде нұсқаушы, насихат секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1964 жылы Мәскеу қаласындағы СОКП ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебін бітіріп шықты. Партия мектебінен кейін облыстық комитетте лекторлар тобына жетекшілік етті. Әрі қарай «Ленин жолы» газетінде ұзақ жыл редактор болып, ерен еңбегі «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен бағаланды.
Әбенов әлемін кеңейтетін үлкен шараның бірі – 1972 жылы газеттің 10 мыңыншы санының жарыққа шығуына орай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Мақтау қағазымен марапатталды. Газет пен оның қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында облыстық партия комитетімен келісе отырып, 1973 жылы редакция Коммунистік проспектісі, 60 мекен-жайындағы жаңа қонысқа көшті. Сол кездері газеттің таралымы 40 мың данаға жетті.
Ал 1979 жылы басылым жоғары мемлекеттік награда «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, газет нұсқалары Мәскеудегі бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне үлгі ретінде ұсынылды.
Әр жылдары Қалмақан Әбдіқадыров, Дүйсенбі Смайлов, Жүніс Жәукебаев, Әбдіразақ Баранов, Сейітқасым Сейтенов, Дархан Сапаров, Қайырбек Мырзахметов секілді қаламы қарымды қаламгерлерді жанына жинады. Басылымның бай қоры газеттің жанрлық ерекшелігін айшықтап берді. Әсіресе, очерк, суреттеме, репортаж жанры жанданды.
Редакция құтты қонақтар – Асқар, Сырбай, Әбділда, Әбдіжәміл, Қалтай секілді әдебиет алыптарының бас қосатын шығармашылық шаңырағы болды. Сол үлгілі үрдіс әліге дейін жалғасын тауып келеді.
Бүгінде ҚР ІІМ-нің полиция полковнигі, «Құмкөл-Сервис» ЖШС директоры Қанат Қалқабайұлы қарашаңырақтың иесі, тектіліктің тұяғы ретінде әке рухын үнемі жоғары қояды. Оның да бір куәсі – жас журналистердің шығармашылығын қолдау мақсатында жыл сайын дәстүрлі Қалқабай Әбенов атындағы облыстық байқау өткізіп келеді. Осының өзі – Сыр журналистикасына деген құрметтің бір парасы.
Қаныбек Әбдуов
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<