Балғын балалық шақтан бастап, жас дәуреннің сағым жылдарын сағынып отыратын қария болғанша айта жүретін ән жазып кеткен қазақ композиторларының бірі және бірегейі Әбілахат Еспаев екенін сәл кештеу білдік. Енді сол әндердің бірнешеуіне тоқтала кетейік.
– Кел, балалар ойнайық,
Ойнайық та ойлайық,
Қандай жұмбақ болса да,
Шешпей оны қоймайық, – деп басталатын жеңіл ырғақты ән бар еді. Қазақ радиосынан берілетін балаларға арналған хабарлар осы әнмен басталатын. Әннің аты «Ойлан, тап!» болатын. Мектеп табалдырығынан аттап, бастауыш сыныптарда оқып жүргенімізде:
– Батыр бала, батыр бала Болатбек, Батыр бала советтік жас пионер, – деп қосыла әндететінбіз. Бұл – «Батыр бала Болатбек» деген ән.
Мектеп бітірер сәт жетіп, кеудемізді алтын ұямызға, аяулы ұстаздарымызға деген қимастық сезім билеген. Оны былайша білдірдік:
– Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын,
Үлгіңді көңіліме қыстатқанмын.
Есімде әліппені жаттатқызып,
Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның.
Ұстазым менің ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс, жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып.
Ұстаздарға мәңгілік ескерткіш қойып кеткен ән осылай басталатын. Сонан соң, арман қуып сан тарапқа тарап кеттік те, жылдар өте бір-бірімізді сағынып, іздей бастадық:
– Достар, достар жүрсің қайда?
Бірге еді ғой жанымыз.
Еске алысып осындайда,
Кел, шырқайық бәріміз!
Бәріміз де таптық бүгін,
Бақыт жолын іздеген.
Дос үміті – достық сезім,
Әрқашанда бізбенен, – деп шарқ ұрғанбыз. «Қайдасыңдар, достарым?» әні сағынышқа жетелейтін. Жылдар өтіп жатты. Бір кездегі тұлымшағы желбіреген көршінің қызы бой жетіп, қиялымызға қанат бітірсе:
– …Әлі есімде, әлі есімде сол бір кез.
Көз алдымнан кетпей қойды-ау мөлдір көз, –
деп қайырылатын керемет ән тоқтамай өте шыққан жас дәуренді еске түсіріп, көңіл толқытатын.
– Бір күй бар домбырамда тартылмаған,
Бір сыр бар көңілімде айтылмаған.
Жан сәулем жарасатын жалғыз саған,
Көзіңнен айналайын жалтылдаған…
Иә, мәтіні қандай көркем болса, ән сазы да сондай көркем «Ақ сәуле» әні халық арасына лезде тарап үлгірген.
50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың басында, желі тартылып, үй-үйге радио құрылды. Сонау Алматыдағы «Қазақ радиосының» музыкалық хабарларынан осы әндерді тыңдап өстік. Ұнатқан болуымыз керек, сүйкімді саздар мен әсерлі әуендер көңілге қона кетіп, бірден үйреніп алатынбыз. Жарты ғасырдың ар жағында жазылған әндер әлі ұмытылған жоқ. Әсіресе, осы төрт ән. Сөз басында айтқандай, кезінде осынау өміршең әндердің авторы кім екенінде шаруамыз болмапты.
Әбілахат Еспаев 1925 жылы 25 қарашада Қостанай қаласының маңындағы 2-ауылда Ыбырай Алтынсаринмен аталас Смағұл деген кісінің отбасында дүниеге келген. Қостанай-Торғай өңірінде басталған ашаршылықтың репрессияға жалғасатынын іштей сезді ме, әкесі Смағұл Әбілахаттың алты жасында еліміздің оңтүстік өңірінің Меркі ауданына қоныс аударады. Шыбық қадасаң, орман болып жайқалатын Әулиеата жері Еспаевтар әулетінің тамырын тереңге жіберіп, бой түзеуіне мүкіндік туғызған. Болашақ композитордың ең алғашқы «Туған ел» атты әні мектеп қабырғасында жүрген жылдары, яғни 17 жасында қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалімі А.Сапақовтың өлеңіне жазылыпты. Әбілахат ағамыз мектеп бітіре сала соғысқа аттанады. Днепр шайқасына қатысып, контузия алады. Осы кезеңге арнап ақын Сырбай Мәуленовтің «Днепр туралы жыр» атты өлеңіне ән жазған. Табиғатынан зерек, білімге құштар, ұқыпты да тәртіпті балаң жігітті КСРО Қорғаныс министрлігі Ресейдің Могилев қаласындағы жоғары әскери училищеге оқуға жібереді. Әбілахат ағамыз училищені 1945 жылы үздік бітіріп шығады.
Біраз уақыт Кавказ аймақтық әскери академиясында ұстаздық етеді. Кеңес одағының жас офицері ендігі жерде әскери баспалдақтармен, әскери тәртіппен шені өсе бермекші еді, бірақ, сауатты әке Смағұл жан дегенде жалғыз баласын елге қайтарып алудың жолдарын қарастырып, ақыры Сталинге хат жазады. Осының арқасында капитан шеніндегі Әбілахат ағамыз елге оралады. Әуелі мектепте әскери дайындықтан сабақ береді. Сол мектепте жүргенде болашақ жары Назыммен танысып, шаңырақ көтереді. 1951 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтқа түседі. Көптен кеудесін кернеген әуез саздарын біртіндеп шығара бастайды. Бірде оларын композитор Латиф Хамидиге апарып көрсетеді. Кәсіпқой композитор Әбілахат Еспаевқа: «Сен бәрін таста да, консерваторияға кел» деп кеңес берген. Мұның бойындағы талантты дөп басқан Латиф ағасының айтқаны орындалып, консерваториядағы белгілі музыкант, профессор Великанов жетекшілік ететін бөлімге қабылданады. Осы жылдары ел аузына кең тарап кеткен Зейнолла Қабдоловтың сөзіне жазылған «Жайық қызы», Нұтфолла Шәкеновтің сөзіне жазылған «Маржан қыз», Сырбай Мәуленовтің сөзіне жазылған «Жылқышы әні» туындыларының авторы болып үлгірген еді. Алайда тұрмыс тауқыметі Әбілахатты екінші курсті бітіргесін әрі қарай оқуын жалғастыруға мүмкіндік бермейді. Осы жайлы композитордың қызы Гүлсім Әбілахатқызы былай деп еске алады: «Отбасында үйелмелі-сүйелмелі 5 бала болдық. Оның үстіне әкемнің ата-анасы қолында еді. Анам үй шаруасы мен бала күтімінен босамай, жұмыс істей алмады. Отбасын асырау жалғыз әкемнің мойнына түсті. Алматы сияқты үлкен қалада өмір сүру оңай емес ғой. Бізді асырау керек. «Аяққа тұрып кеткенше, оқуды қоя тұруым керек» деген шешімге келген болуы керек, әкем оқуын тоқтатты…».
Еспаевқа тағдыр консерватория бітіруді жазбаған екен. Консерватория бітірмесе де, ол талай-талай тамаша, ғажайып әндер шығарды. Әндері Жамал Омарованың, Ермек Серкебаевтың, ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің, Нұрғали Нүсіпжановтың, т.б. орындауында бүкіл қазақ еліне тарап жатты.
Кейінірек Нұрғиса Тілендиев: «Әбілахат Еспаев әннен тау тұрғызды. Ол – ұлы композитор» десе, Шәмші Қалдаяқов: «Ешқандай комментарийді қажет етпейтін, аты аңызға айналған тұлға» деп бағалапты. Жалпы, Әбілахат Еспаев 240-қа тарта ән-романс жазыпты. Мұның бәрін бір мақалада тізбелеп айтып шығу мүмкін емес, бірақ қайсыбірін атай кетуді жөн көрдік: «Бейбітшілік сақталады» (сөзі Ізтай Мәмбетовтікі), «Маржан қыз», Жайық қызы» (сөзі Зейнолла Қабдоловтыкі) «Аққуым», «Ақ сәуле» (сөзі Қасым Аманжоловтыкі) «Қазақ частушкасы», (сөзі Мұзафар Әлімбаевтыкі) «Қыз қуу», «Қыз әзілі» (сөзі Қуандық Шаңғытбаевтыкі), «Ұстазым», «Бейбітшілік сақталады» (сөзі Нұтфолла Шәкеновтікі), «Толқиды Тобыл», (сөзі Серік Тұрғынбековтікі) «Сағыныш екен бала кез» (сөзі Оспанхан Әубәкіровтікі), «Қайдасыңдар, достарым?!» (сөзі Әнуарбек Дүйсенбиевтікі).
Әбілахат Еспаев ән жанрының көкжиегін кеңейтіп кетті. Бұл тұрғыда оның Абайдың өлеңіне жазылған «Өзгеге көңілім тоярсың», «Мен сәлем жазамын» романстары әріптестері Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев туындыларымен иық тіресіп тұр. Ал оның балалар музыкасына қосқан үлесі өзінше бір төбе. «Ойлан, тап!», «Құлыншақ», «Ортеке» әндерінің орны бөлек. Сонымен қатар Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуі», Садықбек Адамбековтың «Күн мен көлеңке», Иса Байзақовтың «Ақбөпе», Әбділдә Тәжібаевтың «Той болады» спектакльдеріне музыка жазған.
1973 жылы Бүкілодақтық ән байқауына Кеңес елінің (КСРО) әйгілі композиторлары қатысты. Сол байқауда Әбілахат Еспаев Жамбыл атамыздың өлеңіне жазылған «Одағым – бақыт ордасы» атты әнімен жүлделі екінші орынды жеңіп алып, Қазақстанның атын шығарды. Осы жерде композитордың қызы Гүлсімнің әкесі туралы айтқан тағы бір сөзін келтіре кетейік: «Әкем музыка жазып отырғанда толқып, ерекше күй кешетін. Әрі-беріден соң бөлмесінің есігін жауып алып, ән шығаруға алаңсыз берілуші еді. Біз ешқашан бөгет жасап көрмедік. Ал анам қолынан келгенше әкемнің бар жағдайын жасайтын. Шәмші ағамыз үйге жиі келетін. Әкемнен бес жасы кіші ол «мен осы үйдің үлкен баласымын деп күліп отырушы еді. Әндерінің нотасын әкеме әкеліп көрсететін. Сонда әкем Шәмші ағаның асқан дарындылығына риза болатын».
2019 жылы хабар арнасынан Әбілахат Еспаевтың шығармашылығына арналған «Сол бір кеш» атты ән кешін көріп тамашаласақ, 2020 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан филармониясының дәстүрлі әншісі Ақмарал Мырзаханқызы мен әнші-композитор, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаскелең Ғайсағалиевтің «Әбілахаттың әндері-ай» атты біріккен ән кешін берді. Кейінгісі композитор Әбілахат Еспаевтың туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған екен. Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін қазақтың қара домбырасын керемет меңгерген Ақмарал асқақтата шырқады. Мақала басында 17 жастағы Әбілахаттың ең алғашқы жазғаны «Туған ел» атты ән екенін айтқанбыз. Ақмарал Мырзаханқызы бұл әнді де келістіре орындап шықты. Ал Жаскелең Ғайсағалиев Еспаевтың «Сағыныш екен бала кез» әнін айтқанда сонау балалық шақ еске оралды. Екі музыкалық аспаптың біріктіре сүйемелдеуімен Ақмаралдың орындауындағы «Ақ сәуле» әні гармониялық үйлесім тапты.
Ойдан ой туады. Бізде де Еспаев әндері насихатталса, әншілер байқауы, кештер, тағы сол сияқты тәрбиелік шаралар ұйымдастырылып жатса, артық етпес еді-ау.
Әнде ұлттық нақыш пен ұлттық бояу болса, егер әннің өн бойы ғажайып саздармен өрнектелсе, егер мәтіні мазмұнды, ұйқасымды болып келіп, жүрекке жылылық сыйлап, көңілді көтерсе, онда сөз жоқ ықылас артады. Мұның бір жағы – эстетикалық тәрбие. «Ән – көңілдің ажары» деп бекер айтылмаса керекті…
Біз сөз еткен Әбілахат Еспаевтың әндері осы деңгейде ұмытылмастай болып, санада жатталып қалған. Оған бір ғана мысал, мақала басында тоқталып кеткен «Ұстазым» әні 1950-жылдардың аяғында шығып, оны алғаш рет Қазақстанның Халық артисі Жамал Омарова орындаған болатын. Содан бері қаншама жылдар өтті. Әнді қаншама әнші, қаншама оқушы-жастар, қаншама «әу» дейтін қалың жұрт айтты және айтып келеді. Бұл әннің әлі де ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, айтыла беретініне шүбә келтіре алмаймыз. Әбілахат Еспаевтың ән әлеміндегі құдіреттілігінің өзі де осы шығар.
Темірбек ЕСЖАНОВ,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<