«Алыс, алыс та болса жақын…»

724

0

Мінездеме! Иә-ә, кәдімгі өндірістік-қызметтік мінездеме.

Кімге? Ә-ә, дәрігер Асылхан Нұрқожаевқа екен ғой. Сірә, 2021 жылдың 25 мамырында оның 70 жасқа толуына байланысты жазған басшылықтың анықтамасы болды-ау!

Иә, ол көпке танымал азамат. Қырық бес жылдық еңбек өтілі бар, соның отыз жылын тәуелсіз еліне арнаған көркем мінезді, елгезек, уәдеге берік, қазір де әріптестерінің ортасында жүргеніне көңілім толып отырғанда телефон соғылды.

А-та, – деді жұмсақ  дауыс, – бүгін сағат 12-де бас мешіт жанындағы хатымханада Асылхан Нұрқожаев Сабила апасының жылдық асын береді. Соған келіңіз! Күнтізбеге қарасам, бүгін дегені 2021 жылдың 31 шілдесі екен.

Апыр-ау, неғыл дейді! Асылхан ана кіндігінен жалғыз еді ғой! Қайдағы апа?! Осы Асылханыңыз сол Сабиланың жан жары, өзіне ешқандай туыстық жақындығы жоқ, хирург, аудандық аурухананың 14 жыл бас дәрігері болған Зәуір Махатовқа ақ тер, көк тер болып, дерек жинап, 2010 жылы көше атауын алып беріп, дастархан жайып құран бағыштағанына куә болғанмын. Енді Зәуірдің жұбайы Сабилаға ас бермек. Бұл не жұмбақ?!

Оның мән-мәнісіне қанығу үшін бірнеше жыл кейінге шегіну қажет екен.

***

Ұшқан құстың қанаты талатын теңіз жағалауындағы «Ауан-Ақбасты» аталатын маң далада Ұлман, Шалман, Ермахан, Нұрқожа есімді ағайындылар өмір сүріпті-ау! 1945 жылдың қыркүйек айында белгісіз ауру шығып, 139 адам қайтыс болып қара жер томпаяды. Абырой болғанда, бұған дейін емі жоқ індет деп сол мекенді өртеп келген сырқатты Саратовтан келген микробиололгия және эпидемиология ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Н.Жуков-Бережников оба дерті деп диагнозын дәл қойып өлім-жітім тоқтайды. Әлгі төрт ағайындыдан ол кезде Ермахан мен Нұрқожа бар-ды. Бірақ, Нұрқожаның Дариха, Шарипа есімді екі әйелі де қайтыс болып, олардан Мейірхан, Назымхан, Әуесхан деген үш қыз қалады. Назымханды нағашылары қолына алады. Екі қызымен қалған Нұрқожа соғыста шейіт кеткен солдаттың әйелі Әлпешке үйленеді. 24 жастағы Әлпешіңіз «Қаракөз-айымның» өзі еді-ай! Мейірхан мен Әуесханды осы  ана тәрбиелеп құтты жеріне қондырады. Нұрқожаға қосылғанына бес-алты жыл өтсе де Әлпеш бала көтермейді. Содан Нұрқожа күйеуіне:

– Отағасы, қайнағаның (Ермаханды айтады) емшектегі Зауалханын сұрап алсаң қайтеді, ағаңмен өзің сөйлес,  абысынмен өзім келісемін, – дейді.

– Жо-қ, – дейді оған Нұрқожа, жақында түс көрдім, түсімде Әуесханның ізінде (ұзатылған кіші қызы) аққудың көгілдірі еріп жүр екен. Алла қаласы ұлды болармыз, – дейді.

Айтқандай-ақ, аққудың көгілдіріндей таң шапағымен таласа біздің кейіпкеріміз Асылхан Нұрқожаұлы 1951 жылдың 25 мамырында жарық дүниенің есігін ашыпты.

Ой-дүние-й! Нұрқожа мен Әлпеш 1957 жылдың жазында теңіздің «Изенді» айдынында көшіп балық аулауға барғанда да Асылханды іздерінен тастамайтын. Ол әкесінің теңізден оралуын күтіп, флотта ертелі-кеш ойнап жүретін-ді. Әкесі келуіне қара қайықтың рөліне жайғасып алатын. Желқомға құйын соғып рөлді жұлып әкетеді. Асылхан теңізге ұшып түсіпті. Сондағы әкенің шошынғаны-ай! Флоттағы жігіттер суға сүңгіп баланы құтқарып қалады. Сол әке, міне Асылханын бірінші сыныпқа үнсіз алып келе жатыр. Ойында не бар? Өзі ауыр сырқат. Онысын сезеді. Әйтсе де «Ұлым бар менің, ғасырлар бойы атымды тұрар жаңғыртып» деп шүкірлік етеді. «Әке, қайта бер үйге» деп құйтақандай бала арқасындағы алғашқы өмір жүгі – портфелін қолына алып мектепке кіріп кетті. Асылхан бірінші сыныпты аяқтаған 1958-дің жазында әкесі де мәңгілікке көз жұмды.

Ол еңбекке жастайынан араласты. Анасына көмекші болып шөп те шапты, отындық қамыс та орды. Оның екінші сыныпта оқып жүргенде қысқы малға деп дайындаған шөбі ауылдан 10-12 шақырымдай жерде-тұғын. Айнала аппақ қар. Қараша інгенге шана тіркеп, Ермахан көкесі екеуі сонда тартты. Шөпті шанаға пәттелеп жинап берген Ерекең:

– Енді өзің жүре бер. Қараша інген адастырмайды, мен аң-құс қағып қайтайын, – деп қалып қояды. Сонда жасөспірім қос өркештің арасынан көрінер-көрінбес болып келе жатып ұйықтап кетеді. Селт етіп оянса, түйе әлдебір кісінің жанына келіп шөккен екен. Бірдем деген балықшы еді. Баланы түйе үстінен жұлып алып жүгіртеді. Және қолына екі сазан ұстатып жолға салады. Сондағы анасының қуанғаны-ай! «Ер жетті деген осы», «Халықтың қатарына қосылды» деген осы деп үй-үйге жұп күлше таратады.

Есейе келе қысқы каникулда зауыттың мұз қаласына мұз салуды міндетіне алады. Балықшылар теңізден оралған кешкілікте зембілмен балық тасып, айдап нәпақа табады. Маңдайынан сипап «айым-күнім» деп еміренген ғазиз анадан да жетіншіні тәмамадаған 1965 жылы айырылып қалады. Ермахан көкесі (Нұрқожаның ағасы) жай-жағдайды таразылай келіп, осы тұста ауылға келген Әбдуәли Шалмановқа (ағасының баласы) Асылханды балалар үйіне өткізуді тапсырды. Әбдуәли 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан, теміржол әскерінің сапында, эшелонмен жаралыларды, қару-жарақты тасыған, Ленинград блокадасында 15 шақырымдай теміржол дәлізі ашылғанда бір эшелон азық-түлік жеткізген сұңғыла жауынгер болатын-ды.

Міне, екеуі ұшаққа отырды. Асылханды шығарып салуға достары жиналыпты. Солардың арасынан бір сынып төмен оқитын, өзі «Роза гүл» деп әзілдейтін оқушыны көріп қалып, «Оу-у, Кежек ағайдың қызы мұнда қайдан жүр?» деп таңырқағанымен «сен білмегенді мен білемін» дегендей жүрек-көреген дабыл қағып, дүрс-дүрс соғып жіберген-ді… «Як-2» көк теңіздің үстімен зулап келеді. Қайда барады? Кімге барады? Алыс сапарға алғаш шығуы. Алды тұман. Кіндік қаны тамған ауылына жер бетінен көтерілгенде-ақ сағыныш сезімі биледі.

– Бесігім болып толқының,

Айдыныңда толқыдым.

Жағаға шықсам жатушы ем,

Аймалап құмның қолтығын, – деп Әбдуәли ағасына қарады. Ол болса «Кәйтсем екен, ә-ә, түбі бір туыс қой. Жетімдер үйіне тапсыра алмаспын. Өзімен қатарлас Талап баламмен бірге не көрсе де бірге көреді де» деген толғаныс үстінде еді.

Әбдуәлиұлы Талап бойшаң, жұқалтаң. Асылхан орта бойлы, толықша. Екеуі қала аралап жүріп, Асылханға мүлде бейтаныс  шарбаққа кірді. Талап тым еркін. Сұрау жоқ, имену жоқ. Мұздатқышты ашып, тағамдарды дастарханға қойды.

– Әй, Асылхан кел, отыр, – дейді ол. Бұл аң-таң. Үй иелеріне назар салып еді, балабақшадан қайтқан Алмат пен Талғатты шешіндіріп мәз-мейрам. Жанынан өте берген жылы шырайлы, 25-27-лер шамасындағы аққұба әпке:

– Шырағым-ау, дәмге бармай неғып тұрсың, – деп емен-жарқын көңілмен дастарханға жайғастырды.

Бұл үй ерлі-зайыпты Зәуір мен Сабиланың құтты қонысы еді. Осылай қатынас, таныс-біліс басталды. Баланың жайын бұлар толық ұқты. Оқу жылы жақындағанда Әбдуәли келіп:

– Сабилаш, Ермахан көке Асылханның балалар үйіне баруын шештіңдер ме, деп мазасызданып жатыр. Не дейміз? – деді өзінің де түсі қашып, – үйден қуғандай болмаймын ба?!

***

Сабила терең ойға шомды. Әкесі Жетен Әзбергенұлы Балшон Шалманқызына 1937 жылы үйленеді. Сабила бір жасқа толғанда, ол әскер қатарына шақырылады. Финдермен болған қысқы соғысқа қатысып есен-сау оралады да, 1941 жылы неміс фашистерімен шайқасуға қайта аттанады. 1944 жылдың 28 наурызында елге жеткен қара қағазда «628 артеллериялық атқыштар полкінің барлаушысы Жетен Әзбергенов Украина жерінде ерлікпен қаза тапты» делініпті. Ал оның әйелі Балшон Шалманқызы 1941 жылы-ақ дүниеден озған-ды. Балшон Әбдуәлидың апасы болса, Сабиланың туған анасы еді. Үш жасында әке-шешеден көз жазып қалған Сабила Жетенқызы нағашы әжесі Бибізаданың қолында оқып, тәрбиеленіп, Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын тәмамдап, ұлағатты ұстаз дипломын алып, 1957 жылы дәрігер-хирург Зәуір Әбдірахманұлы Махатовпен бас қосады. Төре тұқымы. Әкесі Әбдірахман 1937 жылы Қарағанды облысының атқару комитетінің төрағасы тұсында репрессияға ұшырайды. Сонда Зәуір небәрі үш жаста екен. Анасы Мұстафақызы Күлдерханым жекжат қуалап Аралға келеді. Аяқ машинамен киім-кешек тігетін ісмер әйел үш ұрпағын Мәдина мен Болатты мұғалімдік, Зәуірді дәрігерлік мамандыққа оқытады. Аяулы ана жазықсыз атылып кеткен ардағына 28 жыл бойы құран бағыштап еске алумен, 1965 жылдың ақпан айында өзі де сол жаққа бет түзепті.

Отбасының да, өзінің де қилы-қилы тағдырын кино лентасындай шолып өткен Сабила нағашысы Әбекеңе:

– А-ға!-деп саңқ етті.

– Иә, не дейсің, Сабилаш?!

– Асылхан ешқайда бармайды. Менің қолымда болады. Осымен сөз тәмам, аға! – дейді.

Зәуір мен Сабила үйіне келіп жүргенде Асылхан осы маңдағы жұпыны мекеменің маңдайшасынан «Детдом» жазуын оқығанда «менің келешек мекенім осы-ау» деп бойын діріл қағып, мұңайып өтетін-ді. Сабила апайының алыс та болса, жақындай болып ағайыншылық оқыс шешімін есіткенде Әлпеш анасының «Айналдым сенен, аққудың көгілдірім-ай!» деп аймалаған дауысы құлағына жеткендей боп:

– Жиі енеді түсіме марқұм анам,

Ол мен үшін әулие, алтын адам!

Аяласа анасын жалпы ғалам,

Арылатын сияқты бар күнәдан, – деп есіне түсіріп, көз жасын сығып алды. Ол осы үйден қатынап, №13 мектептің 8-9-10 сыныптарын бітіріп, аттестат алғасын Алматының медициналық институтында жеті жыл оқығанда да барлық қамқорлық осы отбасынан болды. «Емдеу ісі» мамандығымен бір жылдық интернатурадан өтіп, 1976 жылы еңбек жолын бастады. Ақтөбе медицина институтының түлегі, баяғы «Ауан-Ақбастыда» ұшаққа шығарып салған «Роза гүлі» Кежек қызын Сабила апасының үйіне келін етіп түсірді. Осында тағы да төрт жыл тұрды. Содан кейін Зәуір мен Сабила тойын жасап, өз алдарына отау тігіп берді.

Енді оқырман қауымға да, өзіме де Асылхан Нұрқожаұлының бұл шаңыраққа құлшына қызмет етуінің себебі ұғынықты болар.

***

Сабила Жетенқызы апасының жылдық асын беріп, көңіл жайланғасын ақ халатты Асылхан дәрігерден жұмысты неден, қалай бастағанын сұрап едім, ол іркілместен:

– 1976 жылы Арал аудандық ауруханасына хирург болып орналастым, – деді өмір жолын баяндап, ол тұста хирург, травматолог, уролог, нарколог, балалар хирургиясының штаттары емханада болатын. Емхана мен аурухана арасына жаяулап шапқылап жүретінбіз. 1978 жылы Украинаның Запорожье қаласына төрт айлық травматология мамандығынан бірінші тәжірибеден өттім. 1976-1984 жылдарда барлық операцияға қатыстым. Жеңіл, кішігірім отаны өзім жасайтынмын. 1983 жылы травматология бөлімшесі ашылып, бөлім меңгерушісі Досхан Рановтың жанында травмотолог болдым. 1984 жылдың көктемінде орталықтан үш жүз шақырым шалғайдағы «Атанши» мал отарынан шопанның аяғы сынды деген хабар жетті. «Қарақұм» кеңшарына ұшақпен барып, әрі қарай «Газ-66» көлігімен жолға шығып, шопанның сынған аяғын қозғалтпайтын таңғышпен таңып «Қарақұмға» 5-6 сағат жүріп, осы арадан санитарлық ұшақпен қалаға келіп, жоспарлы ота жасалды. Ал бес жасар қыз баланың бір саусағы темір есіктің арасында қалып, саусақтың бас жағы теріге ілініп тұр. Мұндайда саусақтың ілініп тұрған жерін алып тастау оңай. Бірақ ол қыз бала ғой. Сол саусақты орнына келтіріп, тігіп тастадым. Ота жасаған алғашқы күндері саусақ қарайды. Келе-келе жазылды. Жараны таңған сайын баланың «Аға-ау!» деп жанұшыра жылағаны әлі күнге естен кетпейді. Шалқар ауданының «Бозой» ауылындағы ауруханада бас дәрігер кезімде аттан құлаған он бір жастағы малшы баласын вертолетпен жолға алып шықтық. Алғашқы дәрігерлік көмек ұшақ ішінде жасалды. Бала 15-20 минут бойы жылап жатты. Ауруханаға жеткізу бойына ота жасалып сырқаттан айығып кетті. Бәрі есте қала ма? Бұл бір-жары ғана.

– 1991-1998 жылдары аурухана бас дәрігерінің Емхана жөніндегі орынбасары болыпсыз. Бұл Тәуелсіздіктің елең-алаң, қиын кезі ғой…

– Иә, айтары жоқ. Аудан бойынша диспансерлік науқастардың есебі алынып, сауықтыру шаралары жүргізілді. Қаланың өзі алты аймаққа бөлінді. Айлық 2-3 айлап кешікті. Жәрдемақы ала алмаған әйелдер поезды тоқтатты. Бұрынғы кеме жөндеу зауыты жылуды қиып тастады. Төлем кешіктірілгендіктен. Пешіміз ескі. Түтін тартпайды. Әскериден қалған үйлерден ұжым болып кесек тасып төрт пешті жаңарттық. Тамызық үшін жүз шақырымдай «Көктем» жайлауы жақтан жыңғыл дайындадық.

А.Нұрқожаев Денсаулық сақтау ісінің үздігі, қызметі мен мамандығы бойынша бес жылда бір рет комиссияның шешімімен бағаланатын бірінші санаттағы ұйымдастырушы, аудандық мәслихаттың депутаты, «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалінің иегері. Сондай-ақ, біліктілігін жетілдіру мақсатында Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларымен қатар Запорожье, Харьков, Курганда әлденеше рет конференция, семинар, тәжірибе алмасу оқуларында болып және бір студенттік дәуірді бастан кешкендей жаңарып рухани жаңғырғанын ақ халаттылар ұжымы мақтан ететін-ді.

– 2002-2015 жылдарда аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері болып тұрғанында 2002 жылы жаңа сырқаттану жағдайы 216, ал 2015 жылы 65 жағдай тіркеліп, салыстырып қарағанда үш есеге азайғанын кезінде баспасөзден оқығанбыз. Әрине, бұл заманауи құрал-жабдықтарды қолдану мен дәрі-дәрмектің қолжетімді болғанынан және дәрігерлердің біліктілігі арқасында жеткен көрсеткіш болса керек. Осы арада Асхат Тұрғалиев деген науқастың 2007-2015 жылдары, яғни 7-8 жыл бойы диспансердің тұрақты қамқорлығында болған жайын білгім келеді?

– Алған дерегіңіз дұрыс, – деді Асылхан дәрігер күліп, Жағал Таушанов көшесіндегі №39 үйдің тұрғыны болған Самат Тұрғалиев 1998 жылы, зайыбы Бибайша 1999 жылы қайтыс болды. Сонда үлкені Асхат 10, Гүлмира 8, кенжесі Наурызбек 6 жаста еді. Әжесі Ақзада қария жетпістен асқан-ды. Осы кісінің зейнетақысы және жәрдемақысымен күнкөріс жасады. 2008 жылы Ақзада да қайтпас сапарға аттанды. Осының алдында баланың үлкені Асхат 2007 жылы өкпе дертіне ұшырап біздің диспансерге түскен-ді. Ал 16 жастағы Гүлмирасы жоғалып кетті. Кенжесі Наурызбек әр үйді жағалап жүреді. Үй болса ескі. Бір жағынан құлағалы тұр. Құлады да.

– Демек, шаңырақ шайқалды десеңші!

– Иә, шайқалды. Бірақ құламады. Құлатпадық. Біз болып, көрші-қолаң болып, кәсіпкер азаматтар болып бір пешпен жылитын кең төрт бөлмелі ғимарат тұрғыздық. Жоғалған қыз да табылды. Тұрмысқа шықты. Наурызбегі де колледжді бітіріп, мамандығына сай қызмет етті. Жақында келін түсірді. Асхат 2007 жылы «Шоғырлы өкпе дерті, ойық кезеңі» диагнозымен диспансерде емделді. 2015 жылы фиброзды кавернозды өкпе сырқатымен өмірлік мүгедектік жәрдем тағайындалды. Бүгіндері ол дәрігерлік бақылауда. «Шалқия» сауықтыру орталығынан тұрақты түрде оңалту емін қабылдайды.

«Әй, бәрекелді-ай!» деп жетімдерді жебеген қамқоршыларға жүдә разы болдым. Және Асылханға берілген мінездемеден «олар өнегелі отбасы, үлгілі ұл-қыз өсіріп отыр» деген мәлеметке де зер сала оқыдым. Сөйтсем тұңғышы Айнұр Нұрқожаева Нұр-Сұлтанда, жоғары санатты дәрігер-реабилитолог, «Қасиетті жол» балаларды оңалту орталығының директоры екен. Ғалым Нұрқожаев Ақтөбеде, «Қазақстан-отын» энергетика кешені сауда үйі ЖШС-нің басшысы болса, Қайыржан Нұрқожаев Аралда, аудандық тұрғын үй телекомуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі. Осы арада марқұм Нұрқожа аталарының «Ұлым бар менің, ғасырлар бойы атымды тұрар жаңғырып» дегені ойыма келіп ұрпақ жалғастығы дегеніміз осы-ау» деп бек сүйсіндім.

***

Қырғызстанның Бішкек қаласының іргесіндегі «Ата-Бейіт» пантеон-кешеніндегі Шыңғыс Айтматовқа қойылған зілтастың қабырғасына «Адамға ең қиыны – күн сайын адам болып өмір сүру, Шыңғыс Айтматов» деп жазылыпты.

Санаңды селт еткізіп, сілкіндіріп жіберетін заңғар қаламгердің осы сөзінің мағынасын өз кейіпкерімнің болмысынан тапқандай болдым.

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

Арал ауданының

Құрметті азаматы.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<