(Аудандық СЭС-тің 35 жыл бас дәрігері болған Гүлжан Жанжігітқызы Дошниязовамен әңгіме-сұхбат)
Белгілі қаламгер, журналистердің абыз ақсақалы, Арал ауданының құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағамбетов 95 жасқа толды.
Қаратерең топырағынан түлеп ұшқан талантты қаламгер әлі күнге дейін қалам құдіретімен туған жердің, Сыр өңірінің өркендеуіне үлес қосып келеді. Шәкірат аға әсіресе еңбек адамдарының қызметін, бейнесін жасауда шығармашылық биігінен түскен жоқ.
Қаламгердің әу бастағы мамандығы – мұғалімдік. Қызылордадағы педагогикалық институттың тарих-география факультетін бітірді. 1950-1960 жылдары мұғалім, мектеп директоры, аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет істеді. 1960 жылдан бастап «Социалистік Арал» (қазіргі «Толқын») газетінің бөлім меңгерушісі болып ауысады. Қазалыдағы «Ленин туы» газетінде де қызмет етіп, редактордың орынбасары болды. Ал 1965 жылдан бастап облыстық «Ленин жолы» газетінің (қазіргі «Сыр бойы») Арал және Қазалы аудандары бойынша меншікті тілшісі болып қызмет атқарды. Ширек ғасырдан астам осы қызметте жүріп өңірдің рухани, мәдени дамуына табанды түрде еңбек сіңірді.
Талантты қаламгер 1979 жылы «Қазақ ССР мәдениет қайраткері» атағын алды. 1999 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасын» иеленді. Сондай-ақ 2007 жылы Арал ауданының Құрметті азаматы атанды. 1960 жылдан бері Журналистер одағының мүшесі. Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер. Зейнетке шықса да қаламы қолынан түспеген абыз ақсақал республикалық, облыстық, аудандық басылымдардың тұрақты авторы.
Бүгін Шәкірат Дәрмағамбетұлының «Аңыз емес, ақиқат» атты танымдық сұхбатын жариялап отырмыз.
Ол көз алдыңда жүр! Бірақ сен оны жете білмейсің. Сөйтіп іздегенің жұмбақ болып қалыс қала береді. Ойда-жоқта, мүлде күтпеген тұстан шыға келуі де бек мүмкін. Бұл жолы солай болды… «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясының 2010 жылғы 2-ші басылымын парақтап отырғанмын. Біз жақтан кім бар деймін-ау! 457- бетті ашқанда таныс фамилия жарқ етті. Дошниязова Гүлжан Жанжігітқызы дейді. Оу, бұл біздің Гүлжан ба? Е-е, сол ғой, сол!.. Әрі қарай оқыдым. Жоғары санатты дәрігер, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қызылорда облысының Арал ауданындағы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы қызметін 35 (отыз бес) жыл бойы үздіксіз атқарып келеді…
Тұра қал! 35 жыл. Апырай, ә!.. 35 жыл! Аз уақыт емес. Және бұл Аралдың тек экологиялық апат аймағының кіндігі ғана ма? Аса қауіпті, жиі тіркелетін, басқаларын айтпағанда, оба ауруының эпизоотологиялық ошағы ғой! Осындай ахуалды өңірде мұнша жыл абыройлы болу үшін қабілет, төзім, сабырға қоса, өзгелерге қатаң талапшылдық та керек шығар. Менің қолымдағы 2010 жылғы ақпарат қана. Ал қазір 2022 жылдың желтоқсан айы… Не істеу керек? Сұхбат алуды ұйғардым. Сөйтіп гүлдің неше түрі егілген, жеміс ағаштарының жапырағы жайқалған сәнді шарбақтың табалдырығын аттадым. Гүлжан қарындас өмірлік жары Ханнайза Төленұлы екеуі Әйгерім қызын ортаға алып, шат-шадыман болып отыр екен.
ҚҰПИЯ
Гүлжан Жанжігітқызы қаладағы №13 қазақ орта мектебін 1968 жылы жақсы бағамен бітіреді. Бірінші сыныптан-ақ оқу озаты атанады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Жалпы мектептің комсомол ұйымының хатшылығына сайланады.
– Ұстаздардан кімдер есіңде қалды?
– Сынып жетекшісі Валентина Земскова орыс тілінен, Мүсілім Қапақов математикадан, Қазыбай Қошқаров пен Сайлаубай Әбішов физикадан дәріс берді. Әрі озат, әрі белсенді болдым. Әбішов ағай комсомолдық жарнапұлын төлемейді. Содан жиналысқа салып, қызартқанымыз бар. Ұят-ай! Жаспыз ғой.
– Озат оқушы болсаң, «Алтын белгіге» іліндің бе?
– Сол жылы оныншы сынып бесеу болды. «Алтын белгі» деген о кезде жоқ. Күміс медаль. Соны алсаң, қай институтқа барсаң да емтихансыз қабылданасың. Осы күміс медальға мен, Бағжан және Таразы есімді қыздардың ұсынылғанын есіттім. Жоғары оқу орнына түсу қарбаласында жүргесін тықақтап сұрамадым да. Оның үстіне әкем де…
– Иә, Жанжігіт аға ма? Ол не дейді?
– Азира анам аурушаң болатын. Сосын да медициналық «Емдеу ісі» факультетіне түспек едім. Ал әкем болса:
– Қызым, қандай мамандық алатының сен жарық дүниеге келместен бұрын сонау 1943 жылы Тегеранда шешілген, – деп бізді таң-тамаша қалдырды.
– Жәке-ау, – деді анам күліп: – биыл 1968 жыл. Содан бері ширек ғасыр, яғни 25 жыл зулап өткен. Тіпті маған үйленбеген кезің ғой, мен есітпеген нендей құпия?!
– Тегеранда неғып жүрсіз, сіздер Герман фашизмімен соғыстыңдар емес пе? – деп сұрадым мен.
– Иә, екінші дүниежүзілік жан беріп, жан алуда бастан-аяқ болдым. Армияға 1941 жылдың соңында шақырылдым. Атты әскері батальонында сержант мектебінде оқып, осы шенге ие болдым. 1943 жылдың қараша айының 28-де бір топ жауынгерді самолетке мінгізді. Қайда барамыз, ештеңе білмейміз. Тегераннан түсірді. Үйлерді тазалауға кірістік. Гарнизонның айналасын жылан жалағандай еттік. Тіпті аттардың үсті түгіл, тұяқтарына дейін жудық. Сонда білгеніміз, мұнда Тегеран конференциясы өтеді екен. Оған И.Сталин, Ф.Рузвельт, У.Черчилль келеді екен. Үштік одақ жасалады екен десті. Біз солардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келіппіз. Бірақ мені басқа бір оқиға елең еткізді. Бір уақытта әбігерге түстік. Асхана ма, әлде ресторан ба, соны айнадай жалтыратыңдар деп бұйырды. Е-е, бір мықты келеді-ау деп ойладық. Ақ халаты келіншек кіріп келді. Бастықтар зыр жүгіріп, дірдек қақты. Ол күліп жүріп-ақ бәрін мұқият тексеріп шықты. Сұрастырсам, санитарлық дәрігер екен. Дәрігер кеткесін барып біздің шелтеңбайлар «уһ» деп демдерін алды. Үйленсем, ұлды-қызды болсам, тұңғышымды осы мәртебелі мамандыққа оқытармын деп өзіме-өзім серт бергем. Сен – тұңғышымсың, медицинаның осы саласына баруыңды қалаймын, «Денсаулық кепілі – тазалық» демей ме, соның білгірі бол! – деді.
Әкем Дошниязов Жанжігіт 1920 жылы қарапайым шаруаның отбасында дүние келген. Жанұядағы баланың ең кішісі көрінеді. Анасы үш жасында қайтыс болады. Ашаршылыққа тап келеді. Атамыз төрт баласымен жаяулап, айлап жүріп, Өзбекстанның Бұхара облысына жетеді. Қария «Қаршы» деген қыстақта қайтыс болады. Кейін ағалары елге оралады да, әкем сол жақта интернатта оқып қалып қояды. «Мектепте жақсы оқыдым, әсіресе есепке жүйрік едім, соның арқасында өзбек балаларының есебін шығарып беріп, аш болмадым» дегенін талай құлағым шалған. Одан кейін алапат соғыста бастан-аяқ болған кісіні ренжіткім келмей, «мақұл әке, мақұл!..» дедім.
«АРАЛЫҢ ЖАБЫҚ!..»
– Сонымен Қарағанды институтына тартып кеттіңіз бе?
– Пәлендей қиналғаным жоқ. Санитарлық-гигиеналық фаультетіне түстім. Мектепте «өте жақсы» оқығанымды ұстаздар да білді. Оқудан гөрі практикаға көбірек көңіл бөлінді. Көріп-білгенге не жетсін?! Тіпті сауаттанып қалдық. 3-4 курстарда-ақ кәнігі дәрігердің деңгейіне жетіп қалғандай сезіндік. Сірә, 1972 жылдың қыркүйек айының орта шамасы-ау, курстас қызым кіріп келіп:
– Аралың жабық! – деп төсегіне құлай кетті.
– Жабығы несі?!
– Аралда холера! Ал бар, күрес, біздің таңдаған мамандығымыз осы ғой!
Үйге телефон соқтым. Анашым көтерді.
– Айға жуық уақыт болды, қала әскерилердің қоршауында. Сыртқа шығармайды, ішке кіргізбейді. Поездар тоқтамайды. Төтенше жағдай жарияланды. Арнайы комиссия құрылды. Бірақ үрейленетін ештеңе жоқ. Мәскеуден, Алматыдан күшті дәрігерлер келді. Өлім-жітім тіркелген жоқ. Енді 10-15 күн шамасында бәрі орнына келеді деседі. Сен алаңдама, уайымдама, болашақ санитарлық дәрігерге ондай осалдық жараспайды. Анаңның да медик екенін біліп қой, – деді мүлде жайбарақат.
Расында, анам медбике болатын. Бала-шаға әрі аурушаң болғасын үйде отырған-ды. Ал мен бұл суық хабарға онша тітіркене қоймадым. Себебі, оқуға түскеннен-ақ Аралымның өткен-кеткенін білуге құмарттым. Әсіресе сырқат жайына зер салдым. 1945 жылдың тамыз айында қаладан 250 шақырымдағы «Ақбасты-Ауан» ауылынан белгісіз аурудан өлім тіркеледі. Аймақ дәрігерлері «Сібір жарасы» болар деп топшылайды. Бірақ, ауру тоқтамайды. Содан Саратовтан микробиология және эпидемиология институтының обаға қарсы күрес бөлімінің меңгерушісі Н.Н.Жуков – Бережников бастаған бригада келеді. Оба екені анықталады. Бұған дейін оба ауруының емі болмағандықтан, ошағы өртеу арқылы жойылады екен. Сол қауіп «Ақбасты-Ауан» тұрғындарына төнген. Емі табылғанша 7 оба ошағынан 197 адам ауруға шалдығып, оның 127-сі обаның құрбаны болды.
Сондай-ақ мен оқыған №13 мектептен бір апай ауырып, ауруханаға түседі. Оған әртүрлі диагноз қойылады. Алайда, ыстығы 40 градустан түспейді. «Корь» деп емдейді. Жо-қ, оған да болмайды. Түнгі кезекшілікке келген қатардағы дәрігер Б.Әлішов: «Бұл «қара шешек» («черная оспа») жұқпалы, қауіпті сырқат» деп дабыл қағады. Алматыдан, Мәскеуден дәрігерлер келеді. Б.Әлішовтың диагнозы анықталады. Халықты вакцинациялау басталады. Ауруды оқшаулағанша онымен қатынастағы онға тарта адам қайтыс болады. Оның 5-6-ы оқушы еді. Ал мұғалім апайға оның қайдан жұққаны құпия болып қалады.
Осыны естіп, оқып-білгендерім дертке қарсы күреске деген ынтамды шыңдай түсті. Тіпті әкемнің мен үшін осы мамандықты таңдауы дұрыс болды-ау дедім.
«ЖҮРЕГІНДЕ ЖАЛЫН, КӨЗІНДЕ ОТ»
– Жоғары оқу орнын 1974 жылы тәмамдапсыз. Қайда жіберді?
– Иә, ойдағыдай бітіріп, Қызылорда облысына жолдама алдым. Мұнда денсаулық сақтау басқармасын Мақашова Софья Өтегенқызы басқарады екен. Маған бірден облыстық СЭС-тің (санитарлық-эпидемиологиялық стансасының) бөлім меңгерушісі боласың деді. Себебі, сандәрігер тапшы. Кадр тапшы болғасын басшымын деп шікіреймей, Софья апайдың өзі де акушер-гинеколог мамандығына кірісіп те кетеді екен. Ал мен Аралыма жіберуін сұрадым. «Жо-қ, болмайды. О жақта сен тәлім алатындай мықты маман жоқ. Үйрен, тәжірибе ал, сосын көреміз» деді қатқылдау үнмен, – ойлануға үш күн беремін, сосын кел!
Байқаймын, жастарға сенімі аз-ау. Қол астында ұстап, бақылап, тәрбиелемек қой. Онысы дұрыс. Алайда, сырқат анам бар, жаныпелінде болуым керек. Әрі талай ойнақ сап, шомылған теңізімді сағындым. Суы қайтып, баяғыдай алас ұрған толқыны жоқ десе де, сол суы қайтқан теңіздің жағажайын көргім келеді де тұратын.
– Үш күнді өткізіп бардыңыз ба?
– Барсам екеу отыр. Орынбасарлары-ау деймін. Мені таныстырды. Сосын:
– Әй, қызым, ойландың ба? – деді бұл жолы қатаң емес, күлімдеп. Осы жаймашуақ кезін, «Қызым» деген жұмсақ үнін әрі жасы анаммен қарайлас екенін білгендіктен:
– Софья Өтегеновна, құлағыңызға бір нәрсе сыбырлайын ба? – деп едім,
– Е-е, кел, сыбырла, – деп құлағын тосты. Мен болсам:
– «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күші қанатты мен жастарға сенемін» деген Мағжан ақынның бір шумақ өлеңін соғып жібердім.
– Әй, мына қыз от қой! От! Жүрегінде жалын, көзінде от ойнайды ғой. Барсын Аралына, көрсін азабын да, тозағын да, қызығын да!..
ДЕРБЕС ОТАУ
– Хо-ш деңіз. Аралыңа келіпсіз. 1974 жылдың 5 тамызында Сізге берілген бұйрықта: аудандық аурухананың санитарлық дәрігері болып тағайындалсын делінген және оған аурухананың бас дәрігері З.Махатов қол қойған. Ал СЭС-тің басшысы қайда?
– Ол былай. 1931 жылы Арал қаласында аудандық аурухана жанынан санитарлық қадағалау бөлімі ашылады. Қаражат ауруханадан. Демек СЭС-тің қолы байлаулы. Дербестік жоқ.
– Менің архивтен алған дерегімде 1931-1974 жылдар аралығында, яғни қырық төрт жылда санитарлық қадағалау бөлімін он бір адам басқарған екен. Дені өзге ұлттардан. Қазақтар бірен-сараң. Ал сіз 1975 жылдың бірінші мамырында, яғни қызметке кіріскеніңізге тоғыз ай өткен соң осы аудандық СЭС-тің бас дәрігерлігіне тағайындалыпсыз. Ол бұйрыққа облыстық СЭС-тің бас дәрігері Д.М.Шек қол қойыпты. Бұл не деген асығыстық?!
– Дұрыс, бәрі дұрыс, – деді Гүлжан Жанжігітқызы ойланып, – менің алдымда Құлмаханов Бекназар бас дәрігер болатын. 1975 жылдың 29-сәуірінде ол кенеттен қайтыс болды. Маған бастапқыда уақытша деген. Қарсылығыма қарамай, кейін бекітті. Осы жылы біз аудандық ауруханадан бөлініп, облыстық СЭС-ке қарадық. Қаржы да, қажетті аппараттар да облыстан келді. Сосын да нартәуекел деп құлшына кірісіп кеттім.
– Е-е, шаңырақ көтеріп, өз алдымызға отау тіктік десеңші. Демек, Арал аудандық СЭС-нің жаңа тарихы сізден басталғаны ғой.
– Солай десе де болар.
«ЭПИД-ТАЖАЛ» ЕСІК ҚАҚТЫ…
– 1977 жылдың көктемінде облыс бойынша 20 мыңдай адамды қамтыған вирустық гепатит ауруы тіркеліпті?!
– Иә, бұл эпидемиологиялық апат еді. Облыстың Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш, Қармақшы аудандарынан басталып, келе-келе Қазалы мен Арал аудандарына да жетті. Бұл апатты жоюға республика медиктері болып жұмылды. Ауданда төтенше комиссия жұмыс істеді. Мен соның хатшысы болдым. Аурудың шығу себебі, дария суының мүлдем азайып, түрлі патогенді микробтармен қатты ластануынан ғой. «Аманөткелдегі» су жинақтау стансасында судың химиялық, бактериялық құрамына толық тазарту жұмысын жүргізетін құрылғылар мүлде болмады. Су тек табиғи жолмен тұндырылып хлорланды. Сырдарияның өрінде Өзбекстан мақта, Қызылорда күріш егісінің өсуінен көктем-жаз кезінде су мүлде азайғанда, суды насоспен айдап ішетін уақыттар да болды.
– Әлгі Шудабай көкеңіздің таң алдында телефондайтыны осы кезде ме?
– Иә, қаланың өзінен тоғыз эпидстационар ашқанбыз. Ең соңғысы №71-ші жолды пайдалануға беру учаскесі (ДЭУ) мекемесіне де орналасқан. Сол учаскенің бастығы Шөкең аға (Нұрбаев) таңғы 5-те оятты. «Не болды?» десем, «Тез жет, ауруларыңа қара» дейді. Өзім азанғы 7.00-де тұрып, түнгі 11.00-ге дейін жүріп келгенмін. Күн сайын осылай. Тыным жоқ. Ауруларды аралаймыз. Дереу машина шақырдым. Барсам, абыр-сабыр.
– Бар, ауруларды тыныштандыр, «сабасына түсір!..» Сен ештеңе көрген жоқсың, сен ештеңе білген жоқсың! Бәріне өзім жауап беремін, – деді. Таң атқасын байқадым. Шарбақ ішіне қойылған В.И.Ленин жоқ. Орны тып-типыл. Кейін эпид-тажалды есіктен кіргізбей, эпидголды қақпадан өткізбей, көңіл бірлегесін әлгі жайды сұрастырсам, сырқаттар Ленин ескерткішін құлатып, басын кесіп алыпты. Шудабай аға түнделетіп жұмысшыларын шақырып, Владимир Ильичтің бүлінген денесін сарайына тығып жатыр екен ғой.
– Ойпыр-ай, ә! Тағы бір қызыл террордан аман қалған екенбіз-ау! Одақ білсе, солай жасар еді. Шөкең ағаңа ескерткіш орнатса да артық болмас.
АРЫЗ-ШАҒЫМ ШАТАҒЫ
– Сіз республика балық шаруашылығының министрі болған Қ.Саржановты білесіз. Оның алдында, яғни 1974-1983 жылдарда «Аралбалық» комбинатының бас директоры болды. Сол азамат 2007 жылы баспадан шыққан «Аралдың айтылмаған ақиқаты» атты кітабының 140-бетінде: «Аудандық СЭС-тің бас дәрігері Гүлжан қарындас бізге әлденеше рет айыппұл салып, үлкен мінбеден сынап, бізді ұялтқаны бар. Содан алғаш рет құны 170 мың сомдық су тазарту құрылғысын салуды бастағанбыз. Ол да дауға ұшырады» деп жазыпты. Бұл не, есіңізде ме?
– Есімде болғанда қандай! Біздің еңбегімізді көрсеткен сол ағаға рахмет. Комбинат балықты өңдегенде көбіне тек сумен жуып тазалайды екен. Жүздеген текше метр тұз аралас суды ертеректе теңізге жіберіп келген. Енді теңіз қашықтап кеткесін құрлыққа жіберген. Ол иістеніп, айналасына жаман әсер тигізеді. Халық жан-жаққа арыз-шағым жолдайды. 1980 жылдың желтоқсан айының соңында іске қосамыз деген құрылысшылардың ісі тым баяу. Жоғарғы жақ «құрылыс бітті ме, актісі қайда?» дейді-ау. Аудандық атқару комитеті шақырып, бітпеген құрылысқа «бітті» деген актіге қол қойыңдар деп, мені де қыспаққа алды. «Ау-у, мен – талай айыппұл салып және құрылыстың әлі 5-6 айлық жұмысы бар екенін көріп отырып, қалай қол қоямын» деймін ғой. Жалғыз мен емес, әрине. Үйде отбасы. Түн ортасы болды. Бізді жіберер емес, «әкел актіні» деп қол қойдым. «Жанашыр» жазғыштар шағымды Мәскеуге айдайды. КПСС Орталық комитетінен Крахмалев деген нұсқаушы келіп тексерді. Ал мұндағылар актіге қолды өз еркіммен қойдым деңдер деп үгіттеді. Крахмалевтың да мамандығы санитарлық дәрігер екен. 5-6 күн жүрді. Тексеру қорытындысын аупарткомға берді. Жауаптылар қатаң сөгіс алды. Менің партияға әлі кірмеген кезім. Ескертті де қойды. Бәрін өздері біліп отыр.
– Құрылыс бітті ме?
– Бітті. Ұмытпасам 1981 жылдың шілде айында пайдалануға беріліп, 10-12 адам соған жұмысқа тұрды.
ЗОРДЫҢ ЗОРЛЫҒЫ
– 1985 жылдың ақпан айында химлабораториядан Гүлжахан Асауованың дабыл қағуына нендей себеп болды?
– Ленинск қаласының канализация суын жинақтау алаңының дамбысы бұзылып, лас су Сырдария өзеніне құйылады. Оны ауызсу ретінде пайдаланатын Қазалы, Арал аудандарына эпидқауіп төнді. Сол ластаған су Қазалы маңынан өтеді де, «Аманөткел» насос стансасында мұзға тіреліп, су тұндыру қоймасына түседі. Одан жүз шақырымдық трубамен қалаға айдалуы керек. Кестеге сәйкес аптасына екі рет тұрақты түрде лабораториялық сараптама жасайтынбыз. Гүлжахан келіп, судың құрамы мүлдем ластанып, дәрет суына таяу екенін анықтағанын айтты. Мен қорыққанмен, қайта тексеру қажет деп санавиация мен лаборатория мамандарын алып «Аманөткелге» жетіп, насос стансасы жанындағы ашық алаңда әлденеше рет сараптама жүргіздік. Гүлжаханның қаупі расталды. Бәрі бірыңғай болып шықты. Енді күмән жоқ. Қазалыдағы СЭС-тің дәрігеріне сараптама алып, тез хабарласуын өтіндім. Ол 1,5 сағаттан кейін «бізде дұрыс, дария суы бірқалыпты ағып жатыр» деді. Содан облыстық СЭС-ке, аудандық аурухана мен партия, кеңес орындарына жедел телеграмма жолдадым. «Аманөткелге» дереу лаборанттарды құралдарымен жіберіп, әрбір жарты сағат сайын судың динамикасын анықтап, қағазға түсірулерін арнайы бұйрықпен бекіттім. Және сондағы медиктермен бірге күніне екі рет тұрғын үйлерді, мектеп пен балабақшасын аралап, бөтелке суын немесе суды қайнатып ішуге үгіттеу тапсырылды. Ауру анықталған жағдайда оқшаулау, төтенше комиссия құру жағы ойластырылды. Қатып тұрған мұз дәрімен жарылып, суы шабындыққа жіберілді. Су қоймасының ішін хлормен жудырып тазарттырдық. Облыстық СЭС мәселені 1-ші хатшы Е.Әуелбековке жеткізген. Сол кісінің пәрменімен Ленинск қаласындағы лас су жинайтын тоған қалпына келтірілген. «Көк аспанды шарлағанда, алақандай тоғанды бекемдеуге техникаларың жетпеді ме, бұл құлықсыздық, немкеттілік деп, Ленинскінің генералдарын Н.Әуелбеков сілкілеп алды дегенді есіттік. Жоғарыдан облысқа келетін судың көлемі ұлғайды. Осындай алапат жұмыс нәтижесінде бірде-бір адам ауырған жоқ.
– Ленинск жақтан ешкім келмеді ме?
– Сірә, Ленинскідегі әскери басшылары шақырса керек, Мәскеуден СССР Қорғаныс министрінің бас санитар дәрігері, генерал-полковник (фамилиясын ұмыттым) дала лабораториясын және мамандарын алып вертолетпен келді. 1-ші хатшының қабылдауында болды. 1-ші хатшы жанына мені қосты. «Аманөткелге» барып, екі жақты (паралельно) сараптама жасалды. Қорытынды біртектес болды. Бұл дерек әскери басшыға ұнамаса керек, ештеңе деместен, қоштаспастан, бізді дария жағасына тастап, өздері ұшып кетті.
– Зордың зорлығы бұ жолы жүрмеген екен ғой, ә! Ар жағында ЦК КПСС-тің мүшесі, Социалистік Еңбек Ері, қазақтың қайсар қара баласы Еркін Әуелбеков тұрды ғой!
«МИНИСТРДІ ЖЕП ҚОЯТЫН ТҮРІҢ БАР ҒОЙ!..»
– Гүлжан Жанжігітқызы, 1989 жылдың тамыз айының 7-8-інде Арал экологиясына байланысты бізде форум өтті. Оған СССР денсаулық сақтау министрі, академик Е.М.Чазов қатысты. Форумды обкомның 1-ші хатшысы С.Шаухаманов ашты. Облыстың атқару комитеті төрағасының орынбасары Д.Айсина аймақтағы экология жайын баяндады. Республикадан министрлер, облыстан және Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының да танымал тұлғалары болды. Жарыссөз басталды. Е.И.Чазов та сөйледі. Сосын Чазов, Шаумаханов бастаған бір топ қонақтар самолетпен теңізді көруге кетті де, өзгелері қаланы аралады. Содан кейін үлкен алаңда халықпен кездесу өтті. Сонда Сіз, буырқанып сөйледіңіз-ау!
– Рас, сөйлегенім рас. Келген қонақтарды ауданның бірінші басшысы қаланы аралатты. Сол кезде қалада жиырма шақты батпақты, сорлы алаңдар болатын. Оның тоғызы қаланың ортасында. Соның бірі бүгінгі Жалаңтөс батыр атындағы спорт кешенінің орны-тұғын. Өзі үлкен сорлы алаң. Басшылықтың: «Өз күшімізбен құрғатамыз» деген тапсырмасына орай қатты қоқыстарды, күлді сол алаңға үйіп, үстін құммен бастыра бастаған-ды. Осыны көргенде «бұл не масқара!» деген сөз зулады. Мінбеде сөз алған республиканың денсаулық министрі Талапқали Ізмұхамбетов әлгі жайларды айта келіп, облыстық СЭС-тің бас дәрігері Нұрділда Сырымов жұмысынан босатылды деді.
– Содан мінбеге шықтыңыз?
– Иә, әділетсіздікке шыдамадым. «Министр мырза, мына шешіміңізге түсінбей тұрмын» деп бастадым да: – қызметтен босату форумда емес, кабинетте шешілмей ме? Ал санитарлық дәрігерлердің бұл арада кінәсі неде? Айыппұл салдық, ауызша да, жазбаша да ескерттік, партия, кеңес органдарын да хабардар еттік. Тазалыққа ең бірінші жауапты – коммуналдық шаруашылық. Ал оларда бірде-бір қоқыс контейнері, қоқыс таситын және оны тиейтін бірде-бір техника жоқ. Сонда бұл жұмысты кім және қалай атқарады? Онан да ауданға кемінде мың контейнер, екі қоқыс таситын және бір жүк тиегіш техникасын алуымызға ықпал етіңіз, – дедім. Осы араға келгенде жиынды жүргізіп тұрған облыстық партия комитетінің хатшысы Оңалбек Сәпиев:
– Әй, қарындас, министрді жеп қоятын түрің бар ғой. Бәрі түсінікті, – деді. Әрі қарай ештеңе демей мінбеден түстім. Министр мұндай сөзді күтпесе керек, «мүмкіндігінше көмек болады» деді баяу ғана.
– Облыстық санитарлық бас дәрігерін қызметтен босатты ма?
– Жо-қ, босатқан жоқ. Коммуналдық министрліктен 350 контейнер және бір қоқыс таситын машина келді. Қалада сол контейнерлердің жұрнағы әлі де жүр.
ЖҮЛДЕГЕР
Жоғары санаттағы дәрігер, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, он бірінші бесжылдықтың екпіндісі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Гүлжан Жанжігітқызы қалалық кеңеске екі рет, аудандық мәслихат депутаттығына 5 мәрте сайланыпты. Сайлаушылардың қалаулысына тапсырған аманаттары да: – ауызсудың кідірісі, тез бұзылатын азық-түліктерді ашық алаңда бейберекет сатуды тоқтату, қаладағы ашық базарды жабық базарға айналдыру, сорлы аймақтарды жабу-құрғату, елді мекендердегі медициналық пункттердің санитарлық-техникалық базасын жақсарту және сол сияқты жоғарғы жаққа әлсін-әлсін шығып, үлкен шенділердің араласуымен шешілетін күрделі мәселелер еді. Депутат Гүлжанның талап қою, қайсарлығы арқасында тіршілікке өте қажет түйіндер кезең-кезеңімен шешіліпті.
Гүлжан Жанжігітқызының Тұңғыш Президенттің қабылдауында болуы, аудандық партия комитетінің бюро, ал аудандық атқару комитетінің алқа мүшесі, аурухана бастауыш партия ұйымының хатшылығына сайланып, қоғамдық іске белсенділігін, сондай-ақ тәуелсіздіктің 25 жылдық, «Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне 10 жыл» мерекелік медальдарын омырауына таққанын, «Ең үздік мекеме» аталымы бойынша әлденеше рет жеңімпаз атанғанын, «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына есімі енгенін, Арал ауданының «Құрметті азаматы» екенін, ел Президентінен бастап, министрліктен, облыс және аудан әкімдігінен алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын айтпай аттап өтсек, денсаулық күзетіндегі сайыпқыран саңлақтың еңбегіне қиянат болар-ды. Бұл күн демей, түн демей, уақытпен санаспай еткен жұмыстың бағалануы еді.
ӨТІНІШ
2003 жылы, яғни Гүлжан Жанжігітқызының еңбек өтілі, бас дәрігерлік міндетіне 28 жыл толып, өзі де кемелденген тұста аудандық СЭС екіге бөлінеді. Бірі – аудандық санэпид басқарма. Бұған «мемлекеттік қызмет» мәртебесі беріледі, басшылыққа Гүлжан Дошниязова келеді. Міндет – тексеру, айыппұл салу, объектіні жабу, жоғары органдарға шығып мәселе көтеру, тағы басқалары. Екіншісі – аудандық сараптама орталығы. Басқарманың тапсырысына орай лабораториялық сараптамалар жүргізеді. Мұны Б.Есжанова басқарады.
Гүлжан Жанжігітқызы мемлекеттік қызмет болып саналатын санэпид басқарманы 2010 жылға дейін басқарған кезде де Арал қасіретін республикалық, министрлік деңгейдегі жиындарда айтуымен қатар, шетелдік өкілдермен де оба, іш сүзегі, вирусты гепатит аурулары індетін жою тақырыбында ой-пікір сабақтап, олардың назарын әркез Арал апатына аударып, қайырымдылық көмек көрсетулеріне де бастамашы болды. 2010 жылы зейнет жасына жеткенмен, әріптес-ұжымның өтінішімен тағы да екі жыл сараптама орталығында дәрігер және кеңесші болып істеп, 2012 жылдың маусымында өз өтінішімен біржола босайды. Сонда жалпы қызмет өтілі 37 жыл, оның 35-і бас дәрігерлік екен.
Гүлжан ағайынды жетеу еді. Үшеуі жас кезінде бақилық болады. Қалған төртеудің бірі Нұржан еді. Мемлекеттік автоинспекцияда түрлі басшылықта болған ол 1999 жылы көлік апатына ұшырады. Ұрпақтары өсуде. Қалған үшеуі – Гүлжан, сіңлісі Күлән – ұлағатты ұстаз, інісі Нұрлан – заңгер. Гүлжанның қызы Әйгерім – есепші-экономист. Жолдасы Ханнайза Төленұлы Сағындықов техникалық колледжде ұстаз әрі танымал бағбан да. Гүлжанды түрлі форумдар мен біліктілікті көтеру курстарына гүлшоғымен аттандырып, гүлшоғымен күтіп алатынын білетіндер көп. Гүлжан қандай марапатқа ие болса оған осы Ханнайза ортақ. Өйткені, ол Гүлжанның алаңсыз жұмыс істеуін қамтамасыз еткен тылдағы сүйеніші де, демеушісі де, оққағары болды. Өзі ұзын бойлы, жауырынды келген, келімді, шырайлы, сүйкімді азамат. Өзін рыцарь десе болар.
***
Сұхбат бітті. Бірақ мен әлі ой үстіндемін. Осы қағазға түсіргендерім аңыз ба, ақиқат па?! Қазіргі ұрпақ үшін аңыздай оқылуы мүмкін. Ал мен үшін ақиқат! Олай дейтінім, 1965-1991 жылдарда облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы») басылымының Арал, Қазалы аудандары бойынша меншікті тілшісі болып жүргенімде осы апатты жағдайларға куә болдым. Академик Чазовтан да сұхбат алғанмын. Ол кезінде республикалық, облыстық газеттерде жарияланды. Сонда ол: – «Білікті дәрігер де, қымбат дәрі-дәрмек те келер, бірақ таза ауызсусыз бәрі бекер» деген-ді. Сол мөлдір бұлақ суы бізде бар. Елді мекендерге де жетті. Көршілес ауданның ауыл-ауылдары да осы мөлдір суды ішіп отыр. Ал осы бұлақ суы келгенше эпид-апаттан арылмаған аралдықтарға кімдер араша түсті, кімдер сауықтырды? Әрине, соның алғы сапында ақ халаттылар жүрді. Сол көптің бірі, бірегейі, бас қаһарманы менің кейіпкерім – Гүлжан Жанжігітқызы. Олай болса, оны «Аңыз адам» десек, бек жарасар-ды.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
Қызылорда облысының
Құрметті ардагері.
Арал қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<