Ақ үйдің протокол басшысы

351

0

АҚШ-тың 46-президенті Джо Байден  Ақ үйдің протокол қызметін басқаруға Әсел Төленованы тағайындады.

АҚШ-тай алапауыт мемлекет президентінің протокол басшысы болған қазақ қызы кім?

Әсел Қалиқызы Робертс (Төленова) 1976 жылы Алматыда дүниеге келген. Әкесі Қали Төленов Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылының тумасы.

Әсел 1993 жылы АҚШ-тың Джорджтаундағы  Эдмунд Уолша атындағы халықаралық университеттің «Халықаралық қатынастар» факультетіне оқуға түскен. ЖОО бітірген соң АҚШ-тың мемлекеттік департаментіне жұмысқа іріктеліп алынған. Барак Обама президент болған кезде Ақ үйдің протокол хатшысы болады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білімді маманды Барак Обама протокол бастығының орынбасары етіп тағайындайды. Сол кезде қазақ қызының іскерлігін байқаған Джо Байден президент болғасын оны протокол бастығы етіп қойды.

Ол 2001 жылы АҚШ азаматы Шон Робертске тұрмысқа шығып, фамилиясына өтеді. Шон Робертс Джордж Вашингтон атындағы халықаралық университеттің «Халықаралық даму» кафедрасының доценті әрі директоры. Зерттеп жүрген негізгі тақырыбы – Орта Азия елдері. Шон мен Әселдің  Айдын атты қызы бар. 

Әселдің протокол басшысы болып тағайындалғанын ресейлік «Комсомольская правда» газетіндегі: «Ақ үйдегі протокол басшысы орыс тілді АҚШ азаматы болды» деп жар салған мақаладан білдім. Бірақ оның қазақ қызы екенін жазбаған.

Әсел Робертс (Төленова) қазақ, орыс, ағылшын, жапон тілдерін еркін меңгерген. Бірақ қазақстандық журналистерге сұхбат бермейді, мемлекеттік департаментте істегендіктен, «оның өз нюанстары болады, қызмет талабына сәйкес келмейді»  деген сылтау айтады. Оның өз себебі бар, қазақ баспасөзі отбасы туралы айта келе, күйеуі американдық азамат екендігін білгесін, шіріген жұмыртқаға теңеп қаралай кетіп, жерден алып, жерге салатын жаман әдетімізді қарындасымыз жақсы біледі. Не де болса, президент протоколын басқаратын қазақ қызымен мақтануға болады. Өз басым шетелде үлкен қызметте жүрген қазақ қыздарын көріп, халқына қызмет етсе ғой деп іштей қынжыламын.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

тарихшы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<