Ақмұраттың ақ таңы

601

0

Ертеректе бір ойшыл «Жақсы адам базарда иіссу сататын кісіге ұқсайды, қасында ұзағырақ тұрған сайын ғажайып көңіл-күй сезіміне берілесің» депті. Облысқа белгілі азамат, айтулы құрылысшы, өзім 20 жылдан аса білетін Ақмұрат Мадияров менің пайымымда осындай кісілердің қатарына енеді. Ғажабы сол, Ақаң жалған сөйлеуді, көлгірсуді білмейтін, бірдеңені әсіре көрсетуге жаны қас, әйтеуір керек болып қалады-ау деген сыңаймен әлдекімдерге жалпақтауды, орынсыз мақтауға ұрына беруді қаламайтын, орысша айтқанда «порядочный», қазақшалағанда ұяты бар зиялы адамдардың санатына жатады.

Ақаңды осы қасиеттері үшін құрметтеймін, сыйлаймын. Ал бүгін құрметтейтін азаматым сексеннің сеңгіріне шығып, осынау айтулы белеске ер тұлғалы жігіт сияқты ойы да, жүріс-тұрысы да тың қалпында жетіп жатса қалайша қуанбайсың?! Біз білетін Ақаңның тағы бір қасиеті – ол бақ қонып, қыдыр дарыған отбасының, киелі шаңырақтың берік тұтқасы. Мұндайда әлбетте, қолға қалам алмаудың өзі қисынсыз.

Бұрынғылар өмірдің сынаптай жылжып өте шығатынын жиі айтады екен. Қазақтан сөз қалған ба, ертеректе бір ақын:

«Дүние деген ұшқан құс,

Байқай алмай қаласың,

Басыңнан шарлап өткенін» – депті. Ақаң үшін де өмір ағымы сол сияқты. Кейбіреулер «басыңнан бақ ауса, алпыс күн тасыған дария алты күнге жетпей таусылады» депті. Иә, тағдыры әсіресе, егде тартқанда өкінішпен аяқталып жатқандары қаншама. Бұл тұрғыда Ақаң тағдырына шүкіршілік жасайды. Үрім-бұтағы өсіп-өнді, тамырын тереңге жайды.

Ол кісі 1942 жылдың тамыз айында Арал ауданы Аманөткел елді мекенінде дүниеге келіпті. 1969 жылы Шымкент химия-технология институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Қызылорда облысындағы «Сельстрой», «Риссовхозстрой» трестерінің №16, №13 мехколонналарында шебер, прораб, учаске бастығы қызметтерінен бастады. Жасынан еңбекке алғыр жігіт көп ұзамай басшылардың назарына ілікті.

Ақаң осы жылдары табиғат болмысы сыйлаған қасиеттерімен таныла білді. 1975-1984 жылдары «Қызылордастрой» тресіне қарасты үй құрылысы комбинатында учаске бастығы, «Сумонтажстрой» мекемесінде бас инженер қызметіне жоғарылатылды. Осы жылдары бұрынғы кеңес одағы жүйесінде күрделі құрылыс жұмыстары кең қанат жайған еді. Аталған кезеңде одақ көлемінде маңызы бар тоқылмайтын маталар комбинаты іске қосылды. Осы өндірістің жоғары деңгейде іске қосылуында Ақаңның сіңірген еңбегі ерекше.

Кейде өмірдің ойламаған жерден әртүрлі сый-сияпатын алдыңа тартатыны бар. 1983 жылы ағаның өмірлік жары Дариға апай Жалағаш аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Жасынан орысшаға сауатты, облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушылықты абыроймен атқарып, жаңа қызмет белесіне көтерілді. Арада екі жыл өткенде облысқа жаңа бірінші хатшы келді. Ол адуынды Еркін Әуелбеков еді. Жаңа бірінші хатшы тәртіпті номенклатурадан бастауды ұйғарды. Бұрынғы үйреншікті құбылысқа сызат түсе бастады. Облыстың басшысы алдын ала бәрін біліп отыратын, соған сәйкес байлам жасайды. Тексере келгенде облыстық мекемелерде үлкен лауазымды қызметте отырғандардың көпшілігінің әйелдері балабақша меңгерушісі екен. Бұл бұрынғылар үшін үйреншікті құбылыс болса, Еркін Нұржанұлы үшін ендігі жерде партиялық этикет нормасына қайшы әрекеттер санатына кіреді. Ел, дүйім жұртшылық осының барлығын біледі, көреді, осылай болуға тиіс деген ұғым санасына сіңіп кеткен. Бірінші хатшы: «Бір үйде бір бастық болу керек» деген талапты көлденең тартты. Енді қараңыз, Мадияровтар отбасында екі бірдей басшы – ері Жалағаш ауданында ПМК бастығы, әйелі – сол ауданда партия комитетінің екінші хатшысы. Осы жолы Дариға апай бір ерлік жасады. Өзінің ері Ақмұраттың бұған дейін басшылық қызмет атқарып, абыройға жеткенін, сол үшін саладағы белді басшылардың көзіне түсіп, обкомның құрылыс жөніндегі хатшысы Вячеслав Рябовтың және ірі құрылыс жетекшісі Фарид Фаткульдиновтың тікелей қолдауымен қызметке тағайындалғанын облыс басшысына тайсалмастан айтып жеткізді. Орысшалау тәрбиесінің әсері ме, апай барлық этикетті жыйып қойып турасына көшті. Бірінші хатшы орынды уәжге тоқтады, партия тілімен айтқанда Мадияровтар отбасына «исключение жасалды».  

Кейін қызмет бабымен Дариға апай облысқа қайтып оралды. Обкомға бұрынғы қызметіне. Ал Ақаң Қызылорданың ит байласа тұрмайтын, мың сан түйткілі бар үй құрылысы комбинатына басшылық қызметке қайта келді. Дұрысы таңдау жоқ,  апай ең бастысы қызметтен отбасының жылуын көбірек қалайды. Енді екеуі де қалада. Сол қалада кейін Дариға апай қала әкімінің орынбасары қызметін және абыроймен атқарды.

Реті келген соң айта кетейік, Дариға апам мен Ақмұрат ағаның үйлену тарихы да қызық хикаяға толы. Апамыз Түркіменстанның Үргеніш қаласында дүниеге келген. Әкесі Ақмағамбет ерекше еңбексүйгіштігі, тәжірибесі ескеріліп соғыстан бронмен қалып, балық зауытының директоры еді. Көлденең науқастан қайтыс болып, отбасы Арал ауданына қоныс аударады. Осы жерде Бөгеннің орта мектебінде танысқан Ақмұрат ағамен отау құрған. Тағы бір қызығы – екеуі сыныптас.

Бұл енді реті келгенде айтылған шегініс. Ақаң сол 80-жылдардың соңында қызмет бабымен сыңарына еріп Қызылордаға қайта оралды. 1989-2005 жылдары Қызылордадағы ірі құрылыс индустриясы – үй құрылысы комбинатының бас директоры болып тағайындалды. Осы жылдары қаланың «Мерей», «Ақмешіт» шағын аудандарында көптеген тұрғын үй құрылыстары бой көтерді. Бұл кеңес әлемінің соңғы жылдарындағы соңғы серпілісі еді. Ақмұрат ағаның басшылығымен үй құрылыс комбинаты жылына 100, 70 пәтерлік тұрғын үй құрылысын пайдалануға беру деңгейіне жетті. Майталман құрылысшы білікті тәжірибелі басшыға айналды.

Ортақ жүйе құлаған соң құрылыс саласының жұмысы құрдымға кетті. Алаңдатарлық кезең туды. Жанға бататын жұмыссыздық бүкіл елдің тіршілігін қожыратып жіберді. Осы жылдары Ақмұрат ағаға тағы бір жауапты жұмыс тапсырылды. «Шұғыла» шағын ауданында құрылысы аяқталмаған 80 пәтерлік тұрғын үй шетелден оралған қандастарымыздың иелігіне берілді. Сол бір қиын уақыт естен кетпейді. Жаппай тапшылық, қаржы жетіспейді, бюджеттің салықтан құралатын әрбір тиын-тебені есепте. Сол жылдары А.Мадияров басқарған үй құрылысы комбинаты айрықша серпіліспен еңбек етті. Жалғыз тұрғын үй емес, ірілі-ұсақты жобаларды жүзеге асырды. Ұжымның бірлігін сақтады, олардың азын-аулақ жалақыға қол жеткізуіне ықпал жасады.

Кейде жақсы адам туралы ой қорытуға келгенде сөздің құдыретіне жүгінгің келеді. Асан қайғы айтпақшы, Ақаң теңіз түбінде жататын жауһар тас секілді, ол өзін сыйлай білді, сыйлауға тұратын азаматтарды да құрметтеді. Қазір қаланың құрылыс бақылау саласында бұрыннан өздері сыйласқан Жанәбіл Нұрқышев, Нысанбай Құрманғазиев, Жеткерген Оразбаевпен құрылыс нысандарын пайдалануға беру рәсіміне жиі шақырылады. Тәжірибесі, өмірлік тағылымы мол болған соң олардан үйренгісі, білгісі келетіндер көп. Алайда өмір өз ағымымен жүріп жатыр. Кейде көп нәрсеге қарның ашады. Қай заманда да адамды адастырмайтын, тұғырға көтеретін ақыл-ой, сана мен парасат. Әттең осылардың бәрі кейде жетіспей жататыны жасырын емес. Мәшһүр Жүсіп «Дүние ойлап тұрсаң жалған екен, ешкімге жеткізбейтін арман екен» депті. Өмірде барлығы кездеседі, алайда пендешілікке салынып, біреудің көңіліне қарау Ақаңның мінезіне, болмысына жат қасиет. Ол өз ойымен ойлап, өз ойымен жүреді.

Ақмұрат аға кешегі компартияның жетістігі мен кемшілігін бірдей бағалап, өзінің тағылым аларлықтай өмір кешкенін қанағат сезімімен білдіреді. Ол уақыттың жауапкершілігі ерекше еді. Бірдеңені ұмыт немесе қағыс қалдыруға, оны ертеңгі күннің үлесіне жатқызуға болмайды. Түн ұйқысын төрт бөліп, ыңғайсыз уақытта «ұмытып кеткен» тіршіліктерін жөндеу үшін объектіге қайта барған уақыты да аз болмапты.

Партия оларға тағылым аларлық аз тәрбие берген жоқ. Әсіресе, комсомолдық, партиялық мектептің сарабдал басшысы Абылай Айдосовтың өнегесі ерекше. Ол кісі «Дариға үлкен партиялық қызметте. Сен құрылыс мекемесінің басшысысың. Егер алда-жалда олқылыққа жол берсең өзіңе де, әйеліңе де зиян келеді. Осыны әрдайым есте сақта» дейтін.

Қарап отырса, рас сөз. Кеңес әлемі кезінде құрылысшыларды олқылық үшін кешірмейтін. Болмайтын жерден кемшілік кетеді. Қауіпсіздікті, басқа да кем-кетікті тізе берсең толып жатыр. Бақылау органдары қаншама! Қазіргідей емес, кешірмейді, түсіністікпен қарамайды.

Сол Ақаң ақын Қадыр Мырза-Әлінің:

«О, дүние жалғаным,

Бірдей –

Берген, алғаным!

Білмей қалдым

Қарттықтың

Қалай келіп қалғанын! – дегенін қанағат сезіммен айтады. Айтпақшы, Ақаң мен Дариға апаның ұрпақтары да мақтанып, масаттанып айтуға лайық азаматтар. Ұлы Қайырбек – «Нархозды» қызыл дипломмен бітірген түлек, Құмкөлде абыройлы қызмет жасады. «Харрикейннің» белді маманы, басшыларының бірі болды. АҚШ-тың Бостон қаласында білімін жетілдіріп, «Қазмұнайгаздың» «Аджип» компаниясында басшылық қызметте. Қызы Жанар кәсіпкер. Оның ұлы Варшава университетінде қаржыгер мамандығы бойынша аспирантурада оқиды.

Осы отбасына келген сайын өзімді таңдандыратын бір керемет дүние бар. Ақаңның төр бөлмесінде Арал теңізінің сонау ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы бір көрінісі бейнеленген сурет ерекше көз тартады. Шалқыған теңіз, Бөген ауылының жұпынылау бейнесі. Мынау малшы әкесі Мадиярдың салған баспанасы, Мәрзия анасының жылы шуағы. Қысқасы, сол ауыр заманның көрінісі, балалық шақтың ұмытылмыс сәттері көз алдыңа елестейді. Ақаң бүгінгі көңілмен барлығын еске алады. Ол сағыныш елесі. Жақсылықтың, қанағат сезімнің елесі.

– Бұл өткенді еске алумен бірге бүгінгі тіршілігіңе деген қанағат, шүкіршілік сезімімді оятады. Сол өткенді еске алсаң, қазіргі заманның астамшылығынан бойыңды алшақ ұстайсың, – деген еді Ақмұрат аға осы суреттің сырына үңіліп.

Бұл кісінің азаматтық тұлғасына, болмысына қарап отырып қайран қаламын. Ой түйдім: бұл береке дарып, бақ қонған Ақмұрат пен Дариға апамыздың отбасының киелі шаңырағының молшылығы.

Олар үшін әрбір атқан таң бақыт шуағын молынан төгіп тұрғандай.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<