Ауыл құрылысының сардары

479

0

Айбат-айбары тау шыңындай еңселі ағаларымыздың бірегейі Нұрлыбай Ұлықбанұлын жақсы білемін деп айта аламын. Ауыл шаруашылығы саласында тонның ішкі бауындай етене араласып, бірлесе еңбек еттік. Ауыл шаршаушылығы ғана емес, жалпы қоғамның кез келген мәселесі тақырыбында әңгімеміз жарасып, бағытымыз үйлесім тауып келе жатқан сыйлас ағам.

Нұрекең – өз жері мен елін сүйіп, оған ар-ұятымен қызмет еткен, әр сөзі мірдің оғындай, әр ісі дұрыстық жолындай болып шығатын адам. Оның көп жұмыстардың оябын тауып, түйінін тарқатқан адал еңбегі облыс жұртшылығына танымал тұлға, қайраткер атандырды.

Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары Кеңес үкіметі, КПСС Орталық Комитеті ауыл шаруашылығын өркендетуге ерекше мән берді. Компартияның тарихи пленумында суармалы егін шаруашылығын өркендету жайлы маңызды мәселе қаралып, осы саланы дамытуға орталық бюджеттен қыруар қаржы бөлу үкіметке міндеттелді. Осы бөлінген қыруар қаржыны игеру, мақсатты жұмсау КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрлігіне жүктелді. Аталған министрліктің жетекшісі мемлекет және партия қайраткері Е.Алексеевский еді. Жұмыс бірден қарқын алды. Қазақ ССР-інде «Главриссовхозстрой» компаниясы құрылып, оның басшылығына Д.Қонаевтың сенімді серігі Э.Гукасян, қаржы жөніндегі орынбасарына Қ.Асанов тағайындалды. Орталық партия комитетінен облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына бұрынғы Қазақ ССР Су шаруашылығы министрі С.Сәрсенбаев жіберілді.

Қызылорда облысында күріш алқаптарын игеру ісі қарқынды қолға алынды. Осы қыруар қаржы бөлінген құрылысты салуға «Риссовхозстрой», «Кызылордаводстрой», «Агропромстрой» құрылыс трестері, ондаған жылжымалы механикалық колонна құрылып, қызу жұмыс басталып кетті. Ирригациялық және мелиорациялық жұмыстарға қыруар қаржы бөлініп 270 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері инженерлік жүйеге келтіріледі, жер тегістелді, гидротехникалық құрылыстар, суару, қашыртқы жүйелері, жолдар салынды. Шаруашылық орталықтары, жаңа инфрақұрылымдар іске қосыла бастады. Мәдениет үйлері, мектептер, балабақшалар, селолық фельдшерлік амбураториялар, тұрғын үйлер, сүт-тауарлы комплекстері, машина-трактор станциялары салынып, көшелер асфальтталды, су, жылу жүйелері іске қосылды.

Тіршілік қайнап жатты. Ауыл өміріне орасан зор өзгеріс енді. Мыңдаған құрылысшы еңбек етті. Нәтижесінде облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіру күрт өсті. Қызылорда облысы Одақ бойынша өсірілетін күріштің 25 процентін өндіретін ырысты, күрішті аймаққа айналды. Мал шаруашылығы өнімін өндіру де қарқынды дамыды. Ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсарды, табысы өсті.

Осындай ауқымды құрылыс жұмыстарының басында білікті құрылысшы Нұрлыбай Ұлықбанұлы тұрды. Ол – ауыл адамына аса маңызды ауылішілік құрылысқа, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді инженерлік тегістеуге орасан зор еңбек сіңірген, көпті көрген, білікті маман. Межеленген құрылыс объектілерінің жобалық-сметалық  құжаттарына сараптама  жасау, атқарылған жұмыстардың осы жобалық-сметалық құжатқа сәйкес сапалы орындалуын бақылау, біткен жұмыстарды қабылдау комиссиясының басында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының құрылыс жөніндегі орынбасары Н.Ұлықбанұлы болды.     

Нұрекең шаруашылықтарды аралап әрбір құрылыс нысанын көзімен көріп, кемшіліктерді жою жөнінде құрылысшыларға тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауында ұстады. Е.Бозғұлов, Ә.Мақұлбеков, Е.Скатков, Ф.Фаткульдинов, В.Морозов, Ким, Құдабаев сынды құрылыс трестінің басшылары Н.Ұлықбанұлының ескертпелерін, тапсырмаларын мүлтіксіз орындады. Құрылысшылар үшін оның әрбір сөзі, кәсіби пікірі, негізді ескертпесі мен шыншыл бағасы өте маңызды болғаны сөзсіз. Өйткені қай кезде де өз ісін жетік білетін маманның беделі биік, бәсі басым болады. Нұрекең ауыл құрылысы саласының сардарынан бастап, генералы деңгейіне көтерілді.

Нұрлыбай Ұлықбанұлының ұйымдастырушылық қабілет-қарымын, сөзге тастай берік басшы, білікті маман екенін, бастаған істі аяғына жеткізгенше тыным таппайтынын жұртшылық жақсы біледі. Ол мәселе шешкенде ешкімді алаламады, бөліп-жармады, бәріне де болсын, бәрі де оңсын деді.

«Саясы жоқ бәйтерек, саздауға біткен талмен тең, жақсы ағаңыз бар болса, алдыңда сары белмен тең» дегендей, көпшілікке үлгі болған, елге тірек, жұртқа сая болған жақсы ағамыз Нұрекең 80-нің сеңгіріне шықты.

Оның ауылдың өркендеуіне қосқан үлесі мен аймақтың дамуында атқарған ұланғайыр еңбек жолына ризашылықпен қарап, мақтанышпен айтып отырмын. Адамның киелі қасиетінің өлшемі ар тазалығы. Нұрекең өз арының алдында адал, еңсесі биік, тұғыры мықты, айналасына тік қарай алатын қалыпта абыз жасына жетті.

Игілікті істері, өнегелі қызметі, жасампаз еңбегі елдің көз алдында. Сол қыруар атқарылған жұмыстың жемісін, игілігін ел осы кезге дейін көріп келе жатқанын айтып өттік. Кісілік келбетімен айналасына қадірлі бола білген тұлға, ауыл жұртшылығының алдында құрметі артқан қайраткер. Құрметті зейнет жасына жеткен Н.Ұлықбанұлын ауыл шаруашылық өндірісінің ардагерлері төрағалыққа сайлады. Қоғамдық жұмысты да абыроймен атқарып ардагерлер қауымына қамқорлығын жемісті атқарып келеді.

Өмірбаяннан аз-кем дерек айтсақ, ол 1942 жылы 28 қаңтарда Қазалы ауданы «Коммунизм» колхозында, қазіргі «Бозкөл» ауылдық округінде дүниеге келген. 1958 жылы Жаңа Қазалы (Әйтеке би) кентінде №67 қазақ орта мектебін бітірген соң, 1958-1961 жылдары туған ауылында совхоз жұмысшысы болып істеді. 1961 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтының құрылыс инженері факультетіне оқуға түсіп, оны 1966 жылы «өндірістік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Жолдамамен Қызылорда қаласындағы «Риссовхозстрой» трестіне келіп, №12 ПМК-да 1967-1968 жылдары құрылыс шебері, прораб, бөлімше бастығы болып, бірнеше ғимарат құрылысын басқарды. 1968 жылы Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас құрылыс инженері қызметіне тағайындалды. Ал, 1975 жылы атқарған үлгілі қызметтері бағаланып, оны Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына басшының құрылыс жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырды.

Осы мекемеде 30 жыл құрылыс саласын басқарып, 2005 жылы еңбек демалысына шықты. Жоғарыда айтқандай, ауылдық жерлердегі салынған тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, су құбырлары, тағы басқа өндірістік ғимараттар – Нұрлыбай Ұлықбанұлының қолтаңбасы. Зейнетке шыққаннан кейін ҚР Фермерлер одағы Қызылорда филиалын 2017 жылға дейін басқарды. 2006 жылы ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлерінің ұсынысымен осы мекеме ардагерлерінің төрағасы болып сайланып, 15 жылдан бері қоғамдық негізде атқарып келеді.

Ол – Қазақстанның құрметті құрылысшысы, ҚР Журналистер одағының мүшесі. Халық депутаттары облыстық кеңесінің Грамотасымен, облыс әкімі, мәслихат хатшысының, Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бірнеше мерекелік медальдары бар.

Нұрекең сүйікті жары Салтанатпен бірге ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере- шөбере өсіріп, тәрбиелеп отырған абыз ақсақал, қадірменді ата.

Аббас Камалатдин,

Сырдария ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<