Мен білерде солай. Базарбай ағаны айтамын да. Көрші аудан Қармақшыға қарасты Төретам кентінде тіршілік етсе де, елге жиі мойын бұрады. Иә, бұрынғы Карл Маркс, қазіргі Бекарыстан би атындағы ауылға келеді. Әлі де келіп жүр. Өйткені, балалығы «Борқының» топырығында өтті. Өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін құтты қоныс болған өлке әу бастан сулы, нулы жер. «Шөмішкөл», «Қотанкөл», «Нұрбай», «Шаңдыкөлдің» ернеуінен асып-тасып жататын кезі. Балығы мен құсы мол. Тіпті бастауын Сырдариядан алатын, өзіміз де талай суға түсіп, жиегіне бауырымызды төсей жата кететін «Қара арық» каналы да осы «Борқы» жерінің үстімен ағатын.
Базарбай Нағымановпен жиі кездеспесек те, өзім туған өлке жайлы өткен тарихты жиі сұрайтын бірден-бір кісі осы. Ол да жалыққан емес. Жіпке тізгендей айта беретін. Әрине, жас күнінде естігенін төгеді. Оған да алдыңғы буын, сол заманғы ақсақалдар айтқан.
– Бүгінде 70 жастың екеуіндеміз. Мен сол «Борқыда» 1950 жылы дүниеге келіппін. Әлгі ресми тілмен айтсақ, бұл өзі Қазалы ауданына қарасты, Бекарыстан би ауылының маңайы. Содан 3 шақырым арырақ жатыр. Осы аз ғана ауылдан елге белгілі көп азамат шықты. Олардың көбі бүгінде бақилық болған. Сонда өстік, жастық шағымыздың куәсі болған құт мекен ғой. Мектепті осында бітіріп, алғаш совхозда жұмысшы-тракторшы болып еңбек еткенмін. Бүгінгідей салып ұрып, жоғарғы оқу орнына түсу қиын. Бірақ 1-2 жыл еңбек майданына төселген соң Қызылордадағы кооперативтік училищеге түстім. Бұл білімімді азырқандым ба, білмеймін, 1972 жылы Шымкентегі кооперативтік техникумды, ал 1979 жылы Қарағанды кооперативтік институтын тәмамдадық. Осылайша экономист-бухгалтер мамандығымен туған елге оралып, еңбек жолымызды Қазалы аудандық тұтынушылар одағында есепшіліктен бастап едік, – дейді ол.
Әрине, кеңес кезінде еңбек еткен ағаның қызмет жолы мұнымен тоқтамаған. Карл Маркс атындағы (бүгінгі Бекарыстан би ауылы) совхозда жұмысшылар кооперациясының басқарма төрағасы болды. Туған ауылға келген ол ә дегеннен іске кіріскен. Ауылдастарының қолдауы қанат бітірді. Аудандық тұтынушылар одағының көмегімен сауда орталығын салдырды. Жұмыс нәтижесін беріп, сол кездегі совхозда азық-түлік, тұрмыстық зат, киім-кешек, ет-балық өнімдерінен бөлек, кітап дүкені ашылды. Облыс бойынша алдыңғы қатардан көрініп, жігіт ағасы Базарбайдың бұл еңбегі ауылда өткен арнайы семинар-кеңесте жоғары бағаланғаны бар.
1981-1982 жылдары Қазалыдағы кооперативтік сауда мекемесінің директоры болды. Ұжым тіршілігін өрге домалатып, іскерлік қабілетімен көзге түсті. Халықпен күн сайын қойын-қолтық жұмыс істеген оның жұмыс дағдысы жоғарыдағыларға ұнаса керек. 1982-1985 жылдары аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директорлығы Базарбай Нағымановқа сеніп тапсырылды.
– Кейін дәм-тұз тартып, қасиетті Қорқыт баба жатқан өлкеде қызмет ету бұйырды. Мұнда 1985-1992 жылдары Қармақшы аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы болдым. Одан кейінгі жылдары Жалағаштағы шикізат дайындау мекемесінде, сондай-ақ «Ақай» сыра зауытының директоры болып қызмет істедім. Жалпы ер-азамат бір нәрсені ұмытпауы тиіс. Ол – халықтық мүдде. Бар өмірім сауда саласында болғандықтан, тұрмысқа қажетті дүниені алдымен ең мұқтаж деген адамға тауып беретінмін. Әлгінде айттым ғой, мамандығым экономист болған соң, менің кәсіпкерлік жолға түсуім де кейінгі келген тоқырау заманында ешкімге таңсық емес еді, – деді ол тағы бір сөзінде.
Расымен, бүгінгі буынға Базарбайдың бұрынғы қызметі таныс емес. Білетіні – оның туған ауылына деген ұдайы көмегі. Маған да солай. 2002 жылдан бастап «Нағыман және К» серіктестігін құрып, тұрғындарға түрлі қызмет көрсету бағытына арналған бизнесті дөңгелеткен ағаны ауылдастары мақтан тұтып келеді.
– 1999 жылы зейнетке шықтым. Одан соң қарап жатпай кәсіпкерлікке бел будық. Түрлі бағытта өзімді сынап көрдім. 2010 жылы Төретам кентінде әке-шешемнің құрметіне «Нағжамұл» мейрамханасы мен «Жамал» қонақ үйін тұрғыздық. Бүгінде кент пен сырттан келуші қонақтарға қызмет көрсетіп тұр. Бар жиғанымды бауырыма басып жата беруден аулақпын. Әкем Нағыман, қос шешем – Жамал мен Ұлбосыннан алған тәрбие оған жібермейді. Кәсіптен түскен қаржының бір бөлігін туған ауылыма, осы кентегі мұқтаж отбасылардың кем-кетігіне көмектесу үшін жұмсаймын, – дейді бүгінгі кәсіпкер-меценат.
Бұл сөздің жаны бар. Мен білерде ол туып-өскен ауылымыздың ортасынан мешіт тұрғызып, қомақты қаржы жұмсады. Айта кету керек, мешіт құрылысының жобалық құны 110 млн теңгеден асатын. Осыған қажетті қаржының жартысынан астамын Базарбай өз серіктестігі атынан аударды. Әлі де жетпеген ақшаны жергілікті халық болып жиып, игі істің ілгерілеуіне бірден-бір себеп болды. Бұған да арнайы комиссия құрылып, қор ашылды. Бүгінде ауыл халқын имандылыққа үйірген Аманбай ахун мешіті 2008 жылы Базарбайдың бастамасымен аяқталған еді. Бүгінде ол аталған имандылық үйіне бас демеушісі болып, керекті дүниемен қамтамасыз етіп келеді.
– Замандас әрі дос, елге белгілі азамат Базекеңнің көп қайырлы ісіне куәмін, – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев. – Бар мақсаты – халықпен бірге болу. Базарбай өткен тарихты құрметтеуде де көп игі іс атқарды. Ауылдағы орталық қорымды қоршатып, сонда жерленген 800-ден астам аруақтың атын мәрмәр тасқа жаздырып, алдына қақпа орнатқаны бар. Өзі туып-өскен мекені «Борқыға» белгі тас қойдырып, «Борқы – құт мекенім» атты кітап шығарды. Биыл ғана батыр һәм би атанған Мойнақ бабаға биік кесене тұрғызып, ол жайлы дерекке толы тарихи жинақты да қолға тигізді. Өзі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Содан соң шығар, жазу-сызу, шежіре мен тарихты қаттап қоюда Базекеңнің шеберлігі бөлек.
Базарбай Қазалы, Қармақшы аудандық кеңесі мен аудандық маслихатқа бірнеше мәрте депутаттыққа сайланды. Бірнеше Құрмет грамотасы мен Алғыс хатқа ие болды. «Қызылорда облысының құрметті ардагері» атанды.
Расымен, оның бар болмысы туған халқына деген махаббатынан, соған қызмет етсем деген биік мұратынан туған. Елжандылық, жанашырлық сияқты асыл қасиеттерді бір бойына жинаған Базарбай Нағымановтың есімі талайға танымал әрі өскелең ұрпаққа тағылым. Ал тағылым – ұлы мақсаттарға жетудің алтын арқауы.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<