Қым-қуыт тірліктің сан тарау сүрлеуінде алас-күлес атқа мініп, арман аңсап, ағындап жүрдік. Талай жайсаң жанмен сыйлас та сырлас болдым. Шынымды айтсам, жүрегінің кірі жоқпен жуысып, айналаңды танып-білу де тәжірибе екен. Арқасы қорған қанша азамат ардақтады, ізеті көркем қанша іні ізімізді басты. Бәрі басың жерге жеткенше сыйласып өтуден артық тірлік жоғын ұқтырды. Солардың ішінде Бердібек Машбекұлының көрсеткен тәлімі, жүрген жолы жадымда ерекше сақталды. Орайы келгенде тұлғамен түйіскен тағдырдан үзік сыр бөлісейін.
Бердібек Машбекұлы Жамбыл облысын 2022 жылдың сәуіріне дейін басқарды. «Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді» дегендей, жемісті еңбек еткен екі жылда елмен бірге болғанын көрдік. Алдымен Асқар Мырзахметов бастаған іргелі істің аяқсыз қалмауын қадағалап, кейін аймақтың экономикалық-әлеуметтік әлеуетін арттыратын біршама жобаны қолға алды. Азаматтың қамқорлығымен Қордай, Байзақ аудандары танымастай өзгерді. Қаншама ауылға ауызсу жүргізіліп, жол жөнделіп, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй бой көтерді. Нәтижесінде халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік туды. Бердібек Машбекұлы басқарған жылдары Жамбыл облысының экономикалық көрсеткіші алдыңғы қатардан төмендемегені сөзімізге дәлел бола алады.
Халық үніне құлақ асқаны болар, қашан барсақ жайымызды сұрап, елдегі мәселені білуге ұмтылатын. Бір жиында Шоқай ауылына салынуы тиіс орта мектептің құрылысы әлі басталмағанын айтқаным бар. Арда азамат сөзге келместен іске кірісіп, құрылыс басталуына түрткі болды. Міне, өткен жылы қыркүйек айында сол Шоқай мектебінің ашылуына қатыстық.
Одан өзге пандемия кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медициналық көмекті дер кезінде алуын бақылауды тоқтатқан емес. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде белгілі ғалым Күнсұлу Закариямен бірлесіп, еліміздегі алғашқы «QazVac» вакцинасын халыққа жеткізуге атсалысты. Отарда вакцина шығаратын «БиоФарм» зауытын іске қосты.
Істің орайын келтіре алған басшы қай жерді болсын көркейтері сөзсіз. Қаржы жоқ екен деп қарап отырмай, қолда бармен қарекет қылу Бердібек Машбекұлының халық сүйген қасиеті еді. Олай дейтінміз, өзі бастаған «Асарлатып үй салу» жобасы талай қамкөңіл жанға қуаныш сыйлады. Басшылық жасаған екі жылда тұрмысы төмен 233 отбасы баспаналы болды. Тиісті азаматтарға әлеуметтік көмектің жетуін, қайырымдылықтың қамыққандарға қолдау болуын қадағалағаны да қайраты мен кең жүрегінен хабар берсе керек.
Тұлғаның тағы бір қыры – рухани құндылықты ұлықтауы. Абзал азамат тек іскерлік емес, еңбекқор, мемлекетшіл қырынан да көріне білді. Жиында басымыз қосылса, ол кісінің ата-анаға құрмет, Отанды сүю, адал да әділетті Қазақстанды құру туралы келелі әңгімесі қанат бітіретін.
Қасіретті қаңтарда да қайраткердің қасиетін, мінезін, табандылығын байқадық. Қауіптен ықпай, қатерден бас тасаламай, елдің жайын білуге ұмтылды. Кейін жағдай бақылауға алынған сәтте де халқына қамқор болды. Мысалы, Бердібек Машбекұлының көмегімен тергеу изоляторында қамауда отырған кәмелетке толмаған 7 жасөспірім үйіне оралды. Сондай-ақ 2 айдың ішінде қираған, өртенген нысандар қалпына келтіріліп, халықтың алаңын сейілтті.
Қажырлы қайраткердің адамгершілігі, қарапайымдылығы мен табандылығы туралы естелік жетерлік. Бірақ нағыз бағаны халық бергенін ұмытпаған жөн. Бердібек Машбекұлы қызметінен босап, ертеңіне Тараз әуежайынан Астанаға шығарып салған сәтте халық қарасы қалың болды. Жұрт батасын жаудырып, елге еткен қызметтің еленгеніне куә болғанымыз бар.
Бердібек Машбекұлы – еселі еңбегі, абыройлы қызметі арқылы ел дамуына үлес қоса білген тұлға. Бедел мен мәртебенің ақшаға сатып алынбайтын құндылық екенін дәлелдегені де – өз алдына өнегелі өсиет. Сондықтан азаматтың қадір-қасиетін, таным биігін келешекке жеткізу өте маңызды қадам екені айқын.
Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы,
«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<