Балық  өсіру бағбаны

1185

0

Кезінде Арал теңізі мен теңіз аттас аудан төңірегіндегі үлкенді-кішілі көлдерге өз қолымен балық өсіріп жіберіп, абырой биігінен көрінген Кемал Жаймағанбетовтың есімі бұл өңірдегі аға буын өкілдеріне етене таныс.

Осы аудандағы Балғабай елді мекенінде 1942 жылы кіндік қаны тамған ол – З.Шүкіров атындағы №20 Бөген орта мектебінің түлегі. Қызылорда гидромелиоративтік техникумын, гидротехник, іле-шала Мәскеудегі бүкілодақтық тамақ өнеркәсібі институтын балық өсіруші мамандығы бойынша тәмамдаған.  Бұған қоса жоғары білімді инженер-ихтиолог. Алғашқы еңбек жолы да бүкіл саналы ғұмырымен сабақтас. Жиырма жасында Арал бассейндік балық қорғау, аулауды реттеу және өсіру басқармасына қарасты «Тастақ» балық өсіру тоғанында гидротехник болып басталған Кемал Қайназарұлының еңбек кітапшасы одан әрі жоғарыдағы басқармада зерттеуші инженер, инженер-мелиоратор болғанын айғақтайды.

Бұл кітапшаның алғашқы парағында шамалы айларды Алматы облысы Шелек ауданындағы жеміс-жидек кеңшарында тер төгіп өткізгені жазылған. Бірақ, ол балық дегенде, ішкен асын жерге қоятын еді. Сонан да шығар елге оралған ол зейнет жасына жеткенше өз мамандығын жанындай сүйді. Сондықтан болар адал еңбегі, айнымас қарым-қабілетімен көзге түскен Кемал Жаймағанбетов біртіндеп қызмет сатысымен көтеріле бастады. 1986-1998 жылдары бұрынғы «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінің басшылары  білімді, мамандығына машықтанған маманды «Аманөткел» тауарлы көл шаруашылығына басшы етіп жіберді.

Адамды сенім қанаттандырады емес пе?! Өмір бойы жиған-терген еңбек тәжірибесін осы жолы да елеусіз қалдырмады. Бірінші кезекте ұжым мүшелерімен ортақ тіл табысып, өзі білетін, зердесіне тоқыған балық өсірудің сан алуан сырларын балық өсіруші жастарға үйретуден жалықпады.

Осы тұста ғой Кемал Жаймағанбетовтың «Тастақ» балық өсіру тоғанына келіп, оның бастамасымен батыл бетбұрыс жасалып, сонау Қиыр Шығыс суларында сайран салған, сол жердегі су түбінің шөбімен қоректенген ақ амур, дөңмаңдай құрт шабақтарын өсіріп, оны Арал теңізі мен көлдерінде жерсіндіретіні. Су маржандары Кемал аға қолымен өсіріліп, одан әрі Сыр өзенін өрлеп, облыс көлдері түгілі, «Шардараға» қарай шапшаң қанат жаятыны. Бұл Арал балық өсіру тоғандары бойынша тұңғыш рет жүзеге асқан жемісті жоба болатын. Жаңашыл басшының ілкімді істері әріптестері арасында кеңінен қолдау тапқаны теңіз жағалауы жұртшылығының әлі күнге  есінде. Оны айтасыз-ау, бұл тәжірибеге сұраныс тіпті Ресейдің Ростов, Астрахань облыстарындағы су айдындарынан да түскені күні кешегідей. Бұған дейін мұнда балық түрлері Түркіменстанның  Қараметинияз  тоғанынан келген көрінеді.

Адал еңбек абырой еншілейді. Бұрынғы республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, одақтық балық өсіру, қорғау бас басқармасының 50 жылдық мерекелік медалімен марапатталып, ауылдық, аудандық мәслихаттардың депутаты болуы осының айғағы болса керек.

Оған тоғанды су айдындарында балық шабақтарын өсіру тәжірибесін бір кездері одақтық, ортаазиялық симпозиумдерде, конференцияларда ортаға салу міндеттелді. Балтық жағалауы елдерінде, Санкт-Петербургте өткен дүниежүзілік балық шаруашылығы көрмелеріне қатысқанын ел біледі.

Білікті балық өсіруші Кемал Жаймағанбетов «Аманөткел» тауарлы көл шаруашылығын басқарған сексенінші жылдары аудан басшылары оған әр жазда 200 тоннаға дейін су маржанын өсіріп, Арал қаласы, Жақсықылыш, Сексеуіл сияқты ірі елді мекендері тұрғындарына тірі күйінде сату тапсырылады. Бұл тапсырма тиянақты орындалғаны ел жадында. Бұған қоса К.Жаймағанбетов кезінде бақша өсіру, балық қорғау, ауылдық округ маманы қызметтерін қалтқысыз атқарып, құрметті зейнет жасына жеткен еді. Өмірден озғанына жыл он екі ай өткен ағамыз тірі болғанда сексен жастың асуынан сергек аттар еді.

Артында қалған жұбайы, ардагер ұстаз Рәйла жеңгеміз бен жеті перзенті, немере-шөберелері әке аманатына адал, үлкен әулет саналады. Олардың бірі медицина, экономика, енді біреулері білім, жылжымайтын мүлік саласында абыройлы қызмет атқаруда.

Айтпақшы, Кемал ағамыздың атасы Жаймағанбет Аманбаев сталиндік қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жазалау құрығына ілініп, 1937 жылы «үштіктің» үкімімен ату жазасына кесілген. Жалған айыптаулар бойынша бұрын ірі бай, болыс,  колхоз жұмысына зиянкестік жасады деп әуелгіде қамауға алынған көрінеді. Тіпті одан бұрын 1930 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, 7 жылға жаза кесілген екен. Ең ақырында 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығына сәйкес, жазықсыз жазаланған жанның есімі толық ақталды. Ата есімін ардақтаған Кемал ағамыз оны қайта қалпына келтіруге қажетті құжаттар жинап, талай табалдырықты тоздырғанын білеміз. Тату-тәтті отбасының басына түскен сол жылдардағы асырасілтеу кесірі бір кездегі бала Кемалды, бозбала Кемалды да айналып өтпегенін оның жақын-жуықтары жақсы біледі. Бірақ, ол ата аманатынан айнымады. Тектілік қалпын өзі өмірден  өткенше адал сақтаған тұлға болғаны біздің есімізде, ұрпақтары соны мақтан етеді, өздеріне үлгі-өнеге тұтады.

Т.Нұржан-Балта

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<