Денсаулық дәнекері

407

0

Кейінгі екі-үш жылдың бедерінде ел арасын жайлап алған «COVID-19» індетіне байланысты ақ халаттылардың еңбегі анық байқала бастады. Пандемияның өршуінен шұғыл көмекті қажет ететін науқастардың жағдайын қалпына келтіруде тынымсыз күрес әлі жүруде. Жұқпалы індет ел арасына дендей бастағанда ауылдағы денсаулық мекемелерінде қызмет етушілер, кезінде еңбек еткен білікті дәрігерлермен ой-бөлісіп, ақыл-кеңестерін алып, олардың айтқан тәжірибелеріне жүгініп әрекет етіп жатқанын да білеміз.

«Қоғалыкөл» ауылында бас дәрігер болып 47 жыл қызмет атқарған, білікті маман, марқұм Әжібай Жүсіпұлы күні кешеге дейін ауылдағы ағайын ауыра қалса ем жасаудан жалықпаған жанның бірі еді. Сексеннің сеңгіріне шықса да «Жасым келіп қалды ғой» деп тірі пендеге қабақ шытып сөйлемей, бар қызметін халқына ұсынды. Ол кісінің адал еңбегін аңыз етіп айтатын ауылдастарын көрдік. «Жақсы адамның соңында – жақсы ісі қалар жасаған» деген ғой. Өзін білетін жандарға қадір-қасиетін өтінбей өткізген Әжібай Жүсіпұлы 82 жастың үстінде де ауыл халқының денсаулығын дәруіштей ойлаған асыл азамат болғаны анық.

Бұл жөнінде «Қоғалыкөл» ауыл әкімдігін ұзақ жыл басқарған, еңбек ардагері Қамар Рүстемов былай дейді: «Еее, Әжібайдың ауылдың денсаулық саласына сіңірген еңбегі өлшеусіз деп ұялмай айта аламын. Оны осы қоғалыкөлдіктер жақсы біледі. Қазақта «Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген екен. Онымен жақсы дос, сыйлас, қимас, рухани үндес болғанымды мақтан тұтам. Өте сауатты азамат еді. Ол кісі қойған диагнозынан қате кеткенін естімеппін. Ауыл әкімі болғасын, ауыл халқының денсаулығы біз үшін үнемі алда тұрады. Ана мен бала өліміне жол бермеу, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлерінің, Батыр аналардың денсаулығының сапасын арттыру секілді келелі мәселелерді бірге талқылап, шалғайдағы малшы ағайындардың жағдайын шешуде бір көзқараста ойымыз тоғысатын. Ертеректе ауылдағы ауруханада еңбек еткен дәрігерлердің көбі қиын жағдайларға қарамай, сырқаттарға жаяу-жалпылап барып, шалғай мекенде тұратындарға машина болмай қалғанда атпен барып-ақ талайын ажалдан арашалап қалған болатын. Ондай сәттерді бірге өткізген күндеріміз көп болды. Айналдырған бір жедел жәрдем көлігіне тіпті 1992-1995 жылдар аралығында бензин тауып құя алмаған сәттер де болды. Әсіресе, қыста малдың қамымен отырған малшылар ауыра қалса ауыл дәрігерлері жауынға да, дауылға да қарамай өз жұмысын адал орындайтын. Міне, осының бәрін Әжібай Жүсіпұлы өзі бас болып, мінсіз атқаруға күш салатын. Осындай адал еңбегін бағалаған ауыл ақыны Байрон Есенбаевтың сөзіне Ермекбай Әдікенов «Ақ халатты абзал жандар» атты ән шығарып, ауылдастары жүрек төрлерінен орын берді. Бұл өлең жолы жалпы осы Әжібайға арналған. Кейіннен әнге айналды. Негізінде Әжібай алдына келген сырқатты жылы сөзбен, жанға дәру берердей ақыл-кеңесімен емдейтін. Ол кісі және еркін күрестің шебері болатын. Спорттың осы түрімен студент шағында айналысқан. Әйелі Кеңескүл екеуі осы ауылдың денсаулық саласында абыройлы, мінсіз ұзақ жыл қызмет атқарды. Кеңескүл акушерка болып істеді. Ауылдың  көп баласына кіндік шеше атанды. Әжібай өте шыншыл, менменсуді, шіренуді білмейтін сәулелі жүрек иесі еді».

Ертеректе барлық сала «Қызметіміз – халыққа» деген девизбен жұмыс жасайтын. Адам факторына барынша мән берілетін. Сол кездегі дәрігерлер алдына барған адамға ден қойып қарап, аурудың күтіну, сақтану жолдарын терең түсіндіретін. Алдына бала барса да, оның қорқып отырғанын сезіп, «Ой, сен, батыр екенсің ғой. Кімнің баласысың… Сірә, мектепте жақсы оқисың-ау» деп көңілін аулай күш беріп, рухтандырып, жігерлендіре отырып жарасын тазалап, таңып беретін.        

Біз әңгіме арқауы еткен қоғалыкөлдік дәрігер Әжібай Жүсіпұлы осындай жолдан өткен білікті, білімді маман болатын.  Ол 1939 жылы 20 қазанда Тереңөзек ауданындағы Ақжарма ауылында дүниеге келген. 1945 жылы республикалық маңызы бар «Тасбөгет» су тоспасын Сырдарияға салу мақсатында әкесі Жүсіп білікті маман ретінде арнайы жұмысқа шақырылады. Соған орай Тасбөгет қыстағынан үй беріліп, отбасы бірден көшіп келеді. 1946 жылы  Тасбөгеттегі №11 орта мектепке барып, оны 1956 жылы бітіреді. Бала жасынан дәрігер болуды армандаған ол, сол жылы Қызылорда медициналық училищесінің фельдшерлік бөліміне оқуға түседі. Оны үздік дипломмен бітіріп, Қызылорда қаласындағы республикалық психо-неврологиялық мекемесінде еңбек жолын бастап, онда жеті жылдай қызмет атқарады. 1963 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1970 жылы жоғары білімді дәрігер атанып, туған елге оралады. Бірден Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен Сырдария ауданына қарасты қазіргі Қоғалыкөл (бұрынғы Октябрь ауыл кеңесі) ауылындағы учаскелік ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалады. Осыдан бастап ауыл өміріне араласып кетеді. Жаңа дәрігердің алдында үлкен міндет тұрған кезең еді. Дәрігер ауыл адамдарымен де, әріптестерімен де тез тіл табысты. Ұқыпты ісін, тындырымды жұмысын, елгезектігін, білгірлігін байқаған тұрғындар да сол қасиетін жоғары бағалады. Әкесінің үнемі айтып отыратын «Жақсыда жаттық болмайды» деген мақалды неге жиі қайталайтынын сонда ұғынған-ды. Жігерлі жас ауылдың тыныс-тіршілігіне тез үйренді. Бұрынғы емдеу мекемесінде 7 жылға жуық істеген тәжірибесінің арқасында жаңа қызметтің бағыты мен тәсілін де тың арнаға салды. Өмір мектебі деген осы болар. Жұмыс орнына келмес бұрын шаруашылық басшыларына жолығып, ауруханаға қажетті нәрсе болса, өтініш етіп айтып, елдің есендігін білетін. Қолы қалт ете қалса, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлерінің үйіне арнайы барып, хал-жағдайларын сұрайды. Көпбалалы аналар мен балалардың денсаулығына аса мән беріп, кейбірінің ем-дом алуына қадағалау жасайды. Көрінуге келген жандарды күлімдеп қарсы алып, дәрігерлік кеңесін беріп, шуағын төгіп шығарып салатындығы тағы бар. «Әжбайдың алдына барғанда оның ашық-жарқын мінезін көргенде-ақ, ауырғаныңды ұмытып кетесің» дейді інісі, еңбек ардагері Аманжол Мұқанов. 

«Әжібай Жүсіпұлы жайлы әріптесі, ұзақ жыл қарамағында аяжан болып жұмыс жасаған Айнаш Жүсіпова: «Әжібай аға өте іскер, білікті басшы, білгір дәрігер болды. 1996-1997 жылдары ауыл ауруханасы қаражат тапшылығынан жабылып қалды. Сонда ағаймен аудан, облыс басшылары алдына дейін бірге барып, қайтадан ашуға ықпал жасадық. 500-ден аса ауыл түтінінің жағдайына қарамай, шенділердің сабылтқаны бар. Ағайдың аурухананы қайта ашудағы ерен еңбегі айрықша болды. Сондағы қиналғанын көрсеңіз ғой. Биліктегілерге ауылдың жан-айқайын жеткізе білгендіктен, аурухана қайта ашылды. Талай адамның өмірін білгірлігінің арқасында ажалдан аман алып қалды. Мұндай кісілерді дәріптеу орынды деп ойлаймын», – дейді.

Бір ауылда 47 жыл бас дәрігерлік қызмет атқарған Әжібай Жүсіпұлының шынында есімі өнегелі жандар қатарынан. Өкінішке орай даңқ пен дақпыртқа құмартпай, дәулет пен сәулетті қуаламай, бойындағы білім мен білігін ауылға арнаған жайсаң жан ойламаған жерден жүрек талмасынан қайтыс болады. Бұл шын мәнінде, ауылдастарына оңай тимеді. Әжібай Жүсіпұлы зайыбы Кеңескүл екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Олардың бәрі жоғары білімді мемлекеттік қызметкерлер. Бәрі де үйлі-жайлы. Ал жақсы әкенің жарығы олар үшін мәңгілік сәулеленіп тұра бермек.   

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<