Елге қызмет – мерейлі міндет

552

0

Ол бозбала күнінен темір-терсекке әуес болып, үйдегі жүк машинасын жөндеуге талпынатын. Әкесі Жалпақбай ақсақал да ұлының бастаған ісін аяқтамай тынбайтынын аңғарса керек. Үй маңындағы бар тіршілікті тапсырып, өзі алаңдамай ел басқару ісінде жүре беретін.

Ұзақ жылдар білім мен ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен Жалпақбай Нұрмағамбетовтің шаңырағында алтыншы перзент болып дүниеге келген Мараттың маңдайына әкесі сияқты жұртқа қызмет қылу жазылыпты. Тектілік қанмен берілгеннен болар, түп негізі дұрыс отбасының тәрбиесі оны «елге болсын» деген ата-ана қағидатынан алыстатпады.

Қош, әңгіменің негізгі өзегіне тірелгендейміз. Біз Қазалыда ұзақ жыл экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіп, ауданның даму көрсеткішіне бір кісідей атсалысқан, кейіннен Сыр бойындағы жануарлар әлемі мен даладағы орман қорына тікелей жауапты болып, басшылық жасап жүрген азамат жайлы айтсақ дейміз. Иә, мақаламыз Сыр мен қырдағы табиғат байлығын қызғыштай қорып жүрген Марат Нұрмағамбетов жайлы.

– Әкем 7 баласын қарапайым, еңбексүйгіш етіп тәрбиеледі, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. – 1982 жылы мектеп бітірген соң бірден оқуға кетпедім. Ата-ана ақылымен бір жыл елдегі МТС-те жұмысшы болғанмын. Кейін ойлап бақсам, әкем мені жасымнан қара жұмысқа баулып, «еңбек адамдарының арасынан нан тапсын» деген ниетпен істегені екен. Әйтпесе, мектеп директоры, совхоздарда басшылық жасаған адам өз ұлын жоғары оқу орнына бірден-ақ жөнелтпей ме? Одан жаман болмадық. Бір жылдан кейін, яғни 1983 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда филиалына түсіп, 1990 жылы «Инженер-механик» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Неге арасы ұзақ десеңіз, мен оқуда жүріп, 1984 жылы желтоқсанда Мәскеу облысы Звенигород қаласында әскери борышымды өтедім. 1986 жылы оны аяқтап, оқуымды әрі қарай жалғастырдым.

Марат ағаның айтуынша, бұл – алғашқы мамандығы. Осы мамандықпен туған жері Қазалыға оралып, «ПМК-86» мекемесінде жөндеуші, есеп жөніндегі механик, бас механик қызметтерін атқарған. Кейін «Қызылордамелиорация» мекемесінде бас инженер болған.

Өндірістен заң саласына ауысуы нарық кезеңінен басталды. 1994-1996 жылдары «Қызылқұм» кеден бекетінде инспектор, аға инспектор болып жұмыс істеген Марат Жалпақбайұлы өзін заңгерлік салада сынап көруге бел байлайды. Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университетінде сырттай оқып «Заңгер» мамандығын алды.

– Жалпы осы саладағы еңбек жолымды өмірімнің бір белесі деп есептеймін. Мемлекеттік тергеу комитетінің Қазалы ауданындағы бөлімінде, Қазалы аудандық ішкі істер бөліміндегі экономикалық қылмысқа қарсы күрес бөлімшесінде оперативтік уәкіл болдым. Кейін салық полициясы басқармасының Қазалы ауданындағы бөлімінде инспектор, аға инспектор, облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің Батыс аймағы және Төретам аймағы бойынша ауданаралық бөлімдерінде басшы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасында басшы орынбасары болып қызмет атқардық. Осылайша 18 жылға жуық заң саласында жұмыс істеп, 2012 жылы зейнетке шықтым, – деген еді сөз арасында Марат ағамыз.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында басшы, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен қосылғаннан кейін инспекция басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Қазір үш жылдан асты, инспекция басшысы.

– Марат Жалпақбайұлымен Мемлекеттік тергеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, Қазалы аудандық бөлімінде, экономикалық қылмысқа карсы күрес бөлімшесінде аға жедел уәкіл болып жүрген кезімде таныстым. Ол біздің бөлімге кеден басқармасынан ауысып келген болатын. Екеуміз бір кабинетте отырып қызмет істедік. Сол кездері Қазалының экономикалық жағдайы да белгілі, бұрынғы кеңес дәуіріндегі колхоз, совхоздар өз жұмысын тоқтатып, жеке шаруашылықтарға бөлініп, мекемелер жабылып, жекеге өтіп жатқан кез болатын. Б.Карбозов және Т.Алпысбаев ағаларымыздың басшылығымен ауданымыздың экономикалық жағдайын жақсартуға бар күшімізді салдық. Құқық қорғау саласында түрлі реформалар болып, Марат екеуміз ішкі істер саласының экономикалық полиция қызметінде, кейін қаржы полициясы саласында, Қазалы, Арал аудандарында және облыс төңірегінде бірге еңбек етіп, арамызда достық қарым-қатынас орнады. Құқық қорғау саласынан зейнетке шықты. Қазіргі саласында да жетістіктері аз емес. Мен білетінде, ол өз ісінің қас шебері, отбасы құндылықтарын берік сақтай білетін, жан-жақтағы ағайын-туыс, жерлестерінің және дос-жарандарының алдында беделді азамат. Ең бастысы, ол достыққа адал, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департамент басшысы Бауыржан Ұзынжас.

Марат ағамыздың қазіргі қызметін жоғарыда айттық. Бір ғана белгілі нәрсе, Арал мен Жаңақорған арасындағы жортқан аң мен ұшқан құс, одан қалды, өскен тал-дарақ пен сексеуілдің жоғалмауына бірден-бір жауапты мекеменің тізгінін ұстау – оңай шаруа емес. Ал кейіпкеріміз осындай жауапкершілікті мойынға артқалы 10 жыл болыпты. Айтпақшы, іздену, білім алу жағына немқұрайды қарамайтын ағамыз өзінің үшінші мамандығы – «Орман шаруашылығын» Қазақ ұлттық-аграрлық зерттеу университетінен алғанын да айта кетейік.

Мемлекет басшысының Арал теңізіндегі құрғаған ұлтанға сексеуіл егу тапсырмасы жұртқа мәлім. Бұл істе де облыстағы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекцияның көтерер жүгі ауыр екенін көбісі біле бермес. Азынаған дала, құм суырған шөлді кезіп, аң мен құс атқан, сексеуіл сындырған бұзақылармен күрес жүргізуде Марат Жалпақбайұлы бастаған инспекторлардың еңбегі ерен.

Иә, Құдай қосқан қосағы Жанар жеңгемізбен екі ұл, екі қыз тәрбиелеген Марат аға марапаттан да кенде емес. Аудан мен облыс көлеміндегі бірнеше «Алғысты» айтпағанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қаржылық мониторинг агенттігінің «Құрмет грамотасы», мерекелік медальдар мен төсбелгілер кеудесінде жарқырайды.

Жақсының жақсы ісін айту – әманда парыз. Сөзіне ісі сай, жұмысына тиянақты ағаның бүгінгі абыройлы жолы кейінгі буынға барынша үлгі болары анық. Жұмысшы еңбегімен басталған жол құқық қорғау мен табиғатқа қорған болуға әкелсе, ондай міндет пен мақсаттың межесіне Марат Нұрмағамбетов әбден жетіп-ақ тұр. Жылдар бойы халық пен табиғат мүддесіне жұмыс істеген азаматтың еңбегі мұнымен тоқтамайды. Расымен де Сыр бойының нулы болуын мақсат еткен оның алдағы жоспары аяқсыз қалмақ емес.

Ержан ҚОЖАС,

журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<