Еңбек еткеннің еңсесі биік

1018

0

Халық шаруашылығының түрлі саласында еңбек етіп, тер төккен аға буын еңбегінің бағалануы – игілікті іс. Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылында тұратын еңбек ардагері  Дәдікбай Төреқұлов ақсақал 1943  жылы дүниеге келген. Әкесі Төреқұл алғаш ұйымдастырылған «Иіркөл» серіктестігіне мүше болып еңбек еткен. Сол шаруашылықтың малшысы болған.

Қызылорда платинасы құрылысын және Тасбөгет қыстағын салу жөніндегі қаулыға сәйкес, облыс колхоздарынан жұмыс қолын тарту тапсырмасына байланысты сол жаққа барып құрылыс жұмысына қатысқан. Жұмысшыларды азық-түлік, етпен қамтамасыз ету үшін қойшы болып еңбек еткен. Бейнеттен сол жақта қайтыс болған.

Маңдайын тірейтін жанның болмауына байланысты Дәдікбай шешесімен 1953 жылдың басында туған жері Қараөзек бойындағы корей ағайындар қоныстанған «Серкеш» серіктестігіндегі нағашысы Оңғарбай Алмағанбетті паналаған, өмірдің басқа салған тауқыметін бір адамдай көріп өскен. Калинин колхозына көшіп келіп осындағы мектептің 7-сыныбын бітірген. Аудан орталығындағы механизатор даярлайтын №150 училищені тәмамдаған. Осы жылдан бастап Калинин атындағы  колхозда «Ленин»  орденінің иегері Яков Яковлевич Ким басқаратын шаруашылықта механизатор болып еңбек жолын бастайды.

Өндірістен қол үзбей жүріп Түркістан техникумын механик-техник мамандығы бойынша бітіріп, арнаулы орта білім алады. Өмірде шыңдалған, сауатты Дәдікбайға колхоз басшылары бастауыш комсомол ұйымына жетекшілік етуді сеніп тапсырды. Бұл жұмысты дөңгеленткен ол түрлі мәдени-көпшілік, тәрбиелік іс-шараларды тек қана ауыл емес, аудан көлемінде де ұйымдастырушы көшбасшы болған. Шаруашылықтағы 12 ұлт өкілінің жастарын тәрбиелеуге, оларды еңбекке жұмылдыруға жетекшілік етті. Колхоз жастарының «Қызғалдақтар» ән-би ансамблі өмірге келді. Ансамбль құрамында әнші-биші Лариса Ким корей халқының «Торради» әнін айтса, ағайынды Салмановтар қазақтың халық әндерін асқақтатып, «Тракторшы Гүлсара» әнін шырқаған. Шешен жігіті Қазақбай Мәжиев «Кавказ» биін орындап, көрермендердің ықыласына бөленген еді. Колхоздың клуб меңгерушісі Қиыр Шығыстағы Корей театрының скрипкашысы Ли Чен Хо әнші жұбайымен тамылжытып ән салатын. Сазгер, саксафоншы Жұма Дәненов көркемөнерпаздар ұйымына қатысушылардың ұйытқысы еді.

Еңбек жолын механизатор болып бастаған, комсомол жұмысында шыңдалған Дәдікбайға колхоз басшылары сенім артып №8-өндіріс бригадасын басқаруды тапсырды. Ол жылдары колхозда алты мың гектардың  үстінде ауыспалы егіс жүйесіне инженерлік тегістелген жер болатын. «Главриссовхоз» тресіне қарайтын. Дәдікбайдың айтуынша, алғашқы жылдары тегістеліп инженерлік жүйеге келтірілген су басқан алқаптардың топырағы отырып,  атыздар мен ішкі каналдар бұзылып, айтарлықтай қиындықтар туындаған. Сушылар күшімен қалпына келтірілді.

Осы мақаланы жазу кезінде Дәдікбай ескірген блокноттарын ақтарды. Бригада алғашқы жылдары өзіне бекітілген 420-450 гектардан 45 центнер, одан кейінгі жылдары 48-50 центнер, сексенінші жылдары 55-60 центнер өнім алуды қамтамасыз етіп отырған. Осы еңбегі бағаланып 1980-1985 жылдары аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған, партия конференцияларына делегат болып қатысқан. Жергілікті кеңестің депутаттығына сайланған. Кеңшар директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, өндіріс бригадирі, «Байтабын» ЖШС-да бригадир қызметін атқарған. Ел байлығын арттырып тер төкті. Өндірістің шешуші саласында еңбек етті. Бригада мүшелері көпсалалы кеңшардың барлық жұмысына қатысатын. Мал қыстату, елді мекендерді көгалдандыру, көркейту, т.б жұмыстар атқаратын, жыл он екі ай тыным таппайтын.

Осы тұста халық аузында аңыз болып кеткен мына сөзді еске алғым келеді. Ертеректе бригадир болған атамыз «Мәскеу тапсырманы республикаға береді, республика облысқа тапсырады, облыс ауданға береді, аудан колхозға міндеттейді, колхоз сол тапсырманы орындауға маған жүктейді» деп  астындағы атын қамшылаумен болған екен, жарықтық. Д.Төреқұлов сондай тапсырманы 45 жыл орындаған, еңбегі бағаланған. Ол ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Еңбек ардагері», «Тыңға – 50 жыл», басқа да орден-медальдармен марапатталған.

Ұзақ жыл үзбей өндіріс бригадирі болған Дәдікбайдың жинаған астығынан тау тұрғызуға болады екен. Еңбек адамы бағаланып, оған ауданның Құрметті азаматы атағын беруге лайық деп айта аламыз.

Бүгінде Дәкең жары Салихамен 4 ұл, 2 қыздан өрген немере-шөберелерді сүйіп отыр. Баласы Оразбек – әкесі басқарған алқапта өндіріс бригадирі. Келіні Ақлима «Байтабын» ЖШС-да бас есепші, басқа балалары да сол ауылда жемісті еңбек етеді.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының Құрметті азаматы