Еңбекті сүйгенді ел сүйеді

481

0

Адамгершілік, туыстық қарым-қатынас, еңбек ету деген ұғымдарды бала күнімізден санамызға сіңіріп өстік. Әке-шешеміздің қонақжайлылығы арқасында үйімізден қонақ үзілмейтін. Олардың көңілін табуға, қолына су құюға, ет асауға, әйтеуір жақсы жағынан көрініп қалуға асығатынбыз. Осы үйдің баласы екенімізді біліп тұрса да, «кімнің баласысың?» деп сұрағанына мәз болатын едік. Сабақ жөнінде сұрақ қойса, жарыса жауап беретін де едік-ау. Бізді «жасағанбергендер» деп маңдайымыздан сипайтын.

Әкемнің өмір жолында, еңбек жолында ақылдасатын аға-апалары көп болды. Сол кісілердің ішінде мінезінің ашықтығымен, даусының жарқындығымен, сөзінің орнықтылығымен, ерекше тұлғасымен ойымда қалған кісі – Сәлима апам. Апамызды бүкіл ел таниды, құрметтейді. Кезінде Социалистік Еңбек ері атанған жанның есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

Сәлима апам қандай жан  еді? Ойыма түскенді қағаз бетіне түсіре отырып, сіздерге жеткізейін. Есімі аңызға айналған қайраткер, «Ғасырдың Батыр анасы» атанған,  Социалистік Еңбек ері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Батыр ана, күрішші Сәлима Жұмабекованың елі үшін жасаған еңбегі қашанда ұрпақтарына өнеге, халқына үлкен мәртебе. Есімі «Алтын Құрмет» кітабына енгізілген жанның еңбек жолы – зор мақтаныш.

Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келген. Анасының қас-қабағына қарап ержеткен жылдарды өз естелігінде байыппен баяндап беретін. Жәмила, Жауһарбек сынды бауырларының бір-біріне қамқорлығы, қиыншылықты, аштықты бірге көрген балалық шағындағы ұмытылмас сәттерді, анасының сабырлығы жайлы  айтқандары адамға ой тастайтын.

Жастайынан белі бекімей жатып, масақ теруге шыққан. Жұмыстың ауырын істеп, кішкентай інісі Жауһарбектің белі ауырып қалар деп, қамқорлық көрсетуі бауырларға тән қасиет. Қаршадай баланың үлкен ауыртпалықты көтере білуі – қайсарлықтың белгісі.

Отағасы Ноғай ағамен еңбектің нанын бірге жеді. Жанашыр ағамыз балдызына әке орнына әке, ағайынның ортасында сыйлы болды. Тағдырдың жазуы солай болар, ағамыз өмірден ерте кетіп, балаларды жетілдіру Сәлима апамыздың мойнына жүктелді. Әрі әке, әрі шеше бола жүріп, еңбектен бір сәт қол үзбеді. Бала-шаға қамы деп, белуардан су кешті, жұмысқа ерте кетіп, кеш келді. Ауылдастарымен бірге көрген қиын күндерді артқа тастай отырып, еңбегінің зейнетін де көрді.

Халқы барда ел ардақтысының жұлдызы жана бермек. Он бір бала өсірген Батыр ана өз еңбегінің арқасында халық қалаулысы атанды. Сауыншы болды, құрылыста жұмыс істеді. Күріш егуге жиналыста өзі сұранып жазылды. Жиналыста отырғандар жас баламен жұмыс істеу қиындау екенін еске салғанда, өжет, қайсар мінезді апамыз совхоз балабақша ашса, мәселе оңынан шешілетінін айтты.

Қайнаған тірліктің ортасында ер-азаматтардан қалыспай, уақытқа қарамай, қайсарлығының арқасында жұмысын дөңгелентіп әкетті. Бәрі оңай болған жоқ, төзімділік пен болашаққа деген сенім, еңбекке деген құлшыныс жігерлендірді.

Ауылдас Шаймерден ағасын ұстаз тұтып, аға кеңесімен біршама табысқа қол жеткізді, ұстаз сенімінен шықты. Уақыт өте келе өзі де ұстаз атанып, қарамағына келген қыз-келіншектермен бір звено құрып, күріш алқабына аттанады. «Еңбектің наны тәтті» демекші, ауызбірліктің арқасында мол несібеге ие болып, қамбаға түскен ел ырзығына үлес қосты.

Еңбектің арқасында депутаттыққа сайланды, бірнеше съезге делегат болды, ел алғысына бөленді. Отбасындағы бала тәрбиесін де көзден таса қылмады. Балалары да ана тілегін құптап, бірін-бірі жетелеп өсірді. Бар баласы жоғары білім алып, әр салада қызмет атқаруда. Білім арқылы қанаттанып, отбасынан көрген өнегесін ел кәдесіне жаратып келеді.

Сәлима Жұмабекқызы қоғам өміріне белсене араласып, өзіндік ой-пікірін ортаға салып жүрді. Соның арқасында тек ауыл емес, аудан еңсесін көтеріп, алдыңғы қатардан көріне бастады. Білім саласы болсын, өнер болсын, спорт саласы болсын, кез келген істің қиюын тауып, ақыл-кеңесін берді. Осының нәтижесінде жұмыс оңынан жүріп, нәтижелі болды.

Отбасы мәселесінде де, жастар тәрбиесінде де насихат айтып жүретін. Жастардың ой-өрісінің өсуіне, мәдени талғамының жоғары болуына қамқорлық көрсетуден әсте жалыққан емес. Жүрген ортасында даңқты еңбеккерге құрмет көрсетілетін.

Абырой-атақ сіңірген еңбекпен, төккен термен келетіні рас. Еңбекті сүйгенді ел сүйеді дегендей, Сәлима Жұмабекқызының ерен еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес, күн өткен сайын Еңбек еріне деген сағынышымыз бен құрметіміз арта бермек.

Гүлжанат КЕНЖАЛИЕВА,

№ 7 мектеп-лицейдің мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<