Болмысы батыр тұрпатты, әлемі әдемі ырғақты, еңселі ағалардың бірегейі Аюп Мырзабековті жұмыс орнынан таптық. Орнынан тұрып, «Қош келдіңіздер!» деп шуақты жүзбен қарсы алды. Ашық-жарқын әңгімелестік. Жетпіске жақындап қалса да, қимылы ширақ, ісі нық, баяғы сол мен көрген жас қалпында секілді. Жұмыс үстелі үстінде «Сыр бойы» газеттерінің нөмірлерін тігіп, сақтап қойыпты. Бірден оған зейін қоя қарағанымды байқаған ол: «Сыр бойы» газеті – менің рухани азығым. Оны анаа-ау мектептен бастап 57 жылдан бері оқып келемін. Оған тарихи әңгімелер, зерттеулер, тартымды материалдар шықса тігіп қоямын» деп Аюп ағамыз газет тігіндісін бір сипап қойды. Осы газет-журналдарды қолы қалт еткенде бір-бір көріп шығып, ой зеренінен өткізіп, өзінің жазып жүрген өмір күнделігін толықтырып қояды екен. Мұндай жанмен жүздескен қандай рахат!
Ол кісі өзіне өте сенімді, көңілі сергек. Пікірі ашық, шешімі де, кесімі де нақты, қимылы шапшаң. Іске келсе алымды, жұмыс десе жалынды, демеуге келсе қарымды, жаңашылдығы нанымды, нағыз бүгінгі өмірге сай. Жаны рухани байлыққа толы екені байқалады. «Әркім өз мамандығының ыңғайымен көзін тауып айналысса, елге қызмет етсе, жұмыстың да, табыстың да ажары мен базары кіреді» деді Аюп ағамыз сөз арасы. Бұл – өмір тәжірибесінен ағытқан сыры.
Туғаннан турасын айтатын қасиеті басқаға ұнай қоймайтынын білетін ол өзінің сүйікті ісімен айналысқанды көбірек ұнатады. Кейбіреулер секілді жоғары жақты жағалап жүруге жаны қас, оған баратын уақыты да жоқ. Өйткені, ол – істің адамы. «Қара дауылым» тірлікті жайпап, көңіліне жақпағанды шайқап тастайтын өр мінезді ғой. Қазақтың ұлы жазушысы Сәбит Мұқановқа, ақын Асқар Тоқмағамбетовтың 60 жылдық мерейтойында мойнына галстук тағып, екеуіне арнаған өлеңін оқығанда, зиялы көкелері «Келешекте үлкен азамат бол!» деп ақ бата берген балама… Олар тегін адамдар емес, біліп қойыңдар! Ертең осы балам үлкен басшы болмаса да, ел танитын азамат болады, көресіңдер!» деп масаттана айтатын жарықтық әжесі. Бұрынғы үлкен кісілердің ауызы дуалы, сөзі уәлі ғой. Әжесінің айтқаны тура келіп, өз жолын өмірден жаңылмай тапты. Бірнеше мекемеде басшылық қызметтер атқарды. Әлі де сол басшылық қызметте. Көңілі ақынжанды, сөзге де, шежіреге де, тарихқа да төгіліп тұр. Кеудесі қазынаға толы.
Орыс тілін білмейтін ауыл баласы жоғары оқу орнына түскенде басына орысша оқулықтарды жастап қойып жаттады. Онысы «бәленшенің баласы оқи алмай, оқудан шығып қалыпты» деген жаман атқа қалмау еді. Сол намысқа тырысқанның арқасында жоғары оқу орнын жақсы бітірді. Өзінің біліміне сүйеніп, ешкімнің көмегінсіз-ақ алған инженер-энергетик мамандығы бойынша жұмысқа да тұрды. Содан қатардан қалмай еңбек етіп келеді. Талай ауыл көшелеріне бағана орнатып, электр сымын тартып, басына шамын іліп, түнді жарыққа айналдырған сәттері әлі күнге дейін есінде. Өйткені алғаш еңбек жолын осылай бастаған.
Ұлы әл Фараби бабаның «Ізгілікті қоғамда барлық адам өнермен айналысу керек» деген ұлағатты сөзі – оның басты қағидасы. Осыны ұстанған жеке кәсіпкер Аюп Мырзабеков еңбекті жүрекпен сүйіп, оған төзіммен, тегеурінді мінезбен қызмет еткенді жақсы көреді. 2003 жылдан бері күні бүгінге дейін Тасбөгеттегі «Сельхозэнерго» ЖШС мекемесінің құрылтайшысы әрі директоры. Сонау 1984 жылдан бері өзі басқарған Сырдария аудандық ауыл шаруашылығын электрлендіру мекемесі бұл. Тоқырау кезеңі басталғанда осы «Сельхозэнерго» мекемесін ұстап қалу оңайға соқпады.
Ол уақытта алпауыт мекемелердің өзі қабырғасы қақырап, тірліктері шашырап, қаншама адам жұмыстан босап жатты. Оларға қарап өзінің жүрегі ауыратын. Енді өзі басқарып отырған мекемеге де ыдырау қаупі төнді. Оны сақтап қалу жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей іздене бастады. Ол үшін жаңаша кәсіп көзі қажет. Ойланып тұруға уақыт жоқ. Әрі-бері жүгіріп, ақыры жаңа істің көзін тапты. Онысы күйіп-жанып кеткен электродвигательдерді, генераторларды жаңадан орап, қайта қалпына келтіру жұмысы еді. Алдымен арнайы шикізат алу үшін Ресеймен байланыс орнатты. Байқап қараса, мұндай жұмыс көзі біздің облыс бойынша тіпті де жоқ екен. Міне, жаңашылдық деп осыны айт. Ол үшін арнайы жаңадан цех ашты. Оны жаңа технологиямен жабдықтады. Содан облыс аймағындағы өндіріс орындарымен ақырындап байланыс орнатты. Осылай мекеме жұмысы жәймендеп жүре бастады. Мекемедегі 15 адамды жұмыспен қамтуға жол ашты. Сөйтіп жүріп еңбеккерлердің алдын зейнетке шығарып, ақ батасын ала бастады.
Бүгінде өзі басқарып отырған «Сельхозэнерго» ЖШС облыс аумағындағы өндіріс орындарының 70 пайызымен келісім-шарт негізінде жұмыс жасайды. Іргелі де ірі мекемеге айналды. Жұмыс көзін арттырды. Көрсететін негізгі қызметтері – электр қондырғыларына техникалық қызмет көрсету, қайта ораудан өтіп жаңартылған электродвигательдерді, генераторларды іске қосу, ұңғыма насостарын күрделі жөндеуден өткізіп, өндіріске енгізу. Бұлардың бәрі – өте күрделі қызметтер. Өйткені әрбір двигательдің ішкі құрылысы, құрылымы ерекше келеді. Оларды қайта өңдеп, орап жатқанда бір жерінен жаңылсаң, еңбегің зая кетеді. Оның күрделігі осында. Мекемеде жоғары және арнаулы білімі бар адамдар еңбек етеді. Бүгінде оннан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Осы жылдар ішінде Аюп Мырзабеков Қызылорда қаласы мен Тасбөгет кентінің әлеуметтік дамуына белсене үлес қосып, күнкөрісі төмен отбасыларға қайырымдылық жасап, мүгедек балалардың іс-шараларына демеушілік көрсетіп келеді. Өйткені оны Алланың разылығы үшін жасайды. Осы еңбегі үшін 2016 жылы оны Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» қауымдастығы «Ел ардақтысы» медалімен марапаттады. 2018 жылы қаланың әлеуметтік дамуына қосқан зор үлесі үшін «Елеулі еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.
Бұл – адал еңбегінің, іскерлігінің, ізденісінің арқасында келген абырой. Оның азаматтығы болар, «мен ананы істедім, мынаны қырып тастадым» деп өмірінде біреуге мақтанып айтып көрмепті. Мірден сір айырғанды жаны жек көреді.
ҚР Энергетика министрлігінің «Құрметті энергетик» төсбелгісінің иегері, Аюп Мырзабековті алдағы Энергетиктер күнімен және жаңа жылмен тұспа-тұс келетін жетпіс жасымен құттықтай отырып, ізгілікті істен айнымай, биік белестен көріне беріңіз дейміз!
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,
Ақпарат саласының үздігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<