Кісіні ісінен таны

729

0

Биыл Алланың қолдауымен сексеннің сеңгіріне шығып отырған Молдабай ағамыз – сырт көзге қарағанда тұйық мінезді, көп тыңдап, аз сөйлейтін, мақтанудың ауылынан аулақ жүретін, жақсылыққа жаны құмар азамат.

Баяғының дала академиясында білім алған данагөй қариялары «Еліңде жақсы кім?» деп сұрайды екен. Ондайда «Жер төбесіз не төресіз болмайды» деген ұстанымға берік бабаларымыз елдің ұйытқысы, халықтың қалаулысы болып отырған тұлғаларын санамалап шығады. Мұндай сауалға қол қусырып, болмаса жер шұқып қалу елдікке сын. Сондықтан, біздің жұрт жау бетке білектесін, дау бетке білімдісін, жамандыққа жақсысын жұмсап, бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттырып отырған. Иә, осындай азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын кейінгі ұрпаққа үлгі, өскелең өрендерге өнеге ету дәстүрі үзілген емес. Сондықтан осындай азаматтардың бірі, бекзат болмысты ағамыздың бірегейі – Молдабай Ақниязов жайында ой бөліссем деймін.

Ол – елу жылдан астам еңбек еткен ұлағатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, КСРО кәсіптік білім беру үздігі. 1943 жылдың сәуір айында өмір есігін ашты. Балалық шақтың бал дәмін татар сәтте Ұлы Отан соғысы болып жатты. Тұтастай ұрпақтың балалық шағын ұрлаған соғыс Молдабай ағамызды да ерте есейтті. Жастайынан белі бүгіліп, ауылдың жұмысына жегілді. Десе де, білім алуға елге қалтқысыз қызмет көрсетуге деген ынтасы зор еді. Ерік-жігерінің арқасында 1963 жылы Жаңақазалы станциясындағы  №3 теміржол училищесінен дәріс алып, еңбек жолын №70 кәсіптік-техникалық училищесінде оқу өндіріс шебері, аға шебер болудан бастады. 

Білімге деген құштарлықтың арқасында Ақтөбедегі теміржол техникумынан, Алматы теміржол институтынан білім алды. 1975-1986 жылдары училище директоры, 1986-1999 жылдары кәсіптік-техникалық училище директоры болып, білім саласында басшылық қызмет атқарып, ұлағатты ұстаз атанды.

Ол басқарған ұжымның іс-тәжірибесін елімізге ғана емес, Кеңес одағына тарату үшін, кітапша, плакат ретінде басылып шыққан. Егемендік алған жылдары өндірістік оқу орнының жабылмауына Молдекең ағамыздың қосқан үлесін бүгінгілер жыр етіп айтып жүр. Кәсіптік-техникалық училищенің Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атануы да тектен-тек емес.

Көптеген өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандар жабылып жатқанда білім ошақтарын да сақтап қалу қиынға түсті. Молдабай аға Ақниязовтың орасан еңбегі мен ұтымды ізденісі арқасында өндірістік оқу орны жабылмай, қайта жаңаша қалыптасуына жол ашылды. Осы еңбегінің арқасында оның есімі «Қазақстанның зиялы азаматы» атты кітапқа енгізіліп, өмірдерегі берілді.

Атақты ғұлама әл Фараби өз трактатында «Ұстаз – тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында сақтайтын, алғыр да зерек ақыл иесі, ар-намысын ардақтайтын, әділ, жұртқа жақсы өнеге көрсететін тұлға» деп жазған. Өмірдің қиындықтарына шыңдалған, тәжірибе жинақтаған, болмысынан ұстаз Молдабай ағамыздың бойынан осындай қасиеттер молынан табылады.

Ол бойында парасат, ыждағат, тазалық мекендеген адам. Жастардың санасына қиындыққа мойымауды, тек қана еңбек етуді, еңбектің адамды өсіретінін құя білген ұлағатты ұстаз. Адалдығымен, ар-ождан тазалығымен елге үлгі болған абзал азамат. Барынша қайырымды, қарапайым, қанағатшыл адам.

Жүсіп Баласағұн бабамыздың «Кісі танымақ болсаң, ісіне қара» деген даналық сөзі бар. Қызметтегі жетістіктері оның іскерлігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасы екені даусыз.

Молдекең саналы өмірін игілікті де ізгілікті іс атқарумен мәнді өткізіп келеді. Іскерлігі, қоғам алдындағы жауапкершілігі, бәрімізге үлгі-өнеге. Халыққа қызмет етіп, құрметке бөлену – үлкен абырой. Түсінген адамға бұдан артық нәрсе жоқ. Әркім мұны жан-тәнімен түсініп, тер төгіп еңбек ете білсе еліміздің еңсесі биік, босағасы берік болары анық.

Молдабай Ақниязов – үлгілі отбасының отағасы. Құдай қосқан қосағы Іңкәр жеңгемізбен тату-тәтті отбасын құрып, өнегелі де өркенді әулетке айналған. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған.

Тәлім-тәрбие, білім алған мыңдаған шәкірттері теміржол және басқа салаларда, республиканың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек атқарып жүр.

Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,  

философия ғылымдарының докторы,

Қазалы ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<