Қазақстан ғылымының негізін салушы Қаныш Сәтбаев 1946 жылы Англияда Черчилльдің қабылдауында болғанда: «Шынымен қазақтың бәрі сен сияқты биік, қайратты ма?» деп сұрапты. Сол кезде ол «Жоқ. Менің халқым менен әлдеқайда биік» деп жауап берген. Бұлай деп Қаныш сияқты ұлы, дана адам ғана жауап бере алады.
Қаныш Имантайұлы – геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик. Павлодар облысының Баянауыл өлкесінде дүниеге келген. Шын есімі – Ғабдулғани. Оның туған жерінде Қанышқа арналған музей жұмыс жасап тұр.
Сол кездегі КСРО Геология және жер қойнауын қорғау министрі П.Антроповтың естеліктерінен: «…Ол қайтыс болардан бір күн бұрын біз оған министр Е.Славскиймен бірге бардық, ол да үлкен досы және серігі болды. Қ.Сәтбаев өте әлсіз еді, бірақ өмірге деген сенім оны бір минутқа қалдырмады. Ол Отанымыздың нағыз патриоты және үлкен ғалым ретінде өз елінің жер қойнауы, Маңғышлақ түбегіндегі мұнай кен орындары және Қазақстанның басқа да минералдық-шикізат байлығы туралы шабыттанып, терең және идеялық әңгіме жүргізді» дейді. Сын сағатында да сынбаған ұлылардың өмірі мен өлімінің өзі өнеге ғой.
Бұл мақалада Қаныштың ғылымдағы еңбегінен бөлек, ұлтжандылығын, соғыс кезіндегі сіңірген еңбегін де айта кеткенді жөн көріп отырмыз.
1941 жылы Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің 2-хатшысы Ж.Шаяхметовтің бастамасымен Қаныш Сәтбаев Алматыға жұмысқа ауыстырылды. Ол Геология ғылымдары институтының директоры және КСРО Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының президиумы төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Соғыс басталған соң көп ұзамай, 1941 жылдың тамызында неміс армиясы Кеңес Одағындағы негізгі марганец кен орны «Никопольді» басып алды. Сол жылдың қараша айының соңында «Никопольден» кейінгі маңыздылығы бойынша екінші орында тұрған «Чиатурск» кен орнына баратын теміржол да неміс басқыншылары қолына өтті. Бұл КСРО-да марганец өндiрудi iс жүзiнде толық тоқтатты, өйткенi екi кен орны Кеңес Одағының марганец кенiнiң 91,6 пайызын беріп тұрған. Аталған металл мықтылығымен соғыс кезінде өте бағалы еді, танкілер құрсауы осы металдан сауытталатын.
Оны естіген Сталин ашуға мініп, қандай жағдай болмасын, марганец табу керегін тапсырды. «Сіздер түсінесіздер ме, бұл нені білдіретінін? Марганецсіз біз танктерге бронь жасай алмаймыз, неміс техникасына қарсы тұра алмаймыз, бұл жалпы жеңілісті білдіреді» деп жұмысты жеке өзі бақылауға алды.
Осылайша жаңа марганец кен орындарын іздеу мәселесі туындады. Проблеманы шешу үшін Сталин арнайы тапсырма берді. Әрине, ол металл кенін іздеу Қаныш Сәтбаевқа бұйырды. Ол марганец кенінің көріністерін алғаш 1928 жылы Жезқазған облысында көрген еді. Осыны еске алып, марганецтің бар-жоғын зерттеу мақсатында геологиялық барлау тобын ұйымдастырды. Алдын ала есептеулер қысқа мерзімде жасалып, қара металлургия наркоматына жіберілді.
1941 жылдың күзінде Жездіге қара металлургия халық комиссары И.Тевосянның тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған комиссия келді. Қаныш Имантайұлы денсаулығына байланысты комиссия жұмысына қатыса алмай қалады. Бірнеше күн ішінде жергілікті жерді зерттеген комиссия «Жездіде марганец бар, бірақ оның қорын жете барлау керек, ал мәлімделген қор жеткіліксіз материалға негізделген» деген қорытындыға келеді. Соған қарамастан Сәтбаев кенішті ашу туралы мәселені Қазақстан КП(б) ОК-не қайта көтеруге қол жеткізеді. Қазақстан басшылығы ұсыныстың дұрыстығын мойындайды. Ол шешімінен қайтпай, өз кезегінде елдегі марганец тапшылығын ескере отырып, Жездіде кеніш салуды және Орал зауыттарын шикізатпен қамтамасыз етуді тапсырады. Тапсырма қырық күн ішінде орындалады және 1942 жылы 12 маусымда «Жезді» кеніші марганец бере бастады. Бұл күн кеніштің ресми туған күні болып саналады. 1943 жылға қарай кеніш елдің 70,9 пайыз марганец кенін берді. Бұл Қаныштың үлкен ерлігі еді.
1942 жылы ол 15 жыл ішіндегі зерттеулерінің нәтижелерін қорытындылап, сол жылы «Жезқазған ауданының кен орындары» монографиясы үшін оған Сталиндік сыйлық беріледі. Сонымен қатар ол кезде қырықтан астам ғылыми еңбегін жариялаған болатын. Көп жылдық жұмыстардың жиынтығы бойынша 1942 жылғы 17 тамызда Жоғары аттестациялық комиссия геология-минералогия ғылымдарының докторы дәрежесін берді.
1943 жылдың жазында КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды және КСРО ҚазҒАФ төралқасының төрағасы болып бекітілді. Сол 1943 жылы өзінің шәкірттерінің бірі, жас инженер Ш.Чокинді энергетиканың ұйымдастырылған секторының меңгерушісі қызметіне шақырады. Кейіннен Чокин (Шөкин) Қаныш Имантайұлының ғылымдағы жақын серіктерінің бірі әрі ірі ғалым болып қалыптасады. Өзінің «Өмірдің төрт уақыты» атты естелігінде ол былай деп еске алды: «Қаныш Имантайұлы – мен үшін ғылымға деген құлшыныстың үлгісі, өз халқым үшін қалай өмір сүру керектігінің үлгісі. Мен оның жеңіл қолымен ғылымға кеттім, оны тағдыр сыйы деп санаймын».
Сол жылы Сәтбаев Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының кеңесімен Коммунистік партия қатарына кіру туралы өтініш береді. Ол мұны Жезқазғанда жасағысы келген, бірақ оны бидің тұқымынан екенін естігенде жоғары басшы қарсылық білдіреді. Бірақ бұл жолы, 1944 жылы, оған ВКП(б) мүшесінің билеті берілді. Сол жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің төралқасы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағын берді.
1945 жылы КСРО ҚазҒАФ-ның қарқынды дамуын ескере отырып, оның басшысы Сәтбаев екінші «Ленин» орденімен марапатталды. Сондай-ақ ол соғыс жылдарындағы еңбегі мен қажетті ресурстарды жұмылдырғаны үшін 2-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.
Қаныш Имантайұлының өмір жолы осылай жайлы өте берген жоқ, көреалмаушылар да табылды.
Ғылым академиясы мен оның басшысы Сәтбаевтың артынан шам ұстап түсушілер шыға бастады. 1946 жылдың соңында ҚазКСР ҒА Тіл және әдебиет институтының қызметін тексеру үшін Қазақстан КП ОК-нен комиссия ұйымдастырылды. Комиссия институттың көптеген қайраткерлерінің шығармашылығын бағалауда өрескел саяси қателіктерге жол берілгені және ұлтшылдық сипаттағы бұрмалаушылықтар туралы қаулы қабылдады. Бұдан әрі қаулыда былай деп жазылған: «…бұл Қазақ КСР Ғылым академиясының басшылығы кадрларды іріктеудің большевиктік принципін бұзғандықтан, нәтижесінде институтта әлеуметтік жағынан жат және кездейсоқ адамдар көп болып шықты. ҚазКСР Ғылым академиясының президиумы Қоғамдық ғылымдар бөліміне, атап айтқанда Тіл және әдебиет институтына тиісті басшылықты қамтамасыз етпеді, т.б.»
Одан кейінгі жылдары да Ғылым академиясы комиссиялар мен тексерулердің үлкен ағынын бастан кешірді. Сондай-ақ, академия ірі тексерістерге ұшырады.
1949 жылдың қыркүйегінде Қазақ КСР КП(б) ОК насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы Я.Гончарок Г.Маленковқа хат жолдап, Сәтбаев пен Қазақ КСР Ғылым академиясының атына мынадай айып тағады:
«Академияда жүзден астам бұрынғы байлар, алашордашылар, олардың туыстары, ақгвардияшылар және бұрын контрреволюциялық қылмыстары үшін сотталғандар болған, бұл академия қызметкерлерінің жалпы құрамының 13 пайызын құрайды»;
– Туысқандық және Сәтбаевтың туысқандарын академиясына орналастыру. Академияда жұмыс істейтіндердің арасында Сәтбаевтың 4 күйеу баласы, балалары, жиендері, бір ауылдықтар және басқа да туыстары бар;
– Академияда «жалған лауазымдар» құру қолға алынған;
– Кейбір диссертацияларды қорғау сапасының төмендігі, ғылыми дәреже іздеушілердің талаптары айқын төмендетілген, өйткені академияның басшы қызметкерлерінде қорғанысы бар.
Міне, бұл академияға ғана емес, Қаныш Имантайұлына да тиісудің бір себебі болды.
1951 жылы ғалымдар Х.Жұмалиев, Е.Исмаилов, жазушы М.Әуезов және композитор А.Жұбанов ұлтшылдыққа айыпталды. Қаныш Сәтбаевқа бұл адамдарды жұмыстан шығару қажеттігі туралы айтылғанда Сәтбаев: «Міне, менің жауабым: қалай болғанда да мен оларды басқарып отырғанымда маған сеніп тапсырылған ғылыми мекемелердің ешқайсысында осындай негізсіз тазартуға келісім бермеймін» деді. Сол 1951 жылы Қаныш Сәтбаевтың өзі де қатты сынға ұшырады. Оған партияға кіру кезінде әлеуметтік шығу тегін жасырған, ұлтшылдарды қамқорлыққа алған және 1917 жылы «Алашорда» партиясының үгітшісі болғанын жасырған деген айып тағылған. Содан кейін Қазақстан КП ОК Бюросы 1951 жылғы 23 қарашадағы шешімімен оны Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті және төралқа мүшесі қызметінен алып тастады.
Сәтбаев қызметінен босатылғаннан кейін одақтық академияның президенті А.Несмеянов оған КСРО ҒА Орал бөлімшесінің төрағасы қызметін атқаруды ұсынды. Алайда бас тартып, Геология ғылымдары институтының директоры лауазымына Алматыда қалуды жөн көрді.
Көп ұзамай Сәтбаевтың бұл қызметінен босатылуы да мүмкін еді. Оның басшылық стиліне сын айтылды. Наразылық білдірген адамдар жоғары инстанцияларға шағым жазып, соның салдарынан институтқа түрлі комиссиялар мен тексерістер бара бастады. Тек КСРО ҒА басшылығының қолдауы арқасында директор лауазымы сақталды.
Институтта жүріп ол өзінің 1942 жылғы идеясын жүзеге асыруға бел буды. Бұл геологиялық институтта Орталық Қазақстанның пайдалы қазбаларының металлогендік болжам карталарын жасау идеясы еді. 1952 жылы геологтар тобын жинап, жүзеге асыруға кірісті. Топ құрамына Р.Борукаев, И.Бок, Г.Медоев, Г.Шерба, Д.Казанли, И.Новохатский және Г.Жилинский кірді. Бір жыл бұрын, 1951 жылы осы саладағы зерттеулерді ВСЕГЕИ (Бүкілресейлік геология институты) ұжымы бастады.
Менің ойымша, осы карталарды іздестіру керек сияқты. Ұлтжанды Қаныш Имантайұлының келешек ұрпаққа қалдырған кен орындарының картасы болуы әбден мүмкін. Ол жасаған карталардың бәрінде барлық кен орындары көрсетілмеуі де мүмкін ғой. Келешегін ойлайтын дана кісі ғой. Өйткені бір деректерде жерасты қазба байлығының картасы жасалған кезде Қаныш Сәтбаев төрт-бес ірі кенішті картаға кіргізбейді. «Бұл қалай?» деген орыс ғалымдарына: «Ондағы рудалар өте тереңде жатыр қаржыны да, техниканы да көп қажет етеді. Сондықтан бұл жерлерді картаға кіргізуге әлі ерте» дейді. Ал өзімен сырлас, сыртқа сыр шашпайтын достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға әдейі жасырып алып қалғанын, кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар деген ниетте картада белгілемегенін айтқан екен.
Ғылыми зерттеулердің бірінші жылында Сәтбаевтың басшылығымен ғалым-геологтар тобы бұрынғыдан өзгеше «Кен орындарын формациялық металлогендік талдау мен болжаудың кешенді әдісін» әзірлейді, ол кейіннен КСРО-да кешенді металлогендік зерттеулер үшін негіз болды. 1953 жылы олар болжамды картаның жұмыс макеттерін жасады. Сондай-ақ зерттеулер, әзірлемелермен қатар, Алматыда жүйелі түрде ғылыми конференциялар өткізіліп, онда қол жеткізілген нәтижелер мен одан арғы іс-қимылдар жоспарлары талқыланды. 1954 жылы қорытынды конференция өтті, оның нәтижелері бойынша болжамды карта өндірістік жағдайларда тексеруге ұсынылды. ҚазКСР ҒМ Геология ғылымдары институтынан кейiн Бүкiлресейлік геология институты ұжымы карта жасау жөнiндегi жұмысын аяқтайды.
Келесі төрт жыл ішінде, 1954-1958 жылдар аралығында карталар дәлдігі мен сапасы тексерілді, бұл тақырыпта ғылыми даулар жүргізілді. Түпкілікті қорытындылар 1958 жылғы желтоқсанда жасалды. ҚазКСР ҒМ Геологиялық ғылымдар институты әзірлеген болжамды карта неғұрлым дәл деп танылды. Осыған байланысты Қаныш Сәтбаев бастаған геологтар тобына Ленин сыйлығы берілді.
Сәтбаевтың геология саласындағы ең маңызды ерлігінің бірі С.Яговкин, В.Котульский, А.Гапеев және т.б. сияқты бірқатар ірі мамандардың онымен келіспеуіне қарамастан, Жезқазған ауданын зерттеуді жалғастырды, 1930 жылдары «Ұлытау-Жезқазған» мыс кен орны табылған кезде болжамды қорлар бойынша әлемдегі ең ірі болып саналатын. Тағы бір еңбегі, оның тапсырмасы бойынша және басшылығымен 40-жылдары Қазақстанда марганец рудаларының «Жезді» кен орны ашылып, соғыс жылдарында Кеңес Одағында украиналық «Никополь» мен Грузиядағы «Чиатурск» кен орнының жойылуына қарамастан, бронды болат шығарыла берді. Соғыс жылдарында КСРО-ның 70,9 пайыз марганец кені осы «Жезді» кен орнынан алынды. Қазақстанның марганеці болмағанда, бұл кен орындары табылмағанда жеңістің болу-болмауы екіталай еді.
Қаныш Имантайұлының тарихи мұрамызда да қалдырған ізі бар. Ол 1935 жылы Жезқазған облысын зерттеп жүрген кезінде Ақсақ Темірдің 1391 жылы қазақ даласына жасаған жорығында қалдырған жазуы бар тасты тапқан. 1936 жылдың күзінде бұл тас Эрмитажға жөнелтілді. Бұны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ол тас қазір қайда екен?
1919-1924 жылдар аралығында алгебра бойынша оқулық жазды. Бұл еңбек қазақ тіліндегі алгебра бойынша алғашқы мектеп оқулығы ретінде тарихқа енді.
Қаныш Сәтбаевтың еңбегіне қазақстандық ғылымның дамуына айтарлықтай әсер еткен бірқатар ғылыми кадрларды тәрбиелегені де жатады. Чокиннен басқа Қаныш Сәтбаев академик Ә.Марғұланды ғылымға әкелді. Әлкей Хақанұлы кейіннен ірі ғалым-археолог және қазақстандық археология ғылымының негізін қалаушы болды. Геолог Ш.Есеновтің дарынын байқап, кейіннен оны Қазақ КСР геология министрі қызметіне тағайындауға ықпал етті. Сондай-ақ Е.Бөкетовті ғылымға алып келіп, оны 1960 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтының директоры етіп тағайындады.
Қаныш Сәтбаев ғылыми зерттеулер мен кадрларды тәрбиелеуден басқа, Қазақстан ғылымының ірі ұйымдастырушысы ретінде танымал болды.
Соғыс кезінде қауіпсіздік мақсатында КСРО ҒА Төралқасы ғылымның түрлі салаларының көптеген ғалымдарымен бірге Алматыға көшірілді. Қаныш Сәтбаев осы мүмкіндікті пайдаланып, эвакуацияланған ғалымдарды ҚазҒАФ-ның ғылыми қызметіне тартты. Нәтижесінде филиал қысқа мерзім ішінде ірі ғылыми орталыққа айналды. 1941 жылы КСРО ҒА Қазақ филиалы төралқасының міндетін атқарушы болып тағайындалған кезде ҚазҒА филиалы 100 ғылыми қызметкерден тұрды, олардың 14-і – ғылым кандидаты, үшеуі – доктор. Алайда 1945 жылға қарай КСРО ҚазҒА филиалында 500 ғылыми қызметкер болды, олардың ішінде 18 ғылым докторы және 44 кандидат. Сәтбаев КСРО ҚазҒА филиалы басшысы қызметіне тағайындалғаннан кейін бес жыл өткен соң, 1946 жылы ұсақ филиал Қазақ КСР Ғылым академиясы болды. 1964 жылы ҚазКСР ҒА КСРО-дағы ең ірі республикалық академиялардың біріне айналды.
Сәтбаев басқарған Геология ғылымдары институты 1941-1964 жылдары ҚазКСР геология ғылымдарын дамыту орталығына айналды. Ұлы Отан соғысының соңында, институт елдегі геологиялық бейіндегі ірі ғылыми ұйымдардың бірі еді.
Қазір де Қазақстан минералды ресурстар мамандарының мәліметі бойынша, марганецтің қоры жөнінен әлемде екінші орында. Қазақстанда марганецтің 11 ірі кен орны бар, Орталық Қазақстанда шоғырланған. Сонымен қатар Ұлытау, Сарыарқа, Қаратау, Маңғыстау тауларында да кездеседі.
Марганецтің арқасында ерекше қасиеттерге ие болатын қорытпалардың бірнеше түрі бар. Мысалы, Хэдфилд болаты соншалықты берік және тозуға төзімді, ол экскаватор бөлшектерін, тас өңдеу машиналарын, ұсақтағыштарды, шарикті диірмендерді және сауыт бөлшектерін балқыту үшін қолданылады.
Ғалымдардың мәліметінше, адамның марганецке тәуліктік қажеттілігі 3-5 мг құрайды. Бұл элементтің жетіспеушілігі жүйке жүйесінің депрессиясына, ұйқының бұзылуына және мазасыздыққа, бас айналуға әкеледі. Сонымен қатар оның рөлі әлі толық зерттелмеген, бірақ ол, ең алдымен, жыныс бездерінің белсенділігіне, гормондардың жұмысына, қан түзілуіне әсер ететіні анық.
Бұл элемент барлық өсімдіктерде, жануарларда, адам организмінде де кездеседі, бұл оның маңызды биологиялық рөлін дәлелдейді.
Марганец кендері – экономика мен өнеркәсіп үшін маңызды минералдар, көптеген пайдалы қазбалардың көзі.
Осы марганец кен орындарының барлануы мен ашылуына Қаныш Имантайұлының еңбегі орасан зор болғанын жас ұрпақ біліп жүрсе екен.
Оразхан АЙДАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы,
география ғылымдарының кандидаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<