Өмір өтті осылай

436

0

Өмір философиясының ғасырлар бойы бізге жеткен бұзылмайтын қағидасына сүйенсек, ақылды кісі өз тағдырын өзі жасайтын көрінеді. Себебі ол өзгенің көре алмайтын, байқай алмайтын түйткілдерін ерекше сезіне біледі. Ежелгі ақылмандардың бірі: «Бұрынғының жеті данасымен салыстырғанда бүгінгінің бір данышпанынан көп нәрсе талап етіледі» депті.

Рас сөз. Ақылға, пайымға салсаң барлығы орынды секілді. Кейде осы орайда көп нәрсені ой елегінен, сана сүзгісінен өткізіп таразылағанда менің пайымдауымда еріксіз еске оралатын жайттар көп. Демек, біз бүгінгі ұрпақ қазіргі тілмен айтқанда бұрынғы адамдарға қарағанда ел үшін тындырған ізгі істеріміз тым аздау сияқты болып көрінеді де тұрады.

Өзім құрметтеп, қадір тұтқан, есімі кезінде облысты былай қойғанда республикаға мәшһүр болған Әбдірәш Іскендіров ағамыздың адами болмысы, рухани деңгейі мен келбеті, ел жұртымен, өз дәуіріндегі шен-шекпенділермен қарым-қатынасы туралы айтқанда халықтық мүдде жолында атқарған тындырымды істері уақыт өткен сайын қара түнекке түскен сәуле сияқты жарқырай түсетін тәрізді. Бұл енді біздің ағамыздың болмысына деген бүгінгі сағыныш сезімі еді.

Ол кісінің жастық шағы сұрапыл заманға да келді. Бұл қанша өкінішпен айтсақ та біздің кешегі тарихымыз. Әкесі Қожабайұлы Іскендір кезінде медресе, мешіт ұстаған кісі болыпты. Ислам діні үшін халықтың сауатын ашып, ел ертеңін болжап, пайымдаған, мешіт ұстаған аса танымал тұлға Қожабай ахунның тікелей ұрпағы. Сыр өңіріне белгілі ұстаз, мыңдаған шәкірт дайындаған сол кісінің шаңырағында 1919 жылы Әбдірәш ағамыз дүниеге келіпті. Аласапыран заманда қуғынға ұшыраған Қожабайұлы Іскендір 1937 жылы репрессияға ұшырады. Ақыры сол жүйенің қатаң үкіміне тап болып қаза тапты. Шынын айтқанда, бұл бүкіл әулеттің, әсіресе жаңа өркен жайып келе жатқан жас жігіттің сағын сындыратындай жағдай еді. Ағамыз тағдырдың осынау ауыр сынағына жасынан жігерлі қасиетін қарсы қойды. 1936 жылы орта мектепті бітірген соң, қаржы қызметкерлерін дайындайтын курсқа түседі. «Жаңа тілек» ұжымшарында есепші болып еңбек жолын бастаған жас жігіт артынша Қармақшы аудандық мемлекеттік банкінде қызмет жасады.

Сұрапыл заманның қасіреті қайта жалғасты. Қызыл әскер қатарына шақырылған жасөспірім көп ұзамай екінші дүниежүзілік соғыстың алапат қырғынына қатысты. Өмірлік хронологиялық тізбекті қысқаша түйіндейтін болсақ, 1941 жылдың тамызынан 1946 жылдың шілде айына дейін майданда бөлімше командирі, взвод командирі, соғыстың соңғы сәтіне дейін Ленинград, Прибалтика майданының артиллерия полкінде қатардағы жауынгерден орта буын командирлікке дейін өсті.

Тарих бізге мынадай таңғажайып фактілерді алға тартар еді. Гитлерлік басқыншылар Ленинградты түбірімен жойып жіберуге бар күш-жігерін салды. Өлгені, аштан қырылғаны бар Ленинград құрсауында 3 млн-нан астам бейбіт тұрғын қаза тапты. Әбдірәш аға осы қырғынды өз көзімен көрді.Тағдыр деген қызық, кейінгісін еске алудың өзі қиын. Соғыстың соңында бөлімше командирі Кенигсберг қырғынына қатысты. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі», демекші немістер осы қамалды бермеудің амалын қарастырып, ешқандай шығынмен санаспаған болатын. Егер соғысқа аттанған әрбір қазақтың екіншісі бейбіт өмірге қайтып оралмаса, төрт рет ауыр жараланған Әбдірәш аға елге аман-сау оралды. Бұл әкенің қасіреті үшін оған деген тағдырдың бір қарасуы шығар деп пайымдауға да болар еді.

Елге оралған ол үйреншікті мамандығымен қызметіне қайта кірісті.Білімін жетілдірді, әртүрлі ұжымшарларды басқарды, Қармақшы, Сырдария, Арал аудандық тұтынушылар одағының басқарма төрағасы, «Аралсульфат» ОРС-нің бастығы қызметтерін атқарды. 1962 жылы облыстық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасарлығына сайланды. 1964 жылы Мәскеу қаласындағы сауда институтын сырттай бітіріп, жоғары қаржыгерлік мамандығын алды. Сол уақыттағы өлшеммен алғанда ол кісінің еңбекке деген құлшынысы, білімі, тәжірибесі ескеріліп 1968 жылы облыстық партия комитеті бюросының шешімімен облыстық тұтынушылар одағы басқарма төрағалығына сайланды. Міне, осы сәттен саланы 16 жыл басқарды.

Кеңестік жүйенің бір ерекшелігі, кадр тағайындау кезінде іскерлік қасиет айрықша ескеріледі. Қазақша ұғымға салсаңыз «бақыт құсы» бар дегеніміз рас, бірақ, оны ұстап тұру екінің бірінің пешенесіне бұйыра бермейді. Бұны өмір әлдеқашан дәлелдеп кеткен. Ұзақ жыл қызмет атқарған бір шенеунік «билік теңіздің суы сияқты, іше сала қайта ішкің келеді» деген көрінеді. Оның апиын сияқты «қасиеті» бар екенін айтқан ғой шамасы. «Елді билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын, жағдайы келгенде бақ көтеріп таққа отыру бола береді. Бірақ соның буымен өзін-өзі ұстай алмай, абыройсыздыққа қалып жатқандар көп», депті ұлы Абай. «Ақырын жүрсең сорың сені қуып жетеді, жылдам жүрсең сені сорың басып озады» депті тағы бір қазақтың дүлділ ақыны Мұқағали. Менің пайымдауымда Әбекең өмірдің осы қағидасын санасына берік кұйып алған сыңайлы. Ол кісінің ұстанымы сабырлылық, байламы ақылдылық еді. Үлкен қызметте жүріп жан-жағын терең ойластырып, мың өлшеп бір тоқтамға келу ұстанымы оны тағы да алға жетеледі. Әсіресе әңгіме шуы көп саудада бұл қасиет аса керек екенін жақсы түсінді. Кадрға деген жауапкершілігі беделін арттыра түсті, оған деген ұжымының құрметін өсірді. Әбекеңнің тағайындаған кадрларының облыста кешегі күнге дейін жемісті қызмет атқаруы осының дәлелі болса керек-ті.

Қызмет бір сәт босаңсуды қаламайды. Тынымсыз еңбек нәтижесінде 1983 жылы облыстық тұтынушылар одағына кеңестік орталық одақтың ауыспалы Қызыл туы берілді. Шалғайдағы аграрлық сипаттағы облыс үшін бүгінгі тілмен айтқанда империяның ең жоғары наградасы болатын. Ағаның іскерлік қимылы нәтижесінде облыстың кооперативтік құрылымдарының материалдық-техникалық базасы нығайды. Сауда саласына өз бастамасымен қызмет етудің озық үлгілері енгізілді. Бұл сатып алушының өзіне-өзі қызмет көрсету тәсілі болатын. Нәтижеде тұтынушылар қатары күрт өсті. Аймақтағы 700-ге жуық дүкен халық сұранысына сай қызмет жасады.

Қызылорда қаласында, барлық ауданда наубайхана, кондитер, сусын цехтары ашылды. Консерві жасау, қауыннан қақ тілу, құрт-ірімшік жасау цехтары ашылды. Бүгінгі ұғыммен салыстырғанда осының барлығы тынымсыз еңбек, сондай-ақ сол дәуірдің ұғымына жат қазіргі нарықтық қатынастардың белгісі болатын. Демек, білімнің, іске деген жанашырлықтың белгісі еді. Қызметте сауысқандай сақтықпен, әр жасаған қадамыңды аңдап басып ұзақ отыра беруге болады. Себебі кеңестік дәуірдің экономикалық қылмысқа қатысты заң талаптары өте қатаң еді. Қазақ мұндайды «атқа мінгенің – ажалға мінгенің» деп орынды теңеумен салыстырған. Осындай өткелектен аман өту екінің біріне бұйыра бермейді. Оның үстіне халық арасында сауда шенеуніктерін, қызметкерлерін жақтыра бермейтін тағы бір ұғым бар. Біздіңше, Әбекең осындай мың сан кедергілерден ақылымен бірге байсалды ұстанымы арқылы өткен өз заманының бірегей тұлғасы болды.

Өмір бір орнында тұрмайды. Оның әрекеті – алға жылжу. 1968-1984 жылдар аралығында Әбекеңнің жетекшілігімен облыстың барлық аудандарында ірі сауда орталықтары – универмагтар салынды. Бүгінгі нарықтың мазмұнына сәйкес келетін шешімдер қабылданды. Соның бірі Тасбөгет төңірегінде «Ауыл» рестораны ашылды. Кешеннің кереметтігі сондай, табиғи жағынан көрікті жерлерге орналасқан. Бұл жерде облысқа келген үлкен қонақтарды қабылдауға болатын еді. Осының бір дәлелі ретінде 1993 жылы Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей басшылары Арал теңізін сақтап қалу мақсатында Қызылордада келелі кеңес өткізіп, осы жерде тамақтанғанын мақтанышпен айтуға болады.

Біз кейде өткен дәуірге шалағайлау, пісіп-жетілмеген ой-тұжырыммен баға беріп жатамыз. Иә, әр дәуірдің өз пендесі, өз шындығы, сондай-ақ өз жалғандығы бар. Мұны енді өмір дейді. Бірақ бір ақиқат бар. Ешкім өз өмір сүрген дәуірінің шындығынан алыс кете алмайды. Бұрынғылар «қоғамына қарай адамы, заманына қарай амалы», деген. Ұлы Абайдың «Атымды адам қойған соң қайтып надан болайын» дегенінде үлкен мән жатыр. Уақыт өз заманына қарай өзгеріп отырады. Осы орайда Әбдірәш ағам өз дәуіріне сай абыройлы қызмет атқарды. Адам болған соң өз ойы, пікірі, ұстанымы, соған сәйкес пендешілік кемшіліктері болатынын жасырғымыз келмейді. Атақты Лев Толстой «Өз ойымен өмір сүріп, өзгенің орнына өзін қоя білген адам – жақсы адам» деген екен. Сол сияқты менің ағам да осы ұстаныммен өмір сүрді. Жай ғана өмір сүрген жоқ, татымды, мағыналы өмір сүрді деп ойлаймын.

«Ұлыны ұлы тұт, кемімейсің, үлкенді үлгі тұт, ірілейсің» депті Шәкәрім атамыз. Ағамыз осы ұстанымды өзіне серік етті. Өзіне құрметті сұрап алмады, іскерлігімен, жанашырлығымен өзгені өзін сыйлауға мәжбүр етті.

Біз ағаны сол үшін құрметтедік.

Әбекеңнің өмірінде көңілге сәл де болса демеу болатындай жағдайдың орын алуы бауыры Ибрагимнің тағдырына қатысты еді. Ол 1942 жылы соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кетті. Айбарша анасы ұлын күтумен, іздеумен арманына жете алмай өмірден озды. Арада 70 жыл өткенде Ибрагим Іскендіровтың дерегі табылып, оның Полтава облысында жерленгені айқындалды. Хабарды ести сала бауырлары Украинаға барып, оның қабіріне тағзым етті.

Соғыста және бейбіт өмірдегі ерен ерліктері үшін Ә.Іскендіров «Еңбек Қызыл Ту», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, 2 рет «Ерен еңбегі үшін», «Ленинградты азат еткені үшін» және «Германиядағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталған. Әбекең 2001 жылы 82 жасында дүниеден озды. Облыстық, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің, облыстық комитетінің мүшесі, өкілетті органдарының бірнеше мәрте депутаты болып сайлануы оның қызмет деңгейінің қаншалықты жемісті болғанын айғақтайды.

Қазақта «адам ұрпағымен мың жасайды» деген ұлағатты сөз бар. Осы теңеудің бағамымен алатын болсақ, ағаның бүгінгі ұрпақтары бір қауым елге айналды. Әбдірәш аға жұбайы Нағимамен 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Әбекең ағамыз бауырмал еді. Үлкейіп зейнетке шыққаннан кейін соңынан ерген туыстары, бауырлары Қызылордада Әбжан Айсаутов ағамен, Амангелді Әбзалиевпен, менімен көп араласты. Өзінің жас кезіндегі, соғыстағы, кейінгі кездердегі болған жағдайларды еске алып отыратын.

Өмірді тау өзенінің екпініне теңесең оның ағысы қатты, бұлтарысы, қалтарысы көп, игере алмасаң басың тасқа соғып жаралы боласың немесе әрі кеткенде жағаға қарай ысырып тастайды. Осы ой байламы тұрғысынан келгенде Әбекеңнің бүгінгі ұрпағы өз тағдырына қанағат сезімімен қарайды.

Ағайынмен, дос-жаранмен, құда-жекжатпен қуаныштарын бөлісіп шат-шадыман өмір сүріп жатқан жағдайлары бар.

Бұл – енді Әбдірәш Іскендіров ағамыздың бақытты ұрпақтары.

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,

ҚР Ғылым академиясының академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<