Онүшінші кандидат тіркелмегенде…

375

0

Саңылау

Менің ойыма 1989 жылғы, әлі орнында тұрған одақтық сайлаудың түсе кеткені!.. М.С.Горбачевтің қайта құру кезі. Сол «қоғамды қайта құруы» мен демократиясы арқасында депутаттыққа балама кандидаттар ұсыну тәртібі енгізілді. Бірақ бұрынғы үрдіспен облыста «құпия» тапсырмаға сәйкес одақтық  депутаттыққа «Жалағаш» ауданынан жүгерішілер бригадирі Айнаш Балғабаеваның есімі аталады. Десе де демократияның мән-мәнісін білетіндер үшін бұл ыңғайы келген саңылау-мүмкіндік еді. Сондықтан олар бәйге додасына лап қойды. Өздерінің кандидатурасын өздері ұсынып, өздерін өздері аспандатып, мақтай жөнелді…

Жедел хат

Ал осы 1989 жылдың сәуір айында, Қызылорда облыстық аурухананың бас дәрігері Тұрғанбай Маханов Екатеринбург қаласында өтіп жатқан Бүкілодақтық дәрігерлер кеңесінде жүрген-ді. Артынан жедел хат барады. Онда «Сіздің кандидатураңыздың облыстық аурухана ұжымы атынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына ұсынылуына байланысты дереу қайтуыңызды өтінеміз» делінген. Жедел жетеді. Тілегі бір әріптестерінің айтқанына келіседі. Бұл тұста ол 28-жылдық еңбек өтілі бар, өңірге танымал, жұмыста ысылған, тәжірибе жинаған беделді дәрігер дәрежесінде еді. Кеңес одағының батыры Жалел Қизатов бастаған облыс ардагерлері де оны өз ұйымынан ұсынуды қолдаған екен. Сөйтіп ол онүшінші кандидат болып тіркелді.

Сонымен іріктеуде 13 үміткерден Айнаш Балғабаева мен Тұрғанбай Маханов басым дауыс алады. Айнаш – 58, Тұрғанбай – 63,3 дауыс.

«Чужой»

Бұл нәтиже жоғарыдағылардың ойынан шықпады да, үшінші кандидатты қосып сайлау өткізу мәселесі күн тәртібіне қойылады. Мақсаттары да белгілі болады. Облыс бойынша 400 мыңға тарта сайлаушы болса, оның 100 мыңдайы Ленинск (Байқоңыр) қаласы мен Төретам қонысында тұратын әскерилер мен солдаттар екен. Олардың ұсынғаны Байқоңыр құрылыс басқармасының бастығы, полковник С.К.Грескеевичпен үшеу болып дауысқа түседі.

Ызғар

Бұған дейін Т.Махановты облыстық партия, кеңес органдары әлденеше рет шақырып, кандидатурасын өз еркімен қайтып алуды талап етеді. Ол көнбейді. Ел ағалары И.Әбдікәрімов, Ж.Қизатов, Ж.Үмбетов, Ж.Демеуов, З.Жарқынбаевтар мен замандас-достары С.Далдабаев, С.Сарбалақов және сенім білдіріп, аманат тапсырып қолдап отырған сайлаушы қауымды қалайша жар жолға тастап кетеді? Бастады екен, шегінбеу керек. Уәде берді екен, түбіне дейін жету керек. Маханов еш шегінген емес. Алға ұмтылумен келеді.

Намыс, ар, жігер жеңді. Арда азамат қарсы келген «қара дауылдан» қаймықпады, ызғардан ықпады. «Келсең-кел» деп, батыр бабаларындай қарсы тұра білді.

Таза жеңіс

Салмағы ауыр мұндай «шыжықта» талай боздақтар күйіп, жанып кеткен. Тұрғанбай Махановты халық шын жүректен қолдады. Ол аз-маз демократия саңылауынан сұңғыла біліктілігімен жол тауып өте білді. Сөйтіп 1989 жылдың 14 мамырында өткен сайлауда бірінші турдың өзінде-ақ сайлаушылардың 52 пайыз дауысына ие болып, №631-территориялық сайлау округі бойынша КСРО-ның халық депутаты болып, маңдайы жарқырап шыға келді.

Идея

Иә, бұрын-соңды біздің өңірде болмаған зәулім ғимарат дүниеге келді.

Қалайша? Е-е соны қысқаша баяндайын. Сайлаушы қалаулысына аманат тапсырады. Депутаттық мандат қолында. Тұрғанбай ой үстінде.  Сайлаушылар өзінің де ойында көптен жүрген бір мәселені дөп басты. Сыр бойындағы халықтың ауру-сырқауы, кеселі, экологиясы одақ бойынша ауызға ілініп жүр. Ол үшін сырқаттың алдын алу керек. Диагностикалық орталықтың қажеттігі есік қағып тұр. Ал 1990-1992 жылдар қандай кезең еді? Үлкен одақ ыдырау алдында «қалтырап», біз болсақ «қалай болар екен?» дегендей дүдәмал күйде тұрғанбыз. Осындай аласапыран мезгілде,  әлгідей емдеу орнын тұрғызу мүмкін бе?! Тұрекең ширықты, күш-қуатын бойына жинап алып, жұбайына:

– Сәруар Әділқызы, нар тәуекел, мен кеттім! – деді қатқылдау үнмен.

 Кереку қызы Сәруар жан жолдасының ірі іске кірісерде осындай бір сілкініс, буырқанып бұйқыт шешім қабылдайтынына бұрыннан  қанық еді. Сосын да пәлендей таңғалмады да, қобалжымады да: – «жолың болсын, ардағым» деді күлімдеп.

Депутат Тұрғанбай бұл пікірін Республиканың бірінші басшысына жеткізді. Ол мақұлдады. Көмек беруге дайын екенін білдірді. Ондай орталықтың Сыр бойына ғана емес, бүкіл ел халқына керектігін айтты. Әйтсе де, ойдағы диагностикалық орталықты Қызылордадан ашуды тиянақтау сол кездегі КСРО Денсаулық министрі Е.Н.Чазовтың құп алып, илігуіне тікелей байланысты-тұғын. Шұғыл Мәскеуге ұшты. Депутаттық мандатын пайдаланып кідіріссіз кірді. Ол ықылас танытып: «Егер сіздерде диагностикалық орталыққа лайық ғимарат табылып жатса, мен қарсы емеспін» деп қуантты.

Енді не тұрыс болсын!.. Облыс басшысы С.Шаухаманов бұл жайдан бастан-ақ хабардар еді. Лайық-ау деген ғимараттарға «құда» түседі. Бірақ олардың бәрі түрпідей жиырылады. Ел басшысына қайта барады. О жақтан  премьер-министрге тапсырма беріледі. Тапсырмаға сәйкес Қызылорда қаласының теміржолы жақтан үй беріледі. Бірақ, ол көңілдегідей болмайды.

Шұғыл мәжіліс

С.Шаухамановқа Қызылордадағы үш құрылыстың директорлары Е.Скатков, С.Морозов, А.Шаменовтер суыт шақырылады. Бұл мәжіліс облыстық атқару комитеті төрағасының құрылыс жөніндегі орынбасары Ф.Фаткульдиновтің қатысуымен өтеді. «Жүргізіп жатқан құрылыстарыңызды доғарыңыздар, жолдас Фаткульдинов, сіз сол жерде прораб боласыз. Мен сізді керек болғанда сол маңнан табатын болайын. Диагностикалық орталық саламыз. Мезгілі екі жыл. Жолдас Маханов, осы шешім қанағаттандыра ма?» – дейді Шаухаманов, оған.

– Әрине, екі жыл деген тез өтеді, сіз айтқандай болса, кәнекей, – дейді Тұрекең.

Міне, депутат Т.Маханов адам қамы үшін қандай көзсіз ерлікті бастаған? Егер ол онүшінші кандидат болып тіркелмеген де… Ал С.Шаухаманов ше? Бұрын-соңды көз көрмеген ұйғарым еді бұл!..

Скидка

Облыстық тұтынушылар одағының төрағасы Сарбалақов Махановқа депутат ретінде бізге «Қиыр-шығыс товарлар скидкасы керек» дейді. Бұл бұрын облыс басқарғандардың тісі батпаған қиын мәселе екен. Десе де біздің облысқа шекаралас Қарақалпақстан АССР-ы алып отырған көрінеді. Жорабектің өзін ертіп Мәскеуге барады. Ондағы тұтынушылар одағы мұны баға министрлігі шешеді, біз қарсы емеспіз дейді. Онда барса министрдің бірінші орынбасары отыр екен. 5-10 минут сөйлескеннен кейін, әлгі салиқалы кісі: «Молодой человек, через один месяц получите положительное решение постановления совета министров СССР по вашему вопросу. Ждите» – деп жауап береді. Айтқан уәдесі кезінде орындалады.

Мәселе былай еді. Егер «товарлы скидка» болса, облыстың тұтынушылар одағына сол кездегі мөлшермен 3,5 млн ақшаны еркін жұмсауға жол ашылады. Сондай-ақ жұмысшылар санын көбейтуге және басқа да шараларды іске асыруға мүмкіншілік болады екен.

Жан қиналғанда…

Тұрекең Мәскеуде халық депутаттарының 2-съезінде жүргенде  біздің жақтың бір адамының ота жасауға апарған баласы қайтыс болады. Енді оны елге жеткізу керек. Еш транспорт алмайды, әке жаны қиналады.  Мәскеу қайда, Қызылорда қайда? Әлгі адамның депутат Т.Махановты іздеп келгені съезге мәлім болады. Қайтпек керек? Съезд өтіп жатқан мекендегі Қорғаныс министрінің арнайы штабына барып, одан бас штабтың бастығын шақыртып алып, баласы мен әкесін әскери ұшақпен Төретам стансасына ұшырып жіберді.

Міне, халық қалаулысының азаматтық пәрмені!..

Арал, Арал Аралым!..

Бұл Т.Махановтың атқарған депутаттық қызметінің мыңнан бірі десем болады. Жыл сайын жүздеген хат, шағым, өтініш келіп жатады. Соның бәріне жауап беру және мүмкіндігінше орындау керек. Ол сол деңгейден табылған депутат. Алғашқы екі жылда  депутатқа 456 хат келіп түсіп, жеке қабылдауында 419 адам болыпты. 26 ұжыммен кездесуге 50-500 арасында халық қатысқан. Не деген ықылас!.. 

– Тұрекең, Арал қасіреті. Арал зауалы,  Арал экологиясы жайында сонау 1994 жылы-ақ, Дүниежүзілік денсаулық ұйымының Еуропа елдері бюросы қамтитын София (Болгария) қаласында өткен мәжілісте Қазақстанның атынан сөйлеп, Аралдың экологиялық ахуалын, экологиялық апат аймағының кіндігіне айналғанын әлемге паш еткен болатын.

Сондай-ақ, депутат кезінде Арал проблемасына қосқан нақты үлесі облыстық басылымдарда әркез жарияланды. Өзі де республикалық деңгейдегі газеттерге сұбхат берді. 1991-жылы 1-наурызда ССРО Жоғарғы Кеңесінің бесінші сессиясында ССРО су ресурстары жөнінде комитет құруды ұсынғаны сайлаушыларының әлі күнге есінде. Ол ұсынысы кезінде шешімін тапты да.

***

Тұрғанбай Махановтай ардагердің арамызда жүргені қандай қуаныш! Тұтас тұлғасымен, ой-қабілетімен, зейінді іскерлігімен, жанашырлық пейілімен жасқа да, үлкенге де үлгі ғой!…

Әрине, бұл өткен ғасырдың соңы мен жаңа жүз жылдықтың басында, расын айтсам, мызғымас деген одақтың мертіккен, аласапыран тұсы еді-ау! «Өткенге тас атсаң, болашақ сені зеңбірекпен қарсы алады» демекші, бүгінгі жаңа Мәжіліс пен мәслихат қалаулыларының, өндіріс командирлерінің артқа бұрылып бір қарағаны артықтық етпейді. Жетістігі мен кем-құтығы ойға оралары хақ.

Тағы да ол «Онүшінші кандидат болып тіркелмегенде? деген сауалдың миыма дік ете  қалғаны-ай!…

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

тыл ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<