Биыл бүкіл қазақ елі болып 100 жылдығын атап өтіп отырған жазушы Ә.Нұрпейісов шығармашылық жолы ерек, ізденісі бөлек, көркемдік жолындағы, яғни әдебиеттегі күресі қайталанбас тұлға болатын. Оның КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған кесек туындысы – «Қан мен тер» трилогиясы туралы талай-талай пікірлер айтылды, әлі де еңбектер жазылары, ойлар ортаға салынары да ақиқат.
Алайда қазақ әдебиеттануында бізді ойландыратын, кей тұста опындыратын бірнеше мәселе бар. Мәселен, соны Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығымен байланыстыра қарайтын болсақ, оның шығармашылық даралық, психология, жазушы шығармашылық зертханасы сияқты бір-бірімен өте тығыз байланыстағы аса күрделі мәселелер тоғысында көрінері анық.
Біз бұрын да, қазір де әдеби сын дегенде жазушының не қаламгердің белгілі бір шығармасы, яғни дайын өнім туралы пікір айтудан аса алмай жүрміз. Тіпті белгілі бір қаламгердің шығармашылығын толық қарады деген еңбектердің өзінде жоғарыда атап өткен мәселелер тасада қалады да, мұның соңы қаламгер шығармашылығы туралы, оның өзіндік қолтаңба қалыптастыруы, ізденісі, зерттеуі, ой қорытуы, тақырып таңдауы, ойды көркем жеткізудегі шеберлігі дегендер туралы толық тұжырым жасалмайды. Осының салдарынан қаламгердің бір не бірнеше шығармасы туралы ой қозғалады да, оның басқа қырлары жайлы мүлде сөз болмайды. Бұл Ә.Нұрпейісов шығармашылығына да қатысты.
Жазушының аты аталса «Қан мен тер» трилогиясы айтылады, ал әдебиетші, қаламгер ретінде оның басқа еңбектері жоқ па? Әрине, бар. Қаламгердің басқа еңбектері кесек туындылары тасасында қалып, зерттеу-зерделеу назарынан қағыс қалады да, қалың жұртшылыққа беймәлім күй кешеді. Бұл қандай шығармалар еді дер болсақ, олар – ең алдымен жазушының әдебиет, әдебиетші, өнер адамдары туралы ойлары, сыни еңбектері, «Қан мен тер» трилогиясының жазылуына не түрткі болды деген сауалға жауаптары.
Ең алдымен алғашқы желі бойынша ой тарқатар болсақ, Ә.Нұрпейісов – теориялық және практикалық дайындығы өте жоғары әдебиетші. Оның қаламгерлер, өнер адамдары туралы ойлары – өз алдына зерттеу нысаны боларлық дүниелер. Бір қарасаң – әдеби толғау, бір қарасаң – әдеби сын, ал тереңірек ой жіберсең – естелік. Міне, осылар тұтаса келе болмыс-бітімі бөлек эссе-толғау табиғатын түзеді.
Бұл шығармалардың қатарында біз жазушының «Мұхтар Әуезов немесе ұлылық үлгісі», «Сәбит Мұқанов немесе талант табиғаты», «Ғабиден Мұстафин немесе еңбекқор бал арасы», «Ақша бұлттай ақпейіл Әбу аға», ақын Қасым Аманжолов туралы жазылған «Өзі де, өлеңі де өжет еді» туындысы және тағы да басқа шығармаларын атаймыз. Бұл шығармалардың алғашқы шоғыры эссе-толғау желісінде болса, оның «Нұрғиса Тілендиев немесе әйгілі «Құстар әні» қалай туды?», әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиев туралы жазылған «Атырауда ән мен күй» атты шығармасы және тағы сол сияқты еңбектері эссе мен шығармашылық психологиясының түйіскен тұсынан шығады. Ал Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» атты драматургиялық шығармасына қатысты жазған «Шерменделер сахнада», Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» атты романына байланысты жазған «Тұла бойы тұңғышы» сияқты туындыларын эссе-сын деп қабылдауға болады деген ойдамыз.
Осы тұста тағы бір айта өтетін жайт – жазушы осындай ой-толғауларында болсын, өз шығармашылығына қатысты жазғандарында болсын әкесі Кәрім туралы «Әкем саятшы еді, әкем аңшы еді және т.с.с.» айтып отырады. Бұл оның әкеге деген сағынышынан және өз бойындағы таланттың әу баста содан дарығанын жеткізу мақсатынан туған болса керек деген ойдамыз.
Келесі бір ерекшелік – оның бұл бағыттағы туындыларының, яғни әдебиет пен өнер туралы ойлардың орыс тілінде де жазылуы. Мәселен, ол 1970 жылы М.Әуезов туралы «Ұлылық туралы ойлар» және «Слово об учителе» деген еңбектер жазған. Сол сияқты С.Мұқанов шығармашылығына қатысты «Слово о Муканове» және т.с.с. еңбектерді салыстыра қарасақ, Ә.Нұрпейісовтің оның орыс тілінде де көркемдік сырларын толық игергенін көреміз.
Осы ойлардың ішінде оның әдебиетші ретінде Горький, Достаевский, Тургенев, Кугильтинов, Кайсын Кулиев жөніндегі жазғандары өз алдына бір төбе. Олардың шығармашылығы туралы төгілте жазған қаламгер әдеби сын мен эссені бір арқауға салып, қос өрім етеді.
Жоғарыда аталған ойларды бір тұжырымдап алар болсақ, оның әдебиет пен өнер, қаламгерлер, өнер адамдары туралы ойлары терең зерттеулерді қажет етеді.
Енді оның сыншылығы деген мәселеге келер болсақ, Ә.Нұрпейісовтің көркем шығарма туралы болсын, көркем аударма мен әдеби сынға қатысты болсын туралықтан, әділдіктен айнымағанын көреміз. Мұны бірнеше бағытта қараймыз. Олар – әдебиет, өнер туралы ойларындағы сыни пікірлер, көркем аудармаға қатысты сындар, сыншылар мен әдеби сын туралы пікірлері, көркем шығармалар жайлы сын.
Оның 1955 жылы жазылған «Анна Каренинаның аудармасы хақында» атты көлемді сыни еңбегі Л.Толстой шығармаларының қазақ тіліне аударылу жағдайына арналған. Ғалым Ахметовтың Л.Толстойдың шағын әңгімелерін сәтті аударғанын айта келіп, «Анна Каренинаны» қазақшалауда Ғ.Ормановтың сол тәжірибені ескермегеніне қынжылады. Ал «Аудармашы мен аударма хақында» атты еңбегінде А.Чехов 1-томының, М.Шолоховтың «Тынық Донының» қазақшаға аударылуына қатысты ой өрбітеді. Аудармашылар жіберген олқылықтарды анық көрсетіп, оның себебіне назар аудартады.
Ақын Қ.Шаңғытбаевтың Пәкістан ақыны Ахмет Фаиз Ахмедтің «Қаламым жоқ» деген өлеңін сәтті аударғанын айта отырып, Әбдіраш Көпбаевтың Қалман Мақсаттың, Адамовтың шығармаларын сәтсіз аударуын, Қойшыбаев, Хайруллиннің олқылықтарын мысалдар арқылы көрсете сынайды.
Ол қай шығарма, қай қаламгер туралы сын айтпасын жалаң сөйлеуден аулақ, әр пікірін нақты мысалдармен дәйектеп отырады. Тіпті, сыншылар туралы ойларының өзі де осы қағидадан ауытқымайды. Мысалы, сыншы Асқар Сүлейменов туралы ойларын, оның сыни еңбектерінен дәлел, дәйек келтіре отырып баяндайды, қазақ әдеби сыны дамуына қосқан үлесін аша көрсетеді.
Ә.Нұрпейісов бұл бағытта да өзіндік қолтаңбамен көрінеді. Сын деген тек сынау емес, мінеу емес, шығарма көркемдігін, қаламгер шеберлігін анықтау екенін байқатады.
Жазушы шығармашылығын зерттеушілердің кейде бұрынғы айтылған пікірлерді қайталай сөз қозғайтыны оның еңбектерін білмеуден деген ойдамыз. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» қалай жазылды?» атты еңбегі – қаламгердің шығармашылық зертханасынан әжептәуір хабар беретін туынды. Ал осының кейде ескерілмей қалуы бізді еріксіз ойландырады.
Жазушы шығармашылығын зерттеп-зерделеуде біз жоғарыда атап отырған жағдайлар ескерілуі керек. Оның еңбектері қазақ әдеби сыны тарихына енуі қажет. Бұлай болмаған жағдайда кемеңгер қаламгер шығармашылығы туралы толық зерттедік, пікір қорыттық деп айтудың өзі ұят екені хақ. Жан-жақты талант иесі, жасы жүзге жақындағанша көркемдік ізденісте болған қаламгердің туындыларын әдебиеттанудағы аса күрделі мәселе – шығармашылық даралық аясында зерттеу қажет.
Алдажар ӘБІЛОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<