Қарт жауынгерге құрмет

1116

0

Қармақшылық Иса Бисенов осыдан 60 жылдай бұрын Вьетнамда өткен соғысқа қатысқан. Бірақ соғысқа қатысқаны, қандай әрекет жасағаны туралы ешкімге айтпау тапсырылған. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана оның осы соғысқа қатысқан жалғыз қазақ екені белгілі болды.

1964-1967 жылдары әскери борышын өтеп жүрген жас жігіт ойламаған жерден Вьетнамға аттанады. Кеңес өкметі арнайы ракетамен қаруланған әскери полк құрған. Полкте орыс, украин, латыш, өзбек және жалғыз қазақ болды. Ол кезде ер азаматтардың әскерде болу мерзімі 3 жыл. Жерлесіміздің өзі Азияның оңтүстік шығысындағы Вьетнам елін қорғауға барамын деп ойламапты.

–  Әскерде Ленинград әскери округінде болдым. 1965 жылы округ басшылығы шақырып алып, Вьетнам Республикасына көмекке баратын полк жасақталып жатқанын, мені соған қосатынын айтты. Содан үш ай бойы дайындады. Екі жүздей сарбазға азаматтық форма кигізіп, қолымызға дипломаттық құжат беріп, ұшаққа отырғызды. Алып әуе кемесі Қытай астанасы Пекин арқылы Ханойды бетке алды. Вьетнамда 18 ай болдым. Жерінің басым бөлігі ну орман. Біз бір жарым жыл қалың орман ішінде болдық. Онда қыс болмайды, климаты тропиктік. Әуелі зерттеулер жүргіздік. Жергілікті партизандардан жасақталған полкті ракеталық жабдықтардың теориялық және практикалық дағдыларына үйреттік, – дейді әскерге дейін Қызылордадағы медицина училищесін бітірген И.Бисенов.   

Кеңес елінен барған әскерилер жергілікті сарбаздарды ракетаны орналастыру, оны ату секілді соғыс әдістеріне машықтандырыпты. Алты айдан кейін солармен бірге соғысқа тікелей араласқан. Америкалық ұшақтардың шабуылын тойтарып отырыпты.

Бір ғажабы, жаумен арпалысып жүрсе де Вьетнам жұрты еңбектен қол үзбеген екен. Халық соғыс жағдайының өзінде жер жыртып, егін егіп, күріш алқаптарында тынымсыз тер төгіпті. Қарт жауынгер әлі күнге дейін Вьетнам халқының еңбекқорлығы мен жанкештілігіне, отансүйгіштігіне тәнті болады.

– Түнде тұрғындармен кездесіп, ән кештерін өткізетінбіз. Мен «Бәрінен де сен сұлу» әнін орындадым. Бұл сәтті ешқашан ұмытпаймын, – деп еске алды ол.

Арада он бес ай уақыт өткенде бұлар жаудың әуе соққысына ұшырайды. Жақын жерге снаряд түсіп, содан ауыр жарақат алыпты. Иса Бисенов Вьетнамнан ІІ топ мүгедегі болып қайтқан. Онда да Қазақстанға бірден келмеген. Соғыстан келген сарбаздар Ленинградта тағы да үш ай әскери борышын өтейді. Содан кейін барып қана елдеріне жіберген. Алайда, олардың әскери билеттеріне Вьетнамдағы соғысқа қатысты деген мөр басылмапты. Бәрі әскери құпия күйінде қалсын дегені.

Жас жігіт әскерден оралған соң Қуаңдария ауылында 30 жылдан астам уақыт фельдшер болды, ауылдық аурухананы басқарды. 2005 жылы зейнетке шығып, Жосалыға көшіп келген. Қазір аудан орталығында тұрады. Иса Бисенов 80 жасқа келгенше Қармақшы аудандық медицина ардагерлерінің ұйымын басқарды. Өзі қырық жылға жуық еңбек еткен саланың қыр-сырын, әріптестерінің мұқтаждықтарын жетік білетіндіктен, қоғамдық жұмысты абыроймен атқарды. Отбасының қаржысына өзі туып-өскен Қуаңдария ауылына мешіт салдыруға үлес қосып, имандылық жолында да игі іс тындырды.

2014 жылы Сыр еліне Вьетнамның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі келгені есте. Елші сонау бір кезеңде өз халқына демеу бергені үшін Бисенов Иса ағамызға жылы лебіз білдіріп, ардагерді зайыбымен бірге Вьетнамға шақырды. Ол жақта соғыс ардагерін Вьетнам Республикасының Президенті арнайы қабылдапты.

 – Сол қиын жылдардағы біздің көрсеткен көмегіміз үшін өз халқының атынан алғысын айтты. «Бүгінгі қол жеткен жетістігімізге сіздердің де үлестеріңіз бар. Сіз секілді жаужүрек ұлдар вьетнамдықтарға қаншама жақсылық жасады. Осы үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз, – деді Президент бізбен жүздесу барысында,– дейді ардагер.

И.Бисенов Вьетнам Премьер-министрінің қолы қойылған «Құрмет грамотасы» мен «Достық» медалінің иегері, «Вьетнамның құрметті азаматы». Сондағы «Құрмет кітабына» есімі енген. Осы сапардан соң ардагерге «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» деген атақ берілді.

Ал таяуда Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім-шарты әскерінің тобы ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Тастанов, облыстық және қалалық филиал жетекшілері Алтынсары Шүренов пен Марат Оспанов Вьетнам соғысының ардагерінің үйіне арнайылап барды. Олар  қарт жауынгер Иса Бисеновке «Алғыс хат» пен арнайы төсбелгі табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Бірлестік мүшелері қазақ елінің мәртебесін арттырып, майдан даласынан абыроймен оралған ардагердің әңгімесін тыңдап, батасын алды. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесі сөз болып, құрылғанына 9 ай болған жаңа бірлестіктің мақсат-міндеттері туралы да айтып өтті.

Қазір жасы сексеннен асқан ардагер зайыбы Әлияш анамызбен бірге 7 бала, 22 немере мен бірнеше шөберенің қызығын көріп отыр. Ол осы өміріне шүкіршілік қылады.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<