Қосөрім

338

0

Суреткер Әлмәмбет Әлішевтің атағын асқақтатқан «Батыр болып тумайды» повесі автордың балалық шағында көрген, басынан өткізген қиыншылықтармен бір ізді басады. Бұл тарапта, жазушы өзі куә болған, бағамдаған уақиғалар туралы жазғанда, шығарманың шынайы болатыны туралы әңгімеде жан бар. Басты бейне – Үрмаш. Кейіпкердің түптұлғасы, осы бейнені жасауға негіз болған, майдан даласынан оралмаған өз әкесі – Әліш. Екі жасында көз жазып қалып, өмірде көрмеген әкеге деген ынтызар сезімі мен перзенттік махаббатын суреткер осы орталық бейнелер арқылы жеткізген.

Жинақы композициялық табиғатқа тән туынды егін орағы кезіндегі табиғи құбылысты суреттейтін қарапайым уақиғамен басталады: «…Суалмаға қау болып біткен арпа масағы баяу ескен самал желмен иіліп, сарғыш теңіздей толқынданады». Қаламгер арпа масағын теңіз толқынымен салыстырып, ұлғайта суреттегенде сарғыш түсті қолданады. Өйткені, сағыныштың сары түсі – табиғаттың осы тыныш кезін ерекше бояуға малындырып бере алатын бірден-бір тетік. Көркем ойдың ажары шығармаға кіріскен тұста-ақ бейнелі әсірелеу жүйесінде асқан шеберлікпен көрсетілгендіктен, кейіпкердің көңіл-күйі кіріспеде бірден жарқ етіп көрінеді: «Сол күні көк зеңгір аспан шайдай ашық, ақпейіл ананың кіршіксіз көңіліндей жайдары еді…». Көңіл бедеріне тірек болған табиғат суреті осындай. Мұндай табиғат көрінісінен көркем пейзаж жасау үшін, сөз жоқ, суреткер ұлттық рухани-материалдық құндылықтарды жете біліп, білгенін ерекше сезіне алуы қажет. Бұл орайда Әлекең қазақ тұрмысының арғы-бергі жағдайынан толық хабардар қаламгерлер қатарында.

Оқырманның жүрегін жаулап, оның қақ төрінен орын алу үшін сыртқы кескін-кейпін, тұлға-тұрқын көрсетіп алып, келесі кезекте ішкі мінездемелерін ашу арқылы портрет сомдаудың мәні ерекше. Қаламгер өз кейіпкерін әуелде-ақ қайнаған еңбек майданының бел ортасында суреттейді. Шаршау мен мою дегеннің не екенін білмейтін осы бір оптимист жігіттің бейнесі шығарма күрмелгенше оқырманның көкейінен бір пәс төмендемейді. Керісінше, көз алдында ұлғайып, толыса түседі: «…қара көздері дәйім күлімдеп жүретін тәмпіш мұрындау, дөңгелек жүзді, қара торы жайдары жігіттің орағы күннің арайлы шұғыласына шағылысып, жарқ-жұрқ етеді…». Үрмаштың еңбек майданындағы бұл бейнесі бейнеттің бақшасында пісіп-жетілген әрбір дала қазағының жанына жақын.

Екі жастың арасындағы махаббат сезіміне қатысты уақиғалар Қаракөз арқылы күшейтілген. Масақ қалдырмай жинап алуды мұрат тұтқан көңілді қыз-жігіттердің арасындағы жағдай айтылатын тұста Үрмаштың ішкі сыры мен көңіл-күйін білдіретін толғау сөзі бар. Үрмаш пен Қаракөздің суреті – дала жағдайындағы үлгі-тұрпаттық тұлға биігіне көтеріліп, мәңгілік бейне дәрежесіне жеткен, заман мен қоғам өзгерсе де өзінің танымдық тағылымын жоғалтпайтын әдеби бейнелер. Енді міне, ынтызар көңіл дымын білдірместен, іштей егіледі: «Қарагөз! Есіміңді қалай дәл тауып қойған сенің… Қай жігіттің жүрегін мәңгілік қуанышқа бөлер екенсің?!». Осындай жарасымды жағдайда басталған туынды алда келе жатқан соғыс өртінен хабар берер тұста ұршығынан теріс айналып, өзінің қарама-қарсы жағына қас қағым сәтте аунап түсе салады.

Тағы да табиғат суреті. Бірақ бұл жолы сондай суық: «Батыс жақ қыздың қызыл орамалын шымылдық етіп тұтқандай, алауланып, мұнартып барады». Осы бір ауыз сөзден-ақ алда алапат сұмдықтың келе жатқанын сезіп, кәдімгідей дегбірің қаша бастайды. Қарагөзге деген ынтық сезімін сездіргісі келген Үрмаш сөзін аяқтай бергенде, «…ұлы жолмен дүрсілдете шапқан ат тұяғының дыбысы келді құлаққа. Қарсы алдынан пошташы Мырзалы қарт шыға келді. Суыт жүрістен астындағы атының ақ көбігі шыққан…». Міне, тап осы жерден бастап уақиға арқауы ширығып, оқырманның жүрегі кеудесіне сыймай атқақтап, әлгі пошташы шалдың мінген атының тұяғымен бірге тыпыршып, бейбіт дүниеге келген дүрбелеңнің әсерінен қобалжи ала жөнеледі.

Соғысқа өзі сұранған Үрмаш түнімен ұйықтай алмайды. Сайлаубек пен Мақпалдың үйлену тойындағы уақиғаны ойлаумен болады. Қыз-жігіттердің арасындағы «Жолдас табу» ойыны… Сайлаубек шырқаған ән падишасы «Қорлан». Сол кеште жанына жақын отырған Қарагөз… «Енді соның бәрі Үрмаштың көз алдынан киноның лентасындай өтіп жатыр…» деп күрмейді, қаламгер. Уақиға желісі осы жерден тізгін тартқанда анасы Наурызбикенің бейнесі көрінеді: «Жаңа-жаңа ұйысып, адам болып, халық қатарына қосылып келе жатыр едік. Сұм соғыс, қайдан кездестің біздің бағымызға…». Мүмкін Қалманымды әскерге алмас деген үміт жетегіндегі шерлі ананың монологы Әлмәмбеттің өз тағдырындағы Балбөпе әжесінің бейнесін еске түсіреді. Ол да қан шеңгелдеген майдан даласына екі ұлын қатар аттандырып, аңырап қалмаушы ма еді?

Үрмаш пойыз үстінде Арал маңынан өтіп бара жатып, кіндік кескен Жиделісін ойлайды. Оның да әкесі Түктібай мына жарық дүниеге Үрмаш келген соң бір жылдан кейін бақиға көшкен. Аталмыш егіз уақиға Әлмәмбет екі жасқа толғанда майданға аттанып, хабарсыз кеткен әкесінің тағдырын елестетеді. Жалпы, жазушының жеке ғұмырбаяны мен ол жасаған көркем бейне арасындағы өмірлік шындықтың бірі – осы. Мұнда сонау көне антик дәуірден жетіп, көркем проза жанрына адам танымастай кейіпте кірігіп кеткен хат түріндегі эпистолярлық әдебиет жанры да қисынды қиюластырылған. Кейде осы жанрға негізделген көлемді прозалық шығармалардың хат түрінде жазылатын формалары да кездеседі. Әлішевтің негізгі кейіпкерлері Үрмаштың, оның қалаулысы Қарагөздің анасы Наурызбикемен жазысқан хаттарына ерекше орын беріледі. Осы әдіс арқылы суреткер адамға тән сезім мүмкіншілігін сарқа пайдалануға тырысады. Үрмаш аяулы анасына жазған хатында былай дейді: «..кеше алғаш рет қанды майданға қатыстым. Бұрын ауылда жүргенде қарғаны да атып көрмеген балаң тұңғыш рет адамға оқ атты… Шынымды айтсам, қорықтым…».

Адамзат баласының басына түскен қасіреттің үлкені – бір-біріне қару кезеніп, оқ ату. Соғыс атаулының сұмдығын жазушы осындай шағын бедер-бөлшек арқылы әсерлі береді. Автор Үрмаштың немістерден «тіл әкелуге» барғандағы ерлігін де хаттың аясына сыйғызып, көсіле суреттейді. Майдан даласының уақиғалары тыныс алған тұста басты кейіпкердің қиялы арқылы берілетін ел суреттері, ондағы төсек тартып ауырып жатқан жас жігітке партия ұясының хатшысы Әмірхан көңіл сұрай келіп, Үрмашқа әрідегі бесінші атасы тоғыс Ақпан батыр туралы Алпысбай қарттың әкесінен естіген, оған Қызылдың қиясында кездескен Орынбасар батыр айтқан «ыстық күлше шайнатып, аузындағы отыз тісін қағып алып», жетегіндегі тоғыз нардың бірінің үстіне артылған қымбат қазынамен қалдырып, қарақшылығын қойғызатын оқиғаның баяндалуы тым ерекше. «Сол бір оқиға майданға түсер алдындағы, аз ғана демалыста Үрмаштың көз алдына елестеп еді. Ол ауылын сағынды» дейді автор.

Суреткер әлгі аңыздан соңғы кейіпкерінің бойын билеген сезімдер жиынтығын осылайша түйіндейді. Әрине, автор бұл бедер-бөлшекті уақиғаның шиеленіскен тұсына жайдан-жай пайдаланып отырған жоқ. Өйткені, барша үмітінен айрылса да адамзат баласының бойында ең соңынан өлетін ізгі күш – батырлық рух. Жиырма жеті жастағы қыршын жас өзінің ажалының жақындап келе жатқанын білді. Өмірлік шындықтың өзі солай ғой. Адам баласы үшін алдында ненің күтіп тұрғанын болжау қасиеті бұйырмаса да, сезіну – ет пен сүйектен жаратылған пенде үшін кәдуілгі таныс сезім: «Ыбырайым, сен байқайсың ба, біз батысқа қарай жылжыған сайын мен ауылды жиі еске алатын болдым. Әлде, туған жерден қашықтап бара жатқанымызды жүрек сезе ме?.. Соңғы екі күннен бері ұйықтасам, түсіме тек ауыл енеді. Апам… Ауылдастарым…».

Бұл – Үрмаштың соңғы монологы. Аты суық ажалдан ол да қорқады. Сөйтіп, түйсіктегі түсініксіз сезімдер арқылы суреткер оқырманының жүрегіндегі кейіпкерге деген шексіз сүйіспеншілігін оята түседі. Латвияның Перели деревнясының тұсындағы кезекті бір шайқаста оғы таусылып, қолма-қол ұрысқа көшкенде автоматтың дүмімен жаудың жиырма адамын ұрып өлтіріп, жастығын ала кеткен Үрмаш батырдың жазира далада жалаңаяқ жар басқан, асық атқан досы Ыбырайымның «Ой, бауырымдап» құлап, маңдайынан сүйіп, «Елге не деп айтамын? Аман қайтсам, алдымнан сүйікті анаң Наурызбике шығады ғой. «Ыбырайымжан-ау, менің Үрмашым қайда, бірге кетіп едің ғой» демей ме? Сонда не айтамын абзал анаға?..» деп аңырайтын дала қазағының зары жанарларға жас үйіреді.

Ер көңілді көшпенді ұрпағының жанындағы жолдасын тастап, елге тірі қайтуды ар санауы – әлем әдебиетінде сирек кездесетін деталь. Міне, осы уақиғалардың барлығы Әлішевтің шығармашылық әлемінде эпикалық сарынға суарылған бедер-бөлшектерді ретті пайдалану арқылы, ұлттың таным тұғырын негіздей отырып берілген. Ұрпақтың генетикалық жадында сақталатын осы ұлы күш ақыретке дейін сана түкпірінде жататын болса керек. Адам баласы қиналып, жаны қыдырған шақта бабалардан қалған асыл рухтың көмекке келуінің бір себебі содан. Шын мәнінде, ешкім де батыр болып тумайды!

Суреттеу мен әсер етудің барша психологиялық, эстетикалық, әдеби-көркем құралдардың озық үлгілерін іске қосу арқылы реалист жазушы өмір заңынан алыстамай-ақ болған уақиғаларды әсерлі баяндайды. Үрмаштың арманы болған «Қарагөз Наурызбике ана мен Қалманның ақ тілеуін алып, тұрмысқа шықты». Шалғайдағы латыш еліне іздеп барған ағасы Қалман қара қошқыл мәрмәр ескерткіштен Совет Одағының батыры, кіші сержант Үрмаш Түктібаев деген жазуды оқыған бойда, «Үрмаш! Үрмашым менің! Айналайын, сені де көретін күн бар екен ғой!» деп інісінің сүйегі қалған жерге бауырластар қойған жансыз қара тасты көргенде бауырын тірі көргендей еңірейді.

Үрмаш жатқан қабірден туған жеріне бір уыс топырақ ала келген Қалман оны анасы Наурызбикенің зиратына апарып қосады. Бұл – сүйегі жат жерде қалған боздақты Жер-анамен қауыштыру рәсімі. Тәннің топыраққа айналғанымен, рухтың мәңгілік екенінің ишараты, бақиға көшкен адамның рухы жай табу үшін жасалатын ежелгі ырым. Қаламгер батырлық рухты бойтұмардай сақтап, мәпелеп күте алмаса, хас батырлар жайында шығарма жазуға дәті шыдап, қолы бармаған болар еді. Асылында, адам баласы батыр болып қалыптасады!

***

Құрылымы күрделі, кеңістігі кең эпикалық шығармалары – «Бәйтеректің бұтағы» мен «Иірім». Екі романды біріктіріп тұрған тін – әдеби шығармадағы автор бейнесінің жанама тәсілдер арқылы емес, өзі арқылы тікелей көрініс табуында. Көркем шығармада әдеби қаһарман бейнесінің көріну қалпы, идеясы, көзқарасы, ұғым-түсініктері, наным-сенімдері көбінесе шығарманың идеялық-көркемдік сипатынан көрінетін. Мұндағы басты ерекшелік – жазушының басынан кешірген дәуір шындығы шығармаға астар болғанында. Осы уақиғалар екі шығарманың да өзара қиысу архитектоникасын тұтастандырып, автордың идеясын жүзеге асыратын әдеби қаһарман, уақиғаны әңгімелеп айтушы, баяндаушы бейне және авторлық бейне ортақтаса келіп, лирикалық қаһарман бейнесін жасаған. Автордың көңіл-күйіне суарылған лирикалық прозаның бір ерекшелігі осында.

Осы төрттаған жүгін көркем шығарма арқылы автордың өзі алып шығуы сирек болса да кездесетін жайт. Екі туындының да ғұмырнамалық, мемуарлық сипаты басым. Өйткені, жазушының дүниетанымы, оның ішінде саяси, философиялық, эстетикалық көзқарастары мен соны бейнелеп көрсететін шығармашылық әлемі бір-бірімен тығыз байланысты. Сөз иесін толғандырған мәселелер оның көркем шығармасына негіз болады. Ендеше, бұл – өзі өмір сүрген қоғамды таным дүниесімен ұштастыра келе, мұраттарын алға тарта отырып, бір дәуірдің тарихы баяндалған өмірбаяндық жанр жүгін көтерген деректі көркем шығарма.

Жеке тұлғасын көрсететін өмірбаянның келелі оқиғалармен ұштаспай қалуынан секем алатын көптеген жазушылар бұл жанрға қалам тартудан қаймығады. Әдебиеттанушы Т.Бекниязовтың «..кез келген автор өмірбаяндық жанрда шығарма жазуға ұмтыла бермейді» деуінде осындай мінәйі себептер бар. Қаламгер Әлішев бұл тарапта да өзін қиындық атаулыға қарсы қойған қайсарлығымен тәнті етіп, «тар жол тайғақ кешулі өмір мектебін» оқырманымен тең бөлісуден қаймықпайды.

«Бәйтеректің бұтағы» дамылсыз жүрістен тобылғы торысы әбден болдырған, үйелмелі-сүйелмелі немерелеріне сүтін сауып беріп отырған ала сиырын іздеп шығып, жапан далада келе жатқан жабырқаулы қара шал – Шәріптің монологынан басталады. Әрі қарай лирикалық шығарма осы толғау сөз арқылы қазақтың қара шалы тап болған тарихи кезең туралы айтады. «…көріңде өкіргір Китлер ит соғыс салып… енді мынау, қартайған шағымда отбасында да отыра алмай, жиһан кезіп келе жатқаным… Әкімгерей мен Әділгерей, Кенжетайым соғысқа кетпей, елде болғанда мүйізіңді қағып, ыссы сорпаңды ішер едім…» дейтін қара шал, титықтаған торысымен сырласып, «Әлгі қарасан келгір табылса, өзіңе жазға шейін ер салмаспын…» деп ілбіп келе жатқан кәрі тарланына мұң шағады.

Қара шал тобылғы торымен адамша сөйлеседі. Ол да «шалдың бар сөзін түгел түсінгендей, басын шұлғиды». Осы эпизод түркі-моңғол эпостарындағы батыр мен оның тұлпарының бейнесін еске түсіреді. Кейінгі қазақ эпостарында да бұл екі бейне біртұтас суреттеледі. Эпостағы халықтың қамын ойлаған хас батыр үшін астына мінген аты – емшектес анда, ақылшы аға, сырлас дос, қысылтаяңда қол ұшын беретін жан серігі, жапанда жалғыз жорытқанда мұңдасы.

Әлішев осы эпикалық сарынды шебер пайдаланған: «Осы маңда өзек бар сияқты еді… Кірейшінің қыста тасып алармын деп орғызған пішені. Сол араға жетсем, бір-жар бауын шалдырамын өзіңе»… Бұл – бағытынан адасып келе жатқан қара шалдың монологы. Өзінің мүсәпір халіне қарамастан, жастық шағының куәсіндей болған тобылғы торысына күш жинау үшін талғажау ететін шөп іздеп жүріп, «Жеген пішеніңді кейін кірейшіге өзім қайтарып беремін, ұлықсатсыз алып, екі дүниеде мойныма қарыз болмасын…» дейді. Ажал-аждаһаның тырнағына ілінгелі тұрса да екі дүниедегі қарызын ойынан бір шығармайтын имандының жан сыры осындай. Жалпы, қара шал – романдағы кесек сомдалған орталық бейнелердің бірегейі. Майданға кеткен ұлдарынан «теңдесі жоқ ерлік жасап қаза тапты, хабар-ошарсыз жоқ болып кетті» деген «қаралы қағаз» келгенде де айналасына басу айтатын сексен үштегі қарияның қайратына таңғалмасқа шараң жоқ.

Романдағы орталық кейіпкерлер үш ұлын майданға аттандырып, «келеді» деген үмітпен көздерін талдырған Шәріп пен Гүлдәрі, жиырма жасқа жетпей жесір қалған қос келіннің бірі, ақ некелі жарының сөзіне, жастығына адал Жанар мен әйелдікке салынып, жолдан бала тапқан Ғазиза, Ақтілеу мен Ерғабыл, Олжабай мен Зәурештің де бейнелері сәтті әрі шынайы шыққан. Шығарма күрмелер тұста Ақтілеу қарындасы Зәурештің орындауында Мұхит салдың отыз ұлынан айырылған кейіпкер атынан айтатын жоқтау – реквиемін тыңдап, егілетін шағын көрініс бар. Әлгі жерінде Әлекең былай дейді: «Осы жүрек қылын шертетін зарлы әнді тыңдағанда ол әкесін ойлайтын… Ақтілеудің көзінен ыстық жас ыршып-ыршып түсті. Төмен қараған күйде көзін беторамалымен сүртті. Жанындағы Раушанға қарап еді, ол да көз жасын құрғатып отыр екен…».

Бұл – автордың өз көңіл-күйі еді. Романда Ақтілеу Украина жеріндегі шағын деревняға іздеп барып, бауырластар зиратынан әкесі Әкімгерейдің жатқан жерін табады. Әрине, жазушының аңсарынан туған уақиға, көркем шындықтың солай өрілуі заңды. Алайда осы бір эпизодты тебіренбей оқу мүмкін емес. «Шеткі қабірдің жанына жеткен кезде өзін-өзі ұмытты. Бейіттің жанына тізерлей отырған Ақтілеу өзін ұстай алмай егіліп, елжіреп қоя берді.

– Әкем менің! Біз сені қанша жыл зарығып күттік. Әкем ертең келедімен ұлың да ер жетіп… Ерім тірі келеді деп күтумен жарың да қартайды… Үш ұлының біреуі аман болар деген сенімі алдамшы болып, әке-шешең де дүние салды… Іздеп келіп отырмын, аяулы әке, өзіңді. Құшағың қайда ұлыңа ашқан?! Әкелік мейіріміңді, қамқорлығыңды аңсадым. Маңдайымнан сипайтын аялы алақаныңды сағындым…».

Трагедиялы тағдыры туралы бір адамға тіс жарып айтып көрмеген, ес білгелі кеудесінде шемен болып қатып қалған қайғы-мұң мен жүрек жарасын уатып, Ақтілеу ұзақ жылайды. Лирикалық кейіпкердің жан сырымен бірге көркем шығарманың астарына өрілген нақты тарихи шындықтың да бедері осы жерде анық көрінеді: «Әкешім менің! Ұлыңның әке деген сөзін тіріңде ести алмай, арманда кеткен едің. Ең болмаса қабірің естісін…».

Лирикалық кейіпкердің толғауы өте зарлы. Әке көрген, әкенің қамқорлығын, әкенің махаббатын көрген адамның арманы болмайтынын сонда терең сезінесің. Осы ішкі монолог тұсында суреткер кідіріс арқылы шегініс жасап, кейіпкердің көңіл көзімен өзінің өміріндегі елеулі кезеңдер мен уақиғалар тізбегіне тағы да тізгін береді. Содан соң, «Қара шалдан қалған тобылғы торының ізін басқан қасқа тай қазір кемеліне келген су шайқалмайтын жорға» дейді. Расында да, алып бәйтеректің бұтағындай, тобылғы торының ізін басқан, суреткерлік әлемдегі су төгілмес бозжорға Әлкеңнің – жазушы Әлмәмбет Әлішевтің өзі болатын!

«Иірім» романында уақиға шиеленісті жағдайда өрбиді. Кейіпкердің мінез-бітімінен қай халықтың өкілі екенін жазбай танытатын ұлттық мінез деген болады. Әдебиеттанушы Т.Бекниязов әлгіндей тарихи санаттың қоғамдық, рухани, экономикалық, саяси жағдайларға байланысты қалыптасатын төрт түрлі ерекшелігін тілге тиек ете келе, белгілі бір шығарма арқылы ұлттық мінез жасау үшін ұлттың дүниетанымы мен психологиясын білу керектігін айтады. «Иірім» романындағы уақиғалар толайым жоғарыда аталған төрт тірекке орай өрістейді.

Жазушы осы заңдылықтарға сүйене отырып, шығарманың жүгін көтеріскен кейіпкерлердің белгілі бір өлкеге тән мінез суреттерін жасайды. Өлкелік ерекшеліктерден сәл де болса хабары бар адам шығарма арқауындағы шындық пен кейіпкерлерді жаңылмай таниды. Әрине, «Иірімде» Ақтілеуден басқа кейіпкер атаулының аты-жөндері толығымен өзгертілген. Жер аттары да ойдан шығарылған. «Қаратал облыстық партия комитеті» деген сөзден-ақ уақиғаның мезгілі анық болғанымен, мекені ауыстырылғанын іштей сезіп, біліп отырасыз. Өйткені, Қазақстанда Қаратал облысы деген атымен болған емес. Алайда «Бәйтеректің бұтағы» романындағы Ақтілеу бейнесі араға түскен жылдардың айырмашылығынан кемеліне келіп, әбден толысқан азамат, кәсіби журналист ретінде уақиғаға қатысушы басты кейіпкер ретінде қайта көрінгенде, бұрынғы ескі танысыңмен қайта қауышқандай боласың. «Иірімді» осының алдындағы «Бәйтеректің бұтағы» романының жалғасы дейтініміз сондықтан.

Бір жерде ұзақ қызмет жасаған адамдардың мінез-құлқының өзгеруі, мемлекет болып ұйысып үлгермеген жұрттың жүзге бөлінуі, жақын руласына сүйеніш таныту, қызметтестер арасындағы опасыздық, білім, қабілет, өресі әлсіз болса да жүнді білек ағаға арқа сүйеу арқылы Құдайдан басқа сыйынары мен сүйенері жоқ адамдардың көретін құқайы… сияқты қазақты қажытып жүрген уақиғалар тізбегі тарқатыла бастағанда, романның осыдан қырық-елу жыл бұрынғы желісі жылжып, тап бүгін болып жатқан көрініс сияқты оқыс әсерде қалдырады. Осы ерекшеліктің өзінен толағай жазушының әлдеқашан жасаған типтік бейнелері сіз бен біздің өмір сүріп отырған қоғамда да өзектілігін жоймай келе жатқанына куә боламыз.

…Көксу ауданының аупарткомы Ботбай Сахиев пен обкомның хатшысы Қыстаубай Бүкіровтың арасындағы туыстық арақатынас кісінің басына іс түскенде шиеленісе түседі. Шығарма білімі таяз іні мен дүмі күшті ағаның арқасында илалап өскен саяси қызмет сатыларын суреттеуден басталады. Сөйтіп, тақырып аясы тамыр жая келе, бүгінгі күн келбетімен бетпе-бет келеді.

Кез келген көркем шығарма болған және болуы мүмкін уақиғаларды бір үлгіге түсіріп, типтендіреді. Алыста қалған ХХ ғасырдың 60-жылдары Құмбел совхозының директоры Таппай Ескермесов және облыстық партия комитеті мен аупарткомның бірінші хатшысының арасындағы шырмауықтай шырматылған уақиғалардан бүгінгінің облыс, аудан, ауыл әкімі арасындағы егіздің сыңарындай ұқсас суреттердің көлеңкесін көріп отырып, «ел жаңа» деп аталатын елу жылда ештеңенің де өзгермегеніне және өзгермейтініне амалсыз қайран қаласың.

Орталық кейіпкер Ақтілеу Әкімгереев – журналист, Көксу аудандық партия комитетінің аппарат қызметкері, шындықты бүкпесіз айтып, жазудан қаймықпайтын жан. Шығармашылық адамның болмысы мен қасаң әкімшілік аппарат қызметкерлерінің арғы затындағы от пен судай, қабысуы мүмкін емес қарама-қайшылықтар бейнелердің алуандығы арқылы шығармаға ерекше әсер береді. Мінберге шығатын басшы үшін қатардағы қосшының баяндама жазуы… әлгінің барлық жерде сөйлейтін сөзін дайындау арқылы сарқылу… өзін лауазымды басшы орнына қойып сөйлеу… сөйтіп халықтың көкейіндегісін айту… ақыр аяғында әлгі өтеусіз қызметі үшін сынық сөйлем жылы сөз естімеу қасіретінің қандай екенін көресің, бұл шығармадан. Оқып отырып, «Сонда бұның басшысы кім, қосшысы кім?» деген жауабы жоқ сансыз сұрақтардың құрсауында қаласың.

Жазушы екі күннің бірінде қаналып, сол арқылы адамдық құқықтары тапталып жүрген «әдеби негрлердің» запыранды зарын төге түседі. Аупарткомның екінші хатшысы Қален Қабиевтің бейнесі арқылы күні үшін қатар жүрген азаматтарды сатып кете салудан тайынбайтын опасыздың бейнесі суреттелсе, сол аупарткомның хатшысын сайлайтын әкім-қаралардың ахуалы бүгінгі қолға үйретілген кейбір халық қалаулыларын еріксіз еске түсіреді. Қаламгердің «Аупарткомның хатшысын актив сайлауы керек. Бірақ обкомның хатшысы ертіп әкелген адамды әзірге еш жерде қабылдамай, қайтарып жібергенін естіген жоқпыз» деген сөзі демократия деген ұғымның әзірге тек тілдің ұшында жүргенін көрсетеді және кешегі Кеңес Одағы мен бүгінгі күннің арасындағы қасаң жүйеде, оның басқару, сайлау, қызметке орналастыру, қызмет істеу қағидаттарында пәлендей айырмашылық жоқ екенін ұғындырады.

«Халықтың бұған да еті үйреніп кеткен. Оңашада талқылайтыны болмаса, көп алдында көзге түсіп, басшыларға шіркін атанғысы келмейді» дегені – бұғып қалатын бүкірі көп бүгінгі заманның боямасыз шындығы. Романда көптің мүддесі шетқақпай қалып, жалғыздың жағдайы үшін барлық мүмкіншілік атаулының жасалып бағатындығы айтылады. Осы суреттердің бәрінен кешегі жеке басқа табыну дәуіріндегі құлдық сананың қазақ қоғамында әлі сол бәз-баяғы қалпында екенін аңғару қиын емес.

Ол кезде халықты кеңестік-адами ізгілік рухта тәрбиеленуге үндеп, осы жолда үдемелі күрес жүргізіп отыратындықтан, кеңестік «шындықтың» (соцреализм) шырмауы мен бұғауынан шығып кету қаламгерлер үшін оңай болған жоқ. Әлмәмбет – осы әлеуметтік тордан сытылып шығып, сол Кеңес Одағының азаматы бола жүріп, сыншыл реализм идеясына қызмет жасаған жазушы. Бұл бағыттың басты ерекшелігі – қоғамдық өмірдегі қайшылықтар мен кемшіліктерді сынға алу, еңбекшілердің көңіл күйін бағып, билеуші топтың қолдан жасайтын әлеуметтік теңсіздігіне деген наразылығын білдіру арқылы әдебиетті қоғамдық өмірмен тығыз байланыстырып, оның идеялық мазмұнына қозғаушы күш беру. Өкінішке орай, әлгі қасиеттердің санаулы қаламгерлерге ғана тән екенін айтпай болмайды.

Мұндай әдеби ағымның астарында және осы идеяға қызмет ететін шығарманың мазмұнында еңбекші халықтың сойылын соғумен қатар, сол әлеуметтік топтың қоғамдық өмірді өзгертуге болатыны мен оның кемел болашағына деген нық сенім жатады. Бұл бағытта жазылған шығармалар түңілу сипаты басым пессимистік сарындардан бойын аулақ ұстайды. Біз осы ерекшелікті «Иірім» романының күрмеуінен көреміз.

Ауданға жаңадан келген аупарткомның басшысына тоқсан мың халықтың үмітін арту арқылы жазушы келер күнге сенім білдіреді. Ел өз келешегіне сену арқылы ерте ме, кеш пе қоғамдағы бассыздық атаулыны тыйып, өзіне тиісті дәрежеде үлесін алатындығын меңзейді. Шым-шытырық уақиғаларға толы көркем туынды осылайша көтеріңкі көңіл күймен биік нотада күрмеледі. Автор ел басқарған басшының иірімге түскен қу қайықтың ескекшісі екенін айта келіп, романның соңғы сөйлемінде «Шіркін, сол иірімнен абыройлы шыққанға не жетсін?!..» деп түйеді тарихи шындықты тірек еткен, реалистік көркем бейнеге толы деректі-мемуарлық шығарманың тобықтай түйінін.

Берік ЖҮСІПОВ,

Фольклортанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<