Сәтбаевтың шәкірті

419

0

Ұлттық Ғылым академиясының негізін қалаушы, ел мақтанышы Қаныш Сәтбаевтың туғанына биыл 125 жыл толды. Академик отандық ғылымды дамытуға зор еңбек сіңірумен бірге геолог ғалымдарды тәрбиелеп шығарды. Солардың бірі – қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы геолог, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор Нағима Құдайбергенова болатын.

Ол 1935 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Әкесі Қ.Көшкінбаев аудандық дайындау мекемесінің бастығы болып қызмет етіп жүрген кезінде, 1937 жылы жазықсыз жала жабылып, қуғын-сүргін құрбаны болды. Асыл азамат кейін ақталып, әділдік салтанат құрды. «Халық жауының» отбасына амалсыздан қаланы тастап, Бөген ауылындағы туысқандарын паналауға тура келді. Соғыс жылдары Нағима мектепке барып, осындағы Бөген орта мектебінің орыс сыныбын алтын медальмен бітірді. Сапалы білім алуына шалғайдағы ауылға жер аударылған оқымыстылардың, интеллигенция өкілдерінің көп ықпалы болғанын айтып отырады екен. Талапты де алғыр жас Саратов мемлекеттік техникалық университетінің геология факультетін үздік тәмамдап, Қазақстанға оралды. Еңбек жолын 1958 жылы Ақтөбе геологиялық барлау экспедициясында учаске геологі қызметінде бастайды.

– 1961 жылы Алматыға келіп, Қ.Сәтбаев басқаратын Геологиялық ғылымдар институтына жұмысқа орналастым. Менің құрдастарым ғылымға Қаныш Имантайұлының өмірінің соңғы жылдары келді. Біз – оны көру және ақыл-кеңесін тыңдау бақытына ие болған соңғы буынбыз. Адамды бағалай және құрметтей білетін Қаныш Имантайұлы жас мамандармен кездесуде ғылым табалдырығын аттаған әрқайсымыздың қолымыздан алып, мейірімді жүзбен «Өмірдің қиын, алайда бақытты жолын таңдапсыңдар. Табыс тілеймін» деді. Сол кездесуде қандай мұқтаждықтар барын да сұрап, соған орай көмек беруді ұйымдастырған еді. Қазақтың «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөзі нақ Қаныш ағаға арналып айтылғандай. Атақ-дәрежесі жоғары болғанымен, жастарды әке-көкелеп жүретін, әрдайым «айналайын» деп сөйлейтін, мейірбан, кішіпейіл, өте қарапайым адам болатын.

Институтта жасы үлкен апай бар еді. Қаныш аға «Алдымен осы кісінің жанында отырасың. Бұл – микроскоптан да көреген, білгір адам» деп қамқорлық танытты. Бір жылдан кейін карта сызумен айналысатын тәжірибелі маманның жанына көмекші етіп бөлді. Сосын «Үш жыл уақыт беремін, содан кейін не істегеніңді айтып бересің» деп жауапкершілік салмағын сездірген еді. Өкінішке қарай, ол күнге жете алмадық. 1964 жылы аға дүниеден өтті, – деп еске алатын Нағима апай.

Ғалым заңғар тұлғаның адамгершілігі мен болмысынан сыр шертеді. «8 наурыз мерекесі жақындаған кез еді, институттағы үлкен апайлар «мейрам жақындап келеді, енді Қанекең Мәскеуге барып қайтады» десті. Сөйтсем, шынымен аға Мәскеу арқылы шешілетін шаруаларын осы уақытқа орайластырып, мереке қарсаңында астанаға барып қайтады екен. Ондағысы – институттағы әйелдер қауымына сыйлыққа кәмпит, тәттілер әкелу. Өйткені, ол кезде Алматының өзінде тәтті деген жоқ болатын. Осылай нәзік жандарға үлкен құрмет көрсететін» дейтін ол.

Нағима Құдайбергенқызы 1970 жылы Солтүстік Қазақстандағы алтын кенішінің қалыптасу ерекшеліктеріне арналған кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Қазақстандағы алтын кеніштерін дала жұмыстары барысында зерттеудің нақты нәтижелерін жинақтау, теориялық қорытындылау арқылы салада үлкен жетістікке қол жеткізді. Бұл докторлық еңбегі де өнеркәсіп саласының өркендеуіне ықпал етті. Атамекеннен алтын іздеген ғалым апамыз осы салада ондаған кәсіпорында жемісті жұмыс істегенін мақтаныш ететін еді.

Білікті маман институттың геологиялық ғылыми-зерттеу музейін отыз жылдан астам басқарды. Осы уақытта бағалы тастар қорын толықтыру мен жетілдіруде, ғылыми еңбектер дайындауда қыруар жұмыс атқарылды. Ғалымның жетекшілігімен музей қорын зерттеу нәтижесінде ғылыми жобалар атқарылып, «Қазақстан минералдары» монографиялық еңбегі жарық көрді. Әсіресе, Нағима апаның түрлі-түсті безендірілген, екі тілдегі «Қазақстанның әсем тастары» кітабы ғалымдардан жоғары бағасын алды. Бағалы тастар мен алтын кеніштерінің білгір маманы, институттың осы бағыттағы негізгі ғылыми тақырыптарын зерттеген ол геология саласына өлшеусіз үлес қосты.

Нағима Құдайбергенова 250-ден астам ғылыми еңбектің авторы, олардың теориялық маңызы болумен қатар, еліміздің алтын кеніштерінде жүзеге асырылған жобалар да жеткілікті. Еңбектері халықаралық және аймақтық кеңестерде әріптестерінің назарын аударып, ізденімпаздығы мен білімділігін көрсетті.

Ол тоқсаныншы жылдардан бастап кәсіби қызметін еліміздің жоғары оқу орындарындағы оқытушылықпен ұштастырды. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық университетінде, Қазақ-Британ университетінде студенттерге дәріс оқып, геология саласындағы бай тәжірибесін бөлісті. Ғылыми-теориялық дайындығының молдығы, табиғи педагогикалық қабілетімен ерекшеленген ұстазға 1994 жылы профессор атағы берілді.

Белгілі ғалым еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласты. Бүкілодақтық кәсіподақтар кеңесіне, Қ.Сәтбаев институтының ғылыми кеңесіне мүше болып сайланды. Апайдың шәкірттері бүгінде геология саласында жемісті еңбек етуде.

Ғалым өзінің геолог жолдасымен екі перзент тәрбиелеп өсіріп, немере-шөберелерінің қызығына бөленді. Мағыналы да тағылымды ғұмыр кешіп, 85 жасында дүниеден өтті.

Ұлы ұстазы Қаныш Сәтбаев айтқандай, қиын мамандықты меңгергенімен, олар бақытты жолды таңдады. Бүкіл ғұмырын ғылымға, елінің өсіп-өркендеуіне арнаған, атамекеннен алтын іздеген геолог-ғалым Нағима Құдайбергенованың өнегесі жас ұрпаққа үлгі боларлықтай.

Жұматәли ӘБДІРАМАН,

жазушы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<