Сағым  жылдар

553

0

«Жақсыларда жаттық жоқ», «Көзкөрген», «Гауһартас», «Керуен», «Ақ толқын», «Бір нәзік сәуле», «Қызылқұмның қызы», «Ауылдан аттанғандар», «Толғауы тоқсан тіршілік», «Беласқан» кітаптарының авторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Темірбек Есжанов биыл 75 жасқа толып отыр.

Т.Есжанов 1948 жылы 22 қаңтарда Жалағаш ауданының «Таң» ауылында туған. №34  «Иіркөл»  орта мектебін бітірген.  Еңбек жолын жұмысшылықтан бастап кейін механизатор болған. Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «Филология» факультетіне түсіп, оны «Музыка және әдебиет пәні мұғалімі» мамандығы бойынша 1971 жылы аяқтайды. Алғашқы ұстаздық жолы өз ауылындағы №118 «Таң» орта мектебінде басталып, мектеп директорының тәрбие, кейін оқу ісі жөніндегі орынбасары болды.

Мырзабай ахун ауылындағы №122 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директорының міндетін атқарды. «Таң» кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағасы, ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, кеңшар директоры болды. Өндірістен қол үзбей жүріп Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумын және идеология кадрларын дайындайтын университеттің «Философия» бөлімін бітірген. Қызылорда қаласы білім бөлімінің қызметкері, қаладағы №235 және №173 орта мектептерде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

«Ел тілегі» газетінде әдеби кеңесші, осы газеттің бас редакторы болды. Ширек ғасырдан бері тарихи-танымдық мақалалар жазып, өңірдің рухани-мәдени дамуына өз үлесін қосып келеді. Өмірлік серігі Зияда Дәниқызы екеуі 6 бала тәрбиелеп өсіріп, 18 немеренің ата-әжесі болып отыр.

Өткенге ой жіберсек, өмірдің шапқан аттай зулап, бір сәтке де тоқтамай, тарихқа ойдым-ойдым із тастап өтіп жатқанын сезінеміз. Кешкен ғұмыр бейне бір сағымдай бұлдырап, қалып барады екен. Мұндайда:

– Сағындым, сағым жылдар,

Өттің-ау ағып жылдар.

Баладай алаңсыз,

Баянды, баянсыз.

Тағдырға бағынумен, – деп басталатын Гүлнәр Дәукенованың ақын Шөмішбай Сариевтың сөзіне жазған «Сағындым, сағым жылдар» әні ойыңа еріксіз оралады. Әрі қарай жалғасақ:

– Сағыныш-ай, сағыныш-ай,

Сен де бір арман, сен де бір жалған… Осылайша ән жаныңды тербеп, қимас сезімдерге жетелейді. Адам қоғамды жасайды, бірақ қоғамнан тыс тіршілік ете алмайды. Бұл бір, екіншіден қоғамда жеке адамның, яки тұлғаның рөлін ешкім жоққа шығармаған. Олар – дүниенің қозғаушы әрі дамытушы күші.

…1957 жылы солақай саясаттың кесірі ме, әлде басқа себептер болды ма, Жалағаш ауданының «Таң» ұжымшарын Сырдарияның терістік бетіндегі Молотов атындағы ұжымшарға қосып жіберіп, орталығын Молотов етті. Ауылдағы орталау мектеп жабылды да, бастауыш сыныптар ғана қалды. Елдің іргесі сөгілейін десе әп-сәтте екен ғой, амалдың жоқтығынан жұрт үдере көшті. Көп үй Молотовқа, қойшы ағайын отар-отар қойымен Жалағаш қой совхозына (кеңшар) өтті. Қалаға, қала маңындағы Қарауылтөбеге, басқа ауылдарға кеткен отбасылар да болды.

Келесі 1958  жылдың  жазында  біздің үй де көшті. Себебі менің 5-сыныпқа баруым  керек еді.  Осы  жылдың  бірінші  қыркүйегінде «Берлімбет» көлінің жағасындағы №34 «Иіркөл» орта мектебіне келдім. Бөтен ауыл, бөтен мектеп. Бастапқыда тосырқағаным шындық. Мектеп директоры Камал Сүлейменов, оқу ісінің меңгерушісі Кенжебай Қайнарбаев деген кісілер екен. Жақсылық Жылқышиев, Бибінұр Бөлегенова, Камал Тығынбаев, сәл кейінірек Кенжебек Байдәулетов, Жадырасын Күзенов, Қайырберген Әбдиев сабақ берді.

Ауыл көше тәртібімен салына бастаған. Ағаш егу  қолға алыныпты. Ұжымшар төрағасы Мөрәлі Шәменовтің өзі көрсетіп берген жерге  тезелдетіп шағын үш бөлмелі үй тұрғызып алдық. Бұрынғы Молотов атындағы ұжымшар енді «Коммунизм» кеңшары атанды. Шәменовтің тәртібі күшті. Өз ауылына бастық болғаннан кейін, бұған дейін әр жерде қақырада шашырап отырған жұртты көше тәртібімен кесектен жер үй  салуға жағдай жасаған. Халыққа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсететін орындар ашыла бастады. 1958 жылы  клуб, келесі жылдары жаңа мектеп пен дәрігерлік пункт бой көтерді. «Коммунизмнің» өз электр стансасы ауылға жарық берді. Үй-үйге радио желілері тартылды. Жергілікті радио торабы жұмыс істеді. Күріш ақтайтын, ұн шығаратын цехтар, ағаш-темір өңдейтін ұстаханалар ашылды. Монша, асхана халыққа қызмет етті. Аудан орталығына қатынайтын жабдықталған автокөлік болды. Алғашқы автокөлікті Шәріпқұлов Әбдір деген біздің жақын ағамыз жүргізгені есімде. Тәжен деген киномеханик аудандық, облыстық кино жүйелерінен небір қызықты кинофильмдер әкеліп көрсететін.

Алматыдан, Қызылордадан артистер концерт қоюға жиі келетін. Көрші Ақтөбеден Геннадий Шульга деген әнші бірнеше рет келіп концерт берді. Әлі есімде бір жылы  Сара Тыныштығұлова келді. Өзі сондай сүйкімді, көзі ботаның көзіндей, жап-жас қыз концерт жүргізушінің хабарлауынша Алматы филармониясына енді келіпті. Әйгілі Жамал Омарова апамыздың дауысына ұқсайтын әншіні клубқа жиналған көрермен зор ілтипат көрсете тыңдады ғой деймін. Елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында композитор Әбілахат Еспаевтың әндері жиі айтылатын. Радиодан тыңдап, тез үйреніп алатынбыз. Сара Тыныштығұлова осы композитордың әндерін бірінен соң бірін құйқылжыта шырқаған: 

– Ұстазым менің, ұстазым

Өзіңмен өткен қыс-жазым.

Қалдырған ізің мәңгілік

Жадымда тұрар жаңғырып, – деген ән жолдарын кім білмейді, сөйтсек әлі күнге дейін мектеп оқушыларының гимніндей  болып   жүрген  бұл  керемет әннің авторы Әбілахат Еспаев екенін сол жолы Сара орындағанда  білдік ғой…

Әкем Әубәкір Есжанұлы жырау кісі еді. «Шәкір-Шәкірат», «Самұрық құс» қиссалары мен Сыр сүлейлері – Балқы Базардан бастап, Шораяқтың Омары, Тұрмағанбет, Кете Жүсіп, керейт Даңмұрынның жыр-термелерін әкемнен тыңдап өскен маған ән мен жыр ерекше ұнайтын. Оның үстіне  бозбалалық дәуреніміз Шәмші Қалдаяқов әндерінің бірінен-кейін бірі шығып жатқан кезіне сәйкес келді. 60-жылдар бейнелеп айтсақ, қала да, дала да Шәмші әндерінің ырғағымен тербеліп тұрғандай болатын. Балауса сезімді тап басқан әндер  жас жүректердің лүпілі мен оның сырларын білдіретіндей де еді.

Күзде күріш жинауға барамыз. Машинаға отырсақ болды қыздарымыз бастап, біз қоштап, қосылып әнге басамыз. Егін алқабына барғанша да, қайтарда да ән.

«Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Қайықта», «Қайдасың», «Бәрінен де сен сұлу», «Кешікпей келем деп ең», «Құшақ жайған қандай адам», «Ақ бантик» болып жалғаса береді. «Коммунизм» кеңшарының (кейін кеңшар болған – Т.Е.) егіні, оның ішінде негізгі дақыл – күріші «Таңның» жерінде егілетін. 1964 жылдан бастап «Естек», «Құс ұясы»  аталатын  жерлердегі  күзгі егін  жинау  науқанына  қатыстық. Күндіз жұмыстан шаршап қайтқанымызбен  кешкілік  тамақтанып алған соң, ойын-сауыққа кірісеміз. Ән айтамыз, би билейміз, түрлі ойындар ойнаймыз дегендей. Жұмысқа алып келген мұғалімдеріміз Кенжебек Байдәулетов, Жадырасын Күзенов, Шәмшадин Тайбасаров ағайлар. Кенжебек ағай бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін. Жоғарғы сыныптың бірінің орыс әдебиетінде А.Пушкиннің «Капитанская дочка» деген шығармасынан үзінді бар. Сондағы басты кейіпкерлер Маша мен Гриневтің кездесетін жерін түсіндіргенде ағай қуақы жымиып, «олар көзбен ғана ұғынысты» деп кірпігін қағып-қағып жіберетін. Жадырасын ағай химия пәнінен сабақ берді, кейін көп жыл бойы  «Таң» кеңшары партия комитетінің хатшысы болды. Ал Шәмшадин ағай – біздің сынып жетекшіміз. Сол жылдары мектептің оқу бағдарламасына енген «Ауыл шаруашылығы практикумы» деген пәннен сабақ жүргізетін. Шәкең кейін «Таң» кеңшарының бас инженер-механигі, ауыл әкімі қызметтерін абыроймен атқарды.

…1964 жылдың күзінде мектепке Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінде сырттай оқитын Қалмахан Нұрғалиев деген жас жігіт қызметке келген. Сол жылдары шағын прозалық шығармалар жазып көріне бастаған ол мектепте «Жас қалам» үйірмесін ашып, оған әдебиетке жақын оқушыларды тартты. Менің «Кездесу» атты  алғашқы әңгімемді қарап, аудандық газетке жібертті. Көп ұзамай әңгімем басылып шықты. Осыдан бастап жазуға үйірсектеп, жергілікті жерден газетке мақалалар жібере бастадым. «Жаңадария» (сол кездегі Жалағаш аудандық газетінің аты – Т.Е.) газетінің «Коммунизм» кеңшарындағы штаттан тыс тілшісі болғанмын. Жоғары оқу орнын бітіргесін, ұмытпасам Қалекең «Ақсу» кеңшарындағы №116 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді білем. Әрі қарай аудандық газеттің қызметкері ретінде көрінді. Жалағаш аудандық білім бөлімінің бас инспекторы, Темірбек Жүргенов атындағы №123 орта мектептің директоры қызметін атқарды. Қалмахан Нұрғалиевтің бірнеше повесі «Жалынның» жабық бәйгесінде жүлделі орындарды қанжығалаған. Нақтылап айтар болсақ, олар «Ақ желкен», «Бозторғайдың шырылы», «Мазасыз шақ» деп аталады. Қалекең повесть жазудың  шебері еді. «Екінші көктем» атты алғашқы повесі 1971 жылы басылып шығып, әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленгенін айта кету парыз. Ал жазушының «Көктем шуағы» атты повесі өте әсерлі шығарма. Оқырмандарына, әсіресе жас буынға рухани азық сыйлаған осы повесі Нұрғалиев қаламының қарымды екенін көпке мойындатты. Повестің шұрайлы тілі бір сәттік сезім толғаныстарын көркем суреттейді. Сөзім жалаң болмас үшін шығармадан кішкене бір эпизодты келтіре кетейін: «…Құралай сыртқы есік ауызында тұр екен. Қолында ораулы заты бар. Тоңып қалған ба, бетінің ұшы нарт қазыл. Етігінің өкшесін бір-біріне тық-тық еткізіп соғып қояды.

– Алмат, сені әскер күнімен құттықтағалы келдім, – деді ол жарқын жүзбен қолын ұсынып.

–  Рахмет, – деді бұл кібіртіктеп. Абдырап қалды да қыздың ұсынған қолын екі қолымен бас салды. Құралай газеттің орауын  жазып, әлі лак иісі кетпеген үшқатты бұған батылсыздау ұсынды.

– Мынау менен ескерткіш болсын.

Бірақ, көңілінде күдік сауал жылт еткен. Анасына ұқсата алдым ба екен? Таныса жақсы шыққаны. Ал танымаса масқара. Неге үндемейді өзі? Алматтың бұл кездегі көңіл-күйі буырқанған теңіздей астаң-кестең. Әуелі сурет жұмбақ көрінген. Тесіле қарап еді, таныс кескін жылыұшырап шыға келді. «Алматым! Көкем! Көкешім!» деп еміренгендей таныс үн тап құлағының түбінен естілгендей. Алмат бар даусымен «Апа» деп айқайлап жібере жаздады…» Міне, суреткерлік шеберлік  осылай болса керек.

Жазуға деген әуестігім арта берді. Шығармашылығыма жол-жоба көрсеткен тағы бір асыл азаматты айта кетейін. Ол маған нағашы болып келетін Мырзамұрат Ілиясов еді. Мырзекең аудандық газеттің корректорынан  бас редакторлық қызметке дейінгі журналистік жолдан өткен, ойы ұшқыр, қаламы жүйрік қаламгер болатын. Ұзақ жыл бойы аудандық «Жаңадария» газетіне басшылық етті.

1966 жылы №34 «Иіркөл» орта мектебінің он бірінші сыныбын 21 оқушы бітірдік. Орта білім туралы аттестатпен қоса «3-сыныпты тракторист-машинист» мамандығын бірге алып шыққан біз облыс мектеп бітірушілеріне үндеу тастадық. Онда: «Аулымыздың экономикасы мен мәдениетін көтеру мақсатында өндірісте қалып, еңбек етеміз» делінген. Үндеу суреттерімізбен қоса «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы» газеті – Т.Е.) газетіне басылып шыққан.

1967 жылдың басында «Коммунизм» кеңшарынан бөлініп, «Таң» өз алдына кеңшар болғанда  маған су жаңа «МТЗ-80» тракторы бұйырды. Осы тракторға тіркеме тіркеп, ағайындарымызды  ауылға көшіріп әкелгенім есімнен кетпейді.

Ерте көктемнен егін егу харекетіне кіріскенбіз. Тракторыммен кеңшардың сан-салалы жұмыстарына араластым, егістікке тыңайтқыш тасыдым, бір бригаданың күріш тұқымын септім, мал азығын дайындауға қатыстым. Тракторымды қимадым, бірақ оқу керек еді.

Осы жылы күзде Н.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп кеттім. Сөйтіп, студенттік  өмір басталған. Институт ректоры – Базарбек Өсербаев, деканымыз – Нұрлыбек Жүнісов. Кейінірек білгендей, екеуі де қазақтың маңдайына біткен марқасқа тұлғалары екен ғой. Институттың 3-курсында «Әдебиет және музыка» деген сабақ жүрді. Одан Ибрагим Мұхамеджанов деген оқытушы дәріс оқыды. Өте әңгімешіл кісі. Сөйтсек, Ибрагим ағай жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджановтың туған інісі болып шықты. Бірде Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесі бойынша сөз қозғап, қырғыз-қазаққа мағұлым болған «Даниярдың әні» туралы айтқаны бар. Сонда Ибрагим ағай: «Даниярдың әуелете салған әні қырғыз Алатауының ана бөктеріне бір соқты, мына бөктеріне бір соқты, сөйтіп  Жамиләның жүрегіне келіп орнықты, әннің құдіреті деген осы емес пе?» деген.

Енді бір сабақта қазақтың айтыс өнері әңгіме болды. Сырдың бойында  өмір сүрген Ұлбике ақын туралы айтқан: «Тума талант, суырып салма ақын, ойын-тойдың көркі Ұлбике өнерімен көпті тәнті еткен. Менің арғы атам Күдеріқожамен де бірнеше рет сөз қағыстырыпты. Шашасына шаң жұқпаған ақынның күйеуі қызғаншақ екен, ақыры Ұлбикені ұрып өлтірген» деп күрсінген еді.

Арада 23 жыл өткенде біздің «Таң» ауылына Қалтай ағаның келетінін және  тұз-дәмдес болатынымды  әрине, білгенім жоқ.

Талантты адамдар аз емес ғой, солардың бірі – балетмейстр Дәурен Тастанбекұлы Әбіров. 1984 жылы Қазақстанның халық артисі, 1988 жылы Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері атақтарын алған, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас балетмейстрі болған. «Дударай», «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Біржан-Сара» операларының биін қойған. «Қазақфильм» студиясы шығарған «Қыз бен жігіт», «Біздің сүйікті дәрігер» кинофильмдеріндегі биді де қойған осы Дәурен Әбіров. Осындай кәсіпқой маман 1970 жылы сәуір айының алғашқы күндерінің бірінде облыстық партия комитетінің шақыруымен Алматыдан Қызылордаға іссапармен келді. Мақсат – Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің репертуарын  мерекеге лайықтап қайта дайындап, оны салтанатты жиыннан соң көрсету. Айтпақшы, Ленинск (қазіргі Байқоңыр қаласы – Т.Е.)  қаласынан композитор, полковник Карасев деген әскери кісі алдырылған. А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде дайындық басталып кетті. Бізді – ансамбль мүшелерін сабақтан босатты. Дәурен Әбіров өзін де, бізді де аямады, әбден сілелетіп, екі аптаның ішінде дайындықты аяқтаған.

21 сәуір күні кешкілік «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің мерекелік концертін салтанатты жиналыстан соң халық тамашалады. 1971 жылдың шілде айында институтты аяқтап,  дипломымызды алдық. Жалағаш аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Ижанов  өтінішіміз бойынша мені №118 «Таң» орта мектебіне мұғалім, ал жұбайым Зияда Дәниқызын балабақшаға тәрбиеші етіп жіберді.

1973 жыл.   Мамыр   айындағы  шуақты күндердің бірі болатын. Жалағаштан Қайрош Ыбраев деген мүғалім жігіт іздеп келді. Келген шаруасы Қызылорда қаласында тұратын әйелінің нағашысы, ақын Зейнолла Шүкіровке үйінен шәй бермекші. «Жалағаштан көлік таба алмадым, сосын көзкөрген ғой деп саған келіп тұрмын» дегесін әрі аты елге белгілі, өзім кейбір өлеңдерін жатқа білетін сүйікті ақынымды көріп, қызмет жасағым келіп кетті де, алғаныма 3-4 ай ғана болған су жаңа «Москвич-412» жеңіл мәшинемді оталдырдым.

Есіме ә, дегеннен-ақ лирик ақынның:

– Қайда ұйқым, ұйқым менің қайда қашқан?

Бозарып келеді әне жайлап аспан,

Түсіме бүгін тағы кірдің сәулем.

Сол менің тәтті ұйқымды шайдай ашқан, – деп басталатын өлеңі түскен. Қалаға жетіп, Зекеңнің үйіне кірдік. Бір-екі кесе шәй ішіп алғасын ақынды көлікке отырғызып, кейін қарай Жалағашқа тарттық. Ол кезде ауылда менен басқа адамда жеңіл көлік жоқ. Мұны «Таң» кеңшарындағы ірі қара бақташысы әкем Әубәкір Есжановқа бәйгеге кезексіз берген. (Малшы еңбегін бағалағандарға рахмет айтып жүрдім ғой – Т.Е.) Алдыңғы орындықта екі көзін алысқа қадап, қырандай қомданып, иісі қазаққа танымал ақын Зейнолла отыр. «Шағанға» жақындай бергенде (сол жылдары Жалағашқа баратын тас жол бітпеген)  «ГАЗ-21» жеңіл көлігі  қапталымнан сигнал беріп оза берді. Ескілеу «Волганың» басып озғанына намысым келіп, газды бастым да, мен оздым. Озуын озсам да, жол нашар еді әрі жаңа мәшинемді аядым білем, бір сәт газды азайта қойдым.Олар күліп,  озды да кетті.

– Теміржан, – деді ақын баяу, салмақты үнмен, жассың ғой, өмірде жарыс көп болады, әлі талай озасың, талай қаласың, бірақ қашқанға да қуғанға да серік болмасаң жарайды, – деген. Зекең айтқандай «талай оздық, талай қалдық», бірақ «қашқанға да, қуғанға да серік болдым» дей алмаймын.

Жаңылмасам, 1974 жылғы қараша айының аяғы еді. Жалағаш кентінде аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Зияда Ижановтың басшылығымен «Кабинеттік оқу жүйесіне көшу» туралы семинар-кеңес өту жоспарланып, тәжірибе алмасу мақсатында Қызылорда  қаласынан  мектеп басшылары, озат мұғалімдер келіп қатысуы тиіс болған. Қаладан келетін қонақтарды түс ауа пойыздан күтіп алып, орналастыру қазіргі Бұқарбай батыр ауылындағы №33 және «Таң» ауылындағы №118 орта мектептерге тапсырылды. Жалағаштың әрі кетсе оншақты ғана адам сиятын қонақ үйіне жиырмадан аса қонақты толық орналастыру мүмкін  болмағандықтан  кенттегі  бір ағайынның  кеңдеу үйін сұрап алғанбыз. Екі мектептің директоры және 4-5 жас жігіт-қыздар дайындыққа кірістік. Түс ауа қалалықтарды күтіп алып, аудан орталығындағы  екі  мектепті  аралаттық. Кешкілік дайындаған дастарханымызға әкелдік. Жетпісбаев деген ересектеу кісі келушілерді біртіндеп таныстыра бастады. Біздің директорлар Комвуз Бердәулетов пен Қайырберген Әбдиев те осындай рәсім жасады. Шәй-пәй ішіліп, еркін отырыс басталды.

– Мұндайда қонақкәде деген болады, – деп Жетпісбаев өзі бастап, қасындағылар қосылып бір ән айтты. Менің иығыма ілген баяным болатын, оларды сүйемелдедім.

– Ал, біз құтылдық, енді ауылдың алты ауызы сендерде, – деді Барақбаева деген қартаңдау әйел. Директорым маған қарады, түсіне қойдым да баянымды бір-екі созып-созып алып енді ғана шығып,  жұрт әлі айта қоймаған бір әнді баяу бастадым:

– Арманым – ақсәулелі гүлімбісің?

Әлде сен алаулаған күнімбісің?

Әлде сен албыраған ай ма екенсің?

Арманым айтшы маған қайда екенсің?

Асыл арман, асыл арман,

Мен сенен күдерімді үзбей жүрмін. Баяу басталған әнді биікке көтере бердім. Жұрт тым-тырыс, бәрі құлақ түре қалғанға ұқсайды. Әнді аяқтағанда алақандарын соғып жатты.

– Тағы бір рет айтыңызшы, – деді орта тұста отырған жіңішкелеу келген, аққұбаша келіншек.

– Сұрап жатыр ғой, қонақтың тілеген орында, Теміржан мен де қосылайын, – деген Комвуз ағайдың сөзінен кейін әнді қайта бастадым. (Комвуз Бердәулетов өнерді сүйетін азамат еді, кейін көп жыл  бойы  Жалағаш аудандық мәдениет бөлімін басқарды – Т.Е.) Кәмекең мен әлгі өтініш жасаған келіншек арагідік қосылып қалып отырды. Әп-әдемі дауысы бар келіншектің есімі Нәзипа екен. Түннің бір уағына дейін жақсы отырыс болған. Ертесіне ерте басталған семинар жұмысы кештете  аяқталып,  қонақтарды пойызға отырғызып жіберген едік.

Осы жерден алға ілгерілейін. Көп жылдар өткен. Жалағаш ауданындағы «Таң» кеңшарының директоры едім. Жерлесім әрі жолдасым, журналист Құттыбай Сыдықов елуге толған тойына шақырғасын Қызылордаға келдім. Әне-міне дегенше той басталып та кетті. Той иесіне ақ тілектер айтылып, ән мен биге ұласқан. Орта жасқа келіп қалған толықша әйел биге шақырды. Жұптасқан көп ішінде бізде жүрміз.

– Сіз мені танымадыңыз-ау, – деп күлімсіреді бейтаныс әйел.

– Кешіріңіз, тани алмадым.

– Осыдан 22 жылға шегініс жасаңыз, Жалағашта «Асыл арман» әнін сізден үйренгенбіз.

– Нәзипасыз ба?

– Ия, мен сол Нәзипамын.

– «Асыл арманды» ұмытпаған боларсыз?, – дедім мен.

– Неге ұмытамыз, ел аузынан түспейтін ән ғой ол.

Жалпы ер адамдардай емес, әйелдердің есте сақтау қабілеті жоғары болатынына сонда көзім жеткен. Отырыстың ортасына таман Нәзипаға сөз тиіп, тілегін қысқа қайырды да: «Той иесіне музыкалық сәлем жолдаймын» деді:

– Сағындым, сағым уақыт,

Табатын жаным бақыт,

Балалық ұяның,

Қарлығаш қиялым,

Еске алып тербелемін.

Жұлдызы көгімнің,

Бақытын өмірдің,

Аңсаумен мен келемін… Ән ырғағына ұйыған жұрт қайырмасына келгенде тегіс қосылып кеткен. Той аяқталып, ауылға бет түзедім. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген сөз рас екен-ау?! Десе де жас дәуренге не жетсін?! «Сағыныш-ай, сағыныш-ай сенде бір арман, сенде бір жалған» деп жібердім білем:

– Бірдеңе дейсіз бе, аға? – деді жүргізушім. Ой жетегінде кеттім білем, тіс жармадым.

Тас жолдың апшысын қуырып, «Волга-31»  зулап келеді.

Темірбек ЕСЖАНОВ,

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<