Сәду әкесі қайтыс болғанда алты жасар бала еді. Жеті жасында Жданов атындағы мектепке барған. Осында 7 класс оқып, онжылдықты Қожабақы аулының мектебінде 1957 жылы бітірген. Бала Сәду көп қиындық көріп өсті. Сиыр баққан анасына көмекші болды. Көзін уқалап ашып, үлкен адамдармен бірге колхозда жұмыс істеді. Інісі Әскербек пен қарындасы Сыпайы ол кезде жұмыс істеуге кішкентай, қолдарына қарайды. Нағашы апасы Сарқыт деген кісінің қасынан жеркепе қазып, сол жерде тұрған. Жейтін тамақтың түрі жүгерінің наны мен быламығы еді. Ал сегізінші класқа барғанда Қожабақыдағы интернатта жатып оқыды. Үйде анасы мен қарындасы Сыпайы қалды. Өйткені, интернаттың тамағы бар.
Кейін шешесі мектептің от жағушысы, еден жуушы болып жұмысқа кірісті. Інісі Әскербек ауырып қайтыс болды. Мектепте жүргенде анасы да екі ай ауырып қалды. Сол кезде Сәду өзі оқушы, бірақ, анасының орнына мектептің отын жағып, еденін жуды. Отын қайда, қамыс пен шеңгелді майдалап жағатын. Суды иықтап құдықтан таситын.
Оныншыны бітірген соң ауылдастарына еріп, Самарқанның ауыл шаруашылығы институтына барды. Ол арманның қанатына мінген албырт шағы болатын, сонда өмірінде бірінші рет пойызға мініп көрді. Бірақ, ол институт Сәду мен қасындағыларға «Қазақстанға барып оқыңдар» деп құжаттарын қайтарып берді. Сонда жанашырлар жолығып, сауда институтына қарай жөн сілтеді. Сол институт құжаттарын бірден қабылдады.
Бірінші сынақ химия пәнінен екен. Бір күн бұрын Қарақалпақстаннан келген қазақ жігіті химиядан емтихан тапсырып, орта бағамен өткен. Мен де ортамен өтсем болады деп, оның билетінің нөмірін сұрады, 13-билет екен. Сол билеттің сұрақтарының бәрін жазып алды. Күн-түн оқып, жаттады, ертеңіне емтиханға барды. Құдайдың құдіреті, қолына дәл сол 13-билет ілікті. Екі мұғалім емтихан қабылдап отыр екен, біреуі өзбек, біреуі армян апай. Олар он баладан кіргізді, Сәду өзбек жаққа жақын отырды. Мұғалімдер «ешқандай сөз жазбайсыңдар, тек формула жазасыңдар» деп ескертті. Сәду бұл билеттің жауаптарын жатқа білетін, тез-тез жаза бастады. Сол кезде оны армян мұғалім қасына шақырды. «Қап, білгенімнің бәрі далаға кететін болды-ау» деп қорықты Сәду. Өйткені, орысша білмейтін. Соны байқаған армян апай: «Сөйлеудің қажеті жоқ, формула жазсаң болады» деді. Сәду орысша білмесе де оның айтқанын анық түсінді. Бір бет қағазға формуланы жазып шықты, мұны көрген өзбек «5 қоямын» деді. «Қазақтарға 3 қойса да болады, себебі қазақтар аз ғой, қабылдана береді» деді армян. Бірақ, құлап қалу қаупі де бар еді. «Ендеше тағы бір сұрақ қояйық» деді өзбек. Сәду олардың екеуара сөздерін жобалап ұқты. Содан өзбек сұрақ қойды: «Газды күнделікті қай жерде көріп жүрсің, оны не үшін пайдаланады?» деді. Өзбекше сөз әрине, орысша емес, түсінікті. Сонда Сәдудің ойына көшедегі тиын салсаң сар ете қалатын «газвода» түсті. Ол газ дегенді көрмеген еді. Бірақ, «газвода» туралы айтса, дұрыс болмайтын шығар деп үнсіз қалды. Жауап бере алмаса да, өзбек ағай, «4 қояйық» деді. Сөйтіп, өзбектің өзімсінгені арқасында институтқа түсіп кетті. Ол кезде ауылдан шығып, институтқа түсу дегенің үлкен жетістік еді.
Институтта бір ай оқығаннан кейін мақта теруге алып барды. Оқу тобында тәжік, өзбек қыздары болды. Күніге 60 келі мақта теру керек. Қазақ балалар бұрын мақта термеген, азаннан кешке дейін жүріп, 5 келі мақта теретін. «60 келі мақта термегендер институттан шығарылады» деп қорқытты. Староста Лола тәжік қызы еді, Сәдудің жағдайын сұрады. Ол әкесінің жоқ екенін, қарындасының кішкентай екенін айтты. Студенттердің жағдайы да, жұмысы да, оқуы да старостадан сұралатын. Содан топтағы қыздар Сәдуге күніге 50 келі мақта теріп беретін болды, 10 келісін өзі теріп қосты.
Студенттер мақтадан қар жауғанда бір-ақ қайтты. Мақта тергені үшін студенттерге әжептәуір ақша да жазылды. Сәду көмектескен қыздарға ақшасын беріп еді, алмады. Ол кезде жұрт әлі жоқшылықтан арылмаған, адамдардың бір-біріне деген жанашырлық, қамқорлық сезімдері жоғары болатын.
Мақта терімнен кейін Сәду дүкен аралап, анасына үнді шайы, өрік, мейіз, қарындасына көйлек-көншек алып, ауылына жіберді. Сонда анасы қуанып, біраз жұртты шақырып, шай берген. Ауыл адамдары оқып жүр ме, жұмыс істеп ақша тауып жүр ме деп таңғалды. Осы сөзге уайым қылған қарындасы Сыпайы ағасына: «Адамдар сені институтқа түспеген деп жатыр, шыныңды айтшы, оқуға түстің бе әлде жұмыс істеп жүрсің бе?» деп хат жазды.
Сәду қарындасын сендіру үшін жазғы каникулда ауылға «Сынақ кітапшасын» ала барды. Сынақ тапсырғанда бір сабақтан 3 болса, стипендия берілмейтін, стипендия болмаса, артынан келетін ақша да жоқ. Сол үшін Сәду сабаққа қатты дайындалатын. Сондықтан оның «Сынақ кітапшасындағы» бағалары да жақсы болды.
Соңғы курсты оқып жүргенінде анасы Қазалыға келмей-ақ қой деп еді, бәлкім облыс орталығы ғой, жақсы қызмет етсін дегені болар. Содан анасының айтуымен Қызылордада қалды. Облыстық тұтынушылар одағына қызметке орналасты. Бір жыл осы жерде қызмет етті.
Осы кезде Қызылордадан Шымкенттің кооперативтік техникумының сырттан оқитындарға арналған бөлімшесі ашылды. Соның меңгерушісі болып бекітілді. Екі жылдан соң Қызылорда қаласынан сатушылар, бухгалтерлер дайындайтын училище ашылды. Басшылар өз мамандығының қыр-сырын меңгеріп, қызметке жауапты қарайтын Сәдуді сол училищенің директоры етіп қойды. Осы жерде төрт жыл жұмыс істеді, осыдан кейін 1968 жылдың қараша айында Жалағаш ауданына тұтынушылар одағының бастығы болып кетті.
Аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Исатай Әбдікәрімов, атқару комитетінің председателі Сейітнәби Мұқашев болатын. Сәдудің жұмысына, жауаптылығына риза болған Әбдікәрімов оның әр қадамына қарап отырды. Үш жарым жылда осы жерде қызмет қылып, облыстық тұтынушылар қоғамына қайтып барды. Сонда алты ай бөлім меңгерушісі болды, алты айдан кейін Сырдария ауданы дайындау мекемесінің директоры болып ауысты.
Осы кезде Исатай Әбдікәрімов облыстық партия комитетінің 1-хатшысы болып келді. Сәдуді, оның жұмысын жақсы білетін облыс басшысы оны шақырып алып, облыстық тұтынушылар қоғамының орынбасары етіп жіберді. Бұл орында бір жылдай жұмыс істеп, Шиелі аудандық тұтынушылар одағының бастығы болып бекіді.
Ауданда сегіз жылдан аса жұмыс істеді. Қызметін ойдағыдай атқарып, әріптестерінің алдында абыройы артты. Дүкендер салды, жас мамандарды жауапты жұмыстарға тартты. Шиелі аудандық тұтынушылар одағы облыстағы алдыңғы қатарлы сауда мекемесі болып танылды. Ауданда бірнеше рет облыстық семинарлар, яғни, сауданың мәдениетін көтеру туралы жұмыстар жүрді. Сәду барлық кезде де халықпен тығыз байланыста болды. Балаларының барлығы Шиелі мектептеріне барды, сондықтан бұл аудан Нағашыбаевтар отбасы үшін екінші туған жеріндей. Сәду аға шиеліліктермен күні бүгінге дейін араластығын үзген жоқ.
Содан қызмет бабымен Қызылордаға қайта көшіп, облыстық тұтынушылар қоғамы облыстық базасының директорлығына барды. Осы қызметте бір жарым жыл істеп, қалалық кооперативтік сауда мекемесінің директоры болды. Бұл мекеменің міндеті қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету болатын. Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Ресейден, Украинадан азық-түлік тауарларын сатып алып келетін. Сәду осы міндетті де төрт жыл мүлтіксіз атқарды, абырой алды.
Осы жылдары облыс басшысы болып келген облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков сауда саласында мол тәжірибесі бар Сәдуді шақырып алып, Сырдария аудандық тұтынушылар одағын басқаруға жіберді.
Ол осы орында зейнетке шыққанша жұмыс істеді. Ауданның орталығы Тасбөгеттен дүкен салды. Қараусыз қалған «Ауыл» ресторанын тәртіпке келтірді. Қызылорда облысына келетін қонақтардың барлығы сол ресторанға баратын жағдай туды.
1993 жылы Арал проблемасы бойынша Қызылордаға 5 мемлекеттің Президенттері келгенде «Ауыл» ресторанынан тамақтанды. Ресторанның қызметі мен тамағына қанағаттанып, мәртебелі қонақтар алдында көңілі көтерілген Қазақстан Президенті бұл шаруашылықты кім жүргізіп жатыр деп сұраған болуы керек, сонда Сәдуге қолын беріп амандасып, атқарып жатқан жұмыстарына ризашылық білдірді. Ол да – бір тарих.
Облыстық тұтынушылар одағына әр жылдары К.Поверухин, Ж.Сандыбаев, Ә.Іскендіров, Ж.Орақбаев, Ж.Сарбалақов секілді белгілі кісілер басшылық жасады.
Осы тізімде бүгін сексен бес жастың сеңгіріне шығып отырған Сәду Нағашыбаевтың есімі де құрметпен аталады.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<