Сыпайылық пен сырбаздықтың әсем үйлесімі

902

0

Біз білетін Мұстафа ағамыз сыпайы адам еді. Кез келген өрескелдікке «бетінен оты шығып» ұялып қалатын. Жалпы сыпайылықтың мінез сапасы тұрғысынан қазақтардың табиғатына енуі әу бастан емес, кейінгі ғасырлардың үлесіне тиетін сыңайлы. Нақтырақ айтсақ қазақ даласына мұсылман дінінің енуімен дендеген, сіңіскен құбылыс көрінеді. Кең далада еркін өскен ата-бабаларымыздың табиғатында, бітім-болмысында сыпайылықтан гөрі еркіндік, адуындықтың басымдау болып келуі заңды ғой.

Мұсылманшылықтың халқымыздың табиғатындағы, тегіндегі мінез сапаларына біраз өзгерістер әкелгені тарихи шындық. Сызылып тұрған сыпайылықтан гөрі, «берсе қолынан, бермесе жолынан» дегендей кеудемсоқтық, тентектік ата-бабамыздың табиғи мінез саналарын көбірек айғақтайтындай.

Кеңестік идеология да халқымызды сыпайылыққа тәрбиеледі. Оның жемісі Мұстафа ағамыз сияқты интеллигенттердің өсіп шығып, қоғамымыздан едәуір орын алуы.

Сырбаздық болса, бұл қазақ ұлтының төл қасиеті деуге болады. «Дархандықты қазаққа, дала берген секілді» (Қ.Мырзалиев) дегендей, дархан даланың құшағында, сұлу табиғат аясында өскен халқымыздың сұлу әрі сырбаз болуы түсінікті болса керек. Өйткені адам табиғатқа неғұрлым жақын болған сайын, соғұрлым сырбаздана, сұлулана береді ғой…

Мұстекең жай ағатын, тұнып ағатын өзендей «ақырын жүріп, анық басатын» адам еді. Біздің бәріміздің жүрегімізде Мұстекеңнің орны бар еді, қазір сол орны бос тұр. Жақсы адамды жұрттың бәрі іздейді, жоқтайды. Тіпті жақсы адамның өлімінің өзі адамдар санасында жаңғырық туғызады.

Мұстекең тұлғасы бізге, інілеріне нені ұғындыра түсті деген сауалға жауап ретінде салқын сабырлы болуды, білімді болуды, сөйлей білу, өз-өзіңді ұстай білу мәдениетін, мінез байлығының мән-маңызын, таза жүріп-тұру, киім киіс, жүріс-тұрыс, т.б. сипаттарға қайта айналып, бір соғып ойлана түсуді меңзеп тұрғандай екенін айтар едім.

Ол туралы бала жастан естіп өстік. Әкем Кәрібоз 1943 жылы Ұлы Отан соғысында жараланып, ІІІ дәрежелі мүгедек болып елге оралғаннан кейін колхоз жұмысына белсене араласқан, бригадир, ферма бастығы, ең соңында алты айдай колхоз төрағасы қызметтерінде жан аямай еңбек еткен. Әкем Мұстекеңнің ағасы Алдаш ақсақалмен өте жақын сыйлас, дос-жар болған. Алдаш ақсақал туралы жиі еске алып отыратын ол Мұстекең туралы да арасында айтып қоятын. Орта мектептің жоғары кластарында оқып жүргенде елден шыққан кімдер бар деп құлақ түре жүргенімізде осы Мұстекең туралы да басқа ағаларымызбен қатар түрлі әңгімелер еститінбіз. Кейін студент кезімізде ағамызды көрдік, лекциясын тыңдадық, 40 жылдай уақыт бір ұжымда бірге қызмет жасадық.

Мұстафа Матаев 1964-1967 жылдар аралығында СОКП Орталық комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында оқып, осы академияның  шешімі бойынша 1967 жылы 10 қарашада философия ғылымдарының кандидаты атағына ие болған. 34 жаста ғылымдардың ғылымы философиядан Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғау ол кезде сирек кездесетін оқиға, үлкен жетістік болатын. Сөз жоқ, бұл жерде әңгіме талап пен талант, ізденімпаздық пен білімдарлық төңірегінде айтылуы тиіс. Алыстағы ауылдан шыққан, орта мектепті қазақша оқыған жас ғалымның бұл қадамы ел үшін де, ғылым үшін де үлкен оқиға болғаны күмәнсіз.

Мұстекең – ғалым-оқытушы. 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін бітіргеннен кейін Қазалы ауыл шаруашылығы техникумында бірден оқытушылық қызметті бастап кеткен. Ол күні кешеге дейін жоғары оқу орнының профессоры, 1969 жылдан бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұзақ жылдар кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін адал, үлкен жауапкершілікпен атқарған, 55-тен астам ғылыми еңбектері мен мақалалары түрлі басылымдарда жарық көрген. Философиялық хикаяттары: «Достарым, менің достарым» 1999, «Көзімнің нұры» 2003, «Ойлап тұрсам дүние…» 2010 және 1996 жылдары жоғары оқу орындарындағы «Мемлекет және құқық теориясы» курсы бойынша оқу-әдістемелік кітаптары жарыққа шыққан. Бірнеше шәкірттер тәрбиелеген, облыс, республика көлеміндегі ғылыми мәжілістерге, семинарларға қатысқан, қоғамдық жұмыстардың қай уақытта болмасын бел ортасында жүретін. Мұстекең – білім мен ғылымның өз адамы, «өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялап  жүрген», (академик З.Қабдолов) студенттер алдында аса зор беделге ие болған ұлық ұстаз.

Біз де студент болғанбыз, ағамыз туралы бір ауыз болса да  жаман сөз естіген жоқпыз. Студент деген халық өте талғампаз, кірпияз болып келеді. олар қаламаған оқытушылар туралы талай аңыз, әңгімелер шыққан, шыға да бермек… Сарғайып кеткен қағазын қолтықтап, жазған бірдеңелерін студенттердің алдында ежелеп оқып беріп, лекция оқыдым деп аудиторияға кіріп-шығып жүргендер болған, бар, бола да беретін сыңайлы. Мұстекеңдердің бітім-болмысы, білімі мен білігі олардан тіпті бөлек. Ағамыздың аудиторияға кіріп-шығуының өзінде біле білген адамға үлкен мәніс бар. Бұл кісі – гүлден бал жинаған арадай өмір бойы оқып, тоқыған және өз ойлары мен пікірлерін қай жерде қалай айтуды білетін әдіскер, білімпаз адам. Жүріс-тұрысы, киім киісі, ойлау мәнері мен машығы алыстан менмұндалап тартып тұратын. Дүниеге ұстаз болып келгендей бұндай ағаларымыз, өкінішке қарай, көп емес. Ғалымдығы, ұстаздығы, оқытушылығы оның тұлғасының бір ғана қыры…

М.Матаевтың республика көлеміндегі ғылыми-педагогикалық жұмыстары ескеріліп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен (1970 ж), КСРО Жоғары білім саласына сіңірген еңбегі еленіп «Еңбектегі үздік табыстары үшін» төсбелгісімен (1981 ж), саяси және ғылыми білімдерді насихаттаудағы, еңбекшілерге патриоттық білім берудегі қол жеткізген табыстары үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен (1982 ж), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен (2001 ж), «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен (2003 ж), «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгімен (2004 ж), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалі (2005 ж), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен (2008 ж), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен (2011 ж), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2012 ж) марапатталған.

М.Матаев 1996 жылы Әлеуметтік ғылымдар академиясының Құрметті академигі, 2005 жылы Педагогикалық білім беру ғылымдарының халықаралық академиясының академигі болып сайланды.

М.Матаевқа 2009 жылы Қызылорда қалалық мәслихатының шешімімен «Қызылорда қаласының құрметті азаматы», 2011 жылы «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атақтары берілген. Өзінің атақ-дәрежесіне қуанып не ренжіп Мұстекеңнің әңгіме айтқанын естіген жоқпыз. Бір қалып, білдірмейтін.

Матаев Мұстафа – орнықты отбасының отағасы еді.  Ақзия апамыз екеуі дүниеге әкелген ұлдары мен қыздары қазір әулеттің, туған-туысқанның ғана емес, бүкіл еліміздің мақтаныштарына айналған. Бақыт деген осы. Перзент сүйеді екенсің, оны оқыт, тәрбиеле, атаның емес, адамзаттың баласы болсын деп баулы, бақ, өсір. Міне, ата-ананың міндеті. Мұстекең мен Ақзия апамыз бұл жағынан келгенде, нағыз зиялыларға лайық үлгілі де ұлағатты өмір сүре білген, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған адамдар, немере, шөбере, шөпшек сүйген бақытты ата-аналар.

Ағаның үйі – ақ жайлау. Ақзия апамыздың ақадал дастарқанынан талай дәм татқанбыз, тазалық, ұсынақтылық, талғампаздық, алдыңа қойған ас мәзірін ішпей-жемей тойып отыратындай асқан бір мәдениеттілік, кішіпейілділік орнықты отбасының отанасына тән ерекше ажар, биік болмыс болатын. Ерте дүние салғаны өзек өртейтін өкініш. Ақзия апамыз Матаевтар әулеті үшін бөлек еді, бөлек болып қала береді де. Әке, ата ретінде Мұстафа ағамыз әрі айбынды, әрі айдынды болатын. Отбасы мүшелері ағамыздың қас-қабағына қарап іс қылуға, тіршілік етуге қалыптасты. Шүкір деуге болар, ағамыз жасаған ұзақ өмірінің босқа өтпегеніне басты дәлел – осы әулет, осы отбасы, оның кешегі, бүгінгі, болашақтағы ұзақ, мәңгілік өмірі. Түбірдің, тектің мықтылығын айғақтайтын діңгек деген сөзді дәл осы тұста Мұстекең тұлғасына бағыттап айтсақ, қателеспесіміз айдан анық. Иә, Мұстекең – отбасы, әулеті, туған-туысқандары, әріптестері, іні-қарындастары үшін шын мәнісінде діңгек еді. Бұндай тұрлаулы тұрпат та өмірден 84 жасында озған ағамыздың ерекше қыры болса керек.

Ағамыз жай жүретін, жай сөйлейтін, студенттерге лекцияны дауыс күшейткішті қосып тұрып оқитын. Біреумен шапылдасып ұрысып жатқанын көрмейсің, белгілі бір ортада, мәжілістерде бастамашыл болып сөз сөйлеуге құмар емес, көпшілік жағдайда әліптің артын бағып отырады, пікір айтса орнықты, тауып, тұжырымдап сөйлейтін. ІІІ курста оқып жүргенде кураторымыз «Мұстекеңнің сабағында шуламаңдар, тыныш отырыңдар, ол кісінің қан қысымы жоғары, ауырып қалады» деп ескертетін. Жай жүру мен сөйлеуді, асығып-аптықтауды өзінің қалпына айналдырып алуы, кім біледі, мүмкін ұзақ жылдар бойы ауыратындығынан да болар. Қалай ауырмасын. Ағамыз көзге де, сөзге де жастай іліккен. Абайды соққыға жыққан қазақ қатарынан сәл озғанды көре алмайды, күндейді, қызғанады. Көркеуде күндестер мен ішмерез, іштарлар бұндайда неше түрлі айла-шарғы, қулық, зымияндықтарды ойлап тауып, алдыңды орай береді. Ағамыздың өзі айтқандай, қызметі үлкендеу бір ағасы обкомда қызмет етіп жүргенде түбі алдына түсіп кетеді деп ойлаған болса керек, тор құрып, білдірмей аяқтан шалып, оздырмаудың неше түрлі айла-амалдарын қолынан келгенше істеген көрінеді. Жүйке қалай жұқармайды, қалай ауырмайсың?! Шиеттей бала-шаға, ата-ана, бауырларды асырау, тәрбиелеу, қатарынан кем қылмау бар, бәрі қосылып, Мұстекеңнің мойнына біраз ауыртпалық түскен ғой. Табиғатында нәзіктеу ағамыздың денсаулығының сыр беруінің осындай себептері болса керек.

Дұрысында бұл қалып «ақырын жүріп, анық басу» (Абай) ағамыздың өмірлік ұстанымынан болар. Отбасында, отырыстарда, жиналыстарда, кеңестер мен мәжілістерде салқын сабыр иесі ағамыз жай сөйлейді, нық сөйлейді, ойларын жеткізуге,  қорғауға келгенде өте принципшіл, логикасы темірдей берік, тілі өткір, айтқандары дәлелді де дәйекті еді.

Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың тарихында, қазір ойлап отырсам, үлкен жауапкершілік екен ғой, сайланған ең жас декан мен екенмін. Мыңға жуық студенті бар факультетті басқарып кету, әрине, оңай болған жоқ. Ағаларым көмек қолын созды, бауырына тартты, мені қиындықтан бас көтере алмай мұқалып қалмасын деп ойлаған болар, әр уақыт жігерлендіріп, ақыл-кеңестерін аямай айтып, кабинетіме келіп, жағдайымды біліп кетіп жүретін. Солардың бірі Мұстекең еді. Әлі есімде кездескен сайын ол қағаздарыңа мықты бол дейтін. Бірде ол өз факультетінің жылдық жоспарының көшірмесін маған беріп тұрып, «жұмыстарыңды жоспарлап және оны нақты орындап  үйренуге қалыптас» деген.

Ақзия апамыздың дүниеден озғанына екі-үш жыл болған кез. Ағаммен көшеде кездесіп қалғанда маған бірден дүрсе қоя беріп «мен осылай жүре беремін бе, неге ойланбайсыңдар» деп салсын. Не айтарымды білмей, аңтарылып қалдым. Кейін ойлансам бұл ата дәстүрде бар, қиын жағдай басқа түскенде аға жайын іні ойлануы тиіс деген жолмен Мұстекеңнің маған жақынсынып айтқаны екен ғой.

Туысқандық қарым-қатынаста, достармен, іні-қарындастармен араласқанда ағамыз мәмілегерлігінен таймай, сіз-біздесіп сыпайы отырар еді. Қазақшылықты жақсы білетін ол қазіргі замандағы зиялылық, мәдениеттілік сипатын да түгел меңгерген.

Мұстафа Матаев – ғалым, ұстаз, әке, ата. Осылардың барлығында ол төменде емес, төбеде отыратын.  Осы аталғандар жолындағы оның өмірі өзгелерге өнеге, үлгі болды. Аспай-ақ, таспай-ақ, желмаяның жүрісіндей жайлы жүріспен, «ақырын жүріп, анық басқан» ағамыздың басқаларға үйретерлігі мол еді. Өмір – тақтайдай жазық емес, кедір-бұдыры көп күрделі құбылыс. Осыдан сүрінсе де құламай, иілсе де бүгілмей келген ағамыздың өмірі өзінікі ғана емес, бәріміздікі, еліміздікі екен-ау…

Осы бір тұнып ағатын өзендей тұнық, күн шуағындай жылы жанның елінің мерейі үшін қасымызда жүргені қандай ғанибет болса, өмірден озғаны да сондай жүрек сыздатып, жанға бататын жағдай, өкінішті-ақ.

Ағамыз тірі болғанда осы жылдың 15 мамырында 90 жасқа толар еді. Топырағың торқалы болып, ұрпақтарыңыздың тілегін тілеп жата беріңіз, абзал аға!

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<