Табиғатты аялаған азамат

610

0

Жер-Ана, табиғат, қоршаған орта, орман мен су, көл мен көк аспан – адамзат баласының өмір сүруінде басты мәнге ие қастерлі ұғымдар. Ата-бабадан қалған мына бір тәмсіл бар. «Көзіңді қалдыр, бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қалдыр, жақсылық мұра шаша жүр, өзіңді қалдыр, бау өсіріп, жаса нұр». Мұнан бөлек, үш түрлі әрекетті сауап деп біліпті. Біріншісі – шөлге құдық қазу, одан соң – өзенге көпір салу, ал соңғысы – жерге ағаш отырғызу.  Қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп те бекер айтты деймісің?!

Бұл жазбамда адамгершіліктің ақ жолынан адаспаған, ақыл-ой мен парасаты мол, сынаққа толы соқпақты жолда сүрінбей, өз кемеліне келген әріптесім жайлы айтпақпын. Ол – жылдар бойы облыстың орман шаруашылығында қызмет істеп, сол саланы дамытуға өзін арнаған азамат. Бүгінде 70 жастың белесіне шығып отырған Мырзамұрат Ибраевтың басты қасиеті – қарапайымдылық, әлі сол дағдысынан жаңылмай келеді.

1952 жылы Шиелі ауданына қарасты «Сұлутөбе» станциясында дүниеге келген ол осындағы М.Ломоносов атындағы №41 қазақ орта мектебінде оқыды. 1970 жылы мектепті үздік аттестатпен бітіріп, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында дәріс алды. 1975 жылы аталған оқу орнын «Орман шаруашылығының инженері» мамандығымен тәмамдап, елге оралды.

Мырзамұрат еңбек жолын облыс орталығындағы «Сырдария» механикаландырылған орман шаруашылығында бастады. Орманшының көмекшісі бола жүріп, оқыған дәрісін тәжірибемен ұштастырды. 1978-1984 жылдары «Тартоғай», «Қармақшы» орман шаруашылықтарында орман инженері, бас орманшы, 1984-1993 жылдары Қармақшы аудандық партия комитетінде нұсқаушы, ұйымдастыру бөлімінің, сондай-ақ партиялық есеп секторының меңгерушісі, Халық депутаттары Қармақшы аудандық кеңесі жалпы бөлімінің меңгерушісі, іс басқарушысы қызметтерін абыроймен атқарғаны бар.

Бірақ Мырзамұрат өз мамандығына оралуды мақсат тұтты. Солай болды да. 1993-2006 жылдары Жалағаш орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің директоры, облыстағы осы салалық басқармада жетекші маман, Сырдария орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің инженері, облыстық аумақтық басқармада бас маман болып жұмыс істеді. Орман шаруашылығы саласында кіші қызметкер болып бастап, сатылап өсті.

Ал 2006-2016 жылдары Жалағаш кенті әкімінің орынбасары, осы аудандық әкімдік аппаратында мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы болды. Мырзабай ахун ауылында әкім, Жалағаш аудандық ветеринария бөлімінде бас маман болып та істеді. Осындай жауапты қызметтерге өзінің білім-біліктілігі, күш-қайраты, қайтпас жігерімен жетті деп толық айта аламыз.

Мырзамұрат көпбалалы отбасында дүниеге келді. Әкесі Аймұрат – нағыз еңбек адамы, ал анасы Ділдәш – 11 ұл мен қызды дүниеге әкелген Батыр ана. Шаңырақта алған тәлім-тәрбие арқасында Мырзамұрат өз қатарының алды болды. Білмегенін үйреніп, қателескен жерін қайталамауға тырысты. Шыны керек, оның бүгінгі үлкен азаматтық деңгейге жетуі – тынбай еңбек етуінің арқасы. Кезінде оның басшылығымен қаншама гектар орман мен тоғай оңалып, қаншама гектар жер инженерлік жүйеге келтірілді. Шөлдің алдын алуда сексеуіл мен сарсазан егіп, қу даланы көгертуге көп күш жұмсағанын біреу біліп, біреу білмес. Осының бәрі – оның Сыр елі топырағында қалдырған ізі, төккен ащы тердің бүгінгі жемісі.

1978 жылы облыстық орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Имамадин Ахметовтің нұсқауымен Қармақшыдағы орман шаруашылығын дамытқан ол қыруар жұмыс істеді. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев бастаған ағалары қолдап, салаға қатысты өзекті мәселелерді шешіп отырды. Осы ауданда Елтай Тыныштықбаев, Қаһарман Табынбаев, Әбдіразақ Әлібеков, Болатбек Сүлейменов, Сәбит Отызбаев сынды ағалар тәлімін алып, ақылын тыңдады.

1993 жыл. Тоқырау уақыты. Ел еңсесін тіктеу үшін Тәуелсіз Қазақстанда білімді де білікті мамандардың жансебілдене еңбек етуіне тура келген кез. Әсіресе, орман шаруашылығы саласында мамандар қат еді. Сол жылдары аудандық партия комитетінде жүрген Мырзамұрат әу баста өзі таңдаған мамандығы – орманшылыққа бет бұрды. Жалағаш аудандық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің директоры болып барды. Мөрден басқа түгі жоқ мекемеде жоқтан бар жасауға тура келді. Сол кездегі аудан әкімі Сәмит Далдабаевтың басшылығымен мекеме де аяққа тұрды. Сан жылдар бойы осы саланың жүгін арқалаған Мырзамұрат орман шаруашылығы бойынша көптеген қыз-жігіттерді жұмысқа қабылдап, білгенін үйретті. Олардың қатарында Базарбай Сәрсембаев, Меруерт Жортекеева, Дархан Мылтықбаев, Нұрлан Тұрғанбаев, т.б, ондаған азамат бар еді.

1997 жылы Жалағаш ауданының әкімі Қожахмет Баймахановтың тапсырмасымен сонау Шымкентке дейін барып, көшет алдырып, орталықты көркейтуді де өзі қолға алды. Бүгінде сол көшеттің басым көпшілігі жайқалып өсіп, Жалағаш кентіне көрік беріп тұр. Сондай-ақ Мырзамұрат бастаған мекеме осындағы ғасырдан астам тарихы бар «Иманқұл» мешітін қайта жаңартуға белсене араласып, күмбезі мен мұнарасын жаңғыртудан өткізді. «Ақтерек» тынығу лагері мен №202 орта мектеп құрылысын жүргізуде де кейіпкеріміздің қолтаңбасы бар. Республика көлемінде аталып өткен Бұқарбай батырдың 180 және 200 жылдығына бел буа, білек түре атсалысып, азаматтық парызын өтеді. Жалпы Жалағашта 23 жылдан астам қызмет еткен ол аудан экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге үлесін қосты.

Иә, Мырзамұраттың ел алдындағы ерен еңбегі елеусіз қалған емес. Ол кезінде аудандық партия комитетінің мүшесі бола жүріп, бірнеше рет аудан мен облыстық партия конференцияларына делегат болып қатысты. Жоғарғы партия, кеңес, кәсіподақ органдары мен облыс, аудан әкімдіктерінің «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттарына» ие болды. «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі мен ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», ІІ дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерін кеудесіне тақты. «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» атанып, бақытын еңбектен тапқанын тағы бір дәлелдеді.

Құдай қосқан қосағы Бибіраба Бейсенова да – білім саласында қызмет істеді, бүгінде зейнет жасындағы ұстаз. Екеуі – өмірге үш ұл мен екі қыз әкеліп, 16 немере, 2 шөберенің қызығын көріп отырған бақытты отбасы.

Мырзамұраттың бір ерекшелігі – «Уәде – Құдай сөзі» деген тоқтамды пір тұтқан. Ол үшін ағайын-туыс, дос-жаранға деген адалдық бәрінен жоғары. Тағы бір айта кететін нәрсе, бәзбіреулер секілді бақастық, іштарлық, қызғаныш мінезден ада.

Мырзамұрат екеуміз Қызылордаға көшіп келген соң, бұрынғы мамандығымыз бойынша еңбек еткен саламызға сәйкес «Орман, аң және балық шаруашылығы» салалық ардагерлер ұйымына есепке тұрдық. 2016 жылы мен осы ұйымның есеп беру жиналысында төраға болып, ал Мырзамұрат кеңес мүшесі ретінде сайланды. Содан бері көптеген жұмыс атқарылып, бұл қаладағы іргелі қоғамдық ұйымға айналды. Бекітілген арнайы іс-шара жоспарына сәйкес жыл сайын ардагерлердің қатысуымен түрлі игі іс ұйымдастырылды. Мысалы, бұған Наурыз мерекесінде ағаш отырғызу акциясына қатысу, киелі жерлер – Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб, Қорқыт ата, Үкаша ата сияқты кешендерге зиярат ету, «Қамбаш» көліндегі балықшылар слетіне бару сияқты сапарлар кіреді. Сонымен бірге Айтбай Қосағалиев, Советбек Әбсадықов, Сахи Бдановтың 80 жылдық мерейтойын өз дәрежесінде өткізілуінде Мырзамұрат тікелей басы-қасында жүрді.

Қандай лауазым иесі болсын, мақтайтын да, даттайтын да халық. Парасат-пайымы мол азамат көпшілік жиналған жерде мақтанып, масаттанбайды. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген тәмсілді берік ұстайды. Міне, осындай қасиеті бар Мырзамұраттың бекзат болмысы мен адамдармен тіл табыса алатын қасиеті үшін көпшілік құрмет тұтады.

Кемел жасқа келіп, зейнеткерлікке шыққан оның алған асуын түгендеп шығу әсте мүмкін емес. Өзіне тән сабырлы қалпынан шалыс баспаған Мырзамұрат туралы үзік сырды «халық үшін еткен еңбегіңнің рахатына бөленіп жүре бергейсің» деген тілекпен қорытындыладым.

Сақтаған ЕШМАХАНОВ,

сала ардагері,

«Еңбек сіңірген құрметті орман өсіруші» төсбелгісінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<