Алыстан «Бабас» деп аталатын зәулім ғимарат көрінеді. Кезінде Кенесарымен бірге қозғалысқа қатысқан батыр Бабас жайында жыр-дастандар мол. Батырдың туған жерінде кәсіпкер Нұрмұрат өз қаражатымен биік ескерткіш орнатты. Бүгін Бабас батырдың ұрпағы, облыстық мәслихаттың төрт дүркін депутаты, инженер, заңгер Нұрмұрат Ерманов жайында әңгіме өрбиді.
Бала Нұрмұрат ауыл мектебін үздік бітірді. Кітапханадағы бар кітапты тауысқан. Ақын Ілиястың «Құлагерін» жатқа айтатын. Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» атты романы бойынша конференция ұйымдастырып, құрбы-құрдастарын бір серпілтіп, өз замандастарын білімге, өмірді сүюге шақырды. Әдебиетті, өнерді жанындай сүйді.
Атасы Ерман қарт «балам ақын-жазушы болар» деп үміттенді. Ал анасы Әбила «Беларусьті» жүргізетін шебер-механик болса дейтін. Әкесі Наят он саусағынан өнері тамған ағаш ұстасы еді. Нұрмұраты жолын қуады деп ойлаған. Жоқ, бала Нұрмұрат орта мектепті бітірген бойда Алматыдағы сол кездегі атағы дүркіреп тұрған СХИ-ға, яғни, Ауыл шаруашылығы институтына аттанды.
Қас-қағым сәтте бес жыл өте шықты. Қармақшыдағы кіндік қаны тамған «Жаңажолға» оралды. Алдымен гараж меңгерушісі, бас механик болды. Аудан басшылары жаңадан құрылған «Жаңақала» кеңшарына бас инженерлікке ұсынды. Өз ісін мұқият атқаратын жас жігіт төрт-бес жылдай инженерлік тізгінін ұстап, атақ-абыройға бөленді. Отау құрды. Ақылына сымбаты сай, өзімен кластас Қалимаш атты сұлуға үйленді, дүркіретіп той өткізді, бала сүйді. Алмат, Қайыржан, Торғын, Гүлжанаттың шаңырақта думандатқан қызығын тамашалады.
Бірде жаңадан құрылып жатқан Қызылорда ағаш өңдеу зауытына бас инженерлікке конкурс жарияланды. Жиырма шақты үміткер бақ сынады. Нұрмұраттың бағы жанып, жеңімпаз атанды. Білімдар инженердің сауалдарға жауап беру қабілеті көпті сүйіндірді. Сонымен, жүзден аса еңбеккері бар Қызылорда қаласының қақ ортасынан ашылған ағаш өңдеу зауытына Нұрмұрат Ерманов инженер болып, зауыттың тасын өрге домалатты. Жер-жерден жаңа құрал-жабдықтар, станоктар алдырып, техникалық базасын нығайтты.
Бұл кезде бас инженер бар болғаны отызға шыққан. Осы уақыт ішінде туған жері «Жаңажолда», содан «Жаңақала» кеңшарында, одан соң Қызылорда ағаш өңдеу зауытында бас инженерлік лауазымын атқарып, еңбекте ширап, біраз тәжірибе жинақтап қалған еді. Туған ауылында ата-анасы, жары мен баласы бар. Бәрін сағынады. Апта соңында Қызылордадан 200 шақырым жердегі «Жаңажолға» тартады. Туған жерде сенбі-жексенбідегі демалысын өткізеді, мауқын басады. Содан жексенбінің кешінде Қызылордаға тартады. Астында бас инженерге берілген су жаңа «Зил-130» көлігі бар. Осылайша уақыт өтіп жатты.
Бұл сонау 1979 жыл еді. Жаздың жаймашуақ мезгілі тамылжып тұр. Нұрмұрат сүйікті қарындасы Зина екеуі ауылға тартты. Жаңа көлік жер апшысын қуырып, жүйткіп келеді. Зина екеуінің әңгімесі таусылар емес. Осылайша Жалағаш тұсындағы бұрылысқа келіп қалғанын білмей қалды. Рульді шұғыл бұрды. Көлік аударылып, үш домалады. Дала жым-жырт. Нұрмұрат көлік астынан оң қолын шығара алмай, шарқ ұрып жатыр. Сүйікті қарындасының ауыр соққыдан бақи дүниеге аттанып кеткенінен бейхабар. Үлкен жолдың бойымен әшейінде ерсілі-қарсылы ағылған көлік толастамаушы еді. Бүгін біреуі жоқ. Сегіз сағат бойы Нұрмұрат көлік астында жатты. Кенет машина гүрілі естілді. Балық аулауға шыққан үш орыс жігіті екен. Дереу аударылған көлікті орнынан қозғап, ес-түссіз жатқан Нұрмұратты Жалағаш ауданының орталығындағы ауруханаға жеткізді. «Тағы қандай көмек керек?» деп қарайлап тұрды.
Дәрігерлер суыт қимылға көшті. Облыс орталығынан дәрігерлер шақыртты.
– Операцияны осы жерде жасамай болмайды. Азаматты облыс орталығына жеткізу көп уақыт алады, қалайда осы жерде аман сақтап қалудың қамына кірісеміз! – деп дәрігерлер бір шешімге келді.
Не істеу керек? Әбден жаншылған оң қолды иықтан кесу керек. Сонымен отыздың ішіндегі азаматтың оң қолы иықтан кесілді. Алпамсадай азамат лезде домаланды да қалды. Міне, тағдыр! Ауруханада ұзақ жатты. Көп ұзамай облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілді. Барлық ем қолданылды. Білікті дәрігерлер түн ұйқысын төрт бөліп, азаматтың сауығуына күш салды.
Бәрі есінде. Содан алты айдай емделді. Отбасына оралды. Бойын тіктей бастады. Қалимаштың осы бір қиын сәттегі демеуі бәрінен бөлек болды. Нұрмұрат біртіндеп көшеге шығады, аула алдындағы орындыққа отырады, сәл-пәл серуендейді. Көзі түскендер аяған кейіп байқатады, мұны сезген сәтте жасып қалғандай болады, сәлден соң бойын тіктейді, қайрат шақырады, қуат жинайды.
– Не істеуім керек? О, Құдірет! Адамға қуат берер Құдай екен, – деп ой түйді.
Жата-жастанып кітап оқиды. Ақын Ілиястың «Құлагері» мен қайсыкүні Қалимаш Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романын әкеліп берген. Бас алмай қайталады. Павел Корчагиннің өміріне қызықты. «Екі көз көруден қалған, аяқ-қол дәрменсіз. Неткен құштарлық?! Павел Корчагин еңбек пен ерліктің үлгісін көрсетті, Отанға қызмет етуге бар өмірін жұмсауға құштар болды. Ал, менің аяқ-қолым сау, көзім жарық дүниеге сәуле шашып тұр. Бір қолымда күш бар» деп ой түйді. «Мен мұқалып, мүжілмеймін… Жоқ, жоқ мен еңбек етіп, із қалдыруым керек. Жерлесім, Социалистік Еңбек Ері Қасымтай Ізтілеуовтің екі аяғы жуан саннан жоқ, бірақ ол темір тұлпарды «Ақжарда» жүйткітіп жүр. Аяқ-қолы семіп қалған, көз жанарына әйнек орнатқан жазушы З.Шүкіровті журналист Ұ.Бағаев «Құрыш қазақ» деп тамсана жазды ғой. Механизатор Ж.Таспамбетова ше? Бір аяғы комбайн штурвалына оралып, кесіп кеткенде рульге отырып, қазақ қызына тән батылдық танытты. Осыларды көріп неге мүжілемін?» деп ой түйді Нұрмұрат. Қыран бүркіттей қанатын қатайтты, өмірді сүюге, тағдыр талқысын жеңіп шығуға, шыңға өрмелеуге бел буды.
Азаматтың өткен күндері көз алдында сайрап тұр. Бірер жыл көшеге шығып балмұздақ, папирос, шемішке сатты, арсынбады. Тиыннан пұл құрап, отбасын асырады, біртіндеп қор жинады.
Дүниеге жекешелендіру дүрбелеңі келді. Баяғы өзі еңбек еткен Қызылорда ағаш өңдеу зауыты тығырыққа тіреліп, жекенің қолына өтті. Жұрт жаппай кәсіпкерлікке бет бұрды. Нұрмұрат әрі ойланып, бері ойланып «Бабас» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрды. Ағайын-туғандардың басын қосып, орынбасарлыққа інісі Жанат Ермановты тағайындап, өзі директор тұтқасын иеленді. Сонымен «Бабас» серіктестігі әуеліде ағаштан есік-терезе, жиһаз түрлерін шығаратын кәсіпорынға айналды. Үш жыл ішінде айналымда төрт-бес миллион қаржысы бар үлкен ұжым атанып, өнімге сұраныс молая түсті.
Сол баяғы «Бабас» қазір қаладағы Мұратбаев көшесіндегі бес қабатты ғимаратқа қоныс тепкен. Кәсіпкер Нұрмұрат Ерманов бір кездері құлауға айналған бес қабатты жатахананы сатып алып, жөндеткен. Қазір бірнеше кеңсе жалда отыр.
Серіктестіктің атақ-даңқы жылма-жыл биікке көтеріліп келеді. Айналымы миллиондаған теңгені құрайды. Серіктестік Қармақшының «Жаңажол» ауылында жүздеген гектар күріш егіп, тонналаған Сыр маржанын жер-жерге жөнелтуге мүмкіндік алды. Қала орталығында құрылыс материалдарын сататын базары және бар. 200-ге жуық түйе, жылқы өсіретін, оның өнімдерін қала дүкендеріне сататын шаруа қожалығының ісіне сүйсінбей болмайды. Осы еңбек Нұрмұратты биікке көтерді.
Нұрмұрат Ерманов облыстық мәслихатқа төрт дүркін депутат болды. Еңбегі бағаланып, «Парасат», «Құрмет» ордендерін, бірнеше медаль алды, сый-марапаттардан кенде емес. Облыстық тәртіптік кеңеске кеңесші. Мүгедектер мүддесін қорғайтын білікті заңгер.
Туған жері «Жаңажол» ауылындағы мектепке, балабақшаға әркез көмектеседі. Қызылорда қаласындағы бірнеше көшені асфальттауға, су жүйелерін тартуға қаржы бөлгенін тұрғындар жиі айтады. Қала іргесіндегі Махамбетов ауылына амбулатория ашуға мұрындық болды. Жоқ-жұқа жандарға, студенттерге қаржылай көмектесуді парыз санайды. Өзі отырған ғимарат жанынан «Заң консультациясы» кеңсесін ашқан. Жұмыссыз жүргендерді еңбекке орналастыруды ойдан шығармайды.
Ол бүгін де ұзақ сапардан оралды. Жұмыс бабымен бірде Атырауда, бірде Алматы, Нұр-Сұлтан қаласынан көлігімен іссапардан оралады. Рульде өзі. Әйтеуір тынымсыз. Әр оралған сайын қырмызы гүлдей құлпырған немерелері алдынан шығады. Мейірім шуағына бөленген бүлдіршіндер қуаты азаматқа қанат бітіреді. Ұлы Алмат – судья, Қайыржан – дипломат, қыздары Торғын, Гүлжанат – бір-бір шаңырақ иелері.
Жетпістің ауылына ат желдірткен Нұрмұрат Ермановты қалай мақтасақ та жарасып тұр.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<