Ол жоғары оқу орнында дәріс алып, өлең өлкесіндегі өрімдей жастармен жанаса жүріп, жаһұт жырдың тәтті шәрбәтін жарыса ішпеген, атадан қалған дарын дейтіндей тал бойына олардан тума таланттың бір түйір дәні де түспеген, түбекте туған қарадомалақ қарапайым ауыл баласы болатын.
Сұлу Сырдың сағасындағы Шөмішкөлге жақын Сорғақ пен Ақшатау көлдерінің ортасында оншақты үйдің түтіні будақтаған «Шабантүбек» деген жер бар. Сол үйлердің бірі – ерлі-зайыпты балықшы Ералы мен Алтыншаштың құтты қонысы. Өмірлерінің өркені Қиғаш, Ұмытқан есімді екі қыздан кейін үмітті ұлдары Оңталап та осында дүниеге келді. Бұл шаңырақта кезінде әйгілі Жетес бидің келіні атанған, бидің туымды баласы Қаналыға тұрмысқа шығып, кейін ол кенеттен қайтыс болған соң, қайын жұртының рұқсатымен төркініне оралған, осы шаңырақтың иесі Ералының туған апасы Жұмагүл де бірге тұрып жатты. Ерлі-зайыпты екеуінің балық аулаудан қолдары босамайды. Ертелетіп кетсе, кешке бір-ақ оралады. Мұндайда балаларға да, үйге де қарайтын осы Жұмагүл. Балықшы отбасының қоңыр тіршілігі осылай жүріп жатқан. Бір күні отағасының денсаулығы сыр бере бастады. Кем-кемнен тамақ ішуден де қалды. Айта беретін айықпас ауыр дертке ұшырағанын бұлар сонда білді. Оңталап екі жасқа толғанда әкесі Ералы өмірден өтті. Енді бар салмақ анасы Алтыншаштың мойнына мінді. Ол әсіресе ендігі үміт артар шаңырағының періште пейілдегі иесі Оңталабына ерекше қамқорлықпен қарады. Өзі сол кездері көп айтылатын «Орақ-Мамай», «Едіге», «Қарасай-Қази» жырларын жатқа білетін. Оңталап ес біліп, есейгеннен бастап осы жырларды жаттатып, зердесіне құя білді. Әсіресе жас бала «Едіге» жырын толық жаттап алды. Мұнан кейін анасы имандылыққа баулып, бес уақыт, бес намазды да толық игертті. Ораза айт, Құрбан айттарда намаз сабағы жайлы әңгіме болғанда Алтыншаш анасы көпшілікке: «Сендер мұны менің Оңталабымнан сұраңдар» деп баласын ортаға шығарып, оның дұрыс жауабына мақтанып отыратын. Енді есепке де жетік болсын деп бірден жүзге дейін және жүзден кейін кері бірге дейін санауды үйретті. Мұнан қалды өз кәсібі ау шешу, алаша тоқу, «шотаяқ» дейтін жыңғылдың сындырып алған бір талмен қолғап, шұлық тоқудан да шет қалдырған жоқ. Ойын баласы Оңталап үшін анасының айналасынан табылатын осының бәрі қызық, әрі ермек еді.Қызылжарға көшіп келген соң, төрт жылдан кейін жаңа үйдің рақатын ұзақ көре алмай анасы осы әйелдер мерекесі күні өмірден өткен-ді. Жүрегі анасына деген сағынышқа толы Оңталаптың арнауында ана мейірімі, ана құдіреті, ана бейнесі асқақ тұрды. Анаға арналған төрт-бес шумақ шымыр өлеңді ертеңіне әкеліп берсе, мектептегі өлең жазатын Қарасай Дінахметов деген ағайы: «Бұл баладан мұндай өлең шығуы мүмкін емес, ол мұны бір жерден көшіріп алған» деп газетке жаратпай тастапты. Бұған ерегіскен Оңталап үйге келіп, ағайына үш шумақ арзу өлең жазып, өзінің құпия сақтап жүрген қалың өлең дәптерін қоса: «Мынау менің жазғандарым емей немене, оқып көр» дегендей ағайының бетіне лақтырады ғой. Оңталаптың бұл қылығы мектепке жоғарғы оқу орнын жаңадан бітіріп келген әдебиетші ағайы Дәулетбай Жүгінісовке жетіп, Оңталаптың өлең дәптерін алдырып оқиды. Қалың дәптердегі жұлдыздай жымыңдаған жақсы өлеңдері Дәулетбайға ұнап қалады. Оңталапты шақырып алып: «Өлеңдеріңді оқыдым, жақсы екен. Сен Мұқағалиды, Фаризаны, Айбергенді, Мұхтарды көп оқы. Талабың дұрыс, жаза бер» деп жақсы тілек білдіреді. Ұстазынан мұндай қолдау көргеніне Оңталап та марқайып қалып, қаламын ұштай түсті.Жеті бөлмелі үйде Жұмагүл апасы екеуі тұрып жатты. Бірде жетіп, бірде жетпейтін жұқалтаң тіршілік. Үлкен апасы Қиғаш Аралға тұрмысқа шығып, одан кейінгі апасы Ұмытқан соның үйінде тұрып жатты. Мектеп бітіретін 1981 жыл Оңталап үшін өте ауыр жыл болды. 7-сыныпты бітіргенде анасынан айырылса, енді міне, жалғыз қамқоршысы Жұмагүл апасы да қақаған ақпан айында жарық дүниемен қоштасып кете барды. Енді бар сүйенері ауылдағы немере ағасы Жұмабай. Сол ағасы Оңталаптың жағдайын біліп, азық-түліктен көмек беріп тұрды.Міне, оқу жылы да аяқталды. Сыныпта 10 ұл, 15 қыз бар. Жан-жағы барлар жоғары оқу орнына баратын болып талаптанып жатыр. Ал Оңталап қайда барсын?! Кімге сенеді, кімге сүйенеді?! Айналасы атшаптырым шалғай «Шабан түбек», Шөмішкөл, Қызылжардан басқа жер көріп, ел танып па? «Сен не қыласың?» деген достарына «Ауылда қаламын» деп кесіп айтты. Қалтасында қарабақыры болмаса да көңілі бай. Ас үйді қарап еді, 1-2 кесе макорон бар екен. Кастрюлге қара суды орталау құйып, оған жаңағы екі кесе макоронды салып қайнатып, сыныптас достарын шақырып, айырылар көже жасап, өзінше азаматтық танытқаны бар. Сөйтіп сыныптастары сан тарау жолға түскенде, олармен қимастықпен қоштасқан Оңталап бір өзі бір үйде, алақандай ауылда жанары жасқа тола жәудіреп қала берді.Иә, ол осылай ауылда қалды. Арманы әкесі мен анасының кәсібін қайта тірілтіп, балықшы болып, солардың үзілген жолын жалғастыру. Одан қалды оңашадағы ермегі ақ дәптер мен қазақтың қара өлеңі. Осы екеуі жалғыздықтан жалықтырған жоқ. Өзімен өзі сырласады, өзімен өзі мұңдасады. Санадағы отты ойлары мен сәулелі сезімдері өзінше өзгеше өлең боп өріледі. Жан шуағындай жыр боп төгіледі.Қара сөз қазығыңа ат байладым,Қара өлең қалам ұстап қақпайладым.Тілегім – толқып атқан ақ қайнарым,Жүрегім кір шалмаған ақ байрағым,-деп қара сөздің қайнарынан қанып ішіп, бала қырандай қанаттанған Оңталап қаймықпай қара өлеңге қалам тербей берді. Ойдан өлең, жүректен жыр төгіліп, құпия дәптері қалыңдай түсті.Мектеп бітіріп, үйде жалғыз қалған Оңталапты көп ұзамай Аралдағы апа-жездесі қамқорлықтарына алып, қалаға көшіріп әкелді. Бәріне басшылық жасап жүрген аудандық Автоинспекциясында қызмет істейтін жездесі Алдамжар Әбілов. Қызылжардағы үйді бұзып, қаладағы үйінің қасынан жер алып, дәл сондай өлшемде ірге-тасын құйып, Оңталаптың шаңырағын қайта көтерді. «Енді не істейсің? Оқисың ба, әлде жұмыс істейсің бе?» дегенде машинаны жақсы көретін Оңталап: «Шопыр боламын» деді. Жездесі Алдамжар ұзатпай қаладағы кәсіптік училищенің жүргізушілер даярлайтын алты айлық курсына оқуға түсірді. Осында жүргенде ғой Оңталаптың жаңа достары оның жыр дәптерін көріп қалып «Ой, мынауыңды «Толқынға» беру керек қой. Сен апаруға жүрексінсең, давай бізге бер. Біз тапсырып шығарамыз» деп өңмеңдеп қоймаған соң, ақыры өзі баруды ұйғарды.Сол кездегі Ворошилов көшесі, №60 үйде орналасқан аудандық «Толқын» газеті редакциясының табалдырығын бірінші аттағаны. Кең бөлмеде екі жігіт отыр екен. Имене барып бұйымтайын айтып, қойнындағы қомақты өлең дәптерін ұсынды. Қарап шыққан қара торы жігіт:-Сенің бұл өлеңдеріңді бізде Серік деген ағаң бар, сол қарайды. Ол бүгін жоқ. Сондықтан ертең кел. Өлеңдеріңді тастап кет, өзім тапсырамын,-деп шығарып салды. Бұл Қуанышбай Мұқашов та, одан жоғары отырған Өмірбек Төлепов болатын.Ертеңіне келсе Серік ағасы орнында отыр екен. Қолында Оңталаптың өлеңдері. Танысып-біліскеннен кейін:-Өлеңдерің тәп-тәуір екен. Әсіресе тақырып таңдауың жақсы. Төрт-бес өлеңіңді топтап қойдым. Енді сен суретіңді әкеліп бер!-деді.Өмірі ақынның алдын көрмеген Оңталапқа мұнан артық бақыт бар ма?! Рахметін қайта-қайта айтып, «Толқыннан» толқып шықты. Сол бойда аудандық банкте есепші болып қызмет істейтін Ұмытқан апасына келіп, бар жағдайды баяндап, суретке түсуге ақша керек екенін айтты.-Жақсы болған екен, мен саған он сом берейін. Әуелі суретке түсіп ал. Сосын ағаларың дәметеді ғой, екі бөтелке арақ алып апарып бер,-деп апасы да қуанып қалды.Бар шаруасын бітіріп, «Толқынға» қайта келді. Есік алдында бір жігіт тұр екен. Одан Серік ағасын сұрады.-Серік пе, іште отыр. Бар, бар,-деді. Сәл қипақтап қалған Оңталап:-Аға, Серік аға суретімді әкел деп еді. Енді мынаны қалай беремін,-деп көйлегінің ішіндегісін көрсетіп еді:-О-о, онда жүре ғой,-деп өзі бастап кетті. Бұл газеттің фототілшісі Жұмахмет болатын. Кірген бойда:-Сәке, мына балаңның базарлығы бар екен,-деп еді:-Онда оны мына жерге қой. Өзің ішесің бе?-Жоқ, ішпеймін, аға,-деп қымсынған Оңталап қалтасындағы суретін ұсынды.-Жарайды, ішіп үйренбесең, онда құйып үйрен,-деп Серік үстелдің үстіне екі стаканды тоқ еткізді.Оңталаптың «Толқынмен», ондағы ағаларымен таныстығы осылай басталып кетті. Аптасына үш рет шығатын газеттің әр санын асыға күтеді. Бірден шыға қоймас деп жүрген Оңталап сенбілікте шыққан газетті қолына алғаны сол, үшінші беттен өзінің суретін көрді. Қасында төрт өлеңі бар. «Оңталап, саған оң талап!» деген үлкен тақырыппен топталып беріліпті. Өз өлеңін қайта-қайта оқиды. Түк өзгертілмепті. Сонда да дәптердегідей емес, газетке шыққаны өте әсерлі. Оңталап үшін төрт өлең емес-ау, төрт кітабы шыққандай қатты қуанды. Бала кезден бері өлеңді босқа жазбапты. Текке талпынбапты. Үйдегі жездесі мен апалары да газеттегі өлеңдерін оқып, жас ақынды құттықтап жатыр. Енді Оңталапты бір отбасы емес, бір ауыл емес, бүкіл аудан оқып білетін болды, ол соған қуанышты. Алдынан ақындықтың ақ жолы ашылғандай, арғымақтай алып-ұшқан шабыттың шылбыры шешілгендей…Осыдан бастап Оңталаптың өмірге өз бетінше қадам басқан есею жылдары жалғасып жатты. Мәдениетте алғашында киномеханик, одан соң автоклуб меңгерушісі болып жүріп, кейіннен әдіскерлікке тағайындалды. Осында жүріп Р.Сейсенбаевтың «Қашқын», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» спектакльдерін сахналап, екеуінде де басты рөлде ойнады. Жұмыстан қол үзбей жүріп, Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің режиссерлік факультетіне түсіп, оны 1994 жылы ойдағыдай бітіріп шыққан Оңталап келесі жылы Қызылорда қаласына қоныс аударды.Облысымыздағы үлкен кен орны «Құмкөл» мұнай компаниясында алғашында бетоншы, кейін қойма меңгерушісі қызметін қолға алды. Қайда жүрсе де қаламы қолынан түскен жоқ. Заман өзгерісі, Арал тағдыры, замандастар бейнесі, өмір шындығы өлеңінің өзекті тақырыбы болды. 2002 жылы «Игілік бастауы» атты алғашқы жыр жинағы баспадан жарыққа шықты. Оған осы «Құмкөл» мұнай компаниясы басшылығы қаржылай қолдау көрсетті. Араға сегіз жыл салып ақынның екінші кітабы «Санадағы сәулелер» деген атпен оқырмандарына жол тартты. Бұл кітап жайлы «Әлімсақ» журналының бас редакторы Н.Көбегенов, филология ғылымдарының кандидаты Ш.Бекмағамбетов, ақын-жазушылар Т.Абылаев, Е.Абдуллаевтар өзекті ой, салиқалы пікір білдірді.Мұнан соң облыстық филормонияға сценарист қызметіне ауысқанда да өнімді жұмыс істеді. Жазғандары облыстық, республикалық басылымдар мен әлеуметтік желілерде бірінен соң бірі бұрқыратып шығып жатты. Әсіресе жүрек қылын шертетін лирикалық өлеңдерге ерекше ден қойды. Соның айғағындай «Армысыңдар, арулар» кітабы дүниеге келді. Оның ізін ала «Ақсұңқар» атты жыр жинағы мен «Толыбай батыр» атты тарихи жыр дастаны кітаптары Оңталаптың ақындық дәрежесін онан сайын асқақ көтеріп, азаматтық бейнесін сомдай түсті.Сонау жастық шағындағы ұмытылмас ұстазы Дәулетбайдың: «Сен ақын болғың келсе Мұқағалиды, Төлегенді, Фаризаны, Мұхтарды оқы» деген атақты ақындарының бүгінде көбі дүниеден өтіп, тек Мұхтар Шаханов ағасы ғана қалыпты.
Ендігі мақсат осы ақиық ақынмен көзі тірісінде кездесіп, тілдесіп қалу. Алматыға келген бір сапарында әдейілеп «Жалын» журналының редакциясына соқты. Хатшы қыздан сұраса, Түркиядан бүгін келіп, енді Мәскеуге жүруге дайындалып жатыр екен. Хатшы қыздың: «Ағай, бұрын-соңды келіп көрмесеңіз ол өте қиын адам. Әңгімеңіз сәйкес келмесе кеңсесінен өзі шығып кете береді, сізге шық деп айтпайды» деген сөзі Оңталапты ойландырып тастады. Сонда да нартәуекел деп кеңсесіне кірді. Өзі жазу столында, Оңталапқа диванды ұсынды. Сәлем-сауқаттан соң салиқалы сұхбаттары басталып кетті. Әңгімелері жарасқаннан кейін: «Сен мені қайдан танисың?» деп отырған орындығын көтеріп әкеліп, дивандағы Оңталапқа қарама-қарсы қойып, бетпе-бет сырласты. Оңталап Мұхаңды 7-сыныптан, «Қазақстан пионері» газетінен танитынын, «Біздің лауреаттар» атты жыр жинағын жас кезінде жатқа айтатынын, көңіліне жаққан өлеңдерін әнге қосып айтып жүргенін әңгімелеп, өзі әлі күнге дейін білетін бір-екі өлеңдерін ортаға салғанында ақын ағасы риза болып, Жұмекең, Әбілда, Фариза, Төлегеннің өлеңдері жайлы сөз қозғап, сұхбатын тереңдете түсті. Екі сағат емен-жарқын әңгімеден кейін шайға шақырып еді, оған Оңталап ауылға қайтатын поезының сағаты болып қалғанын білдіріп, осыншама уақыт бөліп, жылы қабылдағанына ризашылығын білдіріп, кабинеттен көңілді шықты. Армандап жүрген ақын ағасымен жарқын жүздесуі қиялына қиял, ойына ой қосып, бұрынғыдан да қанаттандыра, шабыттандыра түсті. Сондықтан да ғой Оңталап:Бір жұлдызым жарқырар көктен жанып,Мен өзіңе жерім жоқ, кеткен налып.Қасиетті қара өлең сен барыңда,Пай-пай, мына дүние, неткен жарық,-деп жыр әлеміне жаңа көзқараспен келді.Оңталапта мұндай ойлы өлеңдер жетіп артылады. Ол жайлы ой қозғауды ақынның әріптестеріне қалдырып, бұл ретте ащы да тұщы, соқтықпалы, соқпақты тағдырын тілге тиек еттік.Өзінің алғашқы ұстазы саналатын анасы Алтыншаштың бойына жастайынан сіңірген, халықтық жыр-дастандардан жеткен қазақтың қара өлеңінің қайнарынан қанып ішкен, «Шабан түбектен» түлеп ұшқан талант -Оңталап Базаралиев бүгінде алпыстың асқарына шығып, баспадан жаңа жарық көрген «Алау» атты кітабын айналасына той шашуындай шашып, алаулатып, жалаулатып келеді.Жарқын болашағыңның жолында осы бетіңнен тайма, Оңталап!
Жұмабай ЖАҚЫП,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<