«Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек» – деген Кемал Ататүрік. Біз де өз ұлтымыздың, дара да дана ұлдарымен, ғалымдармен мақтанып, оларды құрметтеуге тиіспіз. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Жұмәділ Бәйділдаұлы Шілдебаев – тәлімгер, ұстаз, жол сілтеуші, ақылшы. Талай талапкердің ғылым жолына түсуіне де себепкер болды.
Бір кездескенде «бұлай жүре бермей, ғылыми бағыт таңдау керек. Қазір Қызылордада экологиялық проблема көп, солармен айналысқан жөн» дегені бар. Тағы бір кездескенде арнайы отырып ғылыми бағытты, тақырыпты жобалап айтып берді. Сол жұмыспен айналысып, қазір жемісін көріп отырмыз. Ол кісі жол сілтеп, ақылын айтудан шаршамайды. Жетістікті көрген әріптестер де ағайдан кеңес алып, табысқа қол жеткізді.
Емен – ағаш жуан, жапырағы қалың болғанына қарамастан қатты жел тұрса тамырымен қопарылып құлайды. Ал қайың жіңішке, нәзік болғанымен қатты жел тұрғанда сәл майысады да, жел басылған соң бойын қайта тіктеп, жапырақтарын күннің нұрына малындырып жайқалып тұрады. Жұмаділ ағамызды осы қайың ағашына ұқсатамын. Ұлы Абайдың «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» дейді.
Ол кісінің тынымсыз еңбекқорлығы, ғылымға деген адалдығы мен сүйіспеншілігі шыңға жеткізді. Академик А.Бейсеновамен бірлестікте көпшілікке үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие беру тұжырымдамасын жасады. Тұжырымдама негізінде экологиялық білім бағдарламасы қабылданды. Бұл құжаттарды сол кездегі Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының ғылыми кеңесі сараптап оң баға берген. Соның нәтижесінде, Қазақстанда алғаш рет ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекітуімен орта және арнайы мектептерге арналған «Экология» 5-10 сыныптарға арналған оқу бағдарламасы, оқулық, әдістемелік нұсқау, жұмыс дәптері, хрестоматиядан тұратын оқу-әдістемелік кешен 2003 жылы қазақ, орыс, ұйғыр тілінде жарық көрді. Арнайы мектептерде бүгінге дейін қолданыста.
Ұстаздан үйренгеніміз де, үйренетініміз де көп. Шәкірт ретінде осындай терең білімді, ақыл-парасаты мол адамнан тәлім алғанымызға қуанамыз.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының 2 мәрте иегері, Панфилов ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Жұмәділ Шілдебаев. Жас болсын, ол студент па, мұғалім ба тіл табысып, сөйлесіп кетеді. Әсіресе ауылдан келіп ата-анасының жылы сөзін сағынып жүрген жастарға қамқор.
Қызметте, жұмыста білімін, тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін жастардың жан-жақты білімді, саналы болуына арнап келеді. Бүгіндері жасы сексенге жақындаса да бар күш-жігерін ұрпақ тәрбиесіне жұмсап жүр.
С.ҚОСАНОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Жаратылыстану» институтының директоры,
О.АЙДАРОВ,
«Биология, география және химия» кафедрасының аға оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<