Ұлт руханиятын зерделеген азамат

1502

0

Адалдығымен, парасатымен қоғамға қызмет етіп жүрген ұлтжанды азаматтарға Сыр бойы кенде емес. Сондай азаматтың бірі Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қорқыт ата университетінің профессоры Ғабит Әнешұлы Тұяқбаев асқаралы 60 жасқа келгелі отыр. Қоғам санасына, мәдениетке, әдебиетке, өнерге, тілге әсері өлшеусіз гуманитарлық ғылым саласындағы зерделі зерттеушіге белесті жасына орай лайықты құрмет көрсетіп, табысты еңбек жолын бүгінгі буынға үлгі, кейінгі ұрпаққа өнеге етудің өзі бір ғанибет.

Ғабит Әнешұлы – нағыз ұлтжанды ғалым. Бұл оған берілген кәсіби мінездеме ғана емес, ең алдымен ақиқатты ашуға ұмтылуы мен ақыл-парасатының шынайы тазалығынан тұратын ішкі сипаты. Шығармашылық әлеуетін жүзеге асырудағы кәсіби біліктілігі, бастамашылдығы мен  ізденімпаздығы, сыни тұрғыдан ойлай білу, тың идеяларды өмірге әкелу қабілеттерінің кейбірі Ғабиттің бойында туабітті бар болса, енді біреулері отбасы мен тәрбие көрген ортасында дамығаны даусыз. Олай дейтінім, кез келген жағдайды байыпты бағалайтын Ғабит адамдармен оңай араласады. Ашықтығы, көпшілдігі, жауапкершілігі, адамдарды үлкен-кіші демей сыйлауы, қамқорлығын аямауы, әріптестерін сүбелі сөздерімен қолдап, кім-кіммен де зерделі ойымен бөлісе білуі – болмысына тән мінездер.

Әкесі мектепте математикадан сабақ беріп, біліктілік деңгейі жоғары әдіскер-ұстаз атанған, оның ес білмейтін сәби кезінде мезгілсіз өмірден озған. Артында қалған бес баласын анасы жеткізгенін, кейін бұл жолды үлкен ағасы Сәбит жалғастырғанын айту – бізге парыз. Барлығы да – жоғары білімді, отбасылы, таңдаған кәсіптерінің көсегесін көгертіп жүрген жандар.

Ғабекеңнің анасына деген перзенттік сезімі мен оның  рухына  деген құрметі – өз алдына бөлек тақырып. Алайда, оның ғылым жолына түсуінің бастауы іспеттес мына жайттарға тоқталуды жөн көрдім. Ауылда кітапханашы болған анасы білімнің кез келген саласына деген дарын немесе бейім бүлдіршін кезден ашылатынын жақсы білсе керек. Бала Ғабиттың санасын өзі жатқа білетін Сыр сүлейлерінің мұрасымен, Марал ишан, Қалжан ахун, Тұрмағамбет дамолла туралы әңгімелерімен, т.б. ұлтымыздың рухани қазыналарымен нәрлендіреді. Кейін хат тани бастағанда оны ауыл кітапханасының қорында жинақталған білім айдынынан сусындатады. Қызылордадағы пединституттың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқып жүрген баласының қажетіне жарар деп газет-журналдардағы ғылыми-көпшілік, танымдық мақалалардың қиындыларын сақтап жүргенінің өзі неге тұрады.

Ғабиттың ғылыми әлеуетінің қалыптасып дамуында киелі Әулиеата мен Сыр топырағының маңызы ерекше. Екі аймақтың да руханиятына өзіндік олжа салды. М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ғылымға бет бұрып, қызығы мен қиындығы мол ізденістер жолына біржола түсті. Ұстазы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында өзіне дәріс берген, оқу тобының жетекшісі болған филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібозұлының жетекшілігімен Сыр сүлейі «Қаңлы Жүсіп Қадырбергенұлының әдеби мұрасы» тақырыбындағы  диссертациясын 2003 жылы сәтті қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанды. Осы ретте, ақынның шығармашылығы туралы Ғабиттің этнограф Т.Дайрабаймен бірге шығарған кітабына («Қаңлы Жүсіп Қадырбергенұлы. Сайраған бақта бұлбұлдай…». – Тараз, 2002.-139 б.) ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Р.Бердібайдың жоғары баға бергенін айта кету орынды. Қаңлы Жүсіптің туындыларына түсініктемелер берілген, олардың бірқатары Құранның хадис-аяттарымен байланыстыра талданған, барлық дереккөздері бірге топтастырылған кітаптың салмақты дүние ретінде құндылығы жылдан-жылға артпаса, төмендеген емес.

Қазақтың белгілі әдебиеттанушы ғалымдары Мекемтас Мырзахметұлымен, Сәмен Құлбарақпен, Ислам Жеменеймен бірге қызмет жасаған жылдар Ғабит Әнешұлының ғылымға деген қызығушылығын арттыра түсті. Ежелгі Тараз өңіріндегі әдеби орта оның шыңдалуына, ғалым ретінде қалыптасуына үлкен әсер етті.

Көне Тараз жерінде еңбек еткен жылдары «Университет тынысы» газетінің бас редакторы, қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, меңгерушісі болды. Өзінің қарым-қабілетінің арқасында әрдайым абырой биігінен көрініп жүрді. Алайда, Сыр өңіріндегі іргелі білім ордасы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне ауысу туралы әлденеше рет түскен ұсыныстардан соң туған елге қайтуға шешім қабылдады. Туған жерге сүйіспеншілік әрбір азаматтың жүрегіне ұялаған сезім екені дәлелдеуді қажет етпейді, яғни аксиома. Сырдың қасиетті топырағына қызмет ету – Ғабекеңнің де игі арманы, мақсат-мүддесі еді. Асқақ мұратына жетті деуге негізіміз жеткілікті. Өзін түлеткен университетте қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, оқу процесін ұйымдастыру және ЖОО кейінгі білім беруді ұйымдастыру бөлімдерінің бастығы, ректордың кеңесшісі болды. Аталған қызметтерде жүріп Ғабит Әнешұлы өзі жинақтаған тәжірибе биігінен ғылым мен білім беру қызметін дамытуға елеулі үлесін қосты. Сөзім жалаң болмас үшін мына дәйектерді келтіруді орынды санадым: 10 мамандық бойынша тұңғыш PhD докторантура ашылуы, университеттің 75 жылдығына орай жаңа дизайн мен форматтағы «Қорқыт Ата атындағы ҚМУ: қалыптасу мен даму жылдары» кітабы мен тұңғыш «Университет ақпарат айдынында» кітабы шығуы – оның тікелей араласуымен 2012 жылы атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана.

Ғабит Әнешұлы қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасын басқарғанда ғылыми жұмыстарды жандандыруды басты назарында ұстады. Ғылыми жобалар дайындауды жолға қою үшін бірнеше шығармашылық топтарды ұйымдастыруға ықпал етті. Кафедраның республикалық бюджет негізіндегі гранттық қаржыландыру конкурстарына жобалар ұсынуда алдыңғылар қатарындағы орны тұрақты болуы – күнібұрын қолға алынған жұмыстардың нәтижесі.

Кафедрада 2015 жылдан бастап филология мамандығы бойынша мамандар даярлана бастады. 2016 жылы әл Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен журналистика мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиадада студенттер командасы І орынды  иеленді. Осыған байланысты, 2017 жылы журналистикадан кезекті пәндік олимпиада университет базасында өтті. Одан кейінгі уақытта кафедра студенттерінің журналистика, қазақ тілі мен әдебиеті, филология бағыттары бойынша республикалық пәндік олимпиадаларда 8 мәрте жүлдегер атануы да – сөз жоқ, үлкен жетістік.

Республикалық деңгейдегі ғылыми орталықтар (Әдебиет және өнер институты, т.б.), ұлттық (ҚазҰУ, т.б.) және шетелдік (Түркияның Қажы Байрам Вели университеті, т.б.) университеттердің бейінді кафедраларымен тығыз ынтымақтастық байланыс орнатылғаны да осы кезең.

Кафедра жанынан 2019 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағыты бойынша PhD дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңестің ашылуына ерен еңбегін сіңіргеніне куәмін. Диссертациялық кеңестің алғашқы құрамына төрағаның орынбасары болып енген ол қазір осы диссертациялық кеңестің төрағасы.

Нағыз рухани құндылықтың және аға буынға деген жоғары құрметтің өнегесіне айналған «Ғибратты ғұмыр» сериясы Ғабит Әнешұлының идеясымен дүниеге келгенін біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. Естеліктер жинағының алғашқы 2 шығарылымы (Ж.Сәдуақасұлы, Б.Кәрібозұлы) 2016 жылы өзінің редакторлығымен жарық көрді. Сондай-ақ, ол 2015-2019 жылдары университетте тұңғыш құрылған баспасөз орталығының жетекшісі, тарихы терең «Сыр түлегі» газетінің редакторы қызметтерін қоса алып жүрді. Алдына университет туралы оң пікір қалыптастыру және насихаттау жұмыстарын жүйелі жүргізу міндеті қойылған баспасөз орталығы ақпарат таратуда тың жобаларды қолға алып, өзіндік бағытын қалыптастырды. Ғабекең негізін қалаған орталық кейінгі жылдары заман талабымен үндесе қарқынды дамып келеді.

Кафедра меңгерушісінің атқаратын міндеттерінің ауқымы кең екені түсінікті. Сондықтан, өз тарапымнан білетіндеріме ғана тоқталдым. Әрине, айтуға оңай әрбір жұмыстың артында үлкен еңбек, жоғары білім-білік, пайымды парасат тұрғаны хақ.

Ғабит Әнешұлының негізгі зерттеу нысаны – Сыр бойындағы ақындық мектеп, оны қалыптастырушылар мен дамытушылар. Қорқыт ата, Т.Ізтілеуұлы, М.Шоқай, Бұқарбай батыр, Нысанбай жырау, Қаңлы Жүсіп, т.б. шығармашылығы мен өмір жолдары туралы зерделі зерттеулер жүргізіп келеді.

Білім және ғылым саласындағы республикалық уәкілетті орган жариялаған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарында  2012 жылдан бері оның 4 ғылыми жобасы жеңімпаз атанды. Жобаларды іске асырудың ауыз толтырарлықтай нәтижелеріне қысқаша тоқталсақ: «Сыр өңірі журналистикасының тарихы», «Сыр өңірінің тарихи топонимдері» атты монографиялар, «Шетелдердегі қазақ әдебиеті» атты оқу құралы, «Сыр өңіріндегі киелі жерлер» атты анықтамалық-жолкөрсеткіш, «Көркем әдебиеттегі Ауған соғысы тақырыбы және оның жастарға тәрбие берудегі маңызы» атты докторлық диссертация дайындалды.

Қорқыт ата университетінің журналистика білім беру бағдарламасына «Сыр өңірі журналистикасының тарихы», «Эмигранттық журналистика» атты пәндер,  қазақ тілі мен әдебиеті, филология білім беру бағдарламасына «Шетелдердегі қазақ әдебиеті» атты пән енгізіліп, осы пәндерге арналған оқу-әдістемелік кешендері жарық көрді. Отандық және шетелдік беделді ғылыми басылымдарда бірнеше мақаласы жарияланды.

Сонымен бірге Қызылорда облысы әкімдігі қаржыландырған «Қорқыт ата – түркі халықтарына ортақ тұлға», «Сыр өңірі фольклорының антологиясы» атты ғылыми жобаларда орындаушы болып, соның негізінде 2  кітап құрастырды. Қорқыт ата мұрасын ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтар тізіміне енгізу ісі де – белсене атсалысқан шаруасы.

«Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының төрағасы ретінде облыстық ғылыми-танымдық, мәдени жұмыстарында, өлке тарихы мен әдебиетінің зерттелуі мен насихатталуында да өзінің бастамашыл ойларымен көптеген игі істердің ұйытқысы. Оның қаламгерлігі, редакторлығы әрі ұйымдастырушылығымен шыққан «Тұрмағамбет»  журналы да зиялы ортаға мәлім.

Ол – кез келген тұлғаның бітім-болмысын сипаттауға мол мүмкіндік беретін әдеби портрет жанрының майталманы. Шығармаларында кейіпкердің ішкі әлемін, өмірге көзқарасын, өсу және қалыптасу ортасын, қоғам немесе ғылым алдындағы еңбегін бір-бірімен астастыра әрі біртұтас суреттейді. Оның өмірбаяндық деректерін, сөздерін,  шығармашылығына замандастарының берген бағасын келтіріп, қолда бар мәліметтерді  ұтымды дәйектеуі, ең бастысы, сюжеттік желіні дөп басуы сомдалушы тұлғаның бейнесін жан-жақты аша түседі. Бұл тұрғыда «Еменнің иір бұтағы» (М.Мырзахметұлы), «Ізгілік сәулесі» (Қ.Бисенов), «Бекзат болмыс» (Б.Кәрібозұлы), «Ұлым дейтін елің бар» (И.Жеменей),  т.б. ғалымдар мен қайраткерлер, замандастары мен әріптестері туралы жазған портреттік очерктері көзіқарақты оқырманға тағылымды тарту іспеттес.

Шығармашылығының тағы бір саласы – публицистика. Ол – қоғамның өзекті мәселелері мен құбылыстары туралы өз ұстанымы бар ғалым-азамат. Зиялылары үнсіз қоғамның болашағы бұлыңғыр екенін жақсы сезінгенінен болса керек, көсемсөздің шебері ретінде қоғамның, ғылымның, руханияттың заманауи сұраныстарына белсенді үн қосып келеді.

Ғылыми-публицистикалық мақалалары болып жатқан үдерістердің ой-сана безбенінде сауатты саралануымен, олардың негізгі себеп-салдарлық байланыстары байыпты талдануымен ерекшеленеді. Шығармаларының басым жүлгесіне айналған ұлттық сана мен ұлт жадына қатысты ой-пікірлерін: «… ұлттық санасы сынған, жады өлген халықтың ел, жер, ұлт, мемлекет, болашақ, ұрпақ туралы ойлауы екіталай, яғни, ұлтты рухани жаңғырту – кез келген тәуелсіз мемлекеттің басты мақсаттарының бірі. Ол дін, тіл, діл арқылы жүзеге аспақ…» деген тұжырымды сөздері түйіндейтіндей көрінеді маған.

Өңірлік ғылыми ортаның белді де азаматтық ұстанымы берік өкілінің біз білетін басты қасиеті – ойшылдығы. Темекісінің қою түтініне көміліп, үнемі ой құшағында жүретін Ғабиттің сырт кейпі тылсым күштермен тілдескендей көрінетініне таңырқай қоймайтынымыз содан болар. Әйтсе де шабыттанса, қолға алған шаруасына ықыластана кірісіп, айналасындағы қым-қуыт қарбаласты елемей, жып-жинақы, жұп-жұмыр дүниені әп-сәтте дайындай қоятын қабілетке ие.

Ұлтымыздың бойында сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысын бейнебір ұлы дария десек,  оның арнасы өткен заман теперішінен тарылғаны көбімізге белгілі. Аңсаған азаттықтың арқасында сол арна ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған жаңа өзектердің құюы есебінен кеңейе  түсуде. Ұлағатты үдеріске өзіндік үлесін қосып жүрген әріптесімді Алаш зиялыларының  бүгінгі ізбасарларының бірі санаймын.

Бүгінде ол 100-ден астам ғылыми-публицистикалық мақаланың, 3 монографияның, 1 оқу құралының авторы, 8 кітаптың құрастырушысы, бірнеше докторлық диссертацияның жетекшісі.

«ҚР Ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, ҚР ҒЖБМ Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хаты және арнайы дипломымен, университеттің Қорқыт ата атындағы Алтын медалі және «Үздік түлек» төсбелгісімен, бірнеше мерейтойлық медальдармен  марапатталуы – білім мен ғылымды, қоғамды дамытуға қосқан еңбегінің лайықты бағасы.

Бұрынғылардан: «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген даналық бекер қалмаған. Әрқайсымыз үшін жарық дүние сыйлаған ата-анамыздың аялы алақаны, шынайы жанашырлығы, алғаусыз ақыл-кеңесі әрдайым орны толмастай көрінетіні рас.  Әсіресе, жасымыз келген сайын өмір сыйлаған бастау-бұлаққа деген сағыныш пен іңкәрлік өршімесе, баяуламайтындай. Өзім өскен «Іңкәрдария» ауылындағы орта мектепте мұғалім, тәрбие жұмыстарының меңгерушісі болған Ғабекең әке-шешемді жақсы біледі, бауырларыммен етене таныс. Ол кейде дүниедегі ең қымбат жандарым жайлы жан жадыратар естеліктері мен толымды пікірлерін айтқан кезде жаныма жағып, «тоқтамаса екен, көсіле түссе екен» деп іштей тілеп отыратынымды несіне жасырайын. Бір кеменің ескегін бірге есіп жүрген, мен үшін қашанда орны бөлек, осындай сыйласымның барына сансыз шүкір.

Төл мерекесінің қарсаңында сұңғыла ғалымға мықты денсаулық,  қажымас қайрат пен толайым шығармашылық табыстар, отбасына бақ-береке  тілеймін!

Қали ОМАРОВ,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<