Биыл Мемлекеттік Елтаңба авторы, жерлесіміз Жандарбек Мәлібеков 80 жасқа толып отыр. Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихына есімі енген талантты сәулетшінің елге еткен адал қызметі лайықты бағаланды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің құрметті профессоры, «Құрмет» орденінің, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, күні кеше Қызылорда облысының құрметті азаматы атанды.
Жандарбек Мәлібеков – Сыр өңірінің тумасы. Дәлірек айтсақ, 1942 жылы Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тура келді. Ата-анасынан ерте айырылды. Орта білім алудың өзі оңай болған жоқ. Осылайша түрлі қиындықтарды басынан өткере жүріп, мектеп бітіреді. Алдына биік мақсат қойған арманшыл жас Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетіне түсіп, қалаған мамандығының тізгінін ұстады. Оқуын бітірген соң осы қаладағы ғылыми-зерттеу және жобалау институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі, жобалар жөніндегі бас сәулетшісі қызметтерін атқарды. Жас маман, талантты сәулетші өзі еңбек еткен жылдары Өзбекстан еліндегі көптеген құрылыстарда қолтаңбасын қалдырған. Айталық, Әндіжан қаласындағы әуежай, Ташкенттегі Үкімет қонақ үйі, Самарқандағы облыстық әкімшілік үйі, драма театр, орталық кітапхана ғимараттары, сондай-ақ, бірнеше қаладағы тұрғын үй аудандарының құрылысын жобалауға қатысқан. Кейіпкеріміздің сөзінен аңғарғанымыз, өзбек халқының құрылыс нысандары өзіндік ұлттық нақыштарына сай орналасады. Яғни, құрылыс жобасын әзірлегенде бұған мән берілуі тиіс. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі атануы оның осындай сүбелі еңбегіне берілген әділ баға екені даусыз.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылы Мемлекеттік рәміздер жасауға байқау жарияланғаны белгілі. Осы байқауға ұсынылған 293 жобаның ішінен Жандарбек Мәлібековтің жобасын Жоғарғы Кеңес депутаттарының басым бөлігі қуаттап, мемлекеттік елтаңба үлгісі ретінде қабылданды. «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы» атанды. Бұл 1992 жылдың 4 маусымы еді. Жоба иесінің қуанышында шек жоқ. Иә, оның ең үлкен қуанышы туған елге оралып, халқымен қауышу еді. Шынында ол елге деген ерекше ыстық сағынышын осы еңбегімен әйгілеген болатын.
Сонау бала күнінде Сырдың жазық даласы арман-қиялымен ұштасып, тым алысқа, тіпті шексіз әлемге жетелейтін. Жүрегіне берік орныққан осынау шексіздік ұғымы кейін оның шығармаларына арқау болды. Оның ішінде, талант иесінің жанына жақын әрі шоқтығы биік туындысы, осы – Мемлекеттік Елтаңба. Автордың айтуынша, онда бедерленген әрбір суретте ұлтымыздың ғасырлар бойы кешкен ғұмыры, тағдыры мен тарихы сипатталған. Мұның бәрі елін, жерін шексіз сүйетін ауыл баласының көз алдында, көңіл түкпірінде айқын жатталып қалған көріністер еді.
Елтаңбаның пішіні шеңбер тәрізді, бұл шексіздік, яғни мәңгілік ұғымын білдіреді. Ал, негізгі нысанасы – киіз үй. Зер салып қарасаңыз, киіз үйдің шаңырағымен байланысқан уықтар ұрпақтар сабақтастығын білдірсе, енді бір қарағанда, айналаға күннің шуағындай тарайды. Елтаңбаның екі жақтауын алып тұрған қанатты тұлпар жарқын өмірге деген құштарлық пен ұмтылыстың, жалпы жасампаздықтың көрінісі. Сондай-ақ, ондағы «Қазақстан» деген алтын түсті жазу басқұрдың бетінде жазылған. Басқұр – киіз үйдің барлық керегесін біріктіріп тұратын ең мықты бау, яғни, бұл – халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің айғағы.
Сәулет өнерінде өзіндік ерек қолтаңбасы бар Жандарбек Мәлібекұлы «Ойтек» деп аталатын заманауи ұлттық архитектураның үлгісін әзірледі. Жоба аясында қазақтың ата-баба тегінен бері жалғасып келе жатқан ұлттық айшықтар бүгінгі ұрпақтың да қолданысына еніп, құндылықтарға деген құрметін қалыптастырады. Жоба авторының айтуынша, кеңес заманында салынған ғимараттар біздің ұлттық ерекшелігімізге сай келмейді. Сондықтан бұл жобада қазіргі архитектуралық нормалардың біразы өзгереді. Оның ішінде ауыл келбетін жаңартуға да айрықша мән берілген.
Елдің тарихымен тамырлас, келешегімен сабақтас, шынайы шығармашылық үлгісі – «Ойтек» архитектурасы ұлттық табиғатымызбен үйлесім табады. Түп төркіні ой мен тек сөздерінен шығып отырған «Ойтек» архитектуралық жобасының философиялық астары осында. Бұл архитектура ұлтымыздың ақыл-парасатын, тұрмыс-салтын, бекзат болмысы мен биік ұстанымын, бір сөзбен айтқанда, ел мен жер иесінің тектілігін айшықтай түседі. Айта кетейік, жоба қазір ғылыми зерттеуге ұсынылған.
Жоба авторының айтуына қарағанда, ұлттық ерекшелігімізге сай сәулет туындылары болуы керек. Мәселе ол ғимараттың немесе тұрғын үйдің бағасы қымбат болуы шарт емес, тек сәулет үлгісі ерекше болмақ. Біреу түсінер, біреу түсінбес, бірақ сәулет өнерінің де адамның сана-сезімімен үйлесім тапқаны жөн. Қалай дейсіз бе? Мысалы, қазір ауылдарда салынғанына елу-алпыс жыл болған ескі үйлер әлі бар. Бұл құрылыстарға бүгінгі көзбен қарасаңыз, еріксіз еңсеңіз түседі. Демек заман көшінен кейін қалып қойған осындай үйлердің орнына жаңа үйлер бой көтеруі керек.
Біздің ел құрылыс салудан ешкімнен кем түспейді. Алайда жүйенің дұрыс болмауынан салаға қатысты сын айтылып жатады. Бұл көбіне құрылысшы мамандардың кемшілігінен емес, бөлінген қаржының өз мақсатына жұмсалмай, жұмыс сапасына кері әсер етуінен орын алады.
– Біздің ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздік. Осынау баға жетпес құндылығымызды баянды ету – бүгінгі және болашақ ұрпақтың парызы. Сондықтан Жаңа Қазақстан құру үшін қоғам талабымен ұдайы санаса отырып, оның ар жағында ұлттық санамызды жаңғыртып, рухани құндылықтарымызды қорғайтын жаңа заңдар қабылдау қажет. Елдің дамуы ең бірінші кезекте заман талабына лайық ақыл-сананың қалыптасуына байланысты. Бұл орайда отбасы тәрбиесі және білім сапасының маңызы ерекше. Әуелі ұлттық идеология жолға қойылса, әлеуметтік-экономикалық мәселелер өз-өзінен шешімін табады, – дейді Елтаңба авторы.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<