Адам өмірінде ұстаздың алатын орны ерекше. Ұстаз – аса қымбатты, сыйлы, есіңе алғанда жан-жүйеңді толқытып, сағыныш сезімі мен шексіз құрметіңді тудыратын аса қастерлі ұғым. Әр адамның тура жолдан адаспай өмірінің дұрыс қалыптасуына әсер тигізетін айрықша тұлға. Шәкіртінің суырылып, оза шауып биіктерден көрінуі, өмірден өз орнын тауып, зор жетістіктерге жетуі, маман болуы – ұстаздың берген білімі мен төккен терінің, ерен еңбегінің нәтижелі жемісі.
Ес біліп, етек-жеңімізді жинап алғаш рет Майдакөл ауылындағы № 98 бастауыш мектептің табалдырығын имене аттағанымызда бізді алғашқы ұстаздарымыз Әбубәкір ағай, Бозғұлан ағай, Кемалаш ағай, Раманқұл ағай, Күнсейіт ағай, Бақдәулет ағай, Жампайыс ағайлар шұғылалы таңдай құшақ ашып қуана қарсы алып еді. Әріп үйретіп оқуға бейімдеді, ой-өрісімізді өсіріп, оң-солымызды танытты. Мектеп бізді әлемнің сырына қанықтырды. Өмірден өз орнымызды тауып, адам болып, азамат болып қалыптасуға ұстаздарымыз ерекше үлес қосты. Олар бізге даңғыл жол көрсетті. Білімнің шамын жақты. Өмір деген ұлы сапарда ізгілік пен адамгершілікке тереңдете бойлатты. Ұстаздарымыз мақсат пен мұратымызға жетудің мәні мен мағынасын пайымдауға үйретіп, бойымызға парасат пен ізденістің негізін қалады.
Атам қазақ: «Жер төбесіз, ел төресіз болмайды» деген екен. Осындай ұстанымға берік бабаларымыз абыз кеуделі ақсақалдарын, жаны жайсаң жақсыларын, ел мен жердің ұйытқысы, халықтың қалыбы болып отырған текті тұлғаларын мақтан етеді екен. Осындай айтулы азаматтар Алты алаштың анасы атанған Сыр елінде де болған, болады да. Менің пайымдауымша Сыр өңірі арғы-бергі тарихымызда еліміз үшін аянбай еңбек етіп, өзінің адамгершілігімен, парасат-пайымымен ел-жұрттың жүрегінде жүрген жандарға кенде емес. Осындай айтулы азамат біздің алғашқы ұстазымыз, ұлағатты ұстаз атанған Әбубәкір Оспанов десем, асыра айтқаным болмас.
Әбубәкір ағамыздың табиғат берген сыпайылығы, үлкен-кішіге ізеттілігі, шәкірттерге деген мерейі ерекше болатын. Ғұмыр бойы қатардағы ұстаздық қызметте, шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беріп, Сыр елі білім саласының танымал тұлғасы атанды.
Оқу – ғанибет, сауат ашу – ғажап, ұстаз көру – керемет. Мектеп есігін ашқан бала ұстазын көреді, білім әлемінің есігін ашады. «Мұғалім – мамандық, ал ұстаздық – қасиет» дейді дана халқымыз. Осынау үлкен ұғымдағы үстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, саналы ғұмырын ұрпақтарына тәлімді тәрбие, мазмұнды да терең білім беруге бағыштаған Әбубәкір ағайымыз туралы көргендерім мен көңілге түйген жүрек жазбаларымды ақ қағаз бетіне түсірдім.
Әбубәкір Оспанов ағамыз 1922 жылы Қазалы ауданы, Майдакөл ауылында дүниеге келген. Жетіжылдық білім алған соң, яғни 1937 жылы Қызылорда қаласындағы жұмысшылар факультетіне (Рабфак) оқуға түсіп, оны 1941 жылы бітірген. Білімін одан әрі жетілдіруді мұрат тұтқан Әбекең ағай кейіннен Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтының тарих факультетінен дәріс алып, ұстаздық жолына түседі.
Ұлы Отан соғысының сұрапыл шағында, яғни 1941-1951 жылдары Жаңабасшылық елді мекеніндегі мектепте қатардағы мұғалімдіктен бастаған ол кейін Майдакөл ауылындағы №98 жетіжылдық мектебінде, мұнан соң кезіндегі Ленин колхозындағы (қазіргі Ғ.Мұратбаев ауылы) мектепте мұғалімдік қызметімен жалғастырады. Майдакөл ауылындағы №98 мектепке қайта оралған Әбекең ағай 26 жыл бойы үздіксіз оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Әбубәкір ағайымыз өзінің тарихшы маман ретінде мыңдаған шәкірттерінің көкірек көзін оятып, санасына туған жерінің, өскен ортасының тарихы туралы ерінбей-жалықпай құя білді. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дегендей, одан дәріс алып, ұстаздықтың ұлағатты жолымен жүргендерді санамалап айту әсте мүмкін емес. Соның бірі өзім екенімді мақтан тұтамын.
Өскелең ұрпаққа адами қасиеттерді қалыптастыруда оның рухани байлығы балаға деген сүйіспеншілігінен, жоғары адамгершілігінен көрінеді. Осындай құнды қасиеттерді біздің бойымызға дарыта білген алғашқы ұстазымыз Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетін үздік бітірген алғашқы түлектерінің бірі еді. Ол тарих пәнінің білгірі болды.
Менің тарих пәніне деген сүйіспеншілігімді оятқан Әбубәкір ағай. Сабақ беру әдісі де ерекше еді. Бойында биік адамгершілік қасиеттер бар еді. Бізді әрдайым тәртіппен және тәрбиемен алынған білімге, тек қана шынайы мінез қалыптастыруға үйретті. Әл Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берген білім адамзаттың қас жауы» деген ұстанымымен әр оқушының тұлға болып қалыптасуына, биік шыңға шығуына үлкен үлесін қосқан ұстаз болды.
Ағайымыздың ұстаздықтың ұлағатты жолында елге сіңірген еңбегі де ескерусіз қалған емес. Ол кісінің республикалық, облыстық білім саласы басшылығынан алған мақтау қағаздары мен марапаттарын санамалап шығу әсте мүмкін емес. Бірнеше мәрте ауылдық кеңес депутаты болып сайланған.
Ол ағай үшін ең басты марапат – өзінен тәрбие, білім алған шәкірттерінің алғысы дер едім. «Отан – отбасынан басталады» дегендей, Әбеке ағай жұбайы Күнасыл Оразымбетова апаймен шаңырақ көтеріп, өмірге он екі бала әкеліп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Олар бүгінде жоғары білім алып, сан алуан салаларда ел-халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде.
Ұлтымыздың рухани тамырынан нәр алған, туған топырағын, тарихи құндылықтары мен ата-баба дәстүрін қадір тұтып, құрметтей алатын ұрпақ тәрбиелеу – біздің ең басты парызымыз. Әбубәкір Оспанов ағайымыздың осы өсиетін пір тұтқан біз, яғни жүздеген шәкірттері ұстазымыздың ұлағатты жолымен жүріп келеміз.
Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,
философия ғылымдарының докторы,
Қазалы ауданының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<