Бөлем Қуаныш Жәрімбетов – облыс шаруашылығына еңбегі сіңген, әсіресе су шаруашылығының дамуына өзіндік үлес қосқан үлкен маман.
Шешелеріміз үш ағайынды болған. Үшеуі де қыз. Үлкені – Талжан апам ажарлы, сұлу адам еді. Ер адамға бергісіз қайратты, сөйлесе аузынан, істесе қолынан келетін өр мінезді әйел болатын. Жаратылысы ірі денелі, мінезі ашық, бауырмал. Талжан апам ақ тісін ақситып күлгенде жан-жағына сәуле шашқандай әдемі де әсерлі көрінетін. Өте балажан еді. Талжан апамның қайраттылығы жөнінде ел ішінде күні бүгінге дейін түрлі аңыздар мен әңгімелер айтылып келеді.
Ортаншысы – менің анам Қаншайым да бәкене бойлылығына қарамастан барынша қайратты адам болатын. Анамның жиі айтатын әңгімесі «қимылдамай бос отырсам, ауырып қаламға» саятын. Бала-шаға, үй шаруасы, күйеуі мен екі енесінің бабын табу – барлығына үлгіретін анамыз балаларын да еңбек етуге, еңбекпен өсуге тәрбиеледі.
Кеніш апам – Қуаныштың шешесі, үш қыздың кішісі еді. Бұл кісі де ірі денелі, сұсты, қайратты адам болатын. Үнемі қабағын түйіп жүретін Кеніш апам кейде күлсе, жаз шыққандай айналасының бәрі жадырап сала беретін.
Үш анамызға ортақ бір қасиет олардың аса қайраттылығы болса, бұлардың әкелері ағайынды Жүрген, Тұлпар атты аталарымыз ел ішінде аттары аңызға айналып кеткен аса қайратты азаматтар болыпты. Бір ғажабы, Жүргеннен де, Тұлпардан да үш қыздан перзенттер дүниеге келген.
Бала кезімде ауыл ақсақалы Шортанбайдан нағашы аталарым туралы көп әңгіме естігем. Сол заманда ауыл жігіттері шиге таласып төбелеседі екен. Сондайда Жүрген мен Тұлпарға 40 жігіттің әлі келмей, ағайынды екеуі қарсы келгендерді сұлатып тастап, шиі жақсы өскен аймақты ешкімге бермейтін көрінеді. Міне, біздің марқұм аналарымыз бен нағашы аталарымыз осындай жандар болған.
Қуаныш Жәрімбетов 1951 жылы 25 желтоқсанда Қазалы ауданының қазіргі Қашақбай Пірімов атындағы ауылда дүниеге келген. 1968 жылы осы ауылдағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік құрылыс институтының студенті атанады. Институттан соң Қызылорда облысының су шаруашылығы басқармасына инженер болып қызметке орналасады. Ал, 1976 жылы Қ.Жәрімбетов Қызылорда облысы су шаруашылығы тресіне инженер болып қызмет ауыстырады. Осы треске қарасты ПМК-24 мекемесінде прораб, бөлім бастығы, бас инженер қызметтерін атқарды. 1994 жылдан 2015 жылға дейін ПМК-24 мекемесінің бастығы болып қызмет атқарып, зейнетке шықты.
Қуаныш Жәрімбетұлы облыстың елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша: «Арал», «Сарбұлақ» топтық су құбырын елді мекендерге жеткізу, Аманөткел, Бөген, Жаңақұрылыс елді мекендеріне су құбырлары мен су айдайтын насостар орнату, Жалағаш ауданының Таң совхозына, Сырдария ауданының Тасбөгет кентіне, Қызылорда қаласының шет аймақтарындағы ауылдарға су жүйелерін тарту мен тас жолдар салу, облыстағы ірі магистральдық каналдар мен коллекторларды тазалау жұмыстары, облыс аумағындағы бетон көпірлерді, қосымша құрылыстар салу – бұлардың барлығы Қуаныш Жәрімбетов басқарған ПМК-24 мекемесінің абыройымен атқарған жұмыстары еді.
Қуаныш Жәрімбетов – атақты гидротехник, сушы, «Қызылорда облысының құрметті азаматы» Ержігіт Бозғұловтың шәкірттерінің бірі. Реті келгенде айта кетейін, аруағыңнан айналайын Ерағаң көзі тірісінде көп азаматтарға аға бола алған адам еді.
Қуаныш Жәрімбетов, Дәулет Жолманов және мен үшеуміз Ерекеңнің жанында көп жүрдік. Оның ақыл-өсиетін көп тыңдадық. Өмірден көргені көп Ерағаңның айтқандары күні кешегідей жадымызда жаңғырып тұр. Ерекең Қуанышқа ішіміздегі үлкеніміз болғасын да тапсырмалар беріп, ағайын-туыстың шаруаларына, қуаныш-ренішіне жиі араласып тұруды міндеттеп, айтып отыратын. Ақсақалдықтың үлгісін біз осылайша Ерекеңнен көргенбіз.
Қуаныш пен жары Ақмарал – қазір 1 ұл, 2 қыздан 6 немере 1 шөбере сүйіп отырған бақытты отбасының, шаттыққа толы шаңырақтың иелері.
Адам баласына көп нәрсе керек емес. Бала-шағасы аман болып, солардың қызығына тоймай өмір өткізуден артық не бар?! Қуаныш пен Ақмаралдың тіршіліктері осыны ойлатады. Өмірден өз орныңды тауып, ұрпақ өсіріп, тамырлай түсу, көгеріп-көктеу дегеніміздің үлгісі – Қуаныш пен Ақмаралдың орнықты отбасы. Тұйықтау, көп сөйлемейтін әр істі ақылмен атқаратын Қуекеңе жақсы жар Ақмаралдың жолыққанына қуанамын. Бірі ашу айтса, екіншісі басу айта алған ерлі-зайыптылар аталық-әжелік ғұмырларын сән-салтанатымен жақсы өткізуде. Есімде жас кездерінде екеуі де сұлу болатын. Асылы, тәні сұлу адамдардың жандары да сұлу болатын сияқты.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<