Жан түкпіріне жүрек шырағын жаққан

719

0

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген Мағжан ақын әр баланың жан түкпіріне жүрек шырағын жаққан жандардың қадірін қалай дөп басқан! Сол сөз қай заманда да құнын жойған жоқ. Біздің әңгімемізге арқау болып отырған «Халық мұғалімі» Төлепберген Қасымов – қашан да төрден орын алатын құрмет иесі. Оның есімі баршаға таныс болмаса да білім саласы үшін бірегей. Сондықтан біз бұл атақты адамды жұртшылықтың есіне тағы бір түсіріп, оның өнегелі болмысын жас өркен ұрпақтың жадына салуды жөн көрдік.

Әңгіме басын әріректен алсақ, Төлепбергеннің әкесі Сымағамбет ұста еді. Қыш өретін, тақтайлап шатыр құрайтын. Темір жолдың оң қапталындағы «Шанхайдың» үйлері сол заманда кемпірдің тісіндей әр жерде сорайып тұратын. Әкесінің көшіп келген көршілерінің үйін сап түзетіп соғып бергені есінде қалды. Сонда сол кісілер үй соққанына ақы да алмайтын. Әйтеуір, осы жерге ел қондырған әкесі екенін біледі.

Сосын айнала үйлердің ер адамдарының азая бастағаны есте. Тоғыз жастағы бала көкелерінің қапшық арқалап күнде бір жаққа кетіп жатқанын көреді. Соғыс деген «суық» сөздің ызғары жүрегінде сол кезде қалған.

Әкесі теміржолда жұмыс істейтін. Теміржолдың өзі әскери жұмыс саналғандықтан, ол кісіні соғысқа алмады. Мүмкін мұның бақыты шығар. Бір үйдің жалғыз баласы болып өсті. Әкесі болмаса күні не болар еді. Тұрмыс өте қиын соқты. Тойып жемеді, қойып жеді, сүйгенін емес, сыйғанын киді. Шүберек сөмкесін сүйретіп жүріп, Сталин атындағы мектепті бітірді.

Қалада қыздар училищесінен басқа тағы бір-екі оқу орны болды. Мектептен соң солардың бірі 11-училищеде оқыды. Сабағы орысша. Ол машинистердің көмекшісін дайындайтын. Төлепберген сол оқуды бітіріп, машинист көмекшісі болып жұмысқа кірісті. Қарапайым тілде «пойыз» аталатын бұл транспортты тізгіндеуге көзі қиядағыны шалатын, ұйқысы сергек, жүйкесі мықты, білегі қарулы азамат қана шыдайды. Паровоздар көмірмен жүреді. Көмейі жалын шашып тұратын паровоздың пешіне көмір лақтырып жүріп, Төлепберген өзі де отарбаның тізгінін ұстады.

Теміржолда  шағын вагон тіркеп алып жүретін «ФД» дейтін паровоздар болды. Ол Феликс Дзержинскийдің атымен аталған. Дөңестеу, биіктеу жерге келгенде артына тіркеген вагондарын тарта алмай, дөңгелегі шыр айналып қалатын кездері болады, сонда оны артынан келіп итереді. Паровоздың белдісі «П-36», қазір осы паровоздың бір локомотиві Қызылорда депосының алаңында сақтаулы тұр.

Машиниске керекті әлгі бір әлділік пен тәртіпке қатысты қасиеттер Төлепбергеннің бойынан түгел табылды. Соны көре білген басшылары жас жігіттің білімін көтергенін қалап, Қарағанды индустриялды-педагогикалық техникумына оқуға жіберді.

Төлепберген техникум бітіріп келген соң педагогикалық қызметке кірісті. Білім саласына жігерлі жас мамандар қажет еді. Оқу үлгерімі нашар балалар сегізінші кластан соң орта мектепті тастап, тіршілікке араласып кететін. Оларға қара жұмыс қиын тиетін, сондықтан жұмыстан да жылыстап, бұзақылыққа ұрынатын. Міне, осы проблеманы оң жолға түсіргендердің бірі – Төлепберген Қасымов.

1954 жылы жас маман қаладағы №26 құрылыс мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде күндіз-түні өзін осы іске салды. Сол мектептің партасын шегелеп, тақтасын іліп, онан-мұнан оқу құралдарын жинады. Мектептің алғашқы директоры Яковлевтің орынбасары болды. Осыдан соң мектеп №113 кәсіптік училище болып өзгерді. Жұрт ішінде училищеге тәртіпке көнбейтін, оқуы нашар балалар барады деген түсінік қалыптасқан. Бірақ, тәжірибелі ұстаздар осы түсінікті түбегейлі өзгертті. «Қиын» балалармен оңай тіл табысты. Оларды әртүрлі мамандықтарға қызықтырды, әртүрлі өнерге баулыды. Спортқа, қоғамдық жұмыстарға белсенді болды. Тіпті, ГТО нормаларын тапсырудан училище балалары барлық мектепті басып озатын. Сылақшы, тігінші, тас қалаушы, механизатор, кран жүргізушісі, стропальщик, дәнекерлеуші секілді нағыз өмірге керекті мамандықтарды меңгерді. Олар қоғамға тез араласып, айлық жалақысы жоғары мамандар қатарына қосылды. Білім мен тәрбие жүйесін бір тізгінде ұстаған Төлепберген Қасымовпен қатар – Батырбек Күзекбаев, Дмитрий Ковтун, Дмитрий Мартененко, Сексенәлі Раханов, Әбірайым Ахметов секілді ұстаздар болатын.

Кейіндеу бұл оқу орны №6 кәсіптік-техникалық училище болып өзгерді, онан кейін заман талабына сай лицей атанды. Оған білім саласының саңлағы Смағұл Ысқақовтың есімі берілді. Төлепберген ағай Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты бітіріп, өзінің білімін көтерді.

Кеңестік кезеңде бұл училище жұмысшы кадрлар ұстаханасына айналды. Өндірістік оқу шеберлерінің маман дайындаудағы еңбегіне ерекше мән берілді. Т.Қасымовтың 1980 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешемімен «КСРО Халық мұғалімі» атағымен марапатталуы – соның бір айғағы.  Мұндай атаққа күллі еліміз бойынша санаулы ғана адамдар еге болды. Мұның өзі қастерлі ұстаздық мамандықтың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, оның қадірін асыра білген Қасымовтың еңбегіне деген зор құрмет болатын.

Білікті ұстаз одақтық және республикалық көлемдегі көптеген конференция мен съезге делегат болды. Үлкен мінбелерде білім саласының мәселелері туралы баяндамалар жасап, көпқырлы тәжірибесін таратты. Республиканың әр қиырынан әріптестері Қасымовтың өндірістік іс-тәжірибесімен танысу үшін ат арылтып Қызылордаға келетін.

Қырық жылда Қасымовтың алдынан қаншама бала қанаттанып ұшты. Ұстаз қартая беріпті, шәкірт жасара беріпті. Қасымовтың шидем шекпенінен шыққан мыңдаған маман азамат Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты, туған жерінің туын жоғары көтеріп, ел игілігін еселеді.

Әрине, еңбектің бағаланғаны мәртебе. Атақты педагог Төлепберген Қасымовтың есімі КСРО-ның үлкен энциклопедиясына жазылып, одақтың «Құрмет кітабына» қосылды. «Сыр елі» атты аймақ экциклопедиясына енгілді. Мәскеудегі ВДНХ аталған атақты Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет тақтасына суреті ілінді. «Кәсіптік білім саласына еңбегі сіңген қызметкер» атағы берілді. Бұлардан басқа Жоғарғы Кеңестің, Ғылым академиясының, білім саласы министрлігінің көптеген құрмет грамотасы мен мақтау қағазын алды.

Жақында атақты педагогты іздеп, теміржолдың оң жағындағы «Шанхай» ауданына бардық. Ол кісінің отбасы баяғы соғыстан кейін ұста әкесі соғып берген үйде тұрады екен. Әкейдің өмірлік жары Рая есімді «Батыр ананың» да өмірден өткеніне біраз болып қалыпты. Бірі ұшқыш, бірі педагог, бірі есепші, бірі дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін балалар бір-бір оттың шырағын жағып, қияға ұшып, ұяға қонды дейді қарт. Қарашаңырақта Алмас есімді кіші бала қалыпты.

Тоқсан жастағы әкей менің іздеп келгеніме қуанышын жасыра алмады. «Баяғы училищеңізді Сейітқали Алшынбаев деген белгілі білім меценаты заманауи жаңғыртып, өркениетті бейнеге ендіріп жатыр», – дедім мен сүйіншілеп. «Бұған ризамын, ісіміздің өлмейтініне, ізіміздің жоғалмайтынына көзіміз жеткен. Бүгінгі ұстаздардың біздің жолымызды жалғап, болашақ иелерін тәрбиелеп жатқан жұмыстарына тілекшімін» деді әкей. Өткен-кеткен өмір жолын әңгімеледі. Бір айтқанын ұмытып, екінші мәрте қайталап шықты. Адам үлкейгенде балаға айналады деген рас-ау. Әңгіме марапатқа келгенде әкейдің саусағы омырауындағы орден-медальдарының беделділерін басып өтіп, өңірінің жоғары жағына ілінген кішкентай домалақ мыс медальға тоқтады. «Бұл – Сталин медалі», – деді. «Кеңес көсемінің» мерекелік медалі екен. Өз заманының идеологиясына қажыр-қайратын сарп етіп, болашаққа жол іздеген қарадомалақтарды азамат қылып қоғамға қосқан ұстаздың ішкі әлеміне үңіле білсек, бұл мақтанның сырына да қанығар едік. Бірақ, оған ұзақ әңгіме керек екені белгілі. Біз бүгін ұлағатты ұстаз, тамаша тәрбиеші-педагог Төлепберген Қасымовтың аз ғана өмірбаяны мен ел алдындағы еңбегіне  тоқтадық.

Ал, атақты педагогтың өмірі мен өнеге тәлімінің әлі талай шығармаға арқау болары анық.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<