Әдебиеттің бір жанры – сатираның ерекшелігі сол, күлдіре отырып, күллі кемшілігіңді жайып салады. Қазақы қалжың десең де, қамшымен осып жібергендей болады. Шыны керек, кешегі кеңестік кезеңде сатираға деген елдің көзқарасы ерекше еді. Мұның бір мәнісі – мерзімді басылымдарда сын-сықақ, әзіл-оспақ, фельетон сынды шығармалар тұрақты жарияланатын.
Бір жақсысы, сол айтылған сыннан дереу қорытынды шығып, кемшіліктер қалпына келтірілетін. Кейде тіпті сын садағы кадрлық мәселеге дейін жетіп, лауазым иелері лайықты жазасын алатын. Айта кетейік, бұл сарындағы жазбалар басылымдардың соңғы бетіне орналасатын, яғни, газетті соңынан бастап оқу сол кездерден дағдыға айналған десек, қателеспейміз-ау…
Сыр бойында сатира жанрында жазатын Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамеджанов, Сақтапберген Әлжіков сынды әйгілі қаламгерлерді білеміз. Ал бүгінде бұл жанрда Қазыбек Әшірбек, Нұрмахан Елтай, Орынбасар Әлжіков ағаларымыз қалам тартып жүр. Айта кетейік, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Н.Елтай және О.Әлжіков жақында облыс әкімі тағайындаған «Тұран» сыйлығын иеленді.
Мемлекеттік қызметтің сан түрлі саласында қызмет атқарып, мәдениет, ақпарат, телевизия, тіл саясаты салаларын басқара жүріп, қолынан қаламы түспеген, уытты әзіл әңгімелері, қысқа қайырым, қалжың шумақтарымен оқырмандарының ықыласына кенеліп жүрген Орынбасар Әлжіков ағамызға сәлем беріп, сұхбаттасудың сәті түсті. Көзкөрген жандар арнайы барғасын, ағамыз ашыла түсіп, көп әңгіме айтты.
–Атамыз Әлжік дәулетті адам болған. Сырдың бойына келген сыйлы қонақтар осы шаңыраққа ат басын бұрып, ұзағырақ аялдайтын болса, қона жатады екен. Ол кісінің өз қолымен еккен жасыл-желек бауы болған. «Әлжік бауының» әлі күнге дейін орны бар. Сырдың бойында алғашқы романын жазған Сәбит Мұқанов жаздың аптап ыстығынан қорғанып, осы бауға келіп, шығармашылықпен айналысқан екен, – дейді Орынбасар ағамыз.
Әлқисса, кейіпкеріміздің сатира жанрына келуі кездейсоқтық емес. Кәдімгі қанмен дарыған қасиет. Иә, кезінде атағы дүрілдеген «Ара» журналын көп жыл басқарған, сатираға қалам тартқан талантты жастарға ұстаздық еткен, одан бөлек сол кезеңде Сыр өңірінен шыққан бірқатар жас әдебиетшілерге қамқорлық жасап, қолдау танытқан қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сақтапберген Әлжікұлының есімі елдің жадында.
Алғашқы еңбек жолын «Ленин жолы» газетінен (қазіргі «Сыр бойы») бастаған ол көп ұзамай шығармашылығына байланысты Алматыға ауысып, «Ара» журналына жұмысқа орналасады. Осы журналда қырық жылдай еңбек етіп, қарапайым әдеби қызметкерден бас редактор лауазымына дейін көтеріледі. Қаламгердің «Тағы да кім бар?», «Күйдіргі», «Дала қырандары» сатиралық кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ, «Сырдария» кітапханасы сериясымен шыққан 200 томдықтың бір томына шығармалары топтастырылған. Ал 1998 жылы «Қызылжарма» ауылындағы №144 орта мектебіне Сақтапберген Әлжіков есімі беріліп, мектеп алдына ескерткіш бюсті қойылды.
Орынбасар ағамыздың әкесі Қарабала да қолына қалам ұстамағанымен, сөзі мірдің оғындай өткір адам болған екен. Оған дәлел ретінде ағамыздан естіген мына бір ғана әңгімесін айтсақ жеткілікті.
– Соғысқа қатысқан, одан қанша жыл сотты болып, қуғын көрген кісі. Қартайған шағында қатты науқастанып қалды. Әл үстінде жатыр, ағамыз екеуміз күзетіп отырмыз. Арасында екі көзі аларып, айналып кетеді. Бір уақтан соң қайтадан орнына келеді. Сондай бір кезде ағама қарап, «молда шақырамыз ба, неғыламыз» дегенмін ғой. Әкем осы сәтте есін жиып, сөзімізді естіп қалған-ау: «Молда шақырмай, енді мілитса шақырайын деп едіңдер?» деп мырс етті, – дейді. Қандай рухы мықты адам десеңізші?! Қайран қалдық.
Әңгімеміз қайтадан Орынбасар ағамызға қарай ойысты. Қоңыр блокнотын қолына алып, қолжазба күйіндегі жаңа туындыларын оқып беріп отыр. Арасында зілсіз қалжыңымен бізді де қағытып өтеді. Байқағанымыз, көңіл түкпірінде қатталып қалған сырларының тыңдаушысы табылғанына қуанышты сыңайлы. Ал әңгімелері бірінен бірі өткен қызық. Салмақты әзіл, салиқалы пайым. Қаламгер ағамыз идеологияның үлкен құралы – журналистика саласының бүгінгі ахуалын, мәдени, рухани саланың һәм әлеуметтік жағдайдың әлеуеті төмендеп кеткенін айтты. Сонымен қатар, қоғамның қазіргі қалыбына қарай жеңіл-желпі ойлайтын, сөздің парқын біле бермейтін, смартфонға таңылған селқос ұрпақтың келешегіне алаңдайтынын аңғартты. Мысалы:
–Арғы атасы Пір ұстаған,
Бергі атасы ту ұстаған.
Ұрпағы бүгін дүңгіршекте,
Ұстап отыр бір стакан, – деп келетін шумақтардың астарында ащы шындық жатыр емес пе? Тағы бір өлеңінде:
–«Біздердікі хит өмір,
Адамдардікі ит өмір», –
Деп күледі ит.
Бірдеңені біледі ит,
Күлмей енді қайтсін, ол
Жоқ қой онда кредит, – дейді. «Ана мен кран» деген өлеңінде жалпы әлеуметтің айтар ойы жатқан сияқты:
– Көрші бала шопыр
Байлықтан басы
айналып отыр.
«Ақша» – оның ұраны
Байытып отырған –
Жүк көтергіш
машина – краны.
«Біздің кранның,
Бір көтергені 10 мың –
Деп әйелі ешеді».
Көршілер «ол рас» деседі.
Мұны естіген менде үн жоқ.
Торсықтай 10 бала көтерген,
Маған дым жоқ.
Қазақты көбейткенім
Сорлағаным ба?
Кран құрлы болмағаным ба?
Ағамыз өмір жолы жайлы сөз қозғағанда, жақында дүниеден өткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың қазасы жанына қатты батқанын айтты.
– Ол кісі ұстазым еді. 1995 жылы облысқа басшылыққа келгенде мені шақырып алып, баспасөз хатшысы етіп тағайындады. Айтуына қарағанда, облыстық телеарнадағы жұмысымнан хабардар екен. Сонымен, ұзын арқан, кең тұсау жүрісім сап тыйылып, бар күш-жігерімді салып, жұмысыма кірістім. Бір жылдан кейін ақпарат және қоғамдық келісім басқармасына басшылық қызметке ұсынды. Одан кейін облыстық теларнаның тізгінін ұстатты. Кейін Бердібек ағамыз Оңтүстік Қазақстан облысына қызмет ауыстырды. Ол жақта жүргенде де хабарымды біліп, қолдау танытып отыратын. Қызметке де шақырды.
Халықшыл азамат еді. Сол қиын кезеңде өңірдегі көптеген күрмеулі мәселе шешімін тапқан болатын. Оны көзіміз көрді. Өмірден өтті дегенде, қатты соққы алғандай болдым, – дейді ағамыз.
Осы жерде Сақтапберген Әлжіковтің шекпенінен шыққан сатира саңлағы Көпен Әмірбектің азаматтығын да айтып өтті. Ол «Көкемнің көзі» деп сырқаттанып қалған Орынбасар ағамызға аптасына екі-үш мәрте қоңырау шалып, жағдайын біліп отырады екен. Сондай бір әңгіме арасында «Қазақ сатирасының антологиясы» жарыққа шыққалы жатқанын, оған Сақтапберген Әлжіковтің есімі енбей қалар деп алаңдайтынын айтыпты. Ақыры өзі араласып, ұстазының есімін енгізген.
– Арада бірнеше күн өткенде ол кісінің о дүниелік болғанын естіп, есеңгіреп қалдым, – дейді Орынбасар аға. – Өзі жаны қиналып жүрсе де, ұстазына құрметінен танған жоқ. Өкініштісі, осындай жақсы адамдардың қатары азайып бара жатыр,– деп күрсінді.
– Сырдың бойына сөздің киесі қонған. Бесіктен белі енді шыққан баласына дейін «көлденең көк аттыға» есесін жібермейтін болған. Ол туралы ел ішінде аңыз көп, – дей келіп, бір әңгімені айтып беріп, бәрімізді ду күлдірді.
Әлбетте, әңгіме ауаны сатиралық сарында өрбіді. Ағамыз жай ғана жымиып қойып, тыңдаушысын тырп еткізбей, аузына қаратады. Оқиғаны ойнатып, қызықтыра сипаттайды. Алаңсыз күлесіз. Алайда оқиға соңына жеткенде, күлкіңізді сап тыйып, ойланып қаласыз…
Сол әңгіменің бірін баяндап берейін. Орынбасар ағамыздың жас кезі, Сырдария ауданында «Білім қоғамының» жауапты секретары болып қызмет атқарып жүрген уақыты екен. Бірде үлкенді-кішілі басшылар жиналған бір отырыста әлдекім Орынбасар ағамыздан қазіргі атқарып жүрген қызметі жайлы сұраған болуы керек. сонда ағамыз:
– Жалпы ауданда төрт секретарь бар, соның ішіндегі жауаптысы мен, – деп әзілдеп жауап қайырады. Иә, шынында басқа секретарьларға «жауапты» деген сөз тіркелмеген, соны меңзеп айтқаны еді.
Ертесіне бірінші секретарь, қазіргіше аудан әкімі Нәлқожа Ергешбаев кабинетіне шақыртады.
– Не де болса, кешегі сөзім сол кісіге жеткенін білдім. Ол кезде қайда-а-а жаспын ғой, аюдың алдына келген көжек сияқты аяғымды қорқа басып, бірінші секретарьдің кабинетіне кірдім. Атшаптырым үлкен кабинет, әрі қарай жүруге жүрегім дауаламай, есік жақтағы бір орындыққа отыра кеттім. Сөйтсем, ана кісі дәл қасындағы орындықты нұсқап, «мында кел» деді. Амал жоқ, бардым. Қолында «Қазақстан» темекісі бар екен. Қарап отырмай, «09 ба?» деп сұрадым. Өйткені ең тәуір темекі сол-тұғын, оны жоғары лауазымды басшылар ғана тартатын. Әкем де осы темекіні алып қоятын, содан білемін, – деп ағамыз әңгімесін әрі қарай жалғады.
–Оны қайтейін деп едің?
–Тартатын едім, – деппін.
–Мә, тарт онда, – деп бір түйірін берді.
–Шырпы беріңіз, – дедім.
Әдепкі келгендегі қорыққаным басылайын деген сияқты, қысылмай сөйлесіп отырмын. Шырпысын берді. Өзі менің бетіме барлай қарап отыр. Содан соң жұмысымның жай-жапсарын сұрады. Абырой болғанда, сұрағының бәріне мүдірмей жауап бердім. Шындығында, өз жұмысымды жақсы білетінмін. Ол кісі азырақ ойланып отырды да:
–Тыңда, бала! Біздің базардан қайтатын шағымыз жақын, ал сендер базарға енді кіріп келесіңдер. Келешек осы орында сендер отырасыңдар. Сондықтан жұмыстарыңа мұқият болыңдар, – деді салмақты дауысымен. Сосын «бара бер» деп ымдады. Күткенім сол емес пе, асыға жөнелдім.
Есіктің тұтқасынан енді ұстай бергенімде: «Ай, шырағым, бұдан былай жауапты секретарь екеу деп айтарсың» деп мырс етіп күлді.
Иә, осы күнге дейін ол кісінің сабырлы да парасатты болмысына таң қаламын. Басқа біреу болса, жер-жебіріме жетіп, жұмыстан қуып жіберер ме еді, кім білсін?! Әсіресе, дәл бүгінгі заманда сөздің парқын білетін адам қалмай барады, – деп аяқтады әңгімесін Орынбасар аға.
Бас-аяғы бір-екі сағат түскі үзілістің уақытын пайдаланып барған едік, көп әңгіме тыңдап, көңіл сарайымыз кеңіп, көркем дүниелерді ойымызға түйіп алдық. Орынбасар ағамыздың жұбайы Ләззат жеңгеміз шығармашылық адамы болмаса да, қалам ұстаған жандарға шын ықыласты кісі екен. Көрген-білген естеліктерін бөлісіп отырды.
Қазақта «Жақсыменен өткізген жарты сағат, жаманның өте шыққан өміріндей» деген сөз бар ғой, сол айтылғандай, қарымды қаламгер, облыс әкімінің «Тұран» сыйлығының иегері Орынбасар Әлжіков ағамызбен әңгімелесу барысында шығармашылық адамының қай кезде, қандай жағдайда болсын, руханияттан бір елі ажырамайтынын, тілеулестігін танып-білгендейміз.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<