Халық жалпы қызметінен, атқаратын жұмысынан ғана білетін ат арқасындағы адамдарды жақыннан тани түсу – жаныңды тояттатып, көкірек көзіңді ашады. Олармен сөйлессең сүйсінесің, қатар жүрсең қуат аласың. Осындай жатырқауы жоқ, жарылқауы көп би бейнелі көшбасшы, бойына жиған күшін де, білімін де еліне арнаған ерен тұлға, қазаққа етене таныс есім – Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов.
Мен Бақытжан ағаны 1980-жылдардан бастап білемін. Естелікке айнала бастаған студент кезімде ол кісі Қазақ мемлекеттік университетінде комсомол комитетінің бірінші хатшысы еді. Ол кезде «төраға» сөзі қолданыла бермейді. Комсомол хатшысы десе, студенттердің кез келген мәселесі шешілетін. Оған құрмет те, міндет те көп. Араға көп жыл салып Бақытжан ағамен қызмет бабында араласа бастадық. Ол кісі де, мен де білім саласында еңбек еттік. Кейін екеуміз де ҚР Парламенті Сенатының депутаты болдық. Мен сонда ағаның сонау бір кездегі жалындаған жастық шағын елестеттім. Уақыт сымдай тартылған сымбатын алса да, сынын алмапты. Сол баяғыдай еңбекшіл, әбжіл, әрекетшіл, жан-жағына шуағын шашқан зият жанды көрдім.
Көп оқиды, болдым, толдым деу жоқ. Өзіне қай кезде уақыт арнайды, үнемі іс үстінде жүреді. Ғылым докторы, академик болса да, әлі шәкірт секілді ізденеді. Бейнелеп айтқанда, ақылдың ауырын арқалап, білімнің тереңін кешіп жүрген адамның мұндай әрекеті еріксіз таңдандырады.
«Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім, судан терең дегенім – оқу-ғылым» депті Балаби бабамыз. Бақытжан ағада осының екеуі де толық.
Тәрбиемен тіктелген болмыс тегіне тартады. Бақытжан ағаның әкесі Тұрсын Жұмағұлұлы – Отан қорғаған жауынгер, әулеттің ғана емес, аймақтың ақылшысына айналған адам. Анасы Кенжетай апамыз ұзақ жыл кітапханашы болған, Мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері. Меніңше, ол кісі балаларына рухани байлықты да, игілікті де кітап бетінен теріп алуға болатынын ерте түсіндіре білген сияқты. Оған Бақытжан ағаның қазақ әдебиетінен әрі әлемдік классиктердің еңбектерінен де мол хабары бар екендігі, жан-жақтылығы дәлел.
Адамзат баласының бойына біткен адами қасиеттердің ішіндегі ең шоқтығы биігі – парасат деп білемін. Парасат – табиғаттың адам баласына деген үлкен сыйы. Оның талант пен тума дарынды толық пайдаланып жұмсауға үлкен септігін тигізетініне дау жоқ. Бойындағы осындай тума қасиеттері, терең білімі, қос тілге жүйрік шешендігі, мәселені бейбіт түрде шешуді қалайтын мәмілегерлігі бар Бақытжан Тұрсынұлы тәуелсіздігімізді баянды ету жолында не керек болса соның бәрін жасап келеді. Біліммен қоса білік деген, азаматтықпен қоса кісілік деген де ұғым бар. Халық соңғы екеуін алдыңғы екеуінен кем қадірлемейді. Өз басыңды күйттегенде қайсысына жүгіну өз еркің, ал ел мүддесін күйттегенде төртеуіне жүгіну шарт. Бақытжан Тұрсынұлы осыны терең түсініп, қапысыз меңгергендіктен де саясатқа келген ғалым. Әйтпесе, кеудемсоқ білім мен беттен тырнап жағаға жармасқан әлеуметтік аусарлық қай заманда да халықтың сорын көбейтпесе, бағын асырған емес. Сондықтан болар, Бәкең шаңырақ артқан сары атандай орнықты мінезі мен тұрлаулы бағытынан бір сәт ауытқыған емес. Оның мұндай азаматтық тұрлаулығы ғылыми кемелдігінен өрбіп жатқандығы күмәнсіз, отандық ғылым саласын бағытын айқындап, заңдық жағынан қолғабыс жасауға күш-жігерін түгел сарп етіп келеді.
Бақытжан Жұмағұлов – техника ғылымдарының докторы, профессор, академик. Халықаралық инженерлер академиясының, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі.
Гидродинамика, мұнай-газ саласының практикалық мәселелерін шешуде қолданбалы және есептеуіш математика, ақпараттық технологияларды әзірлеу, оны қолдану, математикалық модельдеу, математикалық әдістер саласындағы көрнекті ғалым. Жиырмаға жуық ғылым докторы мен кандидатын дайындаған жетекші ұстаз. «Жұмағұловтың мектебінен шыққанбыз» дейтін мамандар жер-жерден көп кездеседі.
Қазақстанда және шетелдерде жарияланған 430-дан астам ғылыми жұмыстың және 15 монографияның авторы.
2001-2005 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірінші вице-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ҚР Үкіметінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасады. ҚР Президенті жанындағы әл Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттiк сыйлығын беру жөнiндегi комиссияның мүшесі.
2007 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты және Мәжіліс төрағасының орынбасары болды. 2008 жылы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болып бекіді. Дәл осы жылдары ҚазМҰУ-дың материалдық-техникалық базасы тоза бастаған еді. Оқу орнындағы қызметтің барлық саласы жаңартылды. Университет қалашығы екінші кезегінің құрылысы бітпей тұрған болатын. Оқу ғимараттары, бірнеше жатақхана салынды, Студенттер сарайы, бірегей мұражай, басқа да нысандар пайдалануға берілді.
Халықаралық стандарттар бойынша оқу процесін жаңғырта отырып, әлемдік рейтингке кіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп, бірегей электрондық университет жүйесінің құрылуына ректор Бақытжан Жұмағұловтың сіңірген еңбегі ерен.
2010 жылы Бақытжан Тұрсынұлы ҚР Білім және ғылым министрлігін басқарды. Бұл жауапты жұмыста да ол маңызды шешімдер қабылдай білді. Білім бағдарламаларын жасады. Ғылым саласына грант бөлуге көп еңбек сіңірді. Еліміздің ғылым-білім саласы педагогтарын даярлаудағы және мектепке дейінгі тәрбиедегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктен бастап, жоғары мектептегі білім беруді жаңғырту, ғылымды басқарудың жаңа моделін құру секілді ондаған қағидаттық жаңашылдық енгізді. Кейіндеу іс жүзіне асқан білім саласының көптеген игі, тиімді тұжырымдарының құжаттарын қолынан өткізді.
2017 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Бақытжан Тұрсынұлы Сенатта жүріп ғылым туралы, педагогтер мәртебесі туралы заңдардың қабылдануына белсенді жұмыс атқарды. Парламент Сенаты депутаты кезінде «Ұлы дала құндылықтарының» тұжырымдамасын жасады. Сол кездегі сөзінде: «Ұлттық құндылықтар азайған сайын адамның рухани бейнесі де өзгереді. Өзгеден гөрі өзі, қоғамнан гөрі жеке отбасының пайдасын ойлайтын рухани жағынан біршама жүдеу, білім жағынан саяздау ұрпақтың көбейгені алаңдатады» деген еді. Бұл – нағыз мемлекетшіл, халықшыл, ел мүддесін қорғаған адамның сөзі.
Бақытжан Тұрсынұлының кеудесіне тағылған, атына қоса айтылатын осындай марапаттары да жетерлік. Солардың ең бастыларын айтсақ, ол – Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Тәуелсіз еліміздің «Достық», «Парасат» ордендерінің және Ислам елдері инженерлік федерациясының «Инженерлік даңқ» орденінің иегері.
Алматы облысының және Ақсу ауданының құрметті азаматы. Осыншама атақ-мансаптың қаншама маңдай терін төккен еңбекпен келгені анық. Ол еңбектің бәрін аз сөзге сыйдыра алмасымыз тағы анық.
«Жақсының жақсылығын айт – мерейі тасысын» дейді халқымыз. Құлағымыз үйреніп кеткен сөз болған соң, астарына көп үңіле бермейміз. Осы бір ауыз сөзде екі адамның өзара ризалығынан басқа да сыр көп, мұнан жан-жағына шапағат төгіп жүретін адамның саф бейнесі көрінеді.
Мен дәл сондай шапағатшыл жақсылар қатарындағы Бақытжан ағаны танимын. Өзгенің мұң-мұқтажын өзінікіндей қабылдайтын бұл жанның адамшылдығы, үлкенге құрметі, кішіге ілтипаты, достықты қадірлеуі тамаша. Бір жылдары өзі министр болып тұрғанда өзіне дейін осы орында қызмет еткен үлкен кісілер келетін. Сонда министрдің ғимараттың жоғары қабатынан төменге түсіп, келгендердің алдынан шығып, олардың өтініш-тілектерін мүмкіндік болғанша орындап жіберетіндігін естігенде, іштей айналамыздан осындай басшы іздеп көрдік…
Өзім нақты білетін бір жайтты айтайын. Бақытжан аға мен марқұм Темірхан Досмұханбетов екеуі өте жақын дос болатын. Кезінде ол да ҚазМҰУ-да дене тәрбиесінен дәріс берген. Ұлттық олимпиадалық комитеттің президенті болған белгілі тұлға. Сол кісі науқастанып қалғанда Бақытжан ағамыз Алматыға қайта-қайта ұшып барып тұрды. Түркиядан ем алғанда ол жаққа да ұшып барды. Қазір Ыбырай атамыз айтқан «жылдам хабар алғызған» заман, бірақ ағамыз телефонмен хал сұрауды достықтың ісі деп білмеді. Шынын айтқанда, ағамыздың достыққа деген адалдығы алып ұшты. Сол досы қайтыс болғанда туғанынан айырылғандай қайғырды. «Бір дос бар – кеудеңнен жан шыққанша» деген сөздің үлгісін паш етті.
Мен риясыз айтпақ болған Бақытжан аға міне, осындай жүрегі асылдан жаралған жайсаң.
Бауырлары да ғылым жолын ұстаған, білімділер әулетінде үш ғылым докторы, бір ғылым кандидаты бар. Сирек кездесетін жайт. Ағамыздың зайыбы Валентина жеңгей – педагогика ғылымдарының докторы. Ұлты басқа болса да қазақ әйеліне тән барлық ғұрыпты ұстанады. Қазақтың салтын құрметтейді. Бұл үйге барған адам отанасының қонақжайлығын, қолынан татқан ұлттық дәмдерін ұмытпайды. Ағамыздың абырой-беделінде тамағын да, қабағын да тәттіліп тұратын жеңгейдің айрықша үлесі бар. Мұндай отбасынан тәлім алған ұрпақтың ұжданды, елжанды болып шығуы заңды.
Өмір қанша жасағаныңмен емес, қалай сүргеніңмен бағалы дейді, Бақытжан ағамыз – атына сай еңбегімен де, болмысымен де бақытты өмір иесі болып отырған жан. Ұлтын сүюдің, халқына қызмет етудің өнегесіне айналған өр тұлға. Осындай өткен менен ертеңге бірдей қызмет еткен ғұлама ғалым, көрнекті саяси қайраткер, елжанды азамат біздердің ғана емес, келешек ұрпақтың да терең құрметіне әбден лайық.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
саяси ғылымдар докторы,
профессор, Қызылорда облысының құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<