Жұбы жарасқан жандар

1527

1

Әр істің қисыны демекші, Шамшамен қызметтес болып, сәтімен басталған сол ағалы-інілі сыйластық жібі үзілмей, одан әрі беки түскеніне жарты ғасырдан асып, тіпті, алпыс жылға да жуықтап қалған екен. Сынаптай сусыған уақыт, бір пенденің ғұмыры. «Өзіңнен кішіні көріп қартаясың» деп те қояды бұндайда қазекең тағы.

Институт тәмамдалып, қарт ата-анамыздың ыңғайына орай мұғалім болып жүргеніме екі жыл. Сөйтіп жүріп, аудандық «Ленин туы» газетіне шағын хабарламалар, жазушылардың даталы күндері туралы мақалалар да жолдап тұрамын. Л.Толстойдың «Қатындар» деп аталатын газетке ыңғайлы шағын әңгімелерін де жолдағам. Осылардың да әсері болған болу керек. Күндердің күнінде редакцияға жұмысқа шақырды. Әлдеқалай болады дегендей ойланып көріп едім. Оны айтты, бұны айтты, әйтеуір ақыры көндірді. Сонымен, бірден газет редакциясының еңбекші хаттары және мәдениет, тұрмыс бөлімінің меңгерушісі болып жұмысқа кірістім.

Дәл сол кезде 1965 жылы Қазалы қаласындағы тұрмыс қажетін өтеу комбинаты ұстасының көмекшісі, орта мектеп қана бітірген жұқалтаң сары бала газетке корректор болып келді. Негізіне бақсақ, қауіптілеу шаруа. Редакторымыз жетім-жесірге көлеңкесін түсіре жүретін кең қолтық Сейіл Боранбаев ағамыз көмекке аса мұқтаж баланың қолтығынан демегісі келген болар, бәлкім міндетті түрде үстінен оқитын тәжірибелі журналистерге сенген де шығар.

Біз, журналистер, бұл ауыр жұмыстан кезектесіп өтеміз. Ал Шамша болса, аптасына үш рет шығып тұрған әр газетке кезекші болады. Бұл – ескі журналистердің бәріне таныс жайт.

Түн жарымнан әрі, таң алдында газетке «уһ» деп қол қойып, қалжыраған кезекші даланың саф ауасынан рахаттана дем алады. Көшеде тірі жан жоқ. Аяз қақап тұр. Үруге иттің өзі ерінеді. Бұл кезде жеткізіп тастайтын көлікті ойлаудың өзі ұят. Шамшаның үйінен өзге пана жоқ. Зияда анамыз өз баласы мен газеттің баласына қатар төсек салып қойған, бара құлаймыз. Денсаулығына байланысты өмір бойы отбасы, үй шаруасындағы анамыз аса мейірбан жан еді. Ұмытпасам, кеңдеу бір бөлме болатын. Қабырға қалың қам кірпіш. Ортада пеш. Қоңырлау қызыл сырмен сырлаған ағаш еден жалтырап жатады. Жалғыз алаша қозғалсаң болды өзіңмен бірге сырғиды.

Сүйегінде болған соң тізесі майысқан жас талапкер бала міндетті ісін қамшы салдырмай алып кетті. Жұмыс барысында кездеспей тұрмайтын кәкір-шүкір ескертпелер болмаса, ештеңе бүлінген емес. Сонан тілші, одан бөлім меңгерушісі, жауапты хатшылыққа дейін көтерілді. Кейін – газеттің бас редакторы. Әйтеуір Шамша журналистік мазасыз істің қазанында қайнап, барлық баспалдақтарынан мінсіз өтті. Бір қызығы, газеттен нан жеп жүрген соң бұл сабазың журналистика факультетіне түсуі керек-тұғын. Олай етпеді, ол өзінің орта білім алғаннан кейін түскен С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін тастамай, сырттай оқып, бітіріп шықты. Сөйтіп, журналистиканың қыр-сырын қолма-қол, көзбе-көз іс жүзінде меңгеріп, өмірінің басым бөлігін баспасөзге арнаса да, бүгінгі күнге дейін оған мамандығың келмейді екен деген ешкім болған емес. Қайта кейінірек, зейнеткерлікке шығып кеткен оны аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторлығына қайта шақырды. Істі еркін меңгерген маман болғандықтан шақырады да. Осы жолғы шақырыс бұны қаржылық жағынан да, маман жағынан да баспасөздің қалжырап тұрған кезеңіне сай келді. Талай ұйымдастыру шаруаларын өткізуге тура келді, жазылымды қолдан ұйымдастырды, қолдан кадр дайындады, тілшілер тартты, шаршады, шалдықты. Ауданның әлеуметтік те, рухани тірліктері туралы талай-талай очерктер мен проблемалық мақалалар жазды. Бүгіндері «Қазалы» газеті облыстағы белгілі басылым болып тұрса, бұнда Шамша Айтуғанов ініміздің де мазасыз күндері мен ұйқысыз түндерінің ізі жатқандығын көзіқарақты ағайын жоққа шығара алмас.

Осындай қым-қуыт тіршіліктің арасында жүріп, 1971 жылы көңілдері жарасып, көз алдымызда Шамша мен Күлшат үйленді. Шүкір үлкен отбасы атанып, өмірге бес ұл-қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Әрбір ұрпағын жастайынан еңбекке баулыды, оқытты. Обалына не керек, алтын асықтай балалары ата-ананың үмітін ақтады. Мектепте тәртіпті, өте жақсы оқыды. Ілестіре жоғары оқу орындарына түсіп, мамандық алды. Ғалымбек, Сәулеш, Зәуреш, Ғабит төртеуі де Алматы қаласындағы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып, қалаған мамандықтарын алды.

Әдетте бейімділігі мен кәсібіне байланысты «дәрігерлер әулеті», «мұғалімдер әулеті» деп жатады. Бұл әулетке мықтап қонған – есеп пен тіл. Айтуғановтарды филолог, журналистер мен математиктер әулеті деп айтуға әбден болады.

Мектепті күміс медальмен бітірген үлкен қызы Сәулеш ̶ филолог, әдебиетші. Университетті қызыл дипломмен бітірген ол ғылыми бағытта қазақ прозалық шығармаларын зерттеп, аспирантурада оқып жүріп, ғылым кандидаты атағын қорғап шықты. Жетекшісі белгілі ғалым,  марқұм  Рымғали Нұрғали болатын. Тікелей басшылық жасап жүрген ұстазы, академик, аяулы ағамыз Зейнолла Қабдоловтың өзі еді. Сәулеш осы мамандығында тұрақтап қалды. Қазір Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде профессор-ұстаз. Ол дарынды жастарға арналған мемлекеттік стипендияның, «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» атағының иегері. Бірнеше монография, оқулықтардың авторы.

Мектепті үздік аттестатпен тәмамдаған екінші Зәуреш қызымыз университетті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығымен бітіріп, кейін экономист мамандығын алды. Жоғары білім алысымен осы оқу орнындағы «Экономикалық теория» кафедрасына жұмысқа орналасып, жиырма жылдан астам абыройлы қызмет етті. Экономика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі. Қазіргі уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары қызметін атқарады.

Университеттен менеджмент саласындағы экономист мамандығын алған Ғабиті әрі жоғары білімді заңгер. Ол 2001 жылдан мемлекеттік қызметте, оның ішінде салық және кеден қызметтерінде жұмыс жасады. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің экономикалық тергеп-тексеру қызметінде.

Ал, Шамшаның кенжетайы, шаңырақтың иесі Ғабиден де – есеп жағына ден қойды, қаржы саласының жоғары білімді маманы. Еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастап, ҚР Қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитетінде, Мемлекет кірістер комитетінде қызметтер атқарды. Әрі қарай қызметті ҚР Президентінің Іс басқармасында жалғастырып, бүгінгі күні ҚР Ұлттық банкінде қызмет атқарады.

Қашанда төтеннен мүлде күтпеген кезде келетін оқиға бұл отбасын да айналып өтпеген. Орта мектепті медальмен аяқтап, университет бітіріп, азамат болған шағында үлкен ұлы Ғалымбек аяқасты қазаға ұшырады. Бұл ауыр жағдай әкенің де, ананың да жүрегіне айтарлықтай жара салып кетті.

Шамша ініміздің туған жерден табаны тайған емес, ес кіріп, етек жапқалы мұңы да, қайғысы да елмен бірге. Очерктерінің кейіпкерлері – өз замандастары, мақалаларының басты мәселелері – күнделікті сан алуан проблемалар. Қоғам болса өзгеріп жатты. Қай салаға бармасын Шамша өзгерген жоқ, әйтеуір бар мақсаты өз еліне адал қызмет ету болды.

Әнебір жылдары аудандық газет редакциясында он жыл еңбек еткен Шамшаны жауапты хатшы кезінде, 1975 жылы аудандық партия комитетіне қызметке алды. Табан аудармай жиырма жыл бойы ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1988-1991 жылдары ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Соцпартиясы аудандық саяси атқару комитетінің төрағасы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін ары таза, абыроймен атқарды. Одан 1995 жылы қиын-қыстау кезде сеніп тапсырған халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімін он бес жыл басқарды. Сол кезде түрлі халықаралық қайырымдылық қорларымен байланысқа шығып, тұрмысы төмен отбасыларына киім-кешек, азық-түлік, мүгедектерге арба тасып жүргенін көзімізбен көрдік.

Сонау екі мыңыншы жылдардың өзінде-ақ кемтарларды есепке алып, мекеменің жанынан «Әлеуметтік дүкен» ашып, тапқан-таянғандарын салып, оларға тегін таратты. Ардагерлердің, денсаулықтары нашар мүгедектердің сауықтыру орындарында тегін жолдамамен кезекпен барып, демалып, емделіп тұруына жол ашты. Еңбек демалысындағы зейнеткерлердің ой-пікірлерімен бөлісіп, тыңдап үнемі ортасында жүрді. Осындай тынымсыз еңбек, адал қызметтеріне риза болғандардың:

Тартынбаған кісі екен,

Қай жұмысқа салса да.

Халықтың сөзін сөйлеген,

Қай қызметке барса да.

Қанасынан аспаған,

Мақтау-марапат алса да.

Құрметпен алғыс айтамыз

Айтуғанов Шамшаға! – деп берген баталары әлі күнге елдің аузында жүр.

Азаматтың абыройы тірнектеп жинаған әрекеттерден құралмақ. Өмір өткелдерінен қайсарлықпен өтіп келе жатқан ініміз сол еңбектерінің игілігін көрді.

Бұл отбасын негізінен тіл жанашырлары деп есептер болсақ, шындықтан алыс кете қоймаймыз. Өзі небір қиын кезеңдерде он бес жыл бойы аудандық басылымның отымен кіріп, күлімен шықты. Одан халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қазалы аудандық ұйымы басқармасының төрағасы, Қазалы ауданы әкімдігі тіл бөлімінің бастығы, келініміз Күлшат Дауылбаева отыз жыл бойы аудандық газетте табан тайдырмай корректорлық қызмет атқарып, осы жерден зейнетке шықты.

Шамша ұзақ жылдарғы халыққа жасаған қызметіне орай 1986 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін», егемен ел атанғалы бері Қазақстан Республикасы  Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, Қызылорда облысының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Қызылорда облысына 70 жыл», тағы басқа бірнеше мерекелік төсбелгілермен және облыстық, республикалық Құрмет грамоталарымен, ондаған «Алғыс хат», дипломдармен марапатталды. Кезінде аудандық партия комитетінің мүшелігіне, халық депутаттары аудандық Кеңесінің депутаттығына сайланды. 1974 жылдан КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. «Қаракесек Ақайұлы Ақтан батыр», «Ақша бұлтты Ақтан батыр», «Ақтан батыр» кітаптарын құрастырып шығарды. Кіндік қаны тамған туған жер тарихы және онан тараған адамдардың тағдыры жайлы «Жанайым – құт мекенім» атты кітап бастырды.

Салиқалы азамат болып жетілген, анау жылдарғы ағаш ұстасының көмекшісі, шынашақтай бала Шамша бұл күндері ел-жұртына қадірменді, көлеңкесі мол дараққа айналды. Ең бастысы, әке үлгісі, ана тәрбиесі өзінің тынымсыз адал еңбегі арқылы. Онан қалды өзінің қабілет-қарымы, тынымсыз қарекеті арқылы жетіп отырғанына өз басым куә. Ол өзіне жүктелген қай іске болмасын терең түсініп, алаңсыз белсене кірісті, тапсырылған қай жұмысты да мүлтіксіз атқаруға барын салды. Осы қарапайым адами қасиетінің жемісі бүгінгі күндері нәтиже беріп тұр. Өз игілігін көргей, жақсы інінің жақсы қасиеттері ұрпақтары арқылы жалғаса бергей.

Үстіміздегі жылы жетпіс бес жасқа толғалы отырған, жұбайы Күлшат екеуінің бас қосып, шаңырақ көтеріп, өсіп-өнгеніне жарты ғасырдан асқан інімізді жұбы жарасқан жандар деуге әбден тұрарлық. Олар ата-ана тәрбиесінен тәлім алған ұл-қыздарымен бірге, немерелерінің ортасында қызықтарын көріп, бақуатты өмір сүруде. Ұзағынан болғай!

Молдахмет ҚАНАЗ,

жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазалы,

Арал аудандарының құрметті азаматы.

Алматы қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<