112 тыңдап тұр…

621

0

112 тыңдап тұр... Өткен жыл соңында тұрғындарға ыңғайлы қызмет көрсету мақсатында облыс орталығында 112 бірыңғай диспетчерлік қызметі құрылған болатын. Анығын айтқанда, тұрғындар төтенше жағдай бола қалған жағдайда бір ғана нөмірге хабарлап айта алады. Ол – 112. Осы нөмірді терсеңіз, жедел жәрдем, төтенше жағдай, құқық қорғау қызметкерлері шұғыл көмек көрсетуге дайын. Халық үшін 112 қызметінің тиімділігін көзбен көру мақсатында орталыққа арнайы бардық.
Диспетчерлік қызмет орта­лығында түрлі саланың кезекші қыз­­мет­керлері қоңырауға ­жауап беруге дайын отыр. Безілдеген қоңырау бір сәт дамыл табар емес. Бірі жедел жәрдем керектігін, енді бірі тәртіп жайын айтып хабарласуда. Кезекшілер де жылдам хабар жеткізуге әбден үйренген, қайсыбір тұрғынның болмасын, мәселесі сол мезетте компьютерге түседі.
– Мұнда жедел жәрдем, құқық қорғау, төтенше жағдай саласы бойынша барлығы он шақты кезекші тәулік бойы қызмет көрсетеді. Бірыңғай диспетчерлік қызмет өте тиімді. Тұрғындар қандай жағдайда да бір ғана нөмірге қоңырау шалады және оқиға орын алған жерге мамандар бір мезетте бірігіп барады. Ең бастысы, уақыт жоғалтпай көмек көрсетеді,-дейді оперативті бөлім мең­герушісінің уақытша міндетін атқа­рушы Анар Қожахметова.
Қыс мезгілі болғандықтан, 112 қызметіне телефон соғушылар көп. Орта есеппен күн сайын 1500 ша­қыру түседі екен. Оның ішінде кіш­кен­тайларға салқын тию көбейе түс­кенін айтты мамандар. Жедел көмек көрсету мақсатында орталыққа келіп түскен хабарламаларды смартфон арқылы жолдау жүйесі де жолға қойылған. Хабарлама қабылдаған опера­торлар сол мезетте оқиға орын алған аумаққа жақын полиция бекеті қызметкерлерінің смартфонына жолдайды. Жедел жәрдем қызметінде дәл осындай жүйе. Бұл тағы да уақытты ұтымды пайдалану үшін аса тиімді екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, жедел қызмет мамандарының қаланың қай аумағында кетіп бара жатқаны туралы толық дерек орталық диспетчерлерінің көз алдында. Әрине, бұл қызмет сапасын бақылау үшін керек екені даусыз.
– Бүгінде Астана қаласы мен Қызыл­орда облысы 112 бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметті енгізу бойынша пилоттық аймақтар болып таңдалды. Бұл аймақтағы барлық кезекші диспетчерлік қызметтерін бірік­тіруге, жұмыс барысын жеделдетуге және шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылын жақсартуға мүмкіндік береді,- дейді цифрлық технология­лар басқармасының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директоры Сәбит Ибадулла.
Мамандар пікіріне сүйенсек, бұл жүйені жүзеге асыру арқылы қабылданған хабарламаларды өң­деуге кететін уақытты қыс­қартуға, халықты жедел қызметпен толық қамтамасыз етуге, ең бастысы, қайғылы жағдайдың алдын алуға және жалған ақпаратты қысқартуға мүмкіндік туады.
Лайым, 112-ге қоңырау шалу азайсын дейміз, ал хабарлама түскен жағдайда жедел қызмет шұғыл көмек көрсетуге дайын. 

Гүлмира Ділдабекова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<