ҚАДЫР ТҮНІНІҢ МӘНІ НЕ?

497

0

ҚАДЫР ТҮНІНІҢ МӘНІ НЕ? Хадис-Шәрифте айлардың қайырлысы Рамазан, түндердің қайырлысы Қадір түні, күндердің қайырлысы Жұма күні екені айтылған. Бұл түнді негізінен Рамазан айының соңғы он күнінде, тақ санда іздеу керек. Көпшілік ғалымдардың ортақ пікірінше, Қадір түні Рамазан айының жиырма жетінші түні болып есептеледі.
Құранда бұл түннің артықшылығын түсіндіретін арнайы сүре де бар. Ол сүреде Жаратушы иеміз былай дейді:
«Анығында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының әмірімен жерге түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады»  
Мүминдер бұл түнді дайындықсыз өткізбеуі тиіс. Өйткені, Әбу Хұрайра сахабамыз жеткізген хадисте «Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі» делінген.
Айша анамыз Алла Елшісінің рамазанның ақырғы он күнінде құлшылыққа ерекше ден қоятынын айтады. Бұл түні қалай дұға ету керек деп сұрағанда, Пайғамбарымыз мына дұғаны үйреткен: «Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіргенді ұнатасың, мені де кешіре гөр!»
Иә, күнәдан алыс Пайғамбарымыздың өзі күніне жетпіс, тіпте жүз мәрте өзіне кешірім тілеп отыруды әдет еткен. Ендеше, күніне сан түрлі күнәмен бетпе-бет келіп жүрген қазіргі мұсылмандарға күн сайын мың рет, Қадір түні таңға дейін кешірім тілесе де артықтық етпесі анық.
Бұл түн мың айдан қайырлы болуымен де артықшылыққа ие. Мың ай тура сексен үш жыл, төрт айға тең. Ал бұл өз кезегінде бұрынғы үмбеттердің өмір бойы жинаған сауабын бір түнде алу мүмкіндігі деген сөз.
Пайғамбарымыз саллаху ассалам бірде сахабаларға Исрайыл әулетінен бір кісінің мың ай бойы ат үстінде Алла үшін жиһад еткенін, кей риуаяттарда мың ай бойы күнә жасамай ғибадат еткенін айтқанда, сахабалар «біздікі оның жанында түкке де тұрмас» деп таң болған еді. Осы кезде Жәбірейіл түсіп:
– Мұхаммед, үмбетің сен айтқан адамдарды естіп таңғалды. Ал Алла Тағала оларға бұдан да қайырлысын сыйлады, – деп «Қадір» сүресін оқып береді.
Бұл түннің берекесі мол. Өйткені, жер бетіне сан мыңдаған періштелер түспек. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай кетеді. Мүминдерді айнала қоршай Алла Тағаланың оларға деген кешірімі мен мейірімін айтып сүйіншілейді.
Таң ағарып атқанға дейін осындай жағдайда болған мұсылман үмбетінің жүрегіне тыныштық пен жан рахаты орнайды.
Д.АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<