АЛАЯҚҚА АЗЫҚ КӨП, ЖАРҚАНАТТА ЖАЗЫҚ ЖОҚ

1394

0

АЛАЯҚҚА АЗЫҚ КӨП, ЖАРҚАНАТТА ЖАЗЫҚ  ЖОҚ Біздің буынның қоршаған орта, жалпы тіршілік туралы түсінігі үлкендердің әңгімесі бойынша қалыптасты. Олардан естігенімізді газет-журналдан оқығанда «ә, мынау шынымен осылай екен-ау…» деп айран-асыр қалатынбыз. Әсіресе, «Балдырған» журналының жаңылтпашы мен жұмбақтары талай баланың танымын байытты. Осы журналға жарияланған «Түн жамылып ұшқан, қанаты бар тышқан» деген жұмбақ әлі күнге дейін естен кеткен жоқ. Жауабы кәдімгі қараңғыда қалбалақтап ұшатын жарқанат  еді. Кейін осыны «Жеті жүз жұмбақ» жинағынан кездестіргенде жоғалтқанымызды қайта тапқандай қуанғанымыз рас.
 «Бір құс бар жан білмейтін ішкен асын, адамға көрсетпейтін жұмыртқасын». Бұл да сол жарқанат. Әрине, оның жұмыртқасын көре алмайсыз, өйткені ол ұрпағын тірі туып, сүтімен асырайтын сүтқоректі құс. Біз білерде, ол ұя салмайды, ағаш діңін, тау-тастың қуысын мекендесе керек. Бұл әңгімені интернетте «Жарқанат ұясын 50-100-200 мың АҚШ доллларына сатып аламын» деген жалған жарнамаға еріп, дүниеде жоқты іздегендер үшін айтып отырмыз.  
Жұртты шулатқан осы оқиға жайлы  ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет те әлеуметтік желіде пікір қалдырыпты.  
– «Жарқанаттың ұясы 250 мың долларға сатылып жатыр, одан дәрі-дәрмек жасалады» деген ақпарат өтірік.  Бұл – аңыз, себебі жарқанаттар ұя салмайды, – дейді ол.
Осыған дейін де «16 келілік гір тасы есебі жоқ ақшаға сатылып жатыр» деген қауесет шығып, жұрт бір дүрлігіп басылған. Есек терісін саудалағандар да жұртты кәдімгідей сарсаңға түсіргенін ұмыта қойған жоқпыз. Бұлардың да пайда іздеген әлдекімдердің ойлап тапқан айласы екендігі кейін белгілі болды.
Жуырда ғана «Евразия» арнасынан осы мәселеге арналған бейнесюжет көрсетілді. Белгілі тележурналист Нұрбек Бекбау әзірлеген сюжетте   «Жарқанат ұясын аламыз» деп жарнама бергендердің жұртты алдау тәсілі баяндалады. Мысалы, алаяқтар бір-бірінен қыруар ақшаға ұя сатып алып жатқан сәтін видеоға түсіріп, инстаграмға немесе фейсбукке жариялайды. Бұл әлеуметтік желіге имандай сенетіндер үшін тасталған қармақ деп біліңіз. Оның ұшындағы жем – шытырлаған мыңдаған доллар. Тапсырыс беруші араб байлары екендігі де ескертіледі. Мұны көрген адамның ұя іздеп, тау-тасты кезіп кетпеске әддісі қалмайды. Тіпті кейбірі қыс ұйқыда жатқан бейшара жарқанаттарды «оятып» жіберген. Бұл жәндік үшін мезгілсіз оянудың арты өлім, қайта көз іле алмайтын байқұс мына суықта қырылып қалды дей беріңіз. Жоқ іздеп табанынан таусылған ол бәрінен күдер үзген шақта «Жарқанат ұяларын өте арзанға сатам» деген жарнамаға жолығады. Аяқ асты байып кетуді көксеген жан бастапқы сатып алушының сыбайласы құрған қақпанға осылай түседі. Бар ақшасына ұя сатып алып, әуелгі аларманға барғанда ол ойынан айнып қалған болып шыға келеді. Бар сылтауы – арабтар бұл бизнесті тоқтатқан-мыс… Осылайша, жиған-тергеніңіздің қай алаяқтың қалтасына түскенін түсінбей де қаласыз. Айтпақшы, мамандар видеодағы саудаға түсіп жатқан құрқылтайдың ұясы екендігін айтып отыр.    
  Осыдан оншақты жыл бұрын Сырдан барған делегация құрамында Жетісудағы Жаркент қаласына жол түсті. Тарихи шаһарда он тоғызыншы ғасырдың аяғында Уәлібай көпес салдырған атақты мешіт-музейді араладық. Бір шегесіз салынса да сыны кетпей бүгінге жеткен ғимараттың іші толған жарқанат. Сыртқа шыққасын, жолбастаушы гидтен жаңағы құбылыстың сырын сұрадық. Сондағы естігеніміз, бір қабырғаны тұтас иеленіп алған жарғақ қанаттылар ағаштағы құрттарды теріп жеп, көркем кешенді шіріп кетуден аман алып қалып тұр екен. Жалпы, бір сағатта 1200 масаға дейін аулайтын жарқанат болмаса безгек ауруы көбейіп кету қаупі туады. Міне, сіз бен біз көзге іле қоймайтын түн құсының пайдасы…
 Бір кездері Қытай елін басқарған Мао Цзэдунның ақылсыз шешімі миллиондаған адам мен миллиардтаған жәндіктің ажалына айналғанын тарих әлі ұмыта қойған жоқ. 1958 жылы Мао соғыс жариялады. Бірақ, бұл жолғы жауы капиталистер емес, кәдімгі торғайлар еді. Өзіне жақын жүретін ғалымдардың бірінің «бір торғай жылына 4,5 келі бидай жейді» деген мәліметін естіген Мао торғаймен қатар тышқан, маса және шыбынды қырып салуға бұйрық берді. Бұйрық қатты, жан тәтті. Қалың қытай жәндіктерді аулауға қауырт кіріседі. Тарихта «Төрттікті қыру» деген атпен қалған науқанның қателік екенін мойындаған Мао бағдарламаны тоқтатуға бұйрық бергенге дейін Қытайда 2 млрд-қа жуық торғай өлтіріліпті. Ал жайқалып өскен егінді торғайдың жемі құрт-құмырсқа, шегіртке жайпап кетіп, 30 миллион қытайлық аштықтан ажал құшады.
 Обал-сауапты ойламаған ойсыз әркекеттің арты не боларын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Ал, ұясы бұзылған бейшара құрқылтайдың ендігі күні болмақ?! Күн жылына оңтүстіктен жететін шынашақтай құстың панасын іздеген шырылын кім естиді? Обал болды…  
М. АҚЫНҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<