Қалдаяқтың дүкені

453

0

Қалдаяқтың дүкені Осыдан екі-үш жыл бұрын жол түсіп бұрынғы Темір кеңшарына, бүгінгі Шәмші Қалдаяқов ауылына бардым. Ұлы сазгердің ауылы болған соң оны-мұныны сұрастырып жатырмын. Шәмшінің балалық шағы, музыка әлеміне әуестігі туралы көрген-білгеннің аузынан  түрлі пікірлерге қанықтық. Өз кезегінде Асылхан Байжанов деген азаматтың ойы мені еріксіз баурап алды. 

– Шәді төренің  ұстаханасы болған жерде Қалдаяқ ауыл шаруашылығына  қажетті құ­рал-саймандарды жасап, ше­бер­лігімен ауылдастарының сый-құрметіне бөленген жан еді. Қасиетті кісі болды. Ал, әйелі  Сақыпжамал да елге сыйлы болған. Ол  жарық дү­ниеге әкелген сәбиіне азан ша­қырып, есімін Жәмшид қоя­ды. Бала анасының әлдиін тың­дамаса ұйықтамаған екен. Анасы Естайдың «Қор­ла­нын» ыңылдап  айтып отырып тербеткеннен бе, Шәмшінің өмір бойы сүйіп айтатын  әні  «Қорлан»  болыпты. Шәмші мектеп жасында әкесінің домбырасын ұстап, сырнайын тартып жүрді. Ауылға келген сыған жігітінен мандолина сатып алды. Осылай өнерге жақын болып есейген, – деді ол.

Одан кейінгі өмірі белгілі, алдымен   Қапланбектегі зооветтехникумды бітірсе, ке­йін Ташкент қаласындағы  Хамза Ниязи атындағы музыка училищесінде, ­сосын Құр­манғазы атындағы мем­ле­кеттік консерваториясында В.В.Великанов класында оқыды.

Бұл жердегі әңгіме Шәмші жөнінде емес, оның әкесі Қалдаяқ жайлы болмақ. Асыл­ханның айтуынша, ұс­­та­ның қолданған ескі дү­кені әлі сақталған екен. Түн­делетіп дү­кеннің қасынан жү­рексініп, қорқасоқтап өте­тін көрінеді. Себебі, үнемі бал­ғаның соқ­қысы естіліп тұрады. Соған қарап, дүкен ұстаған Қалдаяқ та тегін адам болмағаны ғой деймін. Тектіден текті шығады дейтін еді, Шәмшінің де шы­ғар­машыл қадамы әкесінен да­ры­ған сияқты. Өйткені оның да домбыра шертіп, сырнай ой­найтын қабілеті болған.

Қаныбек ӘБДУОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<