Қаптаған «қосымша»: қажеті бар ма?

956

0

Қаптаған «қосымша»: қажеті бар ма? Төртіншіде оқитын Тұрар сабақ қиындап кеткелі репетитор жағалауға мәжбүр. Ойын баласы болғасын ба, өзі сабақта отырса да бар ойы, аңсары далаға ауады да тұрады. Ұлы үшін алаңдаған әкесі мен шешесі мұғалім жалдап та көрді, бірен-саран оқу орталығына апарып та көрді. Одан ештеңе өзгере қойған жоқ. Өткенде үйіне жақын маңдағы оқу орталығына барған. «Ә» дегеннен мұғалімнің балалармен қарым-қатынасы ұнамады. Апайының «тупойсыңдар» деген сөзіне шамданған Тұрар содан бері «қосымшасы құрысын» дейтін болды.

Баяғының балалары сабағына бір мезгіл барып келіп, бір мезгіл асыр салып ойнайтын. Қазір қалай? Қаптаған дамыту, оқу орталықтары, екінің бірі баласын соған береді. Мұның қажеттілігін, неге көбейіп кеткенін білу үшін данышпан болудың қажеті шамалы. Біріншіден, баласының оқуын қадағалап отыратын адам аз. Күні бойы жұмыста болып, кешке үйіне сүрнігіп жететін ата-анадан оны талап ете де алмайсың. Уақыт жетіп тұрғанымен кейбіреудің ұлы мен қызының оқуына көмектесуге білім деңгейі жете бермейді. Оның үстіне, осы заманғы білім жүйесі күрделі әрі шым-шытырық. Оқулық жиі өзгереді. Ақпарат толассыз ағылып жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша, әр саладағы ақпарат 4 жылда ескіреді. Демек, 4 жылда ақпарат екі есе өседі. Егер даму қарқыны осылай жалғаса берсе, болашақта ақпарат әрбір 78 күнде еселеніп отырады. Бұл бүгін білгенің ертең ұмытылып, кәдеге жарамауы мүмкін екенін көрсетеді. Балалардың тынымсыз білім алуының бір ұшын осыған әкеп тіредік. Бұдан да басқа себептерін білетіндермен әңгімелесе отырып тарқатып көрейік.

Бұған не дейсіз?
Алтынсары ШҮРЕНОВ, 
Қызылорда қаласындағы №261 орта мектеп директоры: 
МЕКТЕПТІҢ МҰҒАЛІМІНЕН АРТЫҚ ОҚЫТПАЙДЫ
Мұндай орталықтардың көксегені – ақша табу. Онда жұмыс істеп жүргендердің дені – мектептен шыққан мұғалімдер. Ата-аналар балаларын орталықтың атағына бола емес, мұғалімнің сауаттылығына, тәжірибесіне, беделіне қарап әкеледі. Сондықтан оқу орталықтарының жұмысын жолға қойып, мемлекет тарапынан талап қоятын, бақылау орнататын кез жетті. Әзірге білім саласындағы құзырлы мекемелер оларға өзінің ережесін жүргізе алмайды. Орталық ашқан қандай да бір кәсіпкер баланы барынша көптеп тартуға тырысады. Ал оған қандай білім берілетініне бас ауыртып жатқаны шамалы. Бұл саладан хабары жоқ адамның өзі айналасына тамыр-танысын жинап алып та жұмысын жүргізе береді. 
Ата-аналарда «баламызды осындай орындарға берсек, білімді болып шығады» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ ешкім мектептің мұғалімінен артық оқытпайды, осыны білген жөн. Орталықта сабақ беретіндер алдындағы 5-10 баланың қамын ойлап, қызылкеңірдек болады деп ойламаймын. Баланың ынтасы, қабілеті болып тұра, еңбегіңді ақтап, өзі-ақ әрі қарай алып кетеді. Ал ештеңеге зауқы жоқ оқушыны төбесінен төмпештеп, мұрнынан сүйреп қайтеді?! «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген бар ғой, бұл да сондай нәрсе. Мен оқушыларға: «Курсқа барғанмен ешкім сендерге мектептегі мұғалімдеріңнен артық үйретпейді. Қайта сендер сабақ үстінде, біткеннен кейін қыр ізінен қалмай жүріп білмегеніңді сұрап, құлағыңа құйып алуға тырыс. Мектептегі ағай-апайың өзінің абыройы үшін оқытады», – деймін. Сонда да көбі мектепті менсінбей орталық жағалап кетеді. 
Соңғы уақытта «менталды арифметика» деген мода шықты. Балалар саусақтарын жыбырлатып ойша есептеп жатады. Бұл оның болашағына, өміріне қажет пе, жоқ па, үлкендердің шаруасы шамалы. Әйтеуір, көштен қалмау керек. Баланың миын керекті-керексіз дүниемен толтыра берудің не керегі бар, түсінбеймін. 
Бір сұхбатында академик Асқар Жұмаділдаев: «Дүниеде пайдасыз нәрсе көп қой. Мысалы темекі. Ол пайдалы ма? Жоқ, бірақ бәрі тартады. Менталды арифметика пайдалы ма? Жоқ. Ол да – темекі сияқты керек емес өнердің біреуі. Дәлірек айтсақ, бұрын болған өнер. Бұдан жүз жыл бұрын ешқандай компьютер, калькулятор болмаған. Сол кезде жапондар мен қытайлардың ойлап тапқан өнері. Онда екі таңбалы санды екі таңбалы санға көбейтеді. Сіз оны бір минут көбейтесіз, ол отыз секунд. Ал не болыпты?! Оны калькулятормен есептей салған оңай ғой. Бас сол ақымақ есепті шығару үшін керек пе? Бас тірлік жасау үшін керек», – деген еді. Ал біз осы күні баланың басына бәрін тықпалаймыз кеп. Білім артық болмайды, бірақ…
Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ,
ата-ана: 
«БЕСКЕ» ОҚУМЕН ІС БІТПЕЙДІ
Баланы қосымша білім беретін орталықтарға апарғаннан гөрі спортқа, кәсіпке баулыған дұрыс. Өзім сөйтемін. Бір ұлым каратэ үйірмесіне барып жүр. Екінші ұлымды да, бұйырса, спорт мектебіне апарамын. Ал қыздарымның тігіншілік, аспаздық сияқты қандай да бір іске икемі болғанын қалаймын. Ағаш жону, кірпіш құю, тағысын тағыларға ер балаларды жастайынан баулу өте маңызды. Өйткені жігіт, жар, әке болғанда дым білмегеннен өзі опық жейді. Кейбіреулер бар: мектепте сабақты кіл «беске» оқыған, бірақ осындай ұсақ-түйек қолынан келмейді, өмір сүруге бейімі болмайды. 
Одан кейін балаларымның Абайдың өлеңдерін, батырлар жырын оқуына көңіл бөлемін. Оқып, миына тоқыған жағдайда әртүрлі әдіспен ынталандырамын. Адам мұндай шағында таза, пәк болады. Не бар, сол күйінше қабылдайды. Бастауыштың баласы мұндай дүниелерді түсіне қоймауы мүмкін. Бірақ болашақта есте сақтағаны қажетіне жарайтынын білемін. 
Қызылорда қаласындағы 2014 жылы ашылған «Білім академиясы» оқу орталығы балаларға әртүрлі пәндер бойынша курстар ұйымдастырудан бөлек, жақында «Әйкерім» қыздар клубын ашты. 12-13 жастағы қыз балаларға орталық қызметкерлері тоқыма, тігін, тамақ әзірлеу сияқты аса қажетті тірліктерді үйретеді.
Гүлнұр САЛХАДИНОВА,
«Білім академиясы» оқу орталығының директоры:
ПАЙДАСЫ БОЛМАСА, КЕЛМЕС ЕДІ
Ашылғалы бері орталықта шамамен 700-800 бала курстардан өтті. Математика, орыс, қазақ, ағылшын тілдері, химия, физика пәндерін қосымша оқытамыз. Одан бөлек, менталды арифметика, жылдам оқу, шахмат үйірмелері жұмыс істейді. 2017 жыл біз үшін жемісті болды. 16 бала менталды арифметикадан республикалық жарысқа қатысып, барлығы да жүлделі орындар алды. Арифметикалық төрт амалды қолдана отырып есептеудің бұл әдісі зейін қоя білуге, фотографиялық есте сақтау, логикалық ойлау қабілеттерін жақсартуға көмектеседі. Осының барлығы жинақтала келіп баланың сабақ үлгеріміне әсер етеді. Менталды арифметиканы игеру курсы 2,5-3 жылға дейін созылады. Бірақ көбінің оған шыдамы жетпейді. 
Пайдасы болмаса, балалар мұндай орталықтарға келмес еді. Балалар әртүрлі, сабаққа бармай қалуы мүмкін, дұрыс түсінбеуі мүмкін. Міне, біз осындай олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз.
Қызылордалық Гауһар Омарованың сегізіншіде оқитын ұлы қаладағы осындай орталықтардың біріне барып жүр. Содан бері ағылшын тіліндегі білім деңгейі біршама өскен. Бірақ оған дейін есігін қаққан «қосымшалар» еш пайда бермегенін айтады.
Гауһар ОМАРОВА, 
ата-ана:
АҚШАНЫ ДАЛАҒА ШАШЫП КЕЛІППІЗ
Балам «Kuanysh-Lingvo» оқу орталығына барғалы 4 айда 13 санат бойынша оқып, пединституттың деңгейінде білім алып шықты. Ағылшын тілінде еркін сөйлей алады. Бұрынғыға қарағанда айырмашылық аспан мен жердей. Бұлай болады деп ойлағанымыз да жоқ. Өйткені ұлымды талай оқу орталығына апарып көрдім, бірақ еш пайдасы тимеді. Ақшаны далаға шашқандай әсерде болдық. «Kuanysh-Lingvo» орталығы туралы құрбымнан естіп, білдім. Мұндағы мамандар баламнан тест сынағын алғанда білімін төмен деп бағалады. Сөйтіп, ағылшын тілінде А мен В-ді ажырата алмайтын сатыдан таңғаларлық дейгейге көтерді. 
Бұл жағдай да бала мен ата-анаға орталықтың өзі емес, тәуір мұғалім, сапалы білімнің маңызды екенін көрсетеді. «Kuanysh-Lingvo» оқу орталығы ұжымының ұтатын жері – баланың тілін таба білетінінде, сабақты жанын салып түсіндіретінінде.
Сағыныш МАХАМБЕТОВА,
«Kuanysh-Lingvo» оқу орталығы менеджерінің міндетін атқарушы:
НАШАР БАЛА БОЛМАЙДЫ
Бізді жыл сайын орта есеппен 30 шақты бала бітіреді. Олар ағылшын тілінде ойын еркін жеткізе алады. Алды бүгінде шет елдерде білімін жетілдіріп жүр. Орталыққа келгендер айналдырған 3-4 айдың ішінде біраз нәрсе біліп шығады. Одан әрі аспаған дұрыс, әйтпесе, адам жалыға бастайды. Өзім сабақты зор ықыласпен өткіземін, өйткені балаларды қатты жақсы көремін. Олармен керек жерінде дос боламын, керек жерінде қаталдық танытамын. Меніңше, нашар бала болмайды. Тек тілін таба білсең болғаны. 
Орталыққа баланы не үшін әкеледі? Біріншіден, оқуын қадағалауға әке-шешесінің мұршасы жетпейді. Екіншіден, мектепте жеткілікті деңгейде білім алмайды. Сондықтан оқу орталықтары алдыңғы кезекке ақшаны емес, оқушыға қалай көмектесе алатынын қою керек. 
Сағыныш Махамбетова мұғалімдікті оқымаса да, ағылшын тілін баласымен жағаласып жүріп өзі меңгерген. Сол білгенін бүгінде басқа оқушыларға үйретіп келеді. Орталық өкілі айтқандай, баланың нашары және әлсізі болмайды. Тек оның шамшырағын жаға білу керек. Ал сан түрлі себеппен репетитор жалдауға, «қосымша» жағалауға мәжбүр балалардан «ақша жасау» ешкімге абырой әпермейді.
Біреу білер, біреу білмес, әлемдегі танымал адамдардың талайы мектепті нашар оқыған. Неміс композиторы Людвиг Ван Бетховеннің жазуы қып-қызыл қатеден көрінбейтін болған. Тіпті, арифметиканы түк түсінбеген. Ұлыбританияның көрнекті мемлекет қайраткері Уинстон Черчилль де сабақты «екімен» оқыған. Бірақ «Нобель» сыйлығын алғанына қарап олай ойламас едіңіз. Американдық өнертапқыш Томас Эдисонның да жарытып оқығаны шамалы, үштікке іліне алмаған. Сол үшін мектептен қуылған. Бірақ сол кезде оның адамзат игілігіне жарар жаңалық ашып, есімінің тарихқа қашалып жазатынын ешкім білмеген еді…

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<