«Қараторғай» атанған Сыр бұлбұлы

854

0

«Қараторғай» атанған Сыр бұлбұлы Бүкіл қазаққа «Сырдың Қараторғайы» атымен танылған сазгер, ақын, әнші Шолпан Жанболатқызының атақты «Қараторғай» әнінен өзге, қазір халық әні деп ел арасында жиі орындалып жүрген «Ой гөк», «Қарағым-ай!», «Маусымжан», «Ах, Дариға!» «Ахау демей!» ( бұл әнді алғаш грамофонға жазғанда бір әрпінен қате кетіп, «Ахау! Семей» болып жазылып кетіп, әлі күнге солай орындалып жүр) секілді бірнеше әні халықтың бай мұрасына айналғаны анық. Небары 43 жыл ғана өмір сүрген Шолпан Жанболатқызы 1880 жылы Шиелінің Телікөл төңірегінде дүниеге келген. Қараторғай – Арқаның атақты Тайжан ақыны, Үкілі Ыбырайлармен теңдес, дәрежелес, үзеңгілес болса, Сыр өңірінің атағын алысқа шығарған Мансұр, Нартай ақындардың өнеріне  жолбасшылық көрсеткен өте талантты, біртума адам.
Сыр бойына ерте танылған талантты әншіні 1911 жылы Тәшкеннің генерал-губернаторы арнайы шақыртып, Романовтардың таққа отыруының 300 жылдығына арналған шарада өнерін тамашалайды. Сонда Ә.Диваев басқарған өнер сайысында Шолпан апамыз талайларды тамсаңдырып, бас жүлдені жеңіп алады. «Қазақтың 1000 әнін» қағазға түсірген орыс өнер зерттеушісі Александр Затаевич оған өте зор баға берген көрінеді. Мұны жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Сырдың Қараторғайы» атты мақаласында былай атап көрсетті: «Айрықша сұлу болған және ғажап әуен құрастырған» әйелге Затаевич сырттай өте жоғары баға берген.  Мен оның «выдающаяся казахская певица» дегенін жай біз айтып жүрген «көрнекті» дей салуға келіспеймін. Меніңше, оның шын атын «әйгілі», «озық» немесе «үздік әнші» деп аударған дұрыс деп ойлаймын», дейді. Сан талантты шығарған Шиелінің көмейіне бұлбұл ұя салған төл тумасының өнері  өте жоғары дәрежеде, халық көңілінен үнемі шығып отырған.
Ерекше дарын иесінің «Қараторғай» аталуын өзінің мына бір-екі ауыз лебізінен аңғаруға болар:
Қызымын Жанболаттың
Шолпан атым,
Найманмын, Қарабала – арғы затым.
Жел сөздің бес-алты ауыз арқасында,
Халқымның арқаладым мархабатын.
Атандым он алтымда Қараторғай,
Бұл атты шешем қойған,
басқа қоймай.
Торғайдай еркін ұшсын, ескерусіз,
Дегені болса керек, көзден қорғай.
Салайын мен әніме Қараторғай,
Қараторғай,
Қалалали лила, лилалали лилай-ай!
Ерке де әсем, өнерпаз жанның тағдыры қиын болғанын жазушы Айтбай Хангелдиннің 1970 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Қараторғай» кітабынан біле аласыз. Шолпан Жанболатқызы 1923 жылы қаскөйлердің шәй ішкен кесесіне у салып жіберуінен қапияда өмірден өтеді. Ең өкініштісі, соңында іздеушісі болмағандықтан, ерекше талантты жанның өзінен кейінге қалдырған бай мұралары шын иесін таппай әлі күнге адасып жүр. Есіміне құрмет көрсетілген емес, бұл – әйгілі өнерпаз үшін зор қиянат.
Шолпан Жанболатқызының «Қараторғай» әнін өзбектің атақты «Ялла» ансамблі эстрада әуезінде әсерлі орындап келеді. Алайда, әннің шығу тарихын білмегендіктен, біз оны сол күйі жігіттің қызға айтқаны деп түсініп, жеңілдеу қабылдап жүрген сыңайлымыз. Анығында, бұл бойжетіп келе жатқан Шолпанның анасы Жанқызға еркелеп айтқаны болуы керек.  Мұны өз мақаласында Бексұлтан ағамыз да қоштайды. Сонда бұл әннің дұрыс нұсқасы былай болуы тиіс:
Құс болсам, жібектен бау тағар едің,
Күмістен тұғырымды жабар едің.
Мойныма сары алтыннан жыға тағып,
Қолға алып, сылап-сипап бағар едің.
Қайырмасы:
Салайын мен әніме Қараторғай,
Қараторғай,
Қалалали лила, лилалали лилай-ай!
Болған да қасым қара,
шашым сүмбіл,
Албырап екі бетім, жанар гүл-гүл.
Бейіштің гүлжазира зарамында,
Сайраған тоты құстай мен бір бұлбұл.
Жоғарыда әншінің тағдыры қиын болғанын айтқан едік. Жаратушының берген өнеріне құмартып, таланты енді ашылып келе жатқанында оны бір бай жасы отыздан асқан таз баласына айттырып, құда түседі. Бұл қиянатқа көнбеген Шолпан өзіне сөз салған көрші ауылдың жігітіне көш үстінде қашып кетеді. Мұнысына өз жұрты өкпелі болса, барған жері «ән айтады, жын-шайтанның шатағы» деп тағы түртпектейді. Бір балалы болған еді, ол жардан құлап мерт болады. Ал дүмше діндар әкесінің айтақтауымен әншіге зәбір берген күйеуі оны ақыры талақ етеді. Соңында қаскөйлер у беріп өлтіреді. Ал Қараторғай – Шолпанның соңында қалған әндерінің тағдыры әлгіндей, «халық әні» деген кең қоржынның арасында жүр. Бұлай кете беруі тиіс емес қой. Онымен ауылы аралас өскен жазушы Айтбай Хангелдин ол туралы шынайы дерек келтіріп, повесть жазып, газеттерге мақала жазған. Міне, жазушы Бексұлтан Нұржекеев әділдік қалпына келмеді-ау деп, шыр-пыр болып отыр.  Мың алғыс, қаламгер ағаларымызға.
Мен өзім «Қараторғай» кітабын ілгеріде оқығанмен, оқиға желісіне елітіп, терең мән бермеген екенмін. Міне, енді қарағанымда біздің замандастар тарапынан үлкен немқұрайдылық кетіп бара жатқанын сезіндім. Бұл туралы арагідік айтылып жүрсе де, ескерусіз қала бергені сол самарқаулық емес пе?!
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ұлттық құндылықтарға барынша мән берілуі керектігін тағы да еске салды. Бұдан артық енді не керек? Сондықтан да жанашыр ағайын назарына осы жайттарды ұсына отырып, «Қараторғай» атанған апамыз Шолпан Жанболатқызының есімін және өнерін ұлықтау­ Сыр өңірінен, әуелі оның туған жері – Шиеліден бастау керек деймін. Сонан соң Ақмешіт, әрі қарай республика көлемінде жалғасын табуы тиіс. Бұл біздің жерлестеріміз үшін мақтаныш әрі абыройлы іс екендігіне дау жоқ. Әншінің  мұраларын өз атына қайтару үшін оның атында өнер байқауларын өткізсе, жөн болатын шығар. Сондай-ақ, Қараторғайға символикалық ескерткіш орнатылса, тіпті жақсы болар еді. Бұған аса мән берілуі керегін тағы да жамағаттың қаперіне салуды борышым деп санадым.  

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<