Қазір ауыл туралы әңгіме қозғалса, ешкім бұрынғыдай «ел қалаға үдере көшіп, ауыл құлазып қалды» деп сөз бастамайды. Себеп, облыстағы елді мекендердің басым бөлігінде сырт келбеті мен соңғы технологиясы баланы ғана емес, үлкендердің өзін таңғалдыратын бірнеше қабатты мектеп, жаңа аурухана мен балабақша бар.
Инфрақұрылымында да иін тірескен мәселе жоқ. Істі игеріп әкетер жас мамандар ауылда. Осы кезге дейін аймақтағы 5 мыңға жуық жастың елге дипломмен аттануының басты себепшісі – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы.
Олар жастар арасында танымал «Hello, ауыл» фильміндегідей әкесімен бәстесіп, елге тартпағаны анық. Қалада өскен, қазақша амандық-саулық сұрасуды білмейтін Бақыт дипломымен ауылға келіп, ақырында мұғалім болып елде қалғысы келуші еді ғой. Біз бағдарламаның 9 жыл бұрынғы алғашқы түлектерімен, қазіргі жас мамандардың бірнешеуімен тілдестік. Олар да ауылға тұрақтап, тіпті бірнеше жылда біраз биіктерді бағындырыпты. Бірақ олар әу бастан-ақ болашағын туған жермен байланыстырып, асқақ арманын ауылмен ұштастырған. Жобаның да негізгі мақсаты, жастарға қолдау көрсетуінің де себебі сол: ауылға білікті мамандарды тарту және олардың тұрақтап қалуына ықпал жасау.
Елбасы өз сөзінде «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек. Өйткені елді дағдарыс кезінде асырайтын – ауыл. Ал ауылда жұмыс болу үшін, ол қаланы асырай алу үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біз өңірлерді дамытуға, жастарды елге қызмет етуге басты назар аударуға тиіспіз» – деп нақтылап өткен болатын.
«Дипломмен – ауылға!» жобасы Елбасының тапсырмасына сәйкес 2009 жылдан бері жүзеге асып келеді. Үкімет қаулысына сәйкес, алғашқыда білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт мамандарына әлеуметтік қолдау көрсетілсе, 2012 жылы бұл қатарға «ветеринария» мамандары да қосылды. Ал 2014 жылдан бастап «ветеринария» мамандары емес, жалпы «агроөнеркәсіптік кешен» саласының мамандарына қолдау көрсетілетін болып өзгертілді. Сол жылы аталған сала мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудың қағидасы бекітілген. Қағидаға сәйкес, ауылдық жерге барып жұмысқа орналасқандардың жұмыс орнымен жасалынған келісім-шарты бойынша міндеттерінің мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқартылды. Яғни, бұрын маман сол елді мекенде 5 жыл жұмыс істеуі керек болса, ендігі мерзім – 3 жыл. Сондай-ақ, ауылдық жерде жер телімі бар мамандарға тұрғын үй салу мүмкіндіктері берілген.
Жоба талабы бойынша, мамандар тұрақты жұмысқа өздері орналасуы қажет. Себебі, оларды жұмысқа орналастыру комиссияның міндетіне жатпайды. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушылардың жас мөлшеріне шектеу жоқ, жоғарыда аталған сала бойынша мамандық алып, оқу бітіргендер өтініш білдіре алады. Егер ұсыныс қолдау тапса, мамандарға бір жолғы көтерме жәрдемақы (70 еселеген АЕК) және жұмысқа орналасқан елді мекеннен тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие (1500 еселенген АЕК) түрінде қолдау көрсетіледі.
Жоба басталғалы өңірде биылғы жылдың тамызына дейін ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге барған 4406 маманға көтерме жәрдемақы төленсе, 2010 жылдан бастап 3425 маман жеңілдетілген тұрғын үй несиесімен қамтамасыз етілген. Ал биылғы жылы ауылдық елді мекендерге жұмыс жасауға және тұруға барған 279 маман бір жолғы жәрдемақымен қамтамасыз етілсе, оның 79,9 пайызы 29 жасқа дейінгілер.
Сөз басында осыдан 9 жыл бұрын мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, ауылға аттанған жастар туралы айтып едік. Солардың қатарында 29 жастағы Шамшырақ Нұржанова да бар. Қазалы ауданында туып-өскен ол Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік көпсалалы колледжінде білім алған. Мамандығы – кітапханашы. 2009 жылы оқуын үздік аяқтаған соң бағдарлама арқылы Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейге жұмысқа орналасады.
– Мектеп-лицей сол жылы ел игілігіне берілген. Менімен қатар мектепте 50-ден аса жас маман «Дипломмен – ауылға!» жобасы арқылы еңбек жолын бастады. Бүгінде Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің арасында ипотекалық тұрғын үйлер бой көтерді. Тұрғындарының көбі – жастар. Бағдарлама енді ғана еңбекке араласқан ұл-қыздардың тезірек үйлі болып, өмірде өз жолын қалыптастыруына көп қолдау көрсетті, – деді ол.
Бүгінде Шамшырақ 1600-ден аса оқушы білім алатын мектеп кітапханасының меңгерушісі, екі бүлдіршіннің анасы.
Ал Сырдария ауданына қарасты Н.Ілиясов ауылындағы №12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері ылғи жеңіс тұғырынан көрінеді. Себебі мұнда да тірлігі тиянақты, талабы жоғары жастар бар. Дипломмен ауылға келгендердің бірі – Ислам Икрамов. 23 жастағы жігіт футбол жаттықтырушысы. Сырдария ауданындағы Тереңөзек кентінде туып-өскен ол М.Мәметова атындағы жоғары гуманитарлық колледжін бітірген соң бірден бағдарлама бойынша құжат тапсырыпты.
– Кез келген бағдарлама арқылы үй алсаң, үстеме пайызы болды. Ал, «Дипломмен – ауылға!» үстеме пайызсыз-ақ несиемен үй алуға мүмкіндік берді. Қазір оқушыларым – аудандық, облыстық турнирлердің жеңімпазы. Бүгінде Нағи Ілиясов ауылында өз үйім бар. Мен болашақ жетістіктерімді шәкірттеріммен байланыстырамын, – деді Ислам.
«Жұмысы жемістінің өмірі келісті» екені рас. Бастысы, ниет пен мақсат болса болғаны, мемлекет жастарды қолдауға әзір. Айтпақшы, бүгінде жоба қағидасына өзгертулер енгізілуде. Алдағы уақытта, жастарға жаңа мүмкіндіктер қарастырылмақ.
Айдана ЖҰМАДИНОВА
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<