Соңғы бір кездерде ежелгі дәуір әдебиетіндегі ақындардың өмірбаянына қызығушылығым ауды. Қат-қабат жұмысымнан ашық терезе тауып, «қашып шыққан» сәттерімде басымды кітапқа барып тіреймін. Әсіресе мені әлемдік жыршылардың махаббат хикаялары әсерлендірді. Сөйтіп жүріп Овидий мен Фабия, Эврипид пен Хирилла секілді бірнеше ғашықтар баянын жаздым.
Бүгінгі әңгімемнің сыры да солардың оқиғаларымен сарындас, анығы бас тақырыпта көрініп тұр. Айтайын дегенім…
Римдік ақын Тарквато Тассоны қалың оқырман тани қоймайтын шығар. Бұл оның шығармашылығының әлсіздігі емес, аудармасының кемшіндігі болса керек. Біз ол жағына бармаймыз, Тассо герцог Альфонс ІІ-нің сарай ақыны болған. Сарай ақыны деген бүгінгі құлаққа сүйкімсіз естіледі. Бірақ мұндай атақ кезінде жоғары лауазым саналған. Сол Тарквато өз талантымен айналасын тәнті еткен ақын. Оның өлеңдерінің күш-қуатына сенген қалың жұрт тіпті Тассо жырын оқу арқылы аурудан айығуға болады деп те санаған. Бұл оқуды, әрине, дұға не аят оқумен шатастыруға болмас, өйткені ол Рим өмірінде крестшілер көзқарасының үстемдік құрған кезеңі емес пе. Ақын әсіресе, сарай ханшаларының «көзқұртына» айналды. Олар жыршының алдына тізе бүгіп, жығылуға дейін барды. Ханшалардың ішінде аузын айға, көзін күнге теңесең олқы соқпайтын небір сұлулардың болғаны анық. Алайда ақынға сол сұлулардың бәрі бір-бірінен аумайтын қарапайым апалы-сіңлілер сияқты ғана көрінді. Тарквато бірде-бір ханшаға жанаспады, олармен тек бас изеп амандасты. Сұлулармен жолығыса қалса, әлде біреуіне тиіп кетпесін деп қолын қалтасына салып алатын. Бірде өлең оқып тұрған ақынның қолы герцог қарындасының иығына тиіп кетеді. Ал бұл алтын ханшайымға біреудің қолы тию оны қорлағандық, тіпті жазаға лайық болып саналады. Осы сәтте герцогтың қарындасы оған: «Сіз мені қолыңызды иығыма тигізуіңізбен емес, оны тез қайтып алуыңыз арқылы қорладыңыз» дейді. Бұл «тым болмаса маған ғашық бола алмайсың ба?» деген сөз астары секілді еді. Бірақ ақын ешкімге де ғашық болмады, тіпті ол сарай ханшаларына қарап күлмейтін де. Осы салқынқандылығы оны сарайдан кетіруге мәжбүр етті. Ол енді басына темір құрсау киіп, герцог әскері сапына қосылды. Пұтқа табынушылармен соғысты. Ол бір шайқаста Армиданы көрді, көрді де ес-түссіз ғашық болды. Пұтқа табынушы Армида жауы болса, оның ғашықтық сезімін қалай қабыл алсын. Сонда Таркватоға қалған бақыт не? Ол енді өз сүйгенінің қолынан өлім ләззатын алу ғана. Сол сәтте ақын үстіндегі темір құрсауын шешіп тастап «жауына» жалаң шабады. Бұл оның алғашқы махаббатына деген сұлу сезімін паш етуі. Әне… сүйсең, ақындарша сүй!
Жазбаларға қарағанда ақын ажалы Армидадан келмеген. Армида дәрменсіз жауын неге өлтірмеді, ондай суреттеулер маған кезікпеді. Бірақ Тарквато өмірден мұңлы қалпы, тіпті күлмеген күйі өтіпті.
Джакомо Леопарти есімі де ерекше белгілілер қатарына жатпайды. Шығармалары еуропалықтар арасында жақсы оқылатын ақын түңілушілік ілімінің ағымында болған. Ол өзінің бақытсыздығы жағынан отандасы Тассоға ұқсайды. Леопарти да біреуге ғашық болып, қанып сүймеген.
Соңғы сөз тіркесіне түсіну қиындау шығар. Бірақ түсінбейтін несі бар? «Махаббат бүгін тағы қарамады» деп Мұқағали айтпақшы, ол біреуді ұнатып өз сезімін білдіре бастаса болды, әлгі нәзік жанды жаратылыс одан тез арада теріс айналып кеткен. Өйткені Джакомо ұсқынсыз адам болған. Сондықтан ол махаббат туралы шығармаларында да тоқыраушылықтан арыла алмаған. Жас кезінде-ақ өзі өмірден аттанарда оқитын өлеңін жазған. Сол Леопардидің алғашқы махаббаты – Нерина атты қыз болған. Ақын өзінің күллі шығармаларын осы қызға арнады. Бір ғажабы, ақын шынайы сезімін қызға тікелей білдірмеді. Ақын өлеңдерінде «О, Нерина, сен жоқ, сен жоқ жерде өлімнен басқа жол жоқ» дейтін тіркестер кездеседі. Өйткені, Джакомо көрікті қыз, ол ұсқынсыз адамды сүйе алмайды деп есептеген. Сондықтан ол «адам жанын тән сұлулығы билейді» деген пікірде болған. Алайда, ол оңбай қателескен болатын. Нерина да оның ақындығына, жан сұлулығына ғашық болған. Сөйтіп бір-бірін сүйген қос махаббат түсініспеушілікпен қосылмай кеткен.
Ендігі бір сөз испан поэзиясының жұлдызы Лопе де Веганың сезім патшалығы жайлы. Вега өмірбаяншылары ақынның мың сегіз жүз лирикалық және эпостық сарындағы шығармаларының бар екенін айтады. Ол – яғни, еңбеккерлігі жөнінен алдына жан салмаған қаламгер. Ал, махаббатта ше?.. Вега да шын ғашығын жолықтыра алмаған жан. Бір-бірін өліп-өшіп сүймей, жарасып жүретін жұптарды ақын жек көрген, оларды «ақымақ ғашықтар үйірі» деп атаған. Сезімге қанша адал болып қалғысы келгенімен өмір-өзен Веганы бәрібір өз толқынына тоғытты. Ғашығын таппай басы қаңғырған байғұс ақын отыз бес жасында Гвардио атты ханымға үйленді. Сүю туралы саф ойларын отбасы бақыты деген ұғым быт-шыт қылып бұзды. Бірақ сүймей қосылған ақын жарының көзіне шөп салуды күнәға санамады. Ақыры ол «бір ұятсыз әйелдің» өсегінен қашып, Мадридтен кетті. Оның махаббаты астанада емес, ауыл жақта жүр екен. 1616 жылы Мартамен жолыққан ақын оған өлердей ғашық болды. Тағдырдың мазағын-ай, бұл кезде оның жасы елуде еді, ал Мартаның күйеуі бар болатын. Алайда, шын ғашықтық бәрін бұзып-жарды. Ақыры қос ғашық қосылды. Қосылғанмен өмірлері өкінішпен аяқталды. Бұл екі ортадағы оқиғалар көп, бірақ оның бізге керегі жоқ. Ғибраты аз, Мәжнүн мен Ләйлідей қайдан болсын. Мені ойлантқан махаббаттың ауыр жолы, ақындар тағдыры.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<