АЙТПАЙЫН ДЕСЕМ, СӨЗІМ БАР…

582

0

АЙТПАЙЫН ДЕСЕМ,  СӨЗІМ БАР… Көптен бері жүздеспеген жолдасымды көшеде көріп қалдым. Жетектеген баласы бар екен. Аман-саулық сұрасып, қауқылдасып ал­дық. Қарап тұрмайтын қа­шанғы әдетіммен:

– Немерең бе? – дедім сосын баласына назар аударып.

– Немерем, қыздан туған, – деді ол.

– Е-е, дұрыс, жиен десей, – деп мен оны сәл түзеттім.

– Неге жиен, немерем. Осы қазақтың алалайтыны жаман, орыстар қыздың да, ұлдың да баласын «внук» дейді. Біз ғой.., – деп жолдасымның сол жерде өкпесі қара қазандай болсын… 

Бұрын мән бермеген екенмін, осы маз­мұн­дағы әңгімеге енді жиі жолығатын болдым. «Қы­зыңның баласы жиен болады» деймін деп тіпті жақын досымның тоңтеріс болғанын қайтейін.

«Бәрін айт та, бірін айт» дәл осы адасқан атауды басқа емес, тіл жанашыры болып есептелетін мәдениет саласының өкілдерінен ес­тігенімде былайғы жұртқа өкпелеп жүргенімді артық санадым. Тіпті «Хабар» арнасы түсірген «Шашу» көпсериялы фильмі мен «7-ші арнаның» «Ата-ана, бала-шаға» телехикаясынан да қыздың баласының «немере» деп айтылатынын байқауыңызға болады. Сонда, «жиен» сөзінің астарында қандай бөтендік бар? Әңгімені осыған бұрайық, ал. Ол үшін оның орнын «немере» атауының ауыс­тыра алмайтынын айтып өтейік.

Немере – ататек құра­мындағы туыстық атау.

Ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, бұл – жеті атаның сатылы буыны. «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер…» дейді қазақ. Ал, «жиен» атауы бұл жүйеге кірмейді. Жиен – қыздың баласы болғандықтан, оның жеті ата буыны бөлек. Оны қанша жерден «немере» десең де, бола алмайды. Былайша айтқанда, мектеп оқушыларына келіп: «Құр­метті Отан соғысының ар­да­герлері, мен сіздердің жаңа мұғалімдеріңіз боламын» деген сияқты күлкілі әрі бейпіл сөз болып шы­ғады. Жеті атадан кейінгі туыстықты – жүрежат, туажат, жұрағат, жатжұрағат, жег­жат, жамағайын деп атай­ды.  Бұларды да ауыс­тыра алмайсыз.

Ал, жиен жайына келсек, бұрынғылар «жиен» сө­зі­нен қашпаған. «Қыздан ту­ғанның қиығы жоқ» деп жиенді жақсы көрген. «Қиық» деген арабтың «һикд» (қиқ) сөзінен алын­ған, аудармасында «кек», «дұш­пандық» дегенді біл­діреді-міс. Яғни, қыздан ту­ғанның кегі, дұшпандығы жоқ, ол – нағашының ең жа­қыны. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген сөзді де қазекең айтып отыр. Осы сөздерден құрмет те, жа­қындық та көзге ұрып тұр­ған жоқ па? Ендеше, қа­зақтың салтында да, сөзінде де «жиен» атауынан ат-тонымызды ала қашардай не бар?

Институтта жүр­ге­ні­мізде марқұм Ме­деуәлі аға­йымыз: «Ға­сыр­лардан жеткен қа­зақтың туыстық атау­ларын, тұрақты тір­кестерін бұзып айту – ата­ларымыздың алдында жа­саған қылмыспен тең» деуші еді. Демек, «ма­ған ұнайды, ұнамайды» деп әркім қалауына қарай өз­герте беретін қазақтың сөзі, оның ішінде атаулы сөздері, тұрақты тіркестері ешкімнің ақшаға сатып алған мүлкі емес. Менің ұстазым айт­қандай, аталарымыздың ал­дында қылмысты болудан қорқайық, қазақтың әр­бір сөзін көзіміздің қара­шы­ғын­дай сақтайық.

Әсіресе, сіз бен біз, қа­дір­менді мәдениет өкіл­дері, әншілер, киногерлер, тіл мамандары!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<