Қазақ футболы қалай жанданады?

708

0

Қазақ футболы  қалай жанданады? Қазақ футболының бүгінгі қарқыны жайында спорт сарапшылары мен жанкүйер қауымның арасында неше алуан пікірлер айтылып келеді. Бірі соңғы уақытта елімізде футбол ойыны жанданып келе жатқанын, енді бірі керісінше, отандық футболшылардың алаңдағы баяу қимылына көңілі толмайтынын жеткізеді.

Қалай дегенде де, бүгінде қазақстандық футболға деген сын көп айтылып жүргені рас және оны айналып өте алмаймыз.

Еліміздегі футбол тарихын тарқатсақ, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов ең алғаш 1911 жылы Семейде жергілікті қазақ және татар жастарынан құрылған «Жарыс» футбол командасының сапында ойын көрсеткен. Демек, біз бұдан әу бастан-ақ руханияттың спортпен егіз ұғым екенін аңғарамыз. Ендеше, сонау ХХ ғасыр­дың басында қалам ұстаған зиялы қауым өкілдерінің өзі қызығып, қолдау білдірген қазақстандық футболға бүгінгі күні неге көпшілік жанкүйердің көңілі толмай жүр?

Меніңше, оған бір ғана себеп бар. Мемлекеттен қаржыланып  отырған қазақ футболына, ондағы ойыншыларға шеберліктен бұрын ұлттық рух, буырқанған намыс, сергектік жетіспейді. Еліміздің барлық клубтарында ойын көрсетіп жүргендердің 60-70 проценті легионерлер, яғни, өзге елдерден келісім-шарт арқылы келген жалдамалы ойыншылар. Айта кетуіміз керек, негізі спорттың қай түрінен де нәтиже көрсетіп, жеңіске жету үшін ол спортшының бойында алдымен ұлттық рух жасындай жарқылдап тұруы керек. Екіншіден, сол кеудесіндегі өр рухы арқылы туған жерін, елін, Отанын сүйген азамат болғаны абзал. Өйткені, туған жерінің қасиетін бойына сіңірмеген, Отанын шын сүйе алмаған адамның бойында рух та болмайды, ол сын сағатта ел намысы үшін атой сала алмайды.

Әзірге біздің намысымыз да, рухымыз да жүректе емес, тілімізде ғана болып тұр. Сол тіл ұшындағы жүзі майы­рылған қылыштай жалған намыспен барлығын «жоғалта» беруге болмайды. Әрісін айтпағанда, осыдан бір ғасыр бұрын ғана күллі әлемді мойындатқан күш атасы – Қажымұқан мен Балуан Шолақты туған халықтан қалайша әлемдік деңгейдегі спорт саңлақтары шықпайды?! Ел ішінде жасыл алаңда доп тебуден әлемге әйгілі футболшылардың алдын орап кетпесе де, олармен таласа алатын футболшылар бар. Олай болса, қазақ футболы неге ілгерілемей келеді? Қалай дамытпақ керек? Мұның бір ғана жолы бар, мемлекеттен қаралған қаржылай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауылдар мен елді мекендерден футбол алаңдарын ашу керек және оған «ауылдық жер ғой…» деген атүсті түсінікпен қарамай, материалдық базасын нығайтып, тәжірибелі жаттықтырушылармен де қамтамасыз ету керек. Сонда ғана біздің қазақстандық футболшылар ойын барысында ауысымды күтіп отырмай, яғни қосалқы құрамда ілбіп жүрмей жасыл алаңға өздері шығады да, легионерлер ақырындап шеттей береді. Бізде «дайын асқа – тік қасық» болатындар көп. Қыр­уар қаржыға келісім-шартпен келетін легионерлердің қазақ футболына көптеп тартылуы да осы жайды аңғартады. Тынымсыз тер төгілгенде ғана еңбектен нәтиже шығады. Бірақ, біз бүгін рейтинг көтеру үшін доп тебуге шет елдерден ойыншылар алдырып отырмыз. Ал, өз алаңына иелік ететін талантты қазақ балалары түрлі дәрежеде өтіп жатқан чемпионаттарды тек теледидардан ғана тамашалап келеді.

Бұл сөзіме кеше ғана Қызылорда қаласында жас­өспірімдер арасында өткен футболдан ашық турнир дәлел бола алады. Қазір қала орталығында футбол мектептері бар және онда көптеген қазақ балалары теңбіл допты тебудің қыр-сырын үйреніп жатыр. Алайда жоғарыда аталған турнирде «Динамо-1» (Қызылорда) командасын Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылынан келген команда ойсырата ұтып кетті. Мұны ешкім күтпеген еді. Әрине, қала мен ауыл спортының жай-күйін қай жағынан болса да салыстыруға келмейді. Сондықтан Н.Ілиясов ауылынан келген команданың жеңісіне көбі күмәнмен қарауы мүмкін. Бірақ, оған ешқандай негіз жоқ. Өйткені, аталған ауыл бүгінде респуб­ликаға белгілі һәм үлгілі. Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев өзі туған ауылын қалаға айналдырған. Ауылда зәулім спорт кешені және футбол алаңы бар. Міне, осындай жан-жақты жағдай жасалған футбол стадионында доп теуіп жаттығып жүрген, бойы да, ойы да биік, сайдың тасындай іріктелген балалардың жарыста жеңімпаз атанбауға қақысы жоқ. Сондықтан біз қазақстандық футболды дамытамыз десек, ауылдар мен елді мекендерге жағдай жасауымыз керек. Аты аңызға айналған әлемге әйгілі футболшылардың барлығы да қаладан шалғай шағын ғана қыстақтардан шыққанын естен шығармағанымыз жөн… 

Қазақ футболын әлемдік деңгейге көтеру үшін Азия футбол конфедерациясының құрамынан УЕФА-ға мүше болдық. Оған да 17 жыл өтіпті. Бірақ, әлі ауыз толтырып айтардай өзгеріс бола қойған жоқ. ФИФА-ның рейтингінде әлі жүздіктің қатарынан көріне алмай келеміз. Тағы да айтайық, қазақ футболының бағын жандыру үшін қалтасын емес, ел намысын ойлайтын қазақ балаларын дайындауымыз керек.

А.ШАЙМАҒАМБЕТОВ,

облыстық футбол федерациясының 

вице-президенті.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<