Бақ қонған батырлар ауылы

2314

0

Бақ қонған батырлар ауылы Берекелі күз мезгілінің жазға бергісіз тамылжыған күнінде еліміздегі ауыл атау­лыға үлгі болған Сырдария ауданының Н.Ілиясов атындағы ауылына жол тарттық. Бұрынғылар «кемпіршуақ» деп атайтын жай­машуақ кез осы шығар. Адамды жан тыныштығына бөлейтін мәуелі мезеттің өзіне тән барлық бояуы айналаның ажарын кіргізіп, айқындала түскен. 

Нағи ауылы… Қайсыбір жылы ­Елбасы «Барлық ауыл Нағи ауылындай болсын!» деп, жоғары баға берген алтын бесік. Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты Абзал Ералиевтің инвесторлығымен, қамқорлығымен бүгінгі биігіне көтерілген елді мекен. Бүгінде «Абзал және К» толық серіктестігі еліміздегі күріш өндіруші компаниялардың көшін бастап тұр.

Көлігіміз гүлзар баққа оранған көшені көктей өтіп, орталыққа келіп тоқтады. Бейсауыт жүрген бір жанды кездестірмедік. «Мағжан және К» шаруашылығының кең­сесінің жанына аялдап, бұл жерден ешкімге жолыға алмайтынымызға көзіміз жетті. Расында, мұндай жауапты мезгіл, мазасыз маусымда кеңседе кім отырушы еді?

Қырмандағы береке

Ауылдан бір шақырымдай шеткері қырманға қарай бет түзедік. Тақтайдай тегіс асфальт жол діттеген жерімізге көзді ашып-жұмғанша жеткізді. Қыз-қыз қайнаған тірлік, үзіліссіз жұмыс істеп тұрған агрегаттар, үйілген дән… Мұнда жұмысшылар екі ауысыммен еңбек етуде. Қытайлық, оңтүстік кореялық және германдық күріш тазалайтын зауыттар автоматтандырылған. Адам қолымен атқарылатын жұмыс аз. Зауыттар  оператордың басқаруында. Шашылған дәнді жинауға ғана қыз-келіншектер жұмылдырылған. Алып жүк көліктері егіс пен қырманның,  қырман мен қойманың арасындағы жолда жүйткиді.

Қырман басындағы ескі үйлердің қатарына қызыл кірпіштен жаңа құрылыстар салыныпты. Бірі – офис, екіншісі – қарауылдың үйі. Бізді күтіп алған шаруашылық басшысы Дархан Ералиев 112 қызметінен келген хабарламаға алаңдап тұр екен. Әлгінде ғана алдағы жауын-шашынның хабары тараған. Аспан алабұлттанғанмен, әзірге егінші ағайынның адымын аштырмайтын жауын жауған жоқ. Бірақ ертеңге арналған болжам көңіл көншітпейді. Желдің бағыты да бөлек. 

– Биыл 4800 гектардай күріш ектік. Шы­ғымы жаман емес. Ауа райы қолайсыз болғанын білесіздер. Жылда бұл уақытта орақ аяқталатын. Көктем кеш шығып, күн салқын болды. Қажетті қызуын алмағандықтан күріштің вегетациялық кезеңі созылып кетті.

Бақ қонған батырлар ауылы Орақ кеш басталғанмен, техника жеткілікті. Қазір 60 проценттейін орып, 40 процентін бастырып болдық. Күн райы бұзылып кетпесе, қазанның алғашқы бескүндігіне дейін аяқтаймыз, – деді ол.

Келесі жылы қырман басына жұмыс­шыларға арналған жатақхана мен асхананы жаңадан салу жоспарланған. Қазіргі асхана тәулік бойы жұмыс істейді. Күндіз екі аспаз, түнде бір аспаз ауысыммен шығады.

Шаруашылықтың тұқым дайындайтын зауытында да жұмыс үзіліссіз жүріп тұр. Былтыр 10 мың тоннадан астам тұқым 14 қоймаға құйылған еді. Қазір серіктестік бүкіл облысқа элиталы тұқым дайындайды. Сапасын ресейлік тұқымдарға жеткізу үшін жұмыс жасалуда. Оған қоса жоңышқа тұқымын әзірлейтін зауыт салынды.  Аймақ шаруашылықтары осы жерден күріштің де, жоңышқаның да тұқымын тапсырыс беріп алады. Бұл жерде екі зауытпен қатар  қоймалар жабдықталған.

Жалпы шаруашылықта 380 адам тұрақты жұмыс істейді. Көктемгі егіс, күзгі орақ кезінде науқандық жұмыстар есебінен адам саны 460-қа дейін көбейеді.  Ауылда жұмыссыздық жоққа тән. Еңбек етуге ниетті азаматтарға жұмыстың көзі жеткілікті. Жыл сайын Тәуелсіздік  күні қарсаңында  қорытынды шығарылып, еңбеккерлерге қосымша ақы төленеді. Үздік нәтиже көрсеткен жұмысшылар 1,5-2 млн теңгеге дейін қаржылай сыйақы иеленеді.

Ырыздыққа біткен алтын дән

Күріш орған комбайндар Шухрат Бизақ басқаратын №7 бригаданың атыздарына шоғырланып қалыпты. Алтын дәннің басы жерге тиіп, иіліп тұр.  Бригада құрамындағы  күрішші, сушылар 450 гектар жерге егілген күрішті төкпей-шашпай жинап алу үшін аянбай еңбек етуде.

– Жартысынан астамын орып болдық. Өнім гектарына 65-70 центнерден айнала ма деген үмітіміз бар. Техникамыз сайлы болған соң, жұмыс тоқтамайды. Жігіттер жауын-шашынға қалмасақ деп еңбек етуде, – деді бригадир.      

Жүзін жел қақтаған адамдардың жанкешті тірлігін көргенде еңбек ырғағын бұзатын жауын-шашынның кідіре тұруына іштей тілекші боласыз. Ерте көктемнен бері бел жазбай, дәнді баладай баптаған жандар еңбегінің қайтарымын көрер кезді асыға күтті емес пе? Күріштікті қақ жарған дала кемесі әлгінде ғана ұшы-қиыры жоқтай болып көрінген алқаптың шетіне жақындап қалды. Осы қарқын сақталса, орақ науқаны ұзаққа созылмайтын сыңайлы.  

Биыл шаруашылық 120 гектар жерді жаңадан ашып, тұқым тың жерге егілді. Жаздыгүні күллі облыс күрішшілерін алаңдатқан су тапшылығы «Мағжан және К» серіктестігін де айналып өткен жоқ. Кей атыздарға су шықпай қалғанмен, жалпы өнімнің шығымы тәп-тәуір. Алқаптарда американдық  «John Deere», «Case»,  немістің  «Claas»,  ресейлік «Енисей»  комбайндары, «MacDon», басқа да жаткалар жүріп жатыр. Тасымал көліктері де  жеткілікті. 

Бастысы, қырманды алтын дәнге толтырған диқан қауымының көңілі тоқ.  Ырыздыққа біткен несібені жинап алуға жұмыла кіріскендері іс-қимылдарынан байқалады.

Бітер істің басы

 Бақ қонған батырлар ауылы Біздің жолбастаушымыз Нұрмағамбет Қуандықов Нағи ауылының бұрынғы әкімі, бүгінде ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы. Үлгілі елді мекеннің тарихын, қалыптасу, өркендеу жолын бір адамдай білетін кісі.

– Бұл  ауылдың негізін 1966 жылы Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов қалаған. Сол кезде Мәдениет үйі, мектеп, балабақша, кеңсе, дүкен салынды. 1972 жылы ауыл басшылығына Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов  келді. Ол кісі де ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтулы үлес қосты. Тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезең ешкімге оңай тимегені белгілі. Бір жақсысы, біздің ауыл серіктестіктерге бөлініп, ыдыраған жоқ. 2003 жылы туған жеріне Абзал Ералиев келіп, инвестор болу ниетін білдірді. Бұл – болашақ Қазақстанның Еңбек ерінің ауылды гүлдендіруге алғаш қадам жасаған кезең еді, – деп әңгіме бастады ол.

«Мағжан және К» серіктестігінің негізі 2005 жылы көктемгі егіс науқаны қарсаңында қаланды. Алғашында 1000 гектардың үстінде күріш егіп, одан жақсы өнім алды. Еңбеккерлерге айлық жалақысын төлеп,  үздік нәтиже көрсеткендерге қосымша ақы беріп, елдің еңсесін бір көтерді. Содан 3 жыл бойы шаруашылықты аяғынан нық тұрғызу, материалдық базасын жасақтау, яғни, техника, тыңайтқыш сатып алу жұмыстары үздіксіз жүрді. Қалыптасу кезеңі көп ұзаған жоқ. 2008 жылдан ауылды көркейту, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қолға алынды.

Жұмыстың басы ауылдың әр тұсында үйіліп қалған қоқысты шығарудан басталды. Шаруашылық жұмысшылары осы тірлікті еңсеру үшін 3 айдай тер төкті. Техника мен адам күшін біріктірген жұмыстың нәтижесі көзге бірден көрінді. Келесі жылда сауда орталығы, бұрынғы ауыл әкімдігі, мектеп, Мәдениет үйі  жөнделіп, мейрамхана, монша, тағы басқа құрылыстар мен нысандар салынды. Жабылып қалған балабақша іске қосылды. Осылайша тоқсаныншы жылдардағы қатты қыста бүкіл жылу жүйесі жарылып қалған ғимараттың екінші тынысы ашылды. Машина-трактор ауласында, шеберханасында жыл он екі ай бойы жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалды. Серіктестік 1984 жылы салынған «Тағзым алаңын» күрделі жөндеуге бюджеттен бөлінген 10 млн теңгеге 37 млн теңге қосып, жаңа ескерткіш жасады. Ескерткішке майданнан оралмаған 132 боздақтың есімі қашалды. Кейін соғыстан аман келіп, елге еңбегі сіңген сарбаздардың есімі де ұлықталды. 

Нәтижеге жеткізген әріптестік

Бақ қонған батырлар ауылы Одан әрі қарай жасалған жұмыстардың басым бөлігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асты. Алдымен көшелерді асфальттау, жарықтандыру қолға алынды. Қазір ауылдағы 12 көшенің барлығында жол мен жарық бар. 2011 жылы күзде Елбасы аймаққа сапары кезінде Нағи ауылына арнайы келді. Ауылдың берекелі қалпын, басқаларға айна боларлықтай бейнесін көріп, бағасын берді.

Кейінгі жылдары ауылдың көркіне көрік қосылып, бұрынғыдан да айбаттана түсті. Облыстық бюджеттен 180 млн теңге, шаруашылық 204 млн қаржы құйып, үлкен заманауи спорт кешені салынды. Кешен 4 бөліктен тұрады. Үлкен залда күрес, волейбол, баскетбол ойналады. Сосын жүгіру жолағымен жабдықталған футбол алаңы бар. Тренажер залы да келушілердің талғамына сай.  Қазір мұнда таэквондо, дзюдо, қазақша күрес, футбол, волейбол секциялары жұмыс істейді. Ауыл жастары қолдары бос кезде осы жерден табылады. Жыл сайын дзюдодан жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігі өтеді. Осы жарыстан ауылдың жас өрендері топ жарып жүр. Оған қоса кешен салынғалы тәртіптің нығайғаны, бос уақытын пайдалы, жоспарлы өткізетін жеткіншектердің көбейгені байқалды.

Мешіт құрылысына 137 млн теңге бөлініп, онда қызмет ететін имамдарға шаруашылық есебінен айлық төленеді. Қазір ескі мешіттің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Оны ауыл музейіне айналдыру жұмыстары жүруде.

– Әзірге ұйымдастыру кезеңіндеміз. Ауылдың тарихына, адамдарына қатысты материалдарды, деректерді  жинақтау жұмыстары ортадан ауды. Құндылықтарды бір арнаға тоғыстырып, жабдықтау жұмыстары аяқталған соң музей ашылады, – дейді Н.Қуандықов.

Нағи ауылындағы әсем гүлзарлар, Биг-Бен үлгісіндегі сағат, субұрқақ сияқты көрікті нысандарға соңғы жылдары ауыл әкімдігінің жаңа ғимараты қосылды. Ғимаратқа аудандық бюджеттен 34 млн қаржы бөлініп, бір қабатты типтік жобамен салынуы жоспарланды. Бірақ бұл жоба Абзал Ералиев ұстанған қағидамен қабыспайтын еді. «Менің ауылыма мұндай ғимарат жараспайды. Еңселі, заманауи әрі ауылға сән беріп тұруы тиіс» деді. Жобасын да, дизайнын да өзі жасады. Шаруашылық есебінен қосымша қаржы бөліп, бас-аяғы 95 млн теңгеге еш жерде баламасы жоқ ауыл әкімдігін салды. Бойын тіктеп, күнге ұмтылған күріш бейнесі сәулетті  ғимараттың бойтұмары сияқты. 

Күріш екпейтін бригадалар

Күріш  егумен  айналысатын  шаруа­шылықта құра­мында күрішші мен сушысы жоқ үш бригада бар. Бірі – Батырбек Рахменшеевтің, екіншісі – Ерсайын Марқабаевтың, үшіншісі – Жамал Еспембетованың  көркейту-көгалдандару және тазалық бригадалары.  Әрқайсысының құрамында 5 адамы бар бригадалардың біріншісі ауыл көшелеріне гүл егумен, екіншісі ағаш егумен айналысса, үшіншісі – тазалыққа жауапты. Нағи ауылының гүл-шешекке оранған бүгінгі бейнесін осы еңбеккерлер өз қолдарымен жасап шыққан. Қазір 12 көшенің барлығына аяқсу апарылған, ағаштар қоршалған. Бұл жұмыстарға жыл сайын шаруашылық есебінен 40-50 млн теңгедей ақша жұмсалады. Күн суыған соң басқа бригадалар жұмылып, қураған өсімдіктерді жинайды. Жерді қопсытып, келесі жылға дайындайды. Көктемде де қарбалас тірлік басталмай тұрып, қол ұшын береді.

Тұрғындар үйіргелік жеріне майда дақылдарын, жеміс ағаштарын егіп, күнделікті тұрмысқа керекті өнімін алып отыр. Оған қоса сыртқа гектарлап бақша егушілерге жер беріліп, арнайы техника бөлінеді. Шаруашылық техникалары көктемде тұрғындардың жерін айдап, қарықтап береді.

Білімге салынған инвестиция

Бақ қонған батырлар ауылы Даму сатысымен жоғары өрлеп келе жатқан шаруашылық қазіргі күннің басты мәселелерінің бірі – маман тапшылығын  шешудің өзіндік жолын тапқан. Қазір Нағи ауылына сырттан келіп жұмыс істеп, тұрақтап қалғандар көбейді. Шаруашылық агрономы Данияр Исин Петропавлдан келіп, осында еңбек етуде. Жалағаштың Жаңадария ауылының тумасы Манарбек  бас агрономдықты атқарып жүр. Көршілес Шіркейлі ауылының жігіттері комбайнер болып жұмыс істейді.

Шаруашылық есебінен Ресейдің Краснодар аймағындағы жоғары оқу орнында агроном, гидротехник мамандықтары бойынша оқыған түлектердің алды институтты бітіріп келді. Қазір 2 маман жұмысқа кірісті. Ал Брянск қаласындағы жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл – серіктестіктің болашаққа салған инвестициясы.

Алдағы уақытта ауылдағы дренаж жүйесін қалпына келтіру жоспарланған. Ыза су жеміс ағаштарына, басқа да өскіндерге зиянын тигізбес үшін Кеңес Одағы кезінен қалған вертикалды дренаж жүйесі күрделі жөндеуден өтеді. Тұрғындардың бақуатты тұрмысына, берекелі тірлігіне негізделген тағы басқа жобалар келешектің еншісінде тұр.

Бүгінде Нағи ауылының әдемі көріністерін интернеттен де, кітаптардан да табуға болады. Қазір мұнда саялы бақты көзбен көріп, көлеңкесіне тыныстауға, хош иісті гүлдердің арасында суретке түсуге, субұрқақтың айналасында демалуға арнайы келетіндер көбейген.  Жас жұбайлар той алдындағы фотосессияны осында өткізуді қалап, той күнгі қыдыратын орынның бірі ретінде Нағи ауылын таңдайтын болған. Айналадағы мұнтаздай тазалық, көз тоймас көркемдік ең алдымен жанашырлықтан, сосын барып адам қиялының асқақтығынан хабар берсе керек. «Туған жерін абат баққа айналдырған  Абзал Ералиевтің үлгісін іліп әкететіндер көбейсе, ауылдардағы жұмыссыздық, тәртіпсіздік сияқты келеңсіздіктер болмас еді» деген оймен біз де қайтар жолға жиалдық.

 

Г.ЖАЛҒАСОВА,

Н.Ілиясов ауылы,

Сырдария ауданы.

 

Суреттерді түсірген 

Нұрболат Нұржаубай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<