Бала құқы бұзылмауы тиіс

437

0

Бала құқы бұзылмауы тиіс Күнделікті әдетіммен жұмыстан қайтарда автобусқа отырдым. Кіп-кішкентай кассир бала мініп-түскен адамның жолақысын алып, қолындағы тиындарын санап қояды. Үлкен кісілердің сөмкесін көтеріп, олардың көліктен түсуіне  көмектесіп те үлгерді. Елпең қағып, жүргіншілердің қай аялдамадан түсетінін сұрап қоюды да ұмытпады. Жасы  9-10 шамасындағы балаға ұқсайды. Жазғы демалыста әкесіне қолқабыс еткісі келген болуы керек. Кішкентай кассирдің қызметіне сүйсінгендер «Бақытты бол!», «Үлкен азамат бол!» деп батасын беріп жатты.

Жаз маусымы басталысымен еңбекке араласып, жұмыс жасап жүрген осындай балалар мен жасөспірімдерді жиі кездестіреміз. Жалпы, баланың жұмыс істеп, ақша табуына заң қаншалықты рұқсат етеді? ҚР «Еңбек кодексінің» 31-бабында көрсетілгендей, Қазақстанда барлық балаларға жұмыс істеуге болады, бірақ сала мен жасқа байланысты шектеулер бар екен. Мысалы, 14 жасқа дейінгі балаларға кино, театр, циркте жұмыс істеуге болады. Әйтсе де, мұнда баланың денсаулығы мен дамуына залал келмеуі тиіс және оқу процесін бұзбауы керек. Ал 14 жастан бас­тап мектеп оқушылары сабақтан бос уақытында, денсаулығына зақым келмейтін жағдайда жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Қазақстан заңнамасында, кәмелет жасына толмағандарға тыйым салынған жұмыстар да бар. Атап айтқанда, 18 жасқа толмаған балаларды құмар ойын бизнесіне, түнгі көңіл көтеру орындарына, өндіріс пен алкоголь, темекі, есірткі өнімдерін саудалауға шақыруға тыйым салынады. ҚР «Еңбек кодексінің» 76-бабына сай 18 жасқа толмағандардың түнгі уақыттағы жұмыстарды істеуіне рұқсат жоқ.

Облыстық кәмелетке толма­ғандар істері жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық сотының бас маманы Дәурен Тайыровтың айтуынша, бала құқының бұзылуына қатысты әзірге деректер тіркелмеген. Алайда, кәмелет жасына толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, түнгі уақытта кәмелетке толмаған баланы кәсіпкердің жұмысқа алуы сияқты мәселелер бар.

– Мұндай құқық бұзушы адамдарға заң шеңберінде жауап беруге тура келеді. Әсіресе ата-аналар балаларын рұқсат етілмеген уақытта жүрмеуін қадағалап отыруы тиіс. Мәселен, қала тұрғыны 2005 жылы туылған ұлының өз үйінен тыс жерде жүруіне жол бергені үшін әкімшілік жазаға тартылған адам бола тұра, бір жыл мерзімде қайталап, тағы да заң бұзушылыққа жол бергені анық­талды. Сонымен қатар қала кәсіпкерінің кәме­лет жасына толмаған баланы түнгі ауысымдағы жұ­мысқа алғаны жайлы деректер де бар. Ол кәсіпкерге әкімшілік шара көрілді, – дейді бас маман.

Бүгінде көптеген ата-ана баласының тиын – тебен тапқанын тәуір көретіні рас. Сондықтан болар жазғы демалыс уақытында қоғамдық жерлерде кішкентай балалардың сусын, балмұздақ, жүгері, жеміс-жидек сатып тұрғанын жиі байқаймыз. Қалаға қарасты елді мекен тұрғыны Әсет Өткелбаев баласының жазғы демалыс уақытында өзіне кө­мекші болатынын айтады. «Ауламызда піскен жемістерді жинап, оны қалалықтарға әке­ліп сатамыз. Өрік, шиені шелекпен автобусқа салу, оны өлшеу сияқты жұмыстарға балам қолғабыс жасайды. Ертең мектепке баратын кезде киетін киім, оқу құралдарын аламыз ғой. Менің ойымша, ер баланы еңбекке ерте баулыған дұрыс. Көктем шыға аула ішін реттеу, жер тегістеу жұмыстарын осы баламмен бірге жасаймыз. Базардан сатып алғаннан өз еңбегіңмен егіп, қораңнан үзіп жегенге жетпейді»,– дейді жігіт ағасы.

Баланы еңбекке, сауда-саттыққа, пайдалы кәсіпке ерте жастан баулыған дұрыс-ақ. Алайда, оның денсаулығы мен физиологиялық дамуына кері әсер етпеуін бірінші орынға қоюымыз керек.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<